Маңғыстауда тұңғыш рет спорттағы дарынды балаларға арналған мектеп-интернат колледжі ашылды. Облыстық спорттағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернат колледжі – өңірде алғаш рет ашылған, спорт пен білімді ұштастыратын арнайы оқу орны. Мекеме олимпиадалық спорт түрлері бойынша дарынды балаларды кәсіби деңгейде даярлауға бағытталған. Маңғыстау облысы әкімі Нұрдәулет Қилыбай бұл оқу орны өңірдің спорттық әлеуетін арттыруға және халықаралық деңгейде ел намысын қорғайтын чемпиондарды тәрбиелеуге зор мүмкіндік беретінін атап өтті.
– Мектеп-интернат колледжі Мемлекет басшысының спортты дамыту және дарынды балаларды қолдау жөніндегі тапсырмасына сәйкес ашылып отыр. Мұнда спорт пен білім қатар дамып, болашақ чемпиондарды даярлауға барлық жағдай жасалған. Ендігі міндет – оқу процесін сапалы ұйымдастырып, балалардың қауіпсіздігі мен кәсіби дамуын қамтамасыз ету. Бұл жерден ел намысын халықаралық ареналарда қорғайтын спортшылар өсіп шығарына сенемін, – деді Нұрдәулет Қилыбай.
Аталған спорт интернатына 7-11 сыныпта оқитын, спортқа бейімі бар дарынды балалар қабылданады. Оқу орнының негізгі мақсаты – жас спортшыларды әлеуметтік маңызы бар жарыстарда жоғары нәтиже көрсетуге дайындау және қабілетті спортшыларды олимпиадалық резерв қатарына енгізу.
Интернат 300 оқушыға арналған. Оның ішінде 250 бала жатақханамен қамтамасыз етілсе, қатынап оқитын 50 оқушы үшін арнайы тасымал қызметі ұйымдастырылған. Мектеп-интернатта оқитын әрбір спортшыға жан-жақты жағдай жасалған. Оқушылар күніне бес мезгіл тамақпен, жайлы жатақханамен қамтамасыз етіледі. Мемлекеттік стандартқа сай білім алып, кәсіби спорттық жаттығуларға қатысады. Сонымен қатар оқу-жаттығу жиындарына, республикалық және маңызы бар жарыстарға қатысу мүмкіндігіне ие. Спортшылар спорттық киім-кешекпен қамтылып, уақытылы медициналық көмек көрсетіледі. Қазіргі таңда мектеп-интернат колледжде бокс, дзюдо, грек-рим күресі, еркін және әйелдер күресі, таэквондо спорт түрлері бар. Әр бағыт бойынша білікті жаттықтырушылар жұмыс істейді.
Оқу орнының инфрақұрылымы заман талабына сай жабдықталған. Интернат аумағында оқу корпусы, екі жатақхана, спорт кешені, асхана, медициналық пункт, күзет бөлімі, сондай-ақ тәрбиешілер мен жаттықтырушыларға арналған жатақхана бар. Спорт кешенінде дзюдо, бокс, тхэквондо, еркін және грек-рим күресіне арналған залдар мен фитнес залдары орналасқан. Спорт интернатына қабылдау 3-4 қаңтар күндері екі кезеңнен тұратын конкурс негізінде өткізіледі. Бірінші кезеңде үміткерлердің дене шынықтыру дайындығы бағаланып, екінші кезеңде жалпы білім беретін пәндер бойынша тест алынады.
Мектеп-интернат колледжге 300-ден астам спортшы өтініш білдірген. Үміткерлер қабылдау емтихандарының нәтижесіне сәйкес іріктеліп қабылданады. Спорт пен білімді қатар дамытуды көздеген бұл оқу орны өңір спортының болашағын қалыптастыруға өз үлесін қосары анық.
Голрох ЖЕМЕНЕЙ,
Маңғыстау облысы















