Референдум

Ділмағанбет АХУН

Ділмағанбет АХУН

Кеңестік заманда барлық ислам дін өкілдері қудаланған. Оның негізгі себебі, дін өкілдерінің қазақ қоғамына ықпалын жою болған. Діни ғимараттарды жабу ісімен қатар араб тілді және араб графикасымен жазылған кітаптарды, оның ішінде Құран жаппай құртылды. Жер-жерде орын алған қарсылықтар күшпен жаншылды.

Қазірде заңсыз қудаланған діндарлар, имамдар мен ишандардың есімдері ақталып, есімдері қайтадан халыққа оралып, діни сауаттандырудағы еңбектері мен жасаған қызметтері туралы зерттеулерге, діндарларға қарсы қозғалған қылмыстық істердің барлығымен танысуға мүмкіндік туды.

 

Осындай саяси қиын жағдайда ауыл ақсақалдары мен дін өкілдері, қарапайым халық, құдайға құлшылық етіп бес парызын орындап, намазын ұмытпаған және келешек ұрпаққа дұрыс тәрбие беріп, имандылықпен еңбекке баулыған. Соның арасында ата тегін ұмытпауға, жеті атасын білуге, қыз алысу мен қыз алыспауды ру ақсақалдары қатаң қадағалаған. Шежірешілерді құрметтеген, шежірені хатқа түсіріп, ағайын тумалардың арасында таралып, түсіндірме жұмыстары ауыл ақсақалдарының жиынында айтылып отырған. Отбасында ана тілінде сөйлеуді құрмет тұтқан, орыстанған қоғамда қазақ тілін ұмыту қауіпі тұрғанда, әсіресе қазақ мектептері мен балабақшалары жабылғанда ауыл қарттары қатты алаңдаған. 

1991 жылы қазақ халқының дамуындағы жаңа кезең басталды. Тәуелсіздіктің жариялануы халық үшін үлкен жетістік болды. Тәуелсіз Қазақстанда алғаш қабылданған заңдардың бірі 1993 жылғы 14 сәуірдегі «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау туралы» ҚР Заңы болды. Қазақстан Республикасының Президенті Қ.Тоқаевтың 2020 жылы «Жаппай саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау» туралы Жарлығы шықты.

Баласы Әлім бидің Қарамашақ,

Жасынан билік айтқан, атаға ұқсап.

Төрт бала мұнан туған кем болмады,

Жатпаған қап түбінде алмасқа ұқсап.

Үлкені  – Оразкелді  аға болды,

Ораз би  кем-кетікке пана болды.

Жаншұқыр сөзге жетік, малды болған.

Қараштан билер шыққан, дара туған.

Ділмағамбеттің әкесі Тілес, би болған кісі, елге әділдігімен танылған.

Ділмағанбет  Тілесұлы  Бұхара, Хиуа, Түркістан жағынан діни жоғары білімді, мешіт ұстап бала оқытқан, елдің сауатын ашқан, халықты имандылыққа шақырған ғұлама, қари. Ол  – ел ішінде мешіт ашып мұсылманша сауаттандыру ісімен шұғылданып, Сыр бойы, Қазалы, Белқопа, Талдық, Қайрақты өңірінде ислам дінін белсене таратушы. 

Мұнаралы мешіт тарихында Шеген баласы Жетпісбай ишан мен Тілесұлы Ділмағанбет Ахун Куйбыш қыстағындағы Құлтас мешітінде молдалық қызметін атқарған. Белгілі тарихшы ғалым Рахым Бекназаровтың деректерінде Көксу мешіті Ділмағанбет мешіті деп аталады. Яғни, бұл Тілесұлы Ділмағанбет Ахун, Қайрақты өңіріндегі мешітте молда болғанын дәлелдейді.  (Р.Бекназаров «Казахи Северного Приаралья в XIX начале XX вв»  еңбегінің 379-380 беттерінде). Ділмағанбет Ахун Құлтастың ұрпағы, Төртқара руынан шыққан.  Тілестен тараған  жеті ұлының үшеуі дін жолында болған: Ділмағанбет (1872-1932 жж.),  Бүркітбай, Құлмағанбет, Әбдірахман (1889-1972 жж.), Байдрахман(1894-1986 жж.), Әбдірауық (1901-1943 жж.) (ҰО соғысында жоқ болған), Әтиғолла (ҰО соғысында жоқ болған).

Ділмағанбет ата Талдық, Қайрақты жерінде дүниеге келген, ел таныған Ахун, Қарабұтақ болысындағы № 9 ауылының имамы болған. (Оған дәлел төмендегі құжат Ақтөбе облысы мұрағатынан алынған мәлімет: «Список служителей религиозных культов по Актюбинскому округу»  Фонд 57, опись 1, дело №51)  Құжатта молдалардың тізімі берілген, бұл ақпаратты Кеңес өкіметі түрлі мақсаттарда (тұтқындау, бақылау т.б.) пайдаланған. Бұл құжат Ділмағанбет Тілесұлының дін саласында ерекше орын алғанының дәлелі.

Бірде Оңтүстік жағынан Ділмағанбет атамыз елге діни білім алып қайтып келе жатқан көрінеді. Жолшыбай бір ауылдағы үлкен жиынға тап болады, түстенуге рұқсат пен жөн сұрасып, «Төртқара» болсаңдар деп, үлкен киіз үйдің шетінен орын береді. Жиындағы ақсақалдар дінге қатысты бір құран сүрелері туралы пікір таласып, шешімін таба алмай отырған көрінеді. Сөз кезегін Ділмағанбетке беріп,  оның шешімін сұрағанда, Ділмағанбет құранның мына аятында деп айтып беріпті. Кәне, құран кітабын қарайық деп кітапты ашып жібергенде Ділмағанбет айтқандай болып шығыпты. Содан жаңағы ауыл ақсақалдары Ділмағанбеттің діни сауаттылығына риза болып, бірнеше күн  қонақасын беріп сый-құрметке бөлеген. 

Қазақ даласында жаппай мешіт-медреселер жабылып, онда қызмет еткен имамдар, дін өкілдері қуғынға ұшыраған. Ділмағанбет Тілесұлы солардың бірі еді, бірде заң адамдары тұтқынды құлыптаулы тұрған темір торлы абақтыдан өз бетінше шығып, далада намаз оқып отырғанын көреді.  Есігі берік, құлыптаулы түрмеден қалай шығып кететініне таң болған. Ақыры бұл адамның құр емесін біліп, қоя беруге мәжбүр болған.  Бостандықта жүрген ешкімге зияны жоқ Ділмағанбет өкіметтің назарында болған. 

Бойында түрлі қасиеттері болған. Мәселен, ақсақал мініс атын босатып жайылымға жіберген кезде, ертоқымына бөркін кигізіп айдалаға қоя беретін көрінеді. Бейсуат адамдардың  көзіне көрінбей қалуы таңғажайып оқиғалар.  Өйткені, атына ит-құс, адам тимей аман жүреді екен. Ол аттың бар-жоғы белгісіз.

Көнекөз қариялардың әңгімесінен естігендер былай дейді: «Ділмағанбет кіші інісіне Әтиғоллаға Базар әжемізді атастырып алып берген көрінеді. Базар қызбала Ділмағанбеттің тәрбиесінде болған, тіпті кішкентайынан ертеңгісін оянғанда беті-қолына дейін жуып атамыз қамқор болған көрінеді. Ділмағанбеттің үлкен кемпірі қызғаныштан, көре алмағандықтан болу керек, қызбала Базарға күн бермеген, мазалап  күніге  ұрыс-керіс болғаннан Ділмағанбет атамыз араға түсіп, кемпіріне қой деген, «тиісуіңді қоймасаң, сенің мұрныңды пұшық қылып жіберемін» деп ескерткен екен. Кемпірі тыңдамағасын Ділмағанбет біраз оқып кемпірін кем, пұшық қылған» деп үлкендер айтып отыратын.

Көнекөздің әңгімесінен: «Ділмағанбеттің құрдасы жоқ мал іздеп біраз уақыт хабарсыз кетеді. Құрдасының кемпірі Ділмағанбетке келіп, «құрдасың тірі ме,  аман ба?» деп құмалақ салдырған көрінеді. Сонда, Ділмағанбет «құрдасым тірі, ауылға аман-сау келеді» деген екен. Біраз уақыт өткен болу керек, шыдамы таусылған Ділмағанбеттің құрдасының кемпірі тағы келіп «аман ба, келе ме, әлде жоқ па?» деп мазалайды. Сонда: «Құрдасымның ауылға дейін екі күндік жолы қалды, малыңды сойып, қарсы алуға дайындала бер», – деген екен. Құрдасының әйелі бір жағынан құрдастығы бар, қалжыңдап, «қазір тірі екенін дәлелдеп бермесең, мен кетпеймін» деп отырып алған көрінеді. Сонда  Ділмағанбет: «Әруақтар ойыншық емес, сен қатын қоймадың ғой», – деп, біраз дұға оқыған болу керек, екі күндік қашықта келе жатқан құрдасының басындағы төбетейін құйын болып соғып алып кетіпті. Құрдасы Ділмағанбеттің ісі екенін біліп: «Әй,  құрдасжан, бұл сенің ісің ғой!» – деп, жымиып күліп ауылға қарай жүре берген көрінеді. Сол отырғанда құйын түндіктен төбетейді әлгі қатынның  алдына әкеліп түсірген көрінеді. Төбетейді таныған әйел, Ділмағанбеттен кешірім сұрап, «әруағыңнан айналайын, енді сенімен қалжыңдамаймын» деп үйіне қуанып кеткен көрінеді. 

«Көктем мезгілінде су тасып, ауыл халқы қауіпсіз жерге көшіп жатқан болу керек, сонан бір жесір келіншек шиеттей бала-шағасымен көшке ере алмай, үлгермей судың  арғы бетінде қалып қойған. Су жүріп тасып кетеді. Ауылдастар, ауызы жеңіл әйелдер атамызға келіп: «Ділмағанбет, сен осынша күшті болсаң,  арғы бетте көшке ере алмай бала-шағасымен жесір келіншек қалып қойды, соған көмек етіп, бергі бетке көшірсейші», – деген екен.  Ділмағанбет ауылдастарына сөйлеп, «сендер аруақпен ойнамаңдар» деп біраз оқыған дейді. Оқып-оқып арғы бетте қалған үйді бүкіл тұрған жасауымен бергі бетке көшіріп алған көрінеді», – деген Қаналықызы Рабиға апамыздың әңгімесін естігенбіз.

 

Бабаға көрсетілген құрметтер

 2020 жылдың 14-19 қыркүйегінде Ақтөбе облыстық мұрағатында Ділмағанбет Тілесұлы туралы деректер алынды: «Список служителей религиозных культов по Актюбинскому округу»  Фонд 57, опись 1, дело №51)

 2021 жылдың 25 қазанда Ақтөбеде «Нұрғасыр мешіті» жанындағы «Руханият» көрме залында, музей директоры Дүйсенғали Мейрам Нұрланұлымен кеңесіп, Ділмағанбет Ахун ұрпақтары көрмесін ұйымдастыру жоспарланды. «Руханият» патриоттық танымдық клуб жетекшісі Абдуллина Жібек Усманғалиқызымен кеңесіп, жоба құрылды. Ақтөбе облысы Әйтеке би ауданындағы Белқопа елді мекеніндегі Құлтас баба мешітінің паспорты алынды.

  2022 жылдың 23 маусымында №25, 17 бетте  «Керек. Инфо» газетінде «Қараштан билер шыққан дара туған» атты мақаласы жарияланды. 

 2022 жылдың қарашасында «Руханият» патриоттық танымдық клуб жетекшісі Абдуллина Жібек Усманғалиқызымен қатысуымен, Ақтөбе облысы  Хромтау ауданы Қарлау елді мекені маңындағы Миялыда 24 маусым 2022 жылы Ділмағанбет бабаға ас берілді. Қайрақты өңіріндегі  Ділмағанбет ахунның екінші мешітіне 25 маусымда белгі қойылды. Ата-баба ұрпақтары тапсырған  Ділмағанбет ахунның екі құран кітабы, қамшысы мен шапаны, жайнамазы  01.07.2022  жылы көрмеге қойылды. «Тілес ата. Баба құрметіне ұрпақтарының ас беруі» және  «Көксу мешітіне сапар. Белгі қою» бейне фильмдері түсірілді.

 «ТұранТВ» журналисі Ерлан Сыздық 2022 жылдың 22 шілде айында «Ділмағанбет Ахун» туралы бейне фильм түсіріп, «Тұран ТВ» телеарнасында 13.01.2023 жылы көрсетілді.

27.12.2022 жылы «Руханият» көрме залында Ділмағанбет Ахунға арналған  экспозициясы салтанатты ашылды, Ақтөбе телеканалдарынан көрсетілді, көрме қызметкерлері дөңгелек үстел өткізді, баяндама оқылып, сұхбат берілді. 

  Белгілі ғалым Р.А.Бекназаровтың «Казахи Северного Приаралья в XIX – начале XX вв» (историко-этнографическое исследование) атты, «Арыс» баспасында жарық көрген монографиясының тұсаукесері өтті.  Бұл еңбегінде ғалым, Ділмағанбет Ахунның ұстаған мешіттері туралы, 379-380  беттерінде ақпарат берген.

  03.02. 2023жылы «Актюбинский вестник» №10«История одной мечети» мақаласы жарияланды.

  31 мамыр 2023 жылы Ақтөбе телеарнасында «Қайырлы таң» бағдарламасында «31 мамыр – саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күніне орай арналған Тілес ата ұрпақтарының қатысуымен сұхбат берілді.

  Тілесұлы Ділмағанбет Ахунның  (саяси қуғын-сүргін құрбандары қатарында болғандықтан) есімімен көше аты берілу тізіміне 2021 жылы енгізілді   (Заңгер ғалым экс-сенатор Сабыр Қасымов Мемлекеттік комиссия мүшесі жобалық кеңесінің жетекшісі) сол кезде мемлекеттік хатшы Ерлан Карин сол тізімді қолдаған.

6 сәуір 2023 жылы Қарабұтақ мешітінде Көрпе қорымын қоршау туралы жиында белсенді топ сайланды. (Бұл қорымда Құлтас бабаның ұрпақтары, молда ақсақалдары, зиялылары жерленген). Еңбекту ауылының маңындағы Көрпе қорымын қоршау жұмысы аяқталып, 23.09.2023жылы ас берілді. «Ел бірлігімен Көрпе қорымын қоршау жұмысының аяқталуына орай берілген ас» атты бейнефильм түсірілді.

 

Ғажайып мәңгілікке жаралғандай

(Белқопа мешітінде болғанда)

 

Желөкпе халықпыз ғой сөзге ерме, 

Заманда сол бір қиын қарсы дінге. 

Қасқайып қарсы тұрды кей қазағым, 

Мұсылмандық дініне шаншып ине.

 

Шаншылған ине емес пе өз дініне, 

Қиратылса мешіт пен медресе.

Зобалаңын бір ғасыр жиып бойға,

Әлі тұр, Белқопада бірі, міне.

 

Айшығы мен күмбезін алып қайда,

Кім екен, қаныпезер, көрген пайда.

Өлсе көрде тек жатпас, болса тірі,

Әкеліп артық етпес дарға асса да.

 

Ғажайып мәңгілікке жаралғандай,

Қопада бір мешіт бар мұнарадай.

Тарихтың кесапатты залалдарын, 

Өткеріп, бой көтерген, бір ғасырдай.

 

Салды екен қандай шебер сол заманда,

Тарихшы, зерттеушілер, білмес ол да.

Шежіре, энциклопедия қайда қалды?

Жазбайды газет беті ол жайында.

 

Хас шебер қалдырған өз қол өрнегін, 

Таңқаларлық басқалдағы шегеленген.

Япырай, өткен ғасыр сәулетшісі, 

Қалайша өз жобасын салды екен.

 

Білмейміз болды ма екен медресе,

Жұмбақты жаба тоқимын мен несіне?

Көненің көздері жоқ білетұғын,

Халқыма діннен безген ол шежіре.

 

Білемін халық сөзі естеліктен,

Шебері татар ұлты салды дескен.

Мың жарым тоқты жинап, сол шеберге,

Естиміз ұйымдасып халық берген.  

 

Ділмағанбет ғұлама ахун атам,

Аралап Жақайымды жүрген тамам.

Біліміне Арал мен Қазалыда,

Бас иіпті іш жақта барлық имам.

 

Әулие адам болған, атын тастап,

Кететін айдалаға жалғыз ләйім, 

Біреу мініп кетеді дегендерге, 

«Дейді екен, – тимейді еш жан, 

                                 жеме уайым»

 

Дінге қарсы заң орны, сол заманда,

Атамды көп қамапты темір торға.

Лезде темір тордан шығып кетіп,

Отырады намаз оқып таза ауада.  

 

Заң орны құдіретіне қайран қалған,

Жіберіп бостандыққа ақыр тынған.

Киелі бұл  мешітке сан жылдары,

Ділмағанбет атамыз молда болған.    

 

Төрт қара, Құлтас тегі, Қыдыралы,

Әкесі Тілес болған шешкен дауды.

Тілестен жеті ұл бала туып-өскен.

Ділекең ең үлкені, білсең жайды;

 

Қос атам қатар жатыр жаны жайсаң,

Сағынамын соқпасам, бармай қалсам.

Тұщыайрық, Миялының солтүстігі 

Ыстық қой, жерленген жер, әркез маған.

 

Топырағын сол жердің басып  мен де,

Тағзым етем әруақ құдіретіңе.

О, аталар, топырағың торқа болсын,

Ұрпағыңа  көзіңді сал, желеп, жебе. 

 

Сағидолла  БАЙДРАХМАНҰЛЫ   

05.03.2000 ж.

Ділмағанбет баба  мешіті

Көксуда Әнербек баласы Есжан салдырған Тілесұлы Ділмағамбет Ахун ұстаған мешіт Қайрақты өңірінде сақталған. 2015 жылы  ғалым Рақым Бекназаров зерттеген. «Ділмағанбет мешіті Ақтөбе облысы Әйтекеби ауданындағы Қазанғап қыстағынан 16 шақырымда солтүстік-батыс бағытында, Балаталдық өзенінің сол жақ жағалауындағы қызыл мәрмәртас өндірген аумағында орналасқан. Тікбұрышты ғимарат құрылысы оңтүстік-батыстан солтүстік-шығыс бағытында, екі бөлмеден:  ғибадатпен кіреберіс  бөлмелерінен тұратын, іргетасы қызыл мәрмәртастан, ал жары шым кірпіштен (саманнан 49х18х16 см) қаланған. Қазіргі күні мешіттің төбесі мен жары мүжіліп құлаған, жақсы сақталғаны михрабы мен жары, ішкі бөлмесімен михрабы әктелген. Мешіттің көлемі 6,45х15,13 м, сақталған жарының биіктігі 2,25 м» 

Р.А.Бекназаров   «Казахи Северного Приаралья в XIX- начале XX вв»  2022 г.   (379 бет). 

                      Амангелді ЖҰМАШҰЛЫ, 

Ақтөбе облысы

26.02.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 23891
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 23556
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 40764
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 36993
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 41236