Еліктеуден туған модель ауылды апатқа апарады

Еліктеуден туған модель  ауылды апатқа апарады

Асан Омаров есімді ауылшаруашылығының бұрынғы маманы Аbai.kz ақпараттық порталында ауыл мәселесін көтеріп, онда төмендегідей ұсыныстарын айтыпты. Автор: «Тыңдар құлақ болса Президент Қасым-Жомарт Тоқаев үкімет отырыстарында да, Қазақстан халқына арналған жолдауларында да: «Ауылшаруашылығына ерекше назар аударуымыз қажет», – дегенді айтудай-ақ айтып келеді. Білікті мамандар мен кәнігі сарапшылар пікіріне ден қойсақ, еліктеуден туған модель – жасанды делінсе, елдің өзіндік даму жолына, қоршаған орта мен ұлттың тарихи-мәдени ерекшеліктері қатты ескеріліп жасалған модель ауылды түлетер нағыз табиғи модель деп танылады екен.

 Ол заңды да, себебі, ұлы дала төсін мекендеген байырғы қазақ елінің дамуы мен жетілу деңгейі әлімсақтан бері ауылшаруашылығы арқылы өлшеніп, анықталып келгені тарихтан белгілі. Өйткені, ауыл онда өмір сүрген байырғы ұлт өкілі қазақ ұлты үшін  күллі материалдық құндылықтың тірегі болып келген-ді. Оған отырықшылыққа көшу моделі ықпал еткені кәміл. Сонау 1931-1932 жылдары жедел қолға алынған бұл шараның соңы қазақ даласын алапат ашаршылыққа ұшыратқаны да жасырын емес. Сол кезде қазақты тура келген өлімнен алып қалған басқа емес, нақ осы ауылшаруашылығы саласы болғаны даусыз ақиқат. Отырықшылыққа көшкен Қазақстан бірте-бірте тау-кен өнеркәсібін дамытып, жер асты қазба байлықтарын алуды жолға қойды. Осылайша қазақ жерінде Қарағанды, Жезқазған, Кентау, Рудный, Риддер сынды ірілі-уақты қалалар пайда болды. Рас, оның пайдасымен қатар зияны да аз болмағаны анық. Өйткені, осы үрдіс барысында ғасырлар бойы тұмса табиғи күйінде таза сақталған жер-сулар ластанды. Кеңес Одағы тұсында орын алған экологиялық опаттар табиғатты солдырып, Семейдегі сынақ алаңы табиғатпен қоса адамзаттың тіршілігіне жазылмас  жара салды. Атом бомбалары сынақтарынан денсаулығынан айырылған ұрпақ зары әлі күнге адамзат құлағынан кетпейді. Менделеев таблицасындағы 70-тен астам химиялық элементтің қызығын қазақ елі емес, Мәскеу билігі көрді. Одан бері де көп уақыт өткенмен, қазақ жерінің байлығы әлі күнге олигархтардың қолында. Қазақ жерінің асты мен үстінен өндірілген қымбат қазба байлықтарды (мұнай, газ, уран, түрлі-түсті металл өнімдері) сыртқа сатудан түсетін  қыруар қаржының біздің елге аз ғана бөлігі тиетіні жасырудан қалған шындық. Елге кірген нарықтан да көсегеміз көгергені шамалы. Себебі, бүгінгі нарықтық экономика ауылға жақсылық емес, тек қана жамандық әкелді. Соның көкесі сонау 90-шы жылдары билік бастамасымен қолға алынған жекешелендіру науқаны десек, артық айтқандық болмайды. Осылайша совхоз-колхоздар таратылып, ауылшаруашылығының тоз-тозы шықты. Ауыл тұрғындары жаппай жұмыссыз қалып, қалаға ағылды. Дипломы бар мамандардың өзі сенделіп қалды. Жастар жағы базар жағалап, өлместің күнін көрді. Сөйтіп, ауылдың бәсі құлдырады. 

Статистика мәліметіне сүйенсек, бүгінде елімізде 6454 ауылдың 3400-ге жуығының ғана жоғалмау мүмкіндігі сақталған екен.  Рас, Қазақстан үкіметі ауылды көркейтуден аянып қалған жоқ.   Көптеген жобалар жасалып, оны іске асыруға орасан қаржы да құйылды. Бірақ, оның бәрі орта жолда талан-таражға түсіп, көрінген көк аттының қолында кетті.  Билік ауылды қалпына келтірем десе, ауыл мүддесін қаузайтын өндірісті агроөндірістік немесе агроиндустриялық бағытқа бұруы керек. Билік мұны іске асырса, бұл ауыл мен қаланы теңестіруді жеделдете түсер еді. Ауылды жерлерде өндіріс орындарын көптеп ашса (ауылшаруашылығы техникаларын шығаратын зауыттар, ауыл мүддесіне бейімделген өндіріс ошақтары, т.б.), оның ауыл тіршілігін түлетіп, қайта жандандырары сөзсіз. Әне, сонда жұмыссыздық ұғымын түбірімен жойып, жұмыс күші жетіспеушілігіне жол ашар едік. Мысал керек пе, мінеки. Мәселен, әлемде осындай агроөндірістік бағытты ұстанған елдер баршылық. Мәселен, әрісі Аустралия, Канада, Голландия, Израиль, берісі Моңғолия, Өзбекстан сияқты мемлекеттерде бөтенге тәуелділік пен дағдарыс ұғымдары жоққа тән. Ұпайлары түгел. Бұлар ешкімге де жалынбай, жалтақтамай өмір сүру мүмкіндігіне ие. Неге? Себебі, оларда өмір кіндігі ауылшаруашылығына келіп байланған. Түрлі тауарлар мен жоғары технологиялар өздері ағылады. Азық-түлік тапшылығына ұрынған алыс-жақын елдер оларды өздері ұсынады. Атам қазақтың: «Ауыл – Ел бесігі»  деуінде зор мән бар. Себебі, қаланың да, даланың да ауылсыз күні қараң. Содан да болар, малмен күнелткен, жерді еміп тіршілігін түзеген кешегі көшпелі, бүгінгі отырықшы қазақтың ауылсыз төрт құбыласы тең бола алмайтыны өзінен-өзі түсінікті болса керек. Ал, қазіргі билік жүргізіп отырған ауылдан қалаға үдере көшу үдерісі – урбанизация саясаты егін егуге не ұлтарақтай жері, не мал жайылымы жоқ, яғни ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мүмкіндігі шектелген елдер үшін ғана тиімді. Бұл құбылыстың Қытай, Жапония, Батыс Еуропа елдерінен бастау алғаны содан. Ал, ұланғайыр даласы игерілмей жатқан ұлттың қалаға үдере көшуі қуанарлық жәйт емес. Оны дамудың табиғи моделі деуге ауыз бармайды. Шындығында, жасанды модель – урбанизация теңізінде қалт-құлт еткен, ескексіз қайықтай күн кешудеміз. Қайталап айтайық, қателіктің көкесі осы – бағытсыздық.  Өмірдің қай қырынан қарасақ та (азық-түлік тапшылығы, халық саны өсімінің тым баяулап кеткені, ұлттың денсаулығы ғана емес, рухани көңіл-күйінің де төмендеуі) барша ауыртпалықтар –  теріс бағыттың салдары. Әрине, ауылды көтеру қиынның қиыны. Өзім де бір кездерде ауыл шаруашылығы маманы болғандықтан мен оны жақсы білемін.  Алдымен, ғалымдар, фермерлер, кәсіпкер, іскер адамдардың қалың топтары біріге отырып, макроэкономикалық бағдарлама жасалуы керек. Соның аясында ауыл гидроинфрақұрылымын дамыту керек. Жайылымдар еңбекші халыққа қайтарылуы керек, субсидия, несиелер әділетті бөлініп, өндіріске нүктелі түрде құйылуы керек. Бұл жағдайда әрбір ауыл агрокешеннің бір тетігіне айналады. Ең бастысы,  өндіріс ошақтары жылма жыл көбея берсе игі. Ауыл өндірісі мамандарын (агроном, мал дәрігері, инженер, гидротехник және т.б.) сапалы даярлау керек. Еңбек адамының, әсіресе, малшы адамдардың мәртебесін мейлінше көтеру керек. Осы керектердің жолында жұмыла жұмыс жасау – баршамызды ауылдың болашағы жоқ деген санадан арылтар еді. Еуропада болған адамдар ол жақта ауыл мен қала теңестірілген деседі. Бізде де осындай ұлы жоба іске асса деп армандайсың. Ауыл десе елең етпейтін қазақ баласы кемде-кем. Сондықтан әзірге еуропалық идиллия демей-ақ қоялық, жұмыс орындары көптеп ашылса, ауыл тұрмысы бүгінгі заман талабына сай көркейсе керемет болар еді. Реті келген соң айтқан жөн, өткен аптада, 10 қаңтарда «Қазақстан» телеарнасында Алматы дүрбелеңіне қатысты сұхбат өтті. Сарапшының бірі, парламент мәжілісінің депутаты Сайыров мырза көшеге наразылық акциясына шыққандардың басым көпшілігі ауыл жастары деп мәлімдеді. Депутат ауыл-аймақ күйреген соң, қалаға ағылған жастардың мәселесін оң шеше алмадық, наразылық шеруінің басты себебі осы арада деп атап айтты. Жоққа шығару мүмкін емес ақиқат осы.  Тағы бір анығы, «Ауылды көтеру» мәселесінің бойға қуат құятын саяси-идеологиялық мәні ерекше. Ол қаншалықты оң шешілетін болса, халықтың болашаққа сенімі де соншалықты арта түсері сөзсіз. Көпшілігіміз ауылда өстік, онан соң қалалық болып қалыптастық. Енді ауыл үшін тер төгетін уақыт жетті, қазақ баласы. Жарық дүниеде әр ұлттың кірпіш боп қаланатын орны және ата кәсібі бар. Бұл ретте дамудың табиғи моделін Сары Дала мен Ауылға адалдықтан, оларды аялаудан таба аламыз. Қорыта айтқанда, қазақ халқының жүрегіне сенім, көңіліне қуаныш ұялатамыз десек, осы күнге дейін алданып келген урбанизация үдерісінен бас тартып, агроөнеркәсіптік деген макроэкономикалық бағытқа ауысатын кез келді. Қанды қаңтардан алатын басты сабағымыздың бірі – осы айтылған ауылды жаңғырту, өндірісін көтеру болу керек деген ойдамын», – депті. Несі бар, оң ұсыныс. Тек мұны қазіргі билік төрінде отырғандар құлағына ілер ме екен, міне, мәселе қайда...

 

Ермек Сахариев
17.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 128
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 54
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 166
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 50
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 162
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 43
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 128
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 272
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 276
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 489
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 448

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9146
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8545
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11773
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9539
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10753