27 тамыз күнгі Үкімет отырысында Қаржы министрі «2025-2027 жылдарға арналған республикалық бюджет туралы» Заң жобасын ұсынды. 2025 жылы бюджетке шамамен 21,7 трлн теңге деңгейінде түсімдер түседі деп болжанып отыр (2026 жылы – 19,4 трлн теңге, 2027 жылы – 20,9 трлн теңге). Бұл туралы Қаржы министрлігінің сайтында хабарланды.
«Келесі жылы Ұлттық қордан 2 трлн теңге көлемінде кепілдендірілген трансферт тарту жоспарланған. 2025 жылы бюджет тапшылығы ІЖӨ-ге шаққанда 2,7% деңгейінде болады деп болжанған. Ал 2027 жылға қарай ІЖӨ-ге есептегенде 1,9% дейін төмендемек. 2025 жылға арналған кірістер мен тапшылықты ескере отырып, бюджет шығыстары 2024 жылға қарағанда 1,7 трлн теңгеге ұлғайып, 25,8 трлн теңгеге жетеді деп жоспарланып отыр. «Бюджеттің әлеуметтік бағдары сақталып отыр. Осы салаға арналған қаражат келесі жылы 2024 жылмен салыстырғанда 794 млрд теңгеге ұлғайып, 9,8 трлн теңгеге артады. Осы арқылы қаражат инфляцияның орташа деңгейіне әлеуметтік төлемдерді индекстеуге жұмсалады. Сонымен қатар гранттар саны артып, ЖОО студенттерінің стипендиясы орта есеппен 15-20% өседі. ТМККК және МӘМС шеңберінде халықты медициналық көмекпен қамту ұлғаяды», – деді Мәди Төкешұлы.