Парламент депутаттары маусым айының соңында каникулға шыққан еді. Олар да екі аяқты, жұмыр басты пенделер ғой. Қарапайым жұрттан еш айырмашылығы жоқ. Олар да шаршайды. Мұңаяды, торығады, қуанады. Отбасылары бар. Ағайын-туыстың бітпейтін той-томалақтары бар дегендей. Сөйте тұра халық қалаулылары екі ай бойы қыдырып, аяқтарын көкке көтеріп жатып алмаған. Каникулдың өзінде өңірлерді аралап, азаматтармен кездескен. Елдің тыныс-тіршілігімен танысқан. Депутаттық сауалға тұздық болар дүниелерді қоржындарына көптеп салып алып келгендері де айдан анық.
Парламент депутаттары екі айлық каникулдан кейін алғашқы бірлескен отырысын 2 қыркүйекте өткізді. Жаңа сессияда талқыланатын тақырыптардың басым бөлігі де осы сапарларда көтерілген ұсыныстарға негізделетіні белгілі.
«Бүгіннен бастап Парламенттің төртінші сессиясы өз жұмысын бастайды. 8 қыркүйекте Парламенттің бірлескен отырысы өтеді. Онда Президентіміз жылдағы дәстүр бойынша халыққа Жолдауын жариялап, алдымызға жаңа міндеттер қояды», – деді Мәжіліс спикері Ерлан Қошанов.
3 қыркүйек күнгі Мәжілістің жалпы отырысында депутаттар «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» ҚР Конституциялық заңына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Конституциялық заңның жобасын қарауға қабылдады.
Сондай-ақ депутаттар аталған Конституциялық заңмен байланысты «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне cайлауды жетілдіру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша және «Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» ҚР Заңының жобасы бойынша қорытынды әзірлейді.
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК