Бүгінде Нұр-Сұлтан қаласы саяси-экономикалық, қаржылық орталық қана емес, рухани-мәдени әрі әдеби-шығармашылық ортаға айналып келеді. Қалада ақын-жазушылардың жаңа бір шоғыры қалыптасып үлгерді. Астаналық қаламгерлер жиі-жиі бас қосып, пікір алмасып, ой бөлісуі үшін Жазушылар үйі де жұмыс істеп тұр. Біз қала руханиятының тыныс-тіршілігін, бүгінгі рухани ахуалын білу мақсатында ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, Қазақстан Жазушылар одағының Арқа және Солтүстік өңірлердегі облыстар бойынша хатшысы, Нұр-Сұлтан қаласы филиалының директоры, ақын Дәулеткерей Кәпұлымен сұхбаттасқан едік.
– Қазақстан Жазушылар одағының астаналық филиалын үш жылдай уақыттан бері басқарып келесіз. Шындығында сіз де қазақ руханиятының бір үзігісіз. Сондықтан қоғамымызда болып жатқан жағдайлардан тыс қала алмайтыныңыз анық. Яғни заман біздікі. Тәубә, тәуелсіз елміз. Дегенмен, меніңше, орыстан іргемізді бөлген 30 жылда қазақ баласы бір арман, бір мақсат жолында біріге алмай отырмыз. Абылайдың түсіндей «алты бақан алауыз» жұртқа айналып бара жатқан сияқтымыз. Неге?
– Қазір алмағайып бір уақыт болып кетті. Жаһандану дейтін бүкіл әлемді құшағына алған үрдіс және мынау ашық ақпараттық кеңістік біздің өз қазанымызда қайнауымызға мұрсат бермейді. Әлем сапырылысып, байланысып жатыр. Сондықтан «Бір арман, бір мақсат түбіне ұйыса алдық па?» деген үлкен сұрақ. Оған толыққанды жауап берем деп айта алмаймын. Бізде бір мақсат, бір арман – ол тек тәуелсіздік жолында, ұлттық идеология төңірегінде болу керек.
Бізді дін біріктірмейді. Бізді Қазақстандағы тіл де біріктіріп жатқан жоқ. Себебі қоғам ала-құла. Қазір қара қазақ пен шала қазақ болып бөлініп алдық. Негізі біз тіл төңірегінде біріге аламыз деп ойлаймын. Қазақ тілін ұлттық деңгейде жолға қоюға мемлекет тұтқа болуы керек. Яғни тілді ұлттық идеология жасауымыз керек. Өйткені сонау 1960 жылы, яғни екінші дүниежүзілік соғыстан кейін отарсыздандыру саясаты деп аталатын декларация қабылдады ғой. Сол секілді, бүгінгі таңда ол мүмкін ескірді, бірақ бірігуміз үшін керек. Тәуелсіздіктің 30 жылында өзіміздің байырғы жер-су атауларын, басқаны айтпағанда, Арқада кезінде жер ауып келген қара шекпенділердің атымен аталмаған ой-шұңқыр жоқ деуге болады.
Бір тәубә дейтініміз – тәуелсіздік. «Батпандап кірген аурудың, мысқалдап шығатын» уақыты жетті. 30 жылда істелуі керек болған жұмысты өзіміз баяулатып отырмыз. Өзіміз кері тартып отырмыз. Иә, халықаралық саясатта Қазақстан өз орнын алды, сыртқы елдермен байланыс жасалып жатыр. Дегенмен өз ішімізде жасалуы керек, ұлттық идеологияға тіреліп тұрған мәселелерді істеп қойдық деп айта алмаймын.
Біз біріксек, әлі де бір тілдің айналасында ұлт болып топтаса аламыз. Идеологияның солқылдақтығы бір мақсат, бір арманға бірігуімізге кедергі келтіріп тұрғаны белгілі.
– Қазақ тілін төрге оздырамыз деген топтың қарасы көп. Қоғамдық ұйымдар жұмыс істеп жатыр. Бірақ күн өткен сайын ана тіліміздің ахуалы күрделеніп барады. Өзіңіз айтқандай астанада баласын орыс мектептеріне апаратын ата-аналар саны артты. Аралас мектептер көбейді. Не істемек керек?
– Алғаш тәуелсіздік алған жылдары жапатармағай тілге деген үлкен құрмет, махаббат болды. Қазір бәрі әдірам қалды. Яғни мен жаңа айтып отырған идеология әлі толық жолға қойылған жоқ. 30 жылдың ішінде іргедегі кешегі сал-серілердің мекені, Абылайдың орда тіккен Бурабайы, Кенесарының атқа қонған өлкесі Ақмола облысының орталығы Көкшетауда бір де бір қазақ мектебі ашылмаған. Бұл кері кету деп есептеуіміз керек.
Ел астанасы Нұр-Сұлтан қаласын да, өткендегі әлеуметтік желідегі менің жанайқайым, көтерген мәселем – салынып жатқан мектеп өте көп. Бірақ 56 аралас мектеп деген сұмдық! Бұл бізді қайда апарып соқтырары белгісіз. Бұған біз дабыл қағуымыз керек. Өйткені Шерхан Мұртаза кезінде «Тілі бар халық – халық, тілі жоқ халық – балық» деді. «Тілі өлген жұрттың өзі де өледі» деді Ахметтер. Сондықтан біз тілге бей-жай қарамауымыз керек.
Биылдың өзінде елорданың, қазақ елінің астанасының бар-жоқ 36 қазақ мектебінің екеуі аралас мектепке айналып кетті. Қазақ мектебі көбейгеннің орнына екі мектепке азайды. Бұған өзіміз кінәліміз. Ата-аналардың жауапсыздығы. Тәуелсіздікті сезінбеуі. «Баласын орыс мектебіне сүйрейтін ата-ана кімнің болашағын ойлап отыр? Баласының болашағын ба? Қазақстанның болашағына сенбей ме?» деген сұрақтар туындайды. Тіл – ұлттық тамыр. Ұлттық ойлау жүйеміздің барлығы қазақ тілінде болу керек. Осыны сезініп, түсінуіміз керек.
– Ұрпақты отаншылдыққа, патриотизмге тәрбиелеуші негізгі құрал әдебиет, руханият. Биылғы жылды Президент Қасым-Жомарт Тоқаев балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы деп белгіледі. Қазақстан Жазушылар одағы жыл тақырыбына қандай да бір үлес қоса алдыңыздар ма?
– Мәдениет және спорт министрлігі тарапынан балалар мен жасөспірімдердің кітап оқуын қолдау жылы жалпы қоғамға берілген тапсырма. Бірақ мемлекет оған қаржы бөлген жоқ. Балалар әдебиетін қолдаймыз, кітаптар шығарамыз деді.
Ұлттық академиялық кітапхана жыл аясында біраз іс-шара ұйымдастырды. Жазушылар одағы филиалы атынан бір сыйлығын тағайындадым. Бірақ бұл өте аз. Өйткені балалардың кітап оқу мәдениетін көтермей, әсіресе қазақша оқуды көтермей көсегеміз көгермейді. Қаламгерлер шығарма жазбай жатқан жоқ. Қаламгерлердің еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Заман талабына сай небір жас ақындарымыз бүгінгі балалардың дүниетанымымен үндес, бүгінгі күннің ыңғайына орайластырған шығармалар жазды.
Ең бірінші баланың кітап оқуы бесіктегі тәрбиеден. Қазіргі жас ата-аналардың өз болашағына жауапсыздығынан бала кітап оқымайды, қазақша сөйлемейді. Мұның бәрі отбасындағы тәрбиеден. Балалардың орыс мектебін, аралас мектепті толтырып жатуының себебі де ата-анаға байланысты. Қаламгерлер әр уақытта, әр кезеңде мәселені көтереді, шырылдайды. Мемлекет, ел болып көтеретін мәселелер көп. Негізінен ата-аналар қазақ екенін, өз елі, мемлекетін сезінген кезде мәселе шешіледі деп ойлаймын.
«Ал мемлекетті, қазақ екенін сезіну үшін не істеу керек?». Қазір балалардың қолында смартфон, телефон. Баланы бұлардан ажырату, алшақтату мүмкін болмай қалды. Уақыт талабы. Cондықтан балалардың қолындағы, өздері күні бойы телміріп отырған гаджетке ертегілерімізді жаңа форматта орнатуымыз керек. Қазақша анимациялық дүниелер жасап ұсынуымыз керек. Қазақша контентті молайту керек. Оны мемлекет жасауы тиіс. Ұлттық идеология деңгейінде жасау керек. Мысалы «Балапан» арнасы біршама қажеттілікті өтеп тұр. Қазір «Балапан» арнасымен тілі шыққан балалар бар. Бірақ бұл аз. Ал балаларына қазақ менталитетіне жат арналарды, мультфильмдерді қосып беретін ата-аналар өз балаларына қастандық жасап отыр деп ойлаймын.
Жазушылар одағы кеңес үкіметі кезінде идеологияның тірегі сияқты болатын. Ақын-жазушылар партияның сөзін сөйлеп, партияның айтқанын халыққа жеткізіп, түсіндіру секілді жұмыстар атқарды. Бірақ «жаңбыр жаңбырдың арасында» «істікті де, төстікті де күйдірмей» қазақтың рухы туралы, ата-бабасының ерлігі туралы, жауынгер жорықшылардың сөздерін, өлеңдерін халыққа насихаттауда, «кеше кім болғанын, ертең кім боласың» дейтін тұспалды дүниенің барлығын қазақ қаламгерлері жеткізді. «Қылышынан қан тамған қызыл империяның цензурасынан қорықпай басын бәйгеге тіккен қаламгерлер, қазақтың рухын тәуелсіздік алуына жанып, қайрап отырды.
Бүгінгі Қазақстан Жазушылар одағы Әділет министрлігіне ресми тіркелген 22 мың қоғамдық ұйымның біреуі ғана. Мемлекеттік статусы жоқ. Мемлекеттен қаржыландырылмайды, жергілікті әкімшіліктерге алақанын жайған ұйым. Әлі де Президент әкімшілігінің, Президентіміздің бағдарламалық дүниелерін насихаттауда, халыққа жеткізуде түсіндіруде ақын-жазушылардың рөлі бар. Қазір Нұр-Cұлтан қалалық филиалына қалам ұстаған жастар көптеп келеді.
Қалалық әкімдікпен бірлесіп Азия форумы кезінде ашылған Қаламгерлер аллеясында ағаш егіп, ақын-жазушыларға арналған сәулелі бақ бой көтеріп келеді. Аллея төрінен Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин сынды үш арысымыздың ескерткіші, одан кейін Президент өзі ашқан Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов, Міржақып Дулатовтардың ескерткіші бой көтерді. Байқоңыр ауданымен бірлесіп, қалалық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің кітап қала жобасы жұмыс істей бастады.
Қазір қаламгерлер жиналып шүйіркелесіп бас қосатын Жазушылар үйі бар. Филиалымыз қаладағы қазақ драма театры, ұлттық кітапхана сияқты руханияттың ошағына, өзегіне айналды. Бірте-бірте рухани орта шоғыры қалыптасты. Қазір қалада 150-дей Жазушылар одағының мүшесі бар. Астанамыз тек қана саяси-экономикалық қаржылық қана орталық емес руханият орталығы болып қалыптасты.
– Қаламызда қалыптасқан бұл рухани ортаның жастармен, студенттермен, оқушылармен, балалармен қарым-қатынасы қалай? Оқушылардың, жастардың бойына қазақ руханиятын сіңіру бойынша жұмыстар жоспарланған ба?
– Жоспарлаған арнайы дүниеміз жоқ. Бірақ әр мектеп хабарласып, сөйлесіп ақын-жазушылармен кездесулер ұйымдастырады. Әрбір мектептің қазақ тілі және әдебиетінің мұғалімдерімен әдеби, рухани байланысымыз жүзеге асып келеді.
– Жазушылар одағының шетелдік әдеби ортамен және шетел қазақтарымен байланысы қалай? Баспасөзге жазылу деген сияқты жұмыстар ұйымдастырыла ма?
– Бұрынғы кеңестер одағы кезінде Азия елдері қаламгерлерімен байланыс мықты болды. Қазір...
Астанамызда үш әдеби форум өткіздік. Сонау 1974 жылғы Азия Африка жазушыларының форумынан кейін еш форум өтпеген екен. Тәуелсіздік алғаннан кейінгі тұңғыш Азия жазушылар одағының форумын өткіздік. Азияда тұратын 45 мемлекеттен өкіл келді. Түрік тілдес мемлекеттермен байланыс біршама жақсарып келеді. Еуразия астаналарының қаламгерлері форумына 25 мемлекеттен өкіл келді.
Қазіргі уақытта ақын-жазушылар арасында әдеби агент ұғымы қалыптасып келеді. Жұлдыздардың продюсерлері болатыны секілді әдеби продюсерлер де болуы керек. Кездесуді ұйымдастыруға, кітаптарыңның аудармасына байланысты. Әдебиет танылуы үшін, автор сыртқа өзін көрсете алуы үшін ол керек. Осы мәселені көтеріп жүрген Алматыда Бақтыгүл Махамбетова деген әпкеміз бар. Ағылшынша жақсы біледі. Әдеби агенттер осындай тіл білетін адамдардан жасақталу керек. Біздің мемлекеттің қамқорлығындағы Ұлттық аударма бюросы – ол жалпы қазақ әдебиетін аударып, таныстыруға әрекет жасап жатқан ұйым. Жекелеген авторлар өздері әрекет жасап, өздері агенттерін тауып, қаражатын табуы керек.
Қазақ қаламгерлері арасында Рақымжан Отарбаев ағамыздың жан-жақта агенттері бар болатын. Жалпы жекелеген ақын-жазушылардың байланысы арқылы шет мемлекеттермен қарым-қатынас орнатқан тиімді.
– Өзіңіздің шығармашылығыңыз туралы да айта отырсаңыз. Байқауымша, сіз тәңіршілдікке жақынсыз...
– Осы сұрақ негізі көп қойылады. Басқа-басқа кешегі ХХ ғасырдың басындағы Алаш арыстарының тілінде, сол кезде шыққан газеттердің журналдардың бәрінде Тәңір жарылқасын, Тәңір тілеуіңді берсін деген сөз бар. Біздің үлкендеріміз, ата-әжелеріміз «Тәңір жарылқасын» дейтін. Мен үнемі сол сөзді қолданамын. Сосын жұрттың бәрі Дәулеткерей Тәңіршіл деп ойлайды.
Мен Меккеге барып келген адаммын. Ауыз екі сөйлеу тілімізде қолданылатын жаңағыдай элементтер адамның иманын анықтай алмайды. Бұл тілдегі көрініс. Құдайды Тәңір дейді қазақ. Қазақ Алла деген сөзді Аллах деп айтпаған. Алла сақтасын дегеннен гөрі Құдай сақтасын дейтін. Молланы молда дейді. Алла дегеннен гөрі, Алда деген жақынырақ еді.
Ал шығармашылықтан гөрі қазір көбірек қоғамдық шаруаға араласып кеттім. Л.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық университетінде сабақ беремін. Ғылыми жұмыстар бар. Жазушылық тоқырап қалған жоқ. Бірақ өндіріп те жазып жатқан жоқпын. Негізінен эпикалық дүниелерге бару ойда бар. «Абайға хат» деген поэма бастап қойдым. Жалпы Шығыс Түркістан қазақтары Оспан батырдың айналасында жазғым келеді, ізденіс үстіндемін. Түркиядағы қазақтармен үркіншілікте Гималай асып, шөлді басып, Пәкістан арқылы Түркияға жеткен қазақтар – өз ағайындарымызбен әңгімелескен кезде тапқан детальдар бар. Бұйырса, соларды жазсам.
– Әңгімеңізге рахмет!