Елдегі тәртіпсіздіктер кезінде халық алдына шықпаған әкімдерге қатысты ойын айтқан Мәжіліс депутаты, журналист Қазыбек Иса: «Нұрлан Ноғаев Маңғыстауда да тұрды, Жаңаөзенге де барды, елден сөз де естіп жатты. Сонда да соңына дейін халықпен бірге болды. Күнде экраннан да шығып, халыққа басу айтты. Әйел болса да, Қызылордада Гүлшара Әбдіхалықова шықты. Басқа көптеген әкімді көрмедік. Қазіргі уақытта халықтың көпшілігі тәртіпсіздіктер кезінде Алматы қаласының әкімі қайда болды деп, оны жерден ап, жерге сап сынап жатыр. Ол кейінгі кезде ғана ел алдына, экранға шығып жатыр. Оның не жауап бергенін байқай алмадым. Бізде әкімдер, министрлер қандай адам болу керек? Әкім деген сол өңірдің қолбасшысы саналады. Сол кезде халық шулап, ереуілшісі қайсы, содыры қайсы екенін айыра алмай, адам өліп, елде топалаң болып жатқан кезде әкімнің болмауы, кемеде бүлік шыққан кезде капитанның кемені тастап кетуімен бірдей деп қабылдаймын. Қай жерде шу, ереуіл болсын, сонымен сөйлесе алатын министр не әкімнің оңып тұрғанын көрмейсің. Барғанының өзі сөйлей алмай жатады. Бір облыстың әкімі барып, қазақшасы бітіп, орысша боқтап жіберді. У-шу болды. Сондықтан мен үкіметке халықтың тілін түсінетін, айтар сөзін қағазға қарап шүлдірлемей, қазақша ойлайтын нағыз қайраткерлер керек деймін. Премьерді ғана ауыстырып, қалғанын бір-бірінің орнына ауыстырғаннан билік ештеңе ұтпайды. Әлеуметтік өршу одан басылмайды. Халықтың тілінде сөйлей алатын үкімет керек. Әр істің өз маманы халықтың алдында жауап бере алатын, білікті іскер, саясаткерлігі де бар тұлғалар келуі керек деп ойлаймын. Оған кадр жеткілікті», – деді. Депутат нағыз шындықты айтты. Оның сөзін билік құлағына ілсе деңіз.