Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында жастарға ерекше басымдық беріліп отыр. «Жастарға жан-жақты қолдау көрсету – мемлекетіміздің басты міндетінің бірі. Еңбекпен қамтитын түрлі шаралар арқылы келесі жылы 100 мың жасты жұмысқа орналастыруымыз керек. Жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсету жалғасады. Оларға жеңілдетілген тәртіппен жылдық өсімі 2,5 пайыз болатын шағын несие беріледі. Бұл шаралар қоғамның барынша үйлесімді әрі әділетті болуына ықпал етеді» деді Президент Жолдауында.
Былтыр елімізде өткізілген жалпыхалықтық референдумда қабылданған конституциялық өзгерістер Әділетті Қазақстанның символына айналды. Бұл ең алдымен жастарға зор серпін берді.
Биыл Президенттің Жолдауына сәйкес, жастарға 2,5 пайызбен шағын несие беру қаралып отыр. Осы мақсатта облыс бойынша 347 адамға 1735 миллион теңге көлемінде несие беру жоспарлануда. Бағдарламаға 21-35 жас аралығындағы жастар қатыса алады. Жастарға арналған жаңа несие «Аграрлық несие корпорациясы» акционерлік қоғамы арқылы беріледі.
Несиені берудің негізгі шарттарына тоқталар болсақ, шағын несие мерзімі – 5 жыл. Оның ішінде мал шаруашылығына берілетін шағын несие 7 жылды құрайды. Шағын несиенің ең жоғары сомасы – 5 миллион теңге. Жылдық сыйақы мөлшерлемесі – 2,5 пайыз. Шағын несие кепілмен қамтамасыз етіледі.
Несие алушыларға шағын несие беру мерзімі ұзақтығының үштен бірінен аспайтын мерзімге жеңілдік кезеңі беріледі. Несие беру жұмыстары осы жылдың наурыз айынан басталды.
Аз пайыздық несиемен қатар, бүгінгі таңда қайтарымсыз гранттар да әлеуметтік осал топтарды қолдаудың ең тиімді құралдарының бірі болып отыр. Өткен жылы облысымызда 2634 адамға 3227,2 миллион теңге қайтарымсыз грант берілді. Оның 1932-сін жастар (73,3%) құраса, 702-сі әлеуметтік осал топтағы азаматтар (26,7%).
Грант алушылар 3616 бас ірі қара, 11204 бас қой-ешкі, 689 бас жылқы, 10329 бас құс сатып алып, өз кәсіптерін бастап кетті. Бұл өз кезегінде облыста кәсіпкерлік субъектілерінің, өзін-өзі нәтижелі жұмыспен қамтығандардың артуына, жұмыссыздық деңгейін төмендетуге ықпал етіп отыр.
Биыл облыс бойынша халықтың әлеуметтік осал топтарына, яғни 1054 адамға 1454,5 миллион теңге көлемінде қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып отыр. Грант қаржысы облыстағы өзекті кәсіпкерлік бағыттары бойынша берілетін болады.