ЦИФРЛАНДЫРУДЫ ДАМЫТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

ЦИФРЛАНДЫРУДЫ ДАМЫТУ – БАСТЫ НАЗАРДА

 

Жақында ҚР Ішкі істер министрлігінің ұйымдастыруымен «Digital Police Day: «Заң мен Тәртіпті» цифрлық шешімдер арқылы қамтамасыз ету» атты форум болып өтті. Тақырыптан аңғарғанымыздай, ішкі істер органдарынң қызметін жетілдіру, қауіпсіздікті қамтамасыз ету сынды ауқымды жұмысты цифрландыру төңірегіндегі жобаларды талқылау және алдағы жоспарлар мен ынтымақтастық туралы мәселелерді ортаға салған бұл форумға мемлекеттік қызмет және құқық қорғау саласының өкілдерінен бөлек IT-компаниялардың басшылары, азаматтық қоғамдастықтың өкілдері, депутаттар, қоғам қайраткерлері, сондай-ақ студенттер мен курсанттар келіп қатысты.

 

ЦИФРЛАНДЫРУДЫҢ ПАЙДАСЫ МОЛ

Елімізде 2017 жылы «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы басталғалы бері Ішкі істер органдарының қызметін цифрландыру мәселесі қарқын ала түскені белгілі. Сонан бері қарайғы 7 жылдың ішінде бұл саланың жұмыстарында көптеген өзгерістер орын алды. Бұл әсіресе халықты құжаттандыру саласында айрықша көрініс тапты. Ал құқықты қамтамасыз ету, азаматтардың қауіпсіздігін қорғау жағында өте зор ілгерілеушіліктерге қол жетті. Қазір бейнебақылау камералары қоғамдық тәртіптің орнықтылығын, жол қозғалысын қадағалауда таптырмас құралға айналды. Сондай-ақ ортақ базадағы мәліметтерді анықтауда да ішкі істер органдарының қызметкерлері бұрынғыдай орталықпен байланысқа шығып отырмай-ақ қолындағы планшеттің көмегімен бірнеше секундта сенімді дерекке қол жеткізе алатын болды. Міне, осы тектес көптеген жетістіктер Қазақстанды цифрландыру саласы жақсы дамып келе жатқан мемлекеттердің қатарына енгізді.

Кезекті форум аясында полицейлердің күнделікті қызметінде, қауіпсіздікті қамтамасыз етуде, құқық бұзушылықтың алдын алуда және қылмысқа қарсы күресте қолданатын заманауи технологиялары туралы мәліметтер беріліп, видеоматериалдар көрсетілді. Форумда баяндама жасаған Ішкі істер министрі Ержан Сәденов полиция қызметінде заманауи технологияларды кеңінен қолдану Мемлекет басшысының ішкі істер органдарының алдына қойған басты міндеттерінің бірі екендігін айтып өтті.

«Қазір бізде саланы бюрократиядан арылту және оңтайландыру үдерісі белсенді жүргізілуде. Полиция қызметкерлерінің басты назары құқық бұзушылықтар мен қылмыстардың алдын алуға, өздерінің негізгі міндеттерін орындауға бағытталған. Цифрлық шешімдер азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету кезінде тәртіп сақшылары жұмысының тиімділігін арттыруға ғана емес, сондай-ақ ықтимал құқық бұзушыларды тәртіпке келтіруге де көмектеседі. Қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету мақсатында министрлік «жаппай» бейнебақылау жобасын іске асыруда. Бүгінгі таңда елімізде 1 млн 318 мың бейнекамера жұмыс істейді, оның ішінде полицияның жедел басқару орталықтары мен кезекші бөлімдеріне 274 мың камера қосылған. Жыл басынан бері камералардың көмегімен 96 мыңға жуық әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді, 1,5 мың қылмыс ашылды, 870 мың жол жүрісі қағидаларын бұзу анықталды», – деді Ержан Сапарбекұлы біраз мәліметтерді тізбектей келіп.

           

ӘРІПТЕСТІК АРТА ТҮСПЕК

Сөз кезегінде Қазақстан Республикасы Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин ІІМ-ның жаңашылдыққа деген талпынысына жоғары баға берді.

«Осындай Digital Police Day-ді ұйымдастырып жатқан министрліктер көп емес. Бұл жай ғана сөз емес, Ішкі істер министрлігінің трансформацияға, цифрландыруға деген бағытының дәлелі. Бүгінгі таңда барлық мемлекеттік қызметтердің 92 пайызы электрондық форматта көрсетіледі. Оның 85 пайызын смартфондар арқылы алуға болады. Олардың басым бөлігі Ішкі істер министрлігімен бірлесіп жасалған қызметтер», – деп атап өткен министр мырза, цифрландырудың нәтижесінде азаматтарды құжаттандыру, сондай-ақ Әкімшілік полиция басқармаларының қызметіне де көптеген қолайлылықтардың болып жатқандығына айрықша тоқталды.

 «Қазірдің өзінде автокөліктерді қайта тіркеу транзакцияларының 60%-дан астамы онлайн режимде жүзеге асырылады. Жүргізуші куәліктерін онлайн түрде қайта рәсімдеуге болады, жеке куәліктерді беруде өзіне-өзі қызмет көрсетуін енгізіп жатырмыз және қолдану аясы кеңейеді деп сенемін. Ішкі істер органдарының жетілген цифрлық инфрақұрылымы осы жетістіктің негізгі факторларының бірі болып саналады. Сонымен қатар кепілді тіркеу (кепілді алып тастау) үшін Әкімшілік полиция басқармасына банктің хатымен келіп, құжаттарды тапсыру керек. Сонымен қатар сыбайлас жемқорлық тәуекелдері де бар, өйткені қолданыстағы ережелер тіркеу мерзімін 2 жұмыс күні деп белгілейді, бірақ іс жүзінде полиция қызметкерлері тіркеуді тезірек аяқтай алады. Сондықтан қызметті Мемлекеттік көрсетілетін қызметтер тізіліміне енгізуді және оны Арнайы халыққа қызмет көрсету орталығында енгізу ұсынылады, бұл процесті жеделдетеді. Бір сұранысқа бір күн кетеді. Сонымен қатар, халықтың және бизнестің Әкімшілік полиция басқармаларына баруын болдырмау арқылы сыбайлас жемқорлық тәуекелдері төмендейді, сондай-ақ полиция қызметкерлеріне түсетін жүктеме азаяды», – деді министр.

            Форумда сөз сөйлеген Л.Гумилев атындағы ЕҰУ-дың Ақпараттық технологиялар факультетінің деканы Шахмардан Сейілов Ішкі істер органдарына қажетті цифрлы қосымшаларды жасауға, мамандар дайындауға  мүмкіндіктерінің бар екендігін айтып өтті. Форумға келген қонақтар арасындағы IT-компаниялардың басшылары мен өкілдері де мінбеге шығып сөз сөйлеп, қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша жақсы жобаларын ішкі істер органдарымен бірлесе отырып жүзеге асыруға дайын екендіктерін жеткізді.

 

            НӘТИЖЕ ЖАМАН ЕМЕС

 Бүгінгі форум аясында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және құқықтық тәртіпті қорғау бойынша жасанды интеллектті пайдалану арқылы жүзеге асырылатын «Қорғау» жүйесі туралы да таныстырылды. Сондай-ақ қоғамды алаңдатып отырған интернеттегі алаяқтыққа қарсы іс-қимыл бойынша CyberPol жобасы туралы егжей-тегжейлі айтылды. Өкінішке қарай, әлемдік деңгейдегі проблемаға айналған бұл келеңсіздіктен Қазақстан да шет қалып жатқан жоқ. Интернеттегі алаяқтық фактілері жылдан-жылға артып, азаматтарға келтіріліп жатқан экономикалық шығындары да еселене түсуде. Өткен жылдары қазақстандықтардың 15 млрд теңге көлеміндегі қаржысы шетелдерде тұратын алдамкөстердің құлқынына түскен екен. Сондықтан да Мемлекет басшысы ІІМ-не аса жауапты тапсырмаларды жүктеп отыр. Бұл жағында біздің полицейлер де аянып жатқан жоқ. Олардың байланыс операторларымен бірлесіп, ауыспалы нөмірлерден жасалатын қоңырауларға техникалық тосқауыл қоюының нәтижесінде 44 миллионнан астам қоңырау бұғатталыпты. «Бұл зардап шеккендердің санын 2,5 есеге қысқартуға мүмкіндік берді. Бұдан басқа, елден тыс жерге шығарылғалы жатқан шамамен 246 млн теңге бұғатталды, сондай-ақ 850 млн теңге сомасына залалды өтеу қамтамасыз етілді», – дейді форумды ұйымдастырушылар.

 PS: Қазір біздің елде цифрландыру саласы бойынша Мемлекеттік деңгейде қолға алынып жатқан жұмыстар өте көп. Біз шағын мақаламызда Ішкі істер саласында атқарылып жатқан жұмыстарға қысқаша тоқталып өттік. Жалпы Қазақстан – цифрландыру саласының ішінде электронды үкіметті дамыту жағында жақсы көрсеткіштерге қол жеткізген мемлекет. Атап айтар болсақ, 2022 жылы біздің ел Электрондық үкіметті дамыту рейтингіне енгізілген 193 елдің арасында 28-орынға табан тіреп, «аймақтық көшбасшылардың» қатарынан көрінді. Бұл тізімге тұтас ТМД бойынша қазақ елі ғана енгендігін айта кеткен жөн.

 

 

25.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 56
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 582
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 696
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 610
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 620

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8755
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8155
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11385
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9138
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10369