Есхат Нұржұма: Қазақ жастарын шетелде тегін білім алып, көп тіл білуге шақырамын

Есхат Нұржұма: Қазақ жастарын шетелде тегін білім алып, көп тіл білуге шақырамын

Есхат Нұржұма – шетелде бизнес компаниясын құрушы қазақ маманы, ғалымы, қытай, ағылшын, француз, т. б. 7 тілді  жетік меңгерген, «Ален» компаниясы директорының орынбасары.  Қазіргі таңда 7 университетпен жұмыс жасайды (Францияда 3 университетпен және Ирландия (Дублин), Рига техника университеті, Испанияда (Барселона). Ол университеттердің халықаралық дамыту бөлімінің бір бөлігін қамтиды. Осы жолы Қазақстанға сол университеттердің өтінішімен уәкіл болып келіп отыр. Астана, Алматы қалаларындағы бірнеше университеттерде онымен кездесулер тағайындалған. Мақсаты: Қазақстан университеттерінің студенттеріне тегін оқу бағдарламаларымен келу.  Басқа шығынын студент өзі көтереді. Студент алмасу, қос диплом беру бағдарламаларын да әкеп отыр. Тілегі: қазіргі таңда шетелмен қарым-қатынас өте қажет, ағылшын тіліндегі бағдарламалар, мемлекетаралық қатынастарды дамытып, Қазақстанға сол елдердің жақсысын алып келу, ол үшін ағылшын тілін меңгеру. Осыған ҚР білім ордалары кеңірек көңіл бөлсе деген өтініш тілегі  бар. Оның ЖОО саласында тәжірибесі мол. 

Жарты жылда кемемен талай мемлекетті араладым

– Есхат мырза, өзіңіздің туып-өскен жеріңіз бен отбасыңыз туралы әңгімелеп берсеңіз. 

–  Мен Құлжадағы Нылқы ауданының әсем табиғаты тамылжыған  Ұластай ауылында 1988 жылы 2-ші айдың 25 жұлдызында дүниеге келдім. Әкем Нұржұма Жыңса құлжалық, руы – Найман, оның ішінде Терісдаңғыл. Отбасында тоғыз ағайынды, ең кенжесі. Анам Бағизат Асқанбай Шәуешектен болады,  руы – Керей. Әкем  Шәуешектегі Қарамайда мұнай саласында  жұмыс істеген. Ата-анам осы жерде танысып, отбасын құрған екен. Кейіннен әкемнің денсаулығы сыр беріп, жұмысты жалғастыра алмайды. Содан ерте зейнетке шығуға тура келіп, өз туған жері Құлжаға көшеді.  Кейіннен әкем қайтыс болды. Қазір анам бар, жасы  80-де. Мен отбасымда 7 ағайындымын. Шүкір, екі ағам, 4 әпкем бар. Үлкен ағам Камалбек  өлең жазады. Оның 500-ден астам өлеңі бар, біразына әуен жазылған. Жасы 51-де. Екінші ағам – Тілеубек. Үлкен әпкем биыл Астанаға көшіп келді. 

Мен мектепті қытайша оқып, содан университетке оқуға түстім. Ол жақтың тәртібі бойынша жергілікті ұлт өкілі болмаса, шетелдіктер  алдымен дайындық курсын аяқтау керек. Сол себепті Бейжің Телекоммуникация университетінде  1 жыл дайындық курсында оқыдым. Содан соң  Далян Мұхит университетінің (Dalian Maritime Universitu) теңіз инженері мамандығында 4 жыл оқып, теңіз кемелерін жүргізуді үйрендім. Мен бұл жерде оқыған жалғыз қазақ болдым. Осы оқуды бітірген соң жарты жыл Шығыс Азияда Ресей, Жапония, Тайвань, Тайланд, Индонезия, Корея, Вьетнам, Сингапур, Филиппин, Малайзия  сияқты Шығыс Қытай және Оңтүстік Қытай теңіздері мен Тынық мұхитында кемемен жүздік. Капитаннан кейінгі үшінші қолбасшы дәрежесінде жұмыс атқардым. Бұл – диплом қорғау алдында өтетін практика. Осы практиканы өткен соң 4 жылдық университет аяқталып,  диплом мен дәреже беріледі.  

– Алғашқы бизнесіңіз қашан және қалай басталып еді?

– Университетте 2 курс оқып жүрген кезде мен бизнеспен айналыса бастадым. Ауылымнан  жиде, жаңғақ, жүзім секілді  кептірілген жемістер келіп тұратын. Дәмін татып көрген соң,  бірге оқитын балалар мен сабақ беретін мұғалімдер қызығушылық таныта бастады. Содан үлкен сұранысқа ие болды. Олар тапсырыс беріп сатып ала бастады, сөйтіп ойламаған жерден бизнес басталып кетті. Бірде сатып алуға келген мұғалімім бөлмеде үйіліп жатқан тауарды көріп, өзінің ақыл-кеңесін берді. «Бұлай сатуға болмайды. Арнайы сақтайтын орын болу керек. Салық төлеу керек. Санитарлық жағдайы талапқа сай болу керек» деп ақылын айтып, үш ай саудаға  үйретіп баулыды. Сол кісінің айтуымен шағын компания аштым. Оны «Хат» деп атадым.  Есімім қытайша Есихати деп айтылатын болғандықтан, соның екінші бөлігін алдым. Өзімнің суретімді салып  пакеттер шығарып, бренд жасадым. Ол бизнес практикаға дейін жақсы жүрді. Практика басталғанда бірге оқып жүрген балаға бизнесімді алты айға  қалдырып кеттім. 

Оқудан ақша аямадым, ол мені биікке көтерді

– Содан кейін не болды, жалғастыра алдыңыз ба?

– Осы уақыт ішінде Сингапурға келгенде 1 рет қана хабарласу мүмкіндігі туды. Басқа уақытта интернет, байланыс жоқ, хабарласа алмадым. Практикадан кейін шешім  қабылдауым керек болды: не мамандығым бойынша теңізде кеме жүргізіп капитан болу  не бизнесімді  жүргізіп құрлықта болу. Жалпы  мамандығым туралы айтар болсам,   суға түскен соң  алты ай уақыт жан баласын  көрмейсің. Қазіргі кемелердің басқару жүйесі ұшақ сияқты. Порттан 60 км шыққан соң автопилотқа ауысып, GPS  жүйесі қосылады. Адамның қатысынсыз бәрі автоматты түрде басқарылады. Бар ақпаратты аспаптардан қарап, біліп отырады. Әр 20 минут сайын ауа райының есебі келіп отырады. Жұмыс 8 сағаттық, басқа уақытта боспын. Өзіммен бірге  физика, техникаға байланысты көптеген кітаптар алып шыққан болатынмын. Қызықты кинолар көшіріп алдым. Бос уақытымда соларды оқимын,  көремін. Жұмысқа шақырған көптеген ұсыныстар түседі. Ақшасы өте көп, бірақ бәрі кеменің кеңістігінен шықпайтын, зеріктіретін жұмыстар.  Ең жаманы адам баласымен сөйлеспейсің. Нағыз кісікиікке айналасың. Сондықтан бұл мамандығыммен қоштасуға шешім шығардым. 

Практиканы аяқтап келген соң бизнесімнің дұрыс жүрмей жатқанын байқадым. Компанияны кеңейтіп, жұмысын дөңгелетіп алып кетуге білімім жетіңкіремеді. Сол кезде  «осы бизнесті басқару жағынан терең білім алсам» деген ой келді.  Содан  компаниямды  серіктесіме сатып, сол ақшаға Филиппинге барып ағылшын тілін оқып, меңгердім. Әрине, Қытайда да үйренуге  мүмкіндік болды, бірақ ол өте қымбатқа түсетін еді. 6 айда IELTS деңгейін 7-ге көтерем деп алдыма мақсат қойдым. Осы  межеге 4,5 айда жетіп,  ол елден қайтып келдім. 5-6 мемлекетке магистратураға құжат тапсырған едім, үшеуінен жауап келді. Солардың ішінен Францияны таңдадым. Бағдарламасында теориясы мен практикасы терең қамтылғандықтан, 1871 жылы Францияның маңызды порт қалаларының бірі Гавра (Le Havre) қаласында  құрылған Еуропадағы ең танымал Норманди жоғарғы бизнес мектебін таңдадым (Ecole de Management de Normandie da international Business & Management). Бүгінгі таңда ол Еуропадағы ең беделді және сұранысқа ие бизнес мектептердің бірі болып саналады. Бұл жерде бір  семестр оқыдым. Негізі студенттік алмасу бағдарламасы бойынша бірнеше шетелде оқу мүмкіндігі қарастырылған. Соны  пайдаланып, екінші семестрді Мароккодағы Касабланкада ESCA сауда және бизнес мектебінде (ESCA) жалғастырдым.  Марокконың Касабланка қаласында орналасқан ESCA  бұл елдегі ең жас университеттердің бірі. (Morocco dage ESCA business school. ESCA business school Casablanca). Табиғаты  өте әдемі, керемет жер, араб, француз, Испанияға жақын жерінде испан тілдерінде сөйлейді. Ауа райы да, ортасы да өзіме қатты ұнағандықтан, осы жерде үш ай практикадан өттім. Жалпы сегіз  ай Мароккода болдым. 

– Оқу мен тәжірибені ұштастырып, шетелдерде жүріп білімнің арқасында көп жетістіктерге жеткен екенсіз ғой? 

– Иә, солай десем де болады. Негізі оқуға көп ақша жұмсап оқыдым, бірақ қызметке кіргенде  1-2 жылда ол ақша өзіме қайтып келді. Содан оқуым  өте қымбатқа түсіп,  компаниямды сатуға тура келді.  Бірақ бәрібір  екінші жылына  ақша жетпей қалды. Парижге қайтып жоғарғы мектепте бір жыл оқуды тоқтатып, тәжірибе алуға болады. Компанияда 1 жыл жұмыс істеп, магистратураның екінші жылына ақша жинап, Канн қаласында оқуымды жалғастырдым. Оны аяқтаған соң Парижге келіп,  Леонардо да Винчи (Pole Universitaire Leonard de Vinci) университетінің халықаралық қарым-қатынасты дамыту департаментінде менеджер болып қызмет жасадым. 2020 жылы Франция консулы Алматы, Астанада болатын ЖОО жиынына шақырды. Содан  өзім сұранып Қазақстанға келдім. Ол кезде бұл университет Қазақстанмен ынтымақтастық қатынаста емес еді. Жеке университет болған соң оқу ақысы қымбат болды. Біраз университетпен сөйлесіп қайттым. Ол жолы тек бір-екі университетпен ғана қос дипломдық бағдарлама бойынша келісімшартқа отырдым. Екі университет әлі күнге дейін бір-бірімен тығыз байланыста. Бұл университет  2021 жылдан  кейін  «DE VINCE Higher Education» болып өзгереді. Пандемия кезінде халықаралық қатынастар тоқтап, жұмыс бұрынғыдай жүрмей қалды. Оның үстіне басқа елдердің университеттерінен жұмысқа шақыртулар түсе бастады. 2022 жылы бұл қызметімнен кетіп, GECAU Education атты өзімнің жеке кеңесші компаниямды құрдым. (www.gecau.education). Бірнеше елдің университеттерімен жұмыс істей бастадым. Магистратураға оқуға түсіп, мен өз-өзіме инвестиция салдым десем де болады. Сондықтан да  қазақ жастарына көп тіл меңгеріңдер, шетелде білім алыңдар, білім мен практиканы ұштастыра біліңдер дегім келеді. Сонда ғана ерінбей еңбек еткен адам ғана табысқа жете алады.

PS: Небәрі 36 жасында ең белгілі жоғары оқу орындарында терең  білім алып, 4-5 тілді барынша меңгерген, сөйтіп, Англия, Францияда өзін мойындатқан Есхат Нұржұма біздің редакцияға келіп сұхбат берді. Жастайынан шетелде жүрсе де, ол қазақшаны судай сапырды. Еуропа тек білім алдында ғана бас иеді. Әңгімесін тыңдай отырып, «өз-өзіме инвестиция салдым» деп батыл түрде айтып, қазақ жастарын шетелде оқып, көп тіл білуге үндейді. «Елім, жерім, Қазақстаным» деп еміреніп отырған Есхат бауырымыздың ісі, білім алуға деген жанкештілігі үлгі болсын деген ниетпен сіздердің назарларыңызға осы сұхбатты ұсынып отырмыз.

 

 Айгүл ҚОЖАНОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-дың 

Тұрақты даму бойынша ЮНЕСКО 

кафедрасының қауымдастырылған профессоры,

 

 

Шаргүл Қасымханқызы
01.08.2024

Ұқсас жаңалықтар

Сыбайлас жемқорлық
Бибітгүл Аманжоловна - 13.09.2024 128
ҚАЗАҚТЫҢ БОЛАШАҒЫ
Асқар Жұмаділдаев - 13.09.2024 142
28 мың орындық  мектеп салынады
Ш. МЕКЕНБАЙ, Шымкент қаласы - 04.09.2024 594
Конституция күні аталып өтті
НАҒАШЫБАЙ ҚАБЫЛБЕК - 04.09.2024 701
Жаңа қонысқа ие болды
Ләззат ҚАЖЫМОВА, БҚО Орал қаласы - 04.09.2024 700

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 4519
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 3963
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 6393
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 4924
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 6124