Нұрлан Есімов, Конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту жөніндегі Н.Назарбаев орталығы басқарма төрағасының орынбасары:
«Тәуелсіз Қазақстанның тарихы дінаралық қатынастары мен дін саласында, қазіргі заманғы қоғамдық қатынастарды дамыту мен нығайтуда әрқашан негізгі позициялардың біріне ие. Тәуелсіздік алған қысқа мерзімде Қазақстан осы бағытта айтарлықтай табысқа қол жеткізді, бұл ретте адам, оның өмірі, құқықтары мен бостандықтары ең қымбат қазынасы болып табылатын толерантты, демократиялық, зайырлы қоғамды қалыптастырды. Дін саласы қазіргі заманғы қоғамдық қатынастар институты ретінде толерантты және бейбіт қоғам қалыптастыруда үлкен рөл атқаратынын атап өткен жөн. 19 жыл бойы әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезі өзін бітімге келетін диалог алаңы ретінде танытты, ол жерде тек әлемдік конфессиялардың өкілдері ғана емес, сонымен қатар көрнекті саяси қайраткерлер, беделді халықаралық ұйымдар мен ғылыми-сарапшылық қоғамдастықтың өкілдері де келіссөздер үстелінде бас қосады. Бұндай шаралар әлемде болып жатқан әртүрлі геосаяси жағдайлар аясында да жан-жақтан жиналған қоғамдық институттар арасында өзара байланыс орнатулары үшін қажет.
Қазақстан Халықаралық құқық субъектілерінің бірі ретінде 2003 жылы әлемдік аренада конфессияаралық және өркениетаралық диалогты дамыту мен нығайту үшін барлық қажетті күш-жігерді жұмсау жауапкершілігін өзіне алды. Осылайша, Қазақстанның бастамасымен елордада алғаш рет әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының I Съезі өтті. Біздің еліміз ашық диалог жүргізуге және адамзаттың көкейтесті проблемаларын шешу үшін барлық қажетті жағдайларды жасауға қауқары жететіндігін көрсетті.
Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің Съезін өткізу туралы бастаманы АҚШ-тың 43-ші президенті Джордж Буш (кіші), Қытай компартиясы ОК экс-бас хатшысы Цзян Цзэминь, Адам құқықтары үшін күрестегі ең танымал белсенділердің бірі, Нобель сыйлығының лауреаты және ОАР экс-президенті Нельсон Мандела сынды тұлғалар қолдады. 2006 жылы ел астанасында Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының II Съезін өткізу үшін белгілі сәулетші және дизайнер, император және Прицкер сыйлықтарының лауреаты Норман Фостер жобалаған Бейбітшілік және келісім сарайы салынды. Бейбітшілік және келісім сарайы пирамида түрінде салынды, ол көптеген діндердің үш негізгі түсінігін бейнелейді: ғимараттың жерасты бөлігі – қараңғы реңктермен безендірілген; ғимараттың ортаңғы бөлігі – ақ түстермен безендірілген бейбітшілік символы; ғимараттың жоғарғы бөлігі – аспан реңкті, пирамиданың шыны түрінде безендірілген. Бүгінде бұл ғимаратта конференцияларға арналған залдар, концерт-опера залы, 32 діни конфессия өкілдеріне арналған арнайы дұға бөлмелері жабдықталған, жеке рухани-діни әдебиеттер жиналған кітапханасы, сондай-ақ өнер туындылары орналастырылған, экспозициялар мен шығармашылық кездесулер ұйымдастырылатын түрлі көрме залдары бар. Елорда тұрғындары мен қонақтары жыл бойы осы бірегей ғимаратқа экскурсия жасай алады. Содан бері бейбітшілік және келісім сарайында тағы 4 Съездің отырысы өтті.
Алдағы VII Съездің дәстүрлі форматтағы жұмысы осы ғимаратта болмақ. Ашық көздерден белгілі болғандай, Қазақстанға әлемнің түкпір-түкпірінен белгілі қонақтар мен делегаттар келеді, оның ішінде Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың шақыруымен Рим Папасы Франциск мемлекеттік сапармен келеді. VII Съездің негізгі тақырыбы пандемиядан кейінгі кезеңде адамзаттың әлеуметтік-рухани дамуындағы әлемдік және дәстүрлі конфессиялар көшбасшыларының рөліне арналған. Covid-19 пандемиясы қоғамдық қатынастарға өз зиянын тигізбей қоймады. Ең кедей елдер мен халықтың осал топтары дағдарыстан қатты зардап шекті. Адамзаттың бойында әлі де бір үрей бар. Пандемиядан кейінгі дағдарыстан кейін адамзат одан әрі дамуы үшін ғалымдар, саясаткерлер ғана емес, сонымен бірге рухани жетекшілерден де бір уәж күтеді. Қазақстан әрқашан мәдени және рухани құндылықтарды ілгерілетуге зор көңіл бөлді. Әлемдік діндер, халықаралық және ғылыми-сараптамалық қоғамдастықтар адамзат дамуының және мәдениеттер мен өркениеттердің алуан түрлілігін сақтаудың игілігі жолында біртұтас болуға тиіс. Сондықтан өткізілейін деп отырған форумның ерекшелігі бейбітшілік пен тұрақтылықты сақтау тұрғысынан өзекті мәселелерді талқылау болып табылады»,– дейді.