Елордада халықаралық форум өтті

Елордада  халықаралық  форум өтті

5 маусым күні елордамыздағы Тәуелсіздік сарайында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қатысуымен «Әкімшілік әділет және оның құқық үстемдігін қамтамасыз ету ісіндегі рөлі» атты халықаралық форум өтті. Бұл айтулы жиналысқа қазақстандық және шетелдік судьялар, сарапшылар, ірі компаниялардың басшылары және халықаралық іскерлік қоғамдастық өкілдері қатысты.

Бұл форум қазіргі таңда сот билігі, мемлекеттік органдар, бизнес және инвесторлар арасындағы ашық диалог алаңына айналған дәстүрлі форумға айналғандығын ерекше атап өткен жөн.

Алғашқы сөзді бастаған Жоғарғы Сот Төрағасы Асламбек Мерғалиев әкімшілік рәсімдердің ашықтығын қамтамасыз етудегі, кәсіпкерлерді қорғаудағы және инвестициялық қызметке байланысты дауларды тиімді шешудегі сот жүйесі мен мамандандырылған институттардың рөлі жайлы тоқталып өтті.

Бүгінгі айтулы форумға келіп қатысып отырған ірі бизнес өкілдері мен қауымдастықтардың жетекшілері де өз ойларын ортаға салып, Қазақстанның саяси, заң шығару саласындағы жетістіктері мен айтулы қадамдарына жоғары баға берді. Сонымен қатар, инвесторлардың қазақ еліне қосар үлесі мен маңызды жауапкершілігі жайлы тоқталып өтті.

Олардың қатарында Қазақстандық юрисдикцияны дамытуға инвесторлардың практикалық тәжірибесі мен көзқарасымен Cove Capital директорлар кеңесінің төрағасы Пини Альтхаус, Alstom компаниясының Батыс және Орталық Азия бойынша басқарушы директоры Жером Бойе, Германия экономикасының Орталық Азиядағы өкілдігінің басшысы Эдуард Кинсбрунер және Freedom Holding Corp Бас директоры Тимур Турлов қатарлы танымал тұлғалар бар. Олар инвесторлар алдында тұрған өзекті сын-қатерлерді белгілеп, бизнесті қорғаудың құқықтық тетіктерін одан әрі жетілдірудің маңыздылығына тоқтала кетті. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы өз сөзінде соңғы жылдары орын алған маңызды саяси жаңалықтарға тоқталып өтті.

– Мемлекет пен қоғам тұтастығын нығайту – Қазақстан үшін алдыңғы қатардағы міндеттің бірі. Еліміз тұрақты дамуы үшін халық пен билік арасында өзара сенім және келісім болуы керек. Бұл – мызғымас қағида. Бірақ мұндай келісім өздігінен пайда болмайтыны анық. Қоғамдық келісім – бұл көпқырлы табанды жұмыстың нәтижесі. Сондықтан мен Президент ретінде осы өте өзекті мәселеге баса мән беремін.

Біз «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын жүзеге асыра бастадық. Ашық диалог жүргізу, азаматтардың мұң-мұқтажын ескеріп, арыз-шағымына дер кезінде жауап беру елдегі түбегейлі өзгерістердің өзегі саналады. Осы маңызды жұмысқа биліктің әр деңгейдегі өкілдері, соның ішінде министрлер, әкімдер, депутаттар белсенді түрде қатысуы керек. Бұл – мемлекеттік қызметшілердің конституциялық міндеті.

Соңғы жылдары мемлекетіміз аса ауқымды құқықтық және қоғамдық жаңғыру жолына түсті. Елімізде жаңа саяси мәдениет қалыптаса бастады. Біз өркениетті ел ретінде Заң мен тәртіп қағидатын ұлттық болмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдыруымыз керек. Барша азаматтарға, әсіресе жастарға, заңды құрметтеу, заңға бағыну қажет екенін қарапайым тілмен жан-жақты түсіндірген жөн. Заңды қадірлеу, тәртіпті қолдау – бұл әр адамның жарқын өміріне жол ашатын маңызды шарт.

Жалпыұлттық референдумда қабылданған жаңа Конституциямызда осы негізгі қағидат туралы анық жазылды. Қазақстанның Бас құжаты – барша азаматқа тең мүмкіндік беретін әділетті қоғамның мызғымас тұғыры. Адам және оның өмірі – еліміздің Ата Заңына арқау болған басты құндылық. Конституцияда азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын сақтау, заң үстемдігін қамтамасыз ету, халықтың тұрмыс сапасын жақсарту мемлекеттің басты міндеттері ретінде айқындалды. Түптеп келгенде, жаңа тұрпатты ел болу жолындағы әрбір реформа, ең алдымен, халықтың қалауымен, жұртшылықтың тікелей қолдауымен жасалады. Әрине, мұның барлығы бір сәтте жүзеге аспайтыны белгілі, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

– Ең бастысы, күмән тудыратын мәселелердің бәрі әділетті түрде адал азаматтардың пайдасына шешілетін болды. Ал соттар дәлелдеме жинау жұмысына ерекше мән бере бастады. Бұл – мемлекеттік органдар өздерінің шешімдерін және әрекеттерін заң жүзінде дәлелдеуге міндетті деген сөз. Статистикаға қарайтын болсақ, соңғы жылдары сот шешімдерінің жартысынан көбі азаматтар мен бизнестің мүддесіне сай шығарылған. Бұл да әкімшілік әділет жүйесінің нақты нәтижесі екені сөзсіз. Осылайша, қоғамымыз «судьялар әрдайым билік өкілдерін жақтайды» деген қасаң пікірден арыла бастады, – деген Мемлекет басшысы ары қарай инвесторлардың қатысуымен болатын даулы мәселелерге де тоқталып өтті.

– Іскерлік белсенділікті арттыру мақсатында, соның ішінде инвестициялық дауларды шешу үшін қолайлы құқықтық институционалдық орта қалыптасуда. Соның арқасында сот шешімдерінің 80 пайызына жуығы инвесторлардың пайдасына шығарылып жатыр. Мен отандық және шетелдік инвесторлармен кездесулер кезінде үнемі мына мәселеге айрықша назар аударамын: билік және бизнес өкілдері өзара сындарлы байланыс орнатуы керек, олар өзекті түйткілдерді ашық талқылап, шешу жолдарын бірлесе отырып іздеуі қажет.

Билікте отырған лауазымды тұлғаларға тапсырмам: әр даулы жағдайда мәмілеге келетін жолды іздеу керек, бірақ бұл жол заңнама жүйесіне нұқсан келтірмеуі қажет. Басқа сөзбен айтқанда, әр келісімнің заңдық шектеуі болуға тиіс. Атап айту керек, кассациялық соттарды құру бастамасы дәл осындай жиынның бірінде көтерілген болатын.

Инвестиция тартудың тағы бір маңызды факторы бар. Астана халықаралық қаржы орталығында Сот пен Арбитраж орталығы ағылшын құқығы қағидаттарына сай жұмыс істейді. Елімізде Үкімет жанынан Инвестициялық штаб құрылған. Аталған штаб соңғы уақытта инвестициялық жобаларға қатысты түйткілді мәселелерді жедел шешу арқылы өзінің тиімділігін көрсетті.

Сонымен қатар Президент Жарлығымен Бас прокуратурада Инвесторлардың құқықтарын қорғау комитеті құрылды. Біз іскерлік және инвестициялық ахуалды жақсартуға барынша мүдделі мемлекет ретінде осы саладағы жұмысты айрықша назарда ұстаймыз. Қазір Қазақстан шетел инвестициясын тарту көрсеткіші бойынша біздің аймақта көш бастап тұр, – деді Президент.

Форум барысында Қазақстан, Өзбекстан және Қырғызстанның жоғары сот органдарының өкілдері – Аслан Түкиев, Шухрат Полванов және Нұргүл Бакирова, Әзербайжан Жоғарғы Сотының судьясы Сайяд Кәрімов, ҚР Конституциялық Сотының судьясы Роман Подопригора, GIZ қоғамының комплаенс бөлімінің басшысы Йорк Пуделька, ҚР Мәжілісінің депутаты Марат Башимов және ҚР әкімшілік істер жөніндегі кассациялық сотының төрағасы Берік Нәжімиденов Еуразия құрлығындағы әкімшілік әділетті дамыту перспективаларын талқылады. 

Құқық қолдану практикасын, сот рәсімдерін жетілдіру және озық әлемдік стандарттарды ескере отырып, халықаралық ынтымақтастықты нығайту мәселелері басты назарда болды.

Қорытындылай келе, қатысушылар сараптамалық пікірталастың жоғары деңгейін, сындарлы өзара іс-қимыл атмосферасын және форумның практикалық маңыздылығына айрықша тоқталды. Әкімшілік әділетті одан әрі дамыту құқық үстемдігін нығайтудың, инвестициялық тартымдылықты арттырудың және Қазақстанның орнықты экономикалық дамуының маңызды шарты болып қала беретіні атап өтілді.

 

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
11.06.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 25790
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 25241
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 42652
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 38494
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 43051