Ақиқатын айтсақ, біздің елді мекендеген халықтың басым көпшілігі ұзақ жылдар бойы Таяу Шығыс елдерінің «ғажап» өмірін, шалқыған байлығын, қомақты «майлығын» таңдай қаға айтып, аспанмен таласқан зәулім архитектуралық ғимараттарын, тіпті сусыған сары құмын, аптап ыстығын тамашалап, жыл – он екі ай «қайнаған» суына шомылып, тыным таппайтын еді. Әрине, шын мәнісінде мұнайы бұрқылдап шығып жататын, жер қойнауы байлығы адам қызығатындай Біріккен Араб Әмірліктері, Сауд Арабиясы, Катар, Кувейт, Оман, Бахрейн болсын бізге қарағанда әрі бай, әрі көрікті, сәулетті, табысты екеніне таласымыз жоқ. Ол елдерді бір көргеннен-ақ «ертегілер» әлеміне тап болғандай әсер құшағында қаласың. Бірақ, оның барлығы ақ тұман сейілгенде жоғалып кететін жасанды «елес» екені, уақыт өте келе мұнаймен байыған аймақтың мүмкіндігі мен мызғымас беріктігіне селкеу түсетіні үш ұйықтасақ түсімізге кірмепті.
«Біз неге солай тұрмаймыз?» деп те қатты қызығып талайымыздың армандағанымыз да жасырын емес. Тіпті қалтасы қалың біздің байшыкештеріміз сол Таяу Шығыс елдерінен құны «құйма» алтынға теңдей бағасы аспандаған қымбат пәтерлер сатып алып, сайрандап жүргені белгілі болды.
Таңғажайып өмір сүруге ешкім шектеу қоя алмайды ғой! Қызығып сілекейіміз шұбыратын көк тіреген ғимараттардағы пәтерлерді иемденген жерлестеріміздің өздерін сол «ертегі» елінде қауіпсіз сезініп, алаңсыз бақытты өмір сүргісі келгенін бал ашпай-ақ біліп отырмыз.
Бірде Біріккен Араб Әмірлігінің Дубай қаласының маңындағы тек шағын тік ұшақ немесе су катерімен ғана жол қатынасы бар жасанды аралдың әңгімесі құлағыма тиді. Сол жерде бой көтерген үш-төрт қабатты еңселі үйлердің құны 250-300 млн АҚШ доллары тұрады екен. Бір қызығы, «табан ақы маңдай термен сатып алыпты» деуге ауыз бармайтын сәнді, салтанатты ғимараттардың басым көпшілігі біздің «крутой ағашкалардың» еншісінде екенін білгенде Әйтеке бидің:
«Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін,
Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін.
Егер бай болып, елге пайдаң тимесе,
Батыр болып, жауға найзаң тимесе,
Елден бөлек үйің күйсін!» – деген нақыл сөздері санама келген еді. «Елдің нәсібін қымқырғандардың сол үйлері аралымен бірге суға батып кетсін» деп ренжіген едім. Сол сөздерім «жоғары» жаққа жетті ме, кім біледі? Қазір жылжымайтын мүліктерді ойланбай сатып алып «масайраған» біздің елдің байшыкештерінің көңілдері пәс бола бастапты. Оның себебі сол аймақта аяқ астынан басталған қақтығыс, текетірес «соғыс» болса керек. Шаш етек байлықтары бар болса да, бейбітшілік құсы қалықтап ұшпай қалған елдердің болашағы бұлыңғыр болып тұрғаны мәлім болды.
Соңғы жайсыз қақтығыс АҚШ пен Израильдің Иранға шабуылы талай жабулы қазанның бетін ашқан сияқты. Таяу Шығыстағы мұсылмандар елінде бәрі біз ойлағандай «ғажап» емес екен. Тәуелсіз деп таңдай қаққан араб елдері (әрине, Ираннан басқалары) көк мұхиттың ар жағындағы қожайындарына жалтақтап, жалпақтап жүретініне көз жеткіздік.
Ең бастысы сол елдер инвестиция әкеліп «төгіп» тастаған шетелдің жекелеген миллионерлерінің қоржынын «қампитатын» аймаққа айналғанымен қоймай, үш қайнаса сорпасы қосылмайтын алпауыт мемлекеттің айтқанын жасап, дегеніне жүретін ауыздықталған міндек «аты», яғни әскери полигоны екен. АҚШ-тың талай мың әскері мен соғысқа қатысты техникасын жерлеріне орналастырып, олардың қас-қабағына қарап отыратыны белгілі болды. Сол елдерден ұшырылған ракеталар мен ұшақтар Иран Ислам Республикасы аумағын бомбылап, халқына қауіп төндірді. Оған қол қусырып қарап қалған Иран жоқ, тиісті деңгейде жауап берді. Бүкіл Таяу Шығыс аймағы бір сәтте отқа оранды.
Сонда біз неменеге араб елдеріне соншалықты аузымыздың суы құрып қызықтық деген маған бір ой келеді. Ертегінің «елесі» әп-сәтте жоғалып кетті ғой. Тәуелсіздігі өздерінде болса, көрші жатқан бауырлас елдің шырқын бұзуына «үлес» қосуға батылдары барар ма еді? Олардың жарқ-жұрқ еткен байлығының басым көпшілігі жерін «иемденіп» алған шетел миллионерлерінің қолтығына қысып алып, қып-қызыл табыс әкелетін саясаты болып шықты. Бірде олай, бірде былай болса да өз елімізде, өз жерімізде ешкімге тәуелді болмай өмір сүріп жатқан ұлтымыз шет жаққа қарап көз сүзгенін қою керек шығар.
Тым еліктегіш, сөзуар халықпыз. Бірдеңе болса «Ойбай, шетел деген керемет! Байлық деген көшесіне аспаннан жауғандай құйылып жатыр» деген бір ұғым қалыптасқан. «Бізде бәрі жаман, ана жақта бәрі жақсы» деген құлдық сезімнен құтылатын уақыт жетті. Ол жақтың жақсысын алайық, бір-бірімен қырғиқабақ бола беретін жаман әдетіне жоламайық. Берекесіз, бейбіт өмір әкелмейтін байлықтың бізге қажеті бар ма? Әрине, жоқ.
Бар байлығымыз кең байтақ жерімізді, сүттей ұйыған бірлік-тірлігімізді, ынтымағы жарасқан елімізді сақтау үлкені бар, кішісі бар әр адамның санасында мықтап қалыптасса, бізге зор мәртебе болар еді.
Екі білегін сыбанып жұмыс жасаған адамға бізде табыстың сан тарапты жолдары мен мүмкіншіліктері бар. «Алма піс, аузыма кеп түс» деген қағиданы санамыздан алып тастауымыз керек. «Еңбек – адамның көркі, Адам – заманның көркі» деген мақал бар. Ауылдан ұзамай-ақ, шаруаларын дөңгелетіп, миллиардтаған байлықты қолымен жасаған отбасыларымыз жетіп жатыр. Одан да шекаралас көршілерімізбен тату-тәтті болып, барымызды ұқсатып, жоғымызды іздеп тауып, ешкіммен жарыспай, алыспай, шабыспай бейбіт күннің аясында, шуағына шомылып ғұмыр кешкенге не жетсін!
Нұрила БЕКТЕМІРОВА,
Жетісу облысы














