Біз Жамбыл облысы Меркі ауданы Қошқарата ауылының тұрғындарымыз. Ауылымызда бұрын бұлақтар көп болатын. (Оның мән-жайын «Бір бұлақтың көзі ашылды» мақаласынан оқисыздар) Кейін өзіміздің немқұрайлылығымыздан олардың көзі жабылды. Осы жазда ауыл болып бастама көтеріп, бұлақтардың көздерін ашуға ұйғардық. Мінекей, бір бұлақтың көзін аштық. Осы сияқты өзге ауылдарда да көзі жабылған бұлақтар бар. Олардың көзін ашу сауап. Сонымен бірге ауыл халқы таза су ішеді. Сондықтан бәріңізді бұлақтардың көздерін ашуға шақырамыз!
Құрметпен, Қошқарата ауылының тұрғындары
Біздің бала кезімізде ауылымызда бұлақ көп болатын. Кімнің үйінің тұсында бұлақ болса, иесі сол кісі секілді, ел Бәйділданың бұлағы, Жолшайдың бастауы, Назарбектің, Әуденнің бұлағы дейтін. Сондай бұлақтың бірі ауылымыздың төменгі жағындағы жеті-сегіз үйдің берекесі еді. Сырт жақтағы жатаған төбенің бір қойнауынан бұрқ-бұрқ қайнап шығатын мөп-мөлдір суын талай рет шіліңгір шілденің ыстығында шөл қандырып іштік. Сары самаурынға бұрқ-сарқ қайнататын шәйінің суында қақ болмайтын. Оның тәттілігі сондай, екі әженің басы қосылып отыра қалса, ағаштың шоғымен ызыңдатып, таусылмайтын әңгімеге беріліп, терлеп-тепшіп сарқып ішіп қойғандарын білмей қалатын. Оны сұрапыл соғыста бір қолын жаралап қайтқан майдангер Мыңтай атамыздың бұлағы деуші едік.
Жақсы іске жұмылып кететін әлгі үйлердің кісілері көктем шыға арықтарын тазалап, одан кейін тоспаның табанын да аршып, жан-жағын одан да биіктетін. Жаздың қысқа түнінің өзінде сол тоспа бұлақтың мөлдір суына шүпілдеп толып қалатын. Әр үй бақша салады, жоңышқаларын суарады. Жетісіне бір рет келетін су кезегінің арқасында еккен зәулім терек, алма ағаштары мен қара өрік, сары өріктері жапырақтарын кең жайып, жайқалып өседі.
Балалық, жастық шағымыздағы ауылдың сол келбеті қандай ғажап еді-ау! – деп көкірегі сағыныштан қарс айырылардай болып еске алады Айпаршын әпкеміз. – Ауылымыздың ақсақалы саналатын Балқыбек, Байдалы, Құдайберген аталардың көзі кетті. Әшірай, Алтынай, Шайқыз апаларымыз да жоқ. Олардан тараған кейінгі балалары жалқауланды ма, әйтеуір ұрттаған сұп-суық суы шекеңе бір-ақ шығатын бұлақ қараусыз қалды. Ауылдың сәні жасыл желегімен екен ғой, көк тіреген бәйтеректердің бұтақтары селдіреп, жайқалып өсетін жоңышқаларын екі рет орса – орды, әйтпесе оған да жете алмай мал жаятын болыпты. Ауылға жолым түскен сайын сондай сүреңсіз суретті көріп, көңілім нілдей бұзылып, сол бір шақты аңсағаннан көзіме жас алып қайтушы едім. Жасым ілгерілеген сайын бұл жағдай жаныма қатты бататынды шығарды. Араларында болғанда, шыдай алмай бір-екі рет айттым да, бірақ бәрі шетінен шаруабасты болған ба, «мына сөзіңіз жақсы екен, айтқаныңыздай етіп жасаймыз» дейді де ұмытып кетеді.

Иә, содан кейін не болды десек, осы жылдың көктемінде Айпаршын әпкеміздің өзі, әлгі бұлақтың суы баратын жеті үйдің кісілерінің басын қосып, бақилық болған аталар мен апаларға арнап құдайы тамақ береді. Баяғы балалық шағын еске алады. «Зейіл, Жақсыбек, Мұрат – бәріміз қатар өсіп едік», – деп, олар жөнінде де айтады. «Қатира, Гүлсара – үшеуміз тоспаның суына шомылатынбыз» дейді. Әңгімесінің аяғында бәрінің назарынан тыс қалған бұлақтың көзін жақсылап ашып, айналасына темір қоршау жасау жөніндегі ойын ортаға салады. Тіпті не істейтіндігі туралы жобасын да ойша жасап келген екен, ол ойын естігендер толықтырады. Алайда қандай жұмыс болсын мәселе айналып келіп ақшаға тірелмей ме? «Ол жағына алаң болмаңдар, мына Әлімбай жезделерің екеуміз өз мойнымызға алайық» депті. Мен ол әңгімеден бейхабар едім. Жаз ортасы ауғанда әпкеміз телефон шалып, «әруақты шаруаны бастап едік» дейді.
Ол не шаруа? – дедім елең етіп.
Үйіміздің үстіңгі жағындағы бұлақты білесің ғой. Соның суынан біздің Тасығұлұлы Сұрыпбай бабамыз да ішкен. Көріпкелдігі, әулиелігі бар кісі діни сауатты да болып, өз кезінде Қызтоғандағы мешітті ұстапты. Бейсен, Әлметай деген екі ұлы соғысқа қатар кетіп, оралмаған. Менің анам – үлкен ұлы Бейсеннің әйелі. Үйлене салып әскерге аттанып, артында ұрпақ қалмаған. Шешемнің енесі – Мәрия әжеміз ел қорғауға кеткен ұлын жеті жыл зарыға күтіп, бір күні енді қайтып оралмайтынына әбден көзі жетсе керек, келінін жақын қайнысы Келтанға өз ризалығымен қосады. Біздің шешемізді туған қызындай өте жақсы көріпті. Маған аяғы ауыр болған кезінде: «Алланың жазуы осылай екен, Сұрыпбайдан ұрпақ қалмады. Енді аты өшпесін, өмірге әкелетін ұлың бола ма, әлде қызың бола ма, әйтеуір тегін Сұрыпбай деп жаздыртшы», – дейді. Содан әулетте мен Сұрыпбаева болдым. Кейін отбасын құрғанда, Әлімбай жездеңнің тегіне көштім. Көшуін көштім-ау, бірақ әжемнің Сұрыпбайдың атын өшірмеу үшін аяулы анама жасаған өтінішін аяқасты еттім бе деп, есіме түскен сайын мұңға батушы едім. Кейінгі кездері ары ойланып, бері ойланып «ең болмаса өзі су ішкен бұлағын абаттандырып, атын беруді ниет еттім. Соғыстың қанды қырғынына қатысып, бір қолынан мүгедек болып, әйтеуір аман оралған Мыңтай атамнан да ұл қалмады. Келешек ұрпақтардың да есінде жүрсін деп, екеуін бөлмей-жармай, өзіміз көзін ашып, айнала-төңірегін көгеріштендіретін бұлаққа аттарын жазып, тас тақта орнатсақ па деп едім. Соның жазуын ақылдасайын деген оймен хабарласып отырмын», – деді әпкеміз себеп-сырын ақтарыла айтып.
Айтуынша, бұлақты тазалаудың өзі сондай ауыр болыпты. Су ішуге үймелеген мал табандарымен таптап тастаған бұлақтың ішінен машинаның дөңгелегі де, трактордың шынжыр табаны да шыққан. Ол кісінің ұқыптылығын қарасаңызшы, жұмысты бастамай тұрғандағы қараусыз қалған көрінісін де суретке түсіріп алыпты.

Айналайын інілерімнің еңбегі зор. Темірбай атамның немерелерін айтамын, Мейірхан мен Рахымжан жұмыстан қолдары қалт етсе, жандарына Бақыт Белқожаев деген інімізді қосып алып, түннің қараңғылығы қоюланғанша тыпырлап сонда жүреді. Бұлақтың көзін әбден ашып алған соң, төрт жағын да бетондап, су ағатын темір құбырын жүргізіп, төбесін тура үйді шатырлағандай етіп таттанып, бұзылмайтын қаңылтырмен жапты. Ішіне енді шөп-шалам да, бораған қар мен суырған топырақ та түспейді. Жарлауыт жерде болғандықтан, келетін елдер түсіп, шығатын баспалдақтар жасады. Айналасын он метрде-он метр қылып, темір қоршау орнатуға кірісті, – деді әпкеміз істеріне риза болып.
Өте бір өнегелі шаруа жасап жатыр екенсіздер. Алла жар болсын, аруақтар қолдасын! – дедім.
Сол күні тас тақтаға жазылатын сөздерді өзімен ақылдаса отырып, жаздыртып едім. Тасығұлұлы Сұрыпбай баба мен Тілемісұлы Мыңтай ата бұлағы деген сөздерге ол кісілердің кім болғанын, қай кезде ғұмыр кешкенін бейнелейтін суретті қоса тасқа сыздырып салдыртыпты. Мыңтай атамыз үйінде жүйрік ат пен екі құмай тазыны мәпелеп ұстағанын жақсы білетін едік. Айпаршын әкпеміз бұлақтың ашылуына арналған қуанышты тұсаукесер жиында ол тазылардың аты Құмай, Ұшар екенін әсерленіп есіне алды.
Мынау біздің ауылымыздың ғана ішінде қалмай, күллі Қазақстанға үлгі-өнеге ететін ерекше шара болды ғой, Айпаршын әпке. Сіз Әлімбай жездем екеуіңіз бітелген бұлақтың көзін ашуға ұйтқы болып қана қоймай, аталарымыздың атын жаңғыртып, аруақтарын аунаттыңыздар. Енді сулы жер – нулы жер болатынын көзімізбен көргіміз келеді, – деді өмірден мезгілсіз өткен талантты ақын Бауыржан Үсеновтың туған інісі Біржан Мұқанұлы.
Бұл бастаған жұмысымыздың негізгісі, ол алда әлі жалғасады. Айналасына тал, терек егеміз. Бұрынғыдай су жинайтын тоспа жасаймыз. Бабамыз бен атамыздың қасиетті бұлағының суы текке ақпай, әр үйдің ауласын да, меншікті жерлерін де көз тартатын жеміс-жидекке, жасыл желекке бөлеу керек қой, – деді ауыл ақсақалдары атынан сөз сөйлеген бұрынғы ұстаз Асқанбай Тұралиев.
Бұлақ басындағы әңгіме Дәурен ата мешітінде аруақты аталар мен апаларға арнап жайылған ас дастарқанында тағы жалғасты. Оған жасы тоқсаннан асқан Шыныкүл Станбек келіні апамыз әдейілеп келген екен.
Айналайын Айпаршын мен Әлімбай, сендердің аталарыңа рақмет! Істеріңе ризамыз. Енді осыны іліп әкетсек, әбден жарасады. Өйткені үйді-үйімізге ауызсу кіргізілгелі мән бермегендіктен көп бастаудың көзі бітеле бастады. Бабаларымыз «Бұлақ көрсең, көзін аш» деді емес пе? Сол өсиетті ұмытпайық. Мына өнегені өрісті етейік, – деді әжелік ілтипатпен.
Бұл – ауылдағы бір бұлақтың көзін ашып, кәусар суын тоқтаусыз ағызған жиындағы түйінді сөз болды.
Мен Алматыдан арнайы барып, туып-өскен ауылымнан қанаттанып қайттым...
Талғат АЙТБАЙҰЛЫ,
Қазақстанның құрметті жазушысы,
Жамбыл облысы, Жуалы ауданы, Қошқарата ауылы















