ДӘРІГЕРЛЕР ӘУЛЕТІ НЕМЕСЕ РҮСТЕМ ТӨЛЕУТАЕВ ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

ДӘРІГЕРЛЕР ӘУЛЕТІ   НЕМЕСЕ   РҮСТЕМ ТӨЛЕУТАЕВ   ТУРАЛЫ БІР ҮЗІК СЫР

«Басқа түссе баспақшыл» демекші, күніміз түсіп, Алматыдағы Кардиология және ішкі ауруларды қарайтын Ғылыми зерттеу институтының (ҒЗИ) табалдырығынан имене аттадық. Қаралуға келген, емделуге келгендер саны әжептәуір екен. Тіркеу бөлімінің қызметкерлері кішіпейілділік көрсетіп, жақсы қабылдап жатыр.

Қайда барсақ та, әуелі көзіміз ең алдымен маңдайшадағы жазуларға түсетін әдетіміз бар емес пе? Бәрі де мемлекеттік тілімізде жазылған екен. Кезегін күтіп отырғандармен тілдесіп көрдім. Көпшілігі риза екендіктерін айтып жатыр. Қызығушылық танытып, Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия қызметінің басшысы Рүстем Мұхтарұлы Төлеутаевтың қабылдауына жазылып, кіріп шықтық.

 

Орта бойлы, дембелше келген, батыр тұлғалы жігіт ықыласпен тыңдап, диагнозы жазылған қағаздарды түгел оқып шығып, бір дәрігерді шақырып алып, табыстап шығарып салды. Қазақша сөз саптауы да жақсы жетілген.

Сұрастырып жүріп, қысқаша тарихынан да хабардар болдым.

Абай облысы, Ақсуат ауданында дүниеге келіпті. Атақты емші-дәрігер Досқанаұлы Ырғызбай әулиенің жатқан жері. Аласапыран уақытта атамызды зиярат еткенбіз. Ол ата туралы небір қызықты әңгімелер ел ішінде жақсы сақталған екен.

Осынау қасиетті мекенде дүниеге келген біздің кейіпкеріміз – дәрігер Рүстем Мұхтарұлы да тегін адам еместігін көрсетті. Дәрігерлер отбасынан шыққан бала Рүстем Ресейдің Сібірдегі ғылыми орталығы саналатын Новосібір қаласында орналасқан медициналық университетті 2006 жылы үздік бітіріп шығады. 2007 жылы Новосібір облыстық ауруханасының базасында жалпы хирургия бойынша интернатураны, 2009 жылы академик Мешалкин атындағы Қан айналымы патологиясы ғылыми-зерттеу институтында жүрек-қан тамырлары хирургиясы бойынша клиникалық ординатураны аяқтап шығады. 2013 жылы Италиядағы University of Milano-Bicocca кардиохирургия бойынша магистратураны тамамдайды. 2009-2015 жылдары академик Мешалкин атындағы Қан айналымы патологиясы ғылыми-зерттеу институтының жаңа хирургиялық технологиялар орталығында кардиохирург дәрігер болып қызмет жасайды.

2012-2013 жылдары Италияның Бергамо қаласындағы Papa Giovanni XXIII клиникасында кардиохирург дәрігер болып жұмыс істейді. 2015-2019 жылдары Алматы қаласында орналасқан атақты А. Сызғанов атындағы Ұлттық хирургия ғылыми орталығының кардиохирургия және жүрек трансплантациясы бөлімшесінің меңгерушісі қызметін атқарады. 2019 жылдан бастап қазіргі уақытқа дейін Кардиология және ішкі аурулар ҒЗИ кардиохирургия қызметінің басшысы болып қызмет атқаруда. Жүрек қан айналымы зертханасы және операциялық блогы бар кардиохирургия бөлімшесінің меңгерушісі болып та қызмет жасады.

Медицина ғылымдарының кандидаты, PhD докторы, денсаулық сақтау магистрі, ҚР Денсаулық сақтау ісінің үздігі. «Денсаулық сақтау ісіне қосқан үлесі үшін» төсбелгісімен, С. Ж. Асфендияров атындағы ҚазҰМУ-нің Алтын медалімен, кардиология және кардиохирургия саласындағы сіңірген еңбегі үшін Қазақстан кардиологтары қауымдастығының «Ақ Жүрек» төсбелгісімен, Қазақстан трансплантологиясын дамытуға қосқан үлесі үшін елімізде алғашқы денсаулық сақтау саласындағы эндаумент қоры белгілеген «Heart Center Foundation» естелік төсбелгісімен марапатталған екен.

Рүстем Мұхтарұлы Алматыда 2023 жылы ең алғашқы жүрек трансплантациясын жасаған кардиохирург. 2022 жылы Алматыда алғаш рет Кардиология және ішкі аурулар ғылыми-зерттеу институтында 60 жастағы пациентке жүректің жасанды сол жақ қарыншасы (LVAD) имплантацияланды. Осы отаны да (операцияны) алғаш рет Алматыда жасаған Рүстем Мұхтарұлы болатын. Одан да басқа ашық жүрекке ең күрделі оталарды да (операцияларды) жасайды екен.

Осындай күрделі оталарды жасап жүрген дәрігердің отбасылық тарихына да үңіле кетсек. Әкесі – Мұхтар Есенжанұлы Төлеутаев – Астана қаласының бас онкологы қызметінде және қалалық онкологиялық орталықтың бас дәрігері, хирург. 2021 жылдың желтоқсан айында «Қазақстанның Еңбек Ері» атағын алған медицина саласындағы көрнекті тұлғалардың бірі екен.

Аты жаман пандемия кезінде Мұхтар Есенжанұлы жарғақ құлағы жастыққа тимей еңбек етеді. Инфекциялық төсек-орындарды орналастыруға, шетелден келген алғашқы пациенттерді қабылдауға, жаңа инфекциялық стационардың жұмыстарын ұйымдастыруға атсалысқан азамат екен.

Анасы – Төлеутаева Гүлнар Қамидоллақызы да жоғары санатты кардиолог дәрігер.

Туған інісі – Төлеутаев Шыңғыс Мұхтарұлы да білікті дәрігер. Астананың Ұлттық ғылыми медициналық орталығында торакалды хирург болып қызмет жасауда. Шыңғыстың жұбайы Сәуле Төлеутаева да педиатр дәрігер болып қызмет жасайды екен. Туған апайлары Гүлсара, Гүлнара, Райхан және ағасы Мұхтарғазы Төлеутаевтар да ата-анасының жолын қуып, дәрігерлік мамандықты таңдаған!

Мамандық таңдау бар да, Құдайдың берген нығметін қалтқысыз адал алып жүру бар.

Осы жасқа келгелі кезінде ірі қызметтер жасаған аға, апаларымызбен дәмдес болған едім. Әрине, олардың барлығы кеудесін оққа тосқан батырлар емес еді. Бірақ та өздерінің саласының аса білгірлері болды.

Советтік заңдарға сүйене отырып, туған жерлеріне адал еңбек жасағандар еді.

Солардың көбінен ауыл иістері аңқып тұратын. Мейірімді, кішіпейіл жандар еді. Көбі келмеске кетті...

Мұхтарұлы Рүстем інімізден солардың сұлбасын көргендей болдым. Келіп отырған кіріптар жандардың жанын түсініп, оларды мұқият тыңдап отыруы – іріліктің белгісі. Оның бәрі тәрбие мен келетін қасиеттер. Ұяда көрген қазақы тәрбиенің нәтижесі деп қабылдадық.

Президентіміз Қ. К. Тоқаев та оқыған, тоқыған жастар туралы көптеген кездесулерінде айтып жүргенінен хабардармыз.

Мемлекетіміздің ертеңі білімді, кішіпейіл, өр мінезді жастарымыздың қолдарында болуы керектігін бәріміз де айтып, жазып жүрміз.

Еліміздің барлық басқару жүйелерінде білікті жастардың басым болғанын қалаймыз ғой. Рүстем Мұхтарұлы да осындай болашағынан зор үміт күттіретін жас маманның бірі десек, артық айтқандық емес. Осындай дәрігерлік династияны қалыптастыра алған ата-анасына рақмет айтамыз! Кез келген адамдарды жылы қарсы алып, мейірімділік көрсете берсін деген тілекпен шағын мақаламызды аяқтаймыз...

РS: Дәрігерлер туралы көбінесе еститініміз негативті әңгімелер болатын. Рүстем Төлеутаевтың қабылдауынан кейін дәрігерлерге де оң көзбен қарайтын болдым.

 

Аманкелді ЖҰМАШҰЛЫ, 

Алматы қаласы

24.07.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 26529
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25957
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 43350
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 39147
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43755