Кәсіп бастаймын деген адамға жұмыс көп. Шалғай ауылда тұрып, өз кәсібін бастаған жанның бірі – Кәріқорған ауылының тұрғыны Фариза Әбдіманапова. Ол үйінен тәтті тағамдар дайындап, өткерумен айналысуда.
Бір өзі бар шаруаға үлгеріп, қолға алған кәсібін дөңгелетіп отыр.
Фаризаның негізгі мамандығы – психолог. Алайда, Фариза мамандықпен емес, өзінің сүйікті ісімен айналысу арқылы дәмі тіл үйіретін тәтті торттар, бәліштер және тәттілерден букет, көздің жауын алардай етіп түрлі себет дайындап, кәсібінің нәсібін көріп отыр.
Ол 2017 жылы Кәріқорған ауылының азаматы Серік Марасиловқа тұрмысқа шыққалы үйде құр қарап отырғаннан гөрі кәсіпті қолға алуға бел байлайды. Осылайша жұбайының, ата-енесінің рұқсатымен кәсібін дөңгелетіп алып кетті. Бұл кәсіпті қолға алғанына алты жылға жуықтаған. Астана, Тараз қалаларында өткен бірнеше шеберлік сағаттарына қатысып, сертификаттарын иеленген. Қайырымдылық істерден де шет қалған емес. Мұқтаж жандарға қолдан келгенше көмек көрсетіп келеді.
– Торт пісіргенде жаным жай тауып, барлығын ұмытып кетемін. Қазір тортсыз туған күн де аталып өтпейді. «Шеберлік сабағын өткізіңізші» дейтін көршілерім де бар. «Үйренем» деген адам үшін мүмкін емес нәрсе жоқ. Бастысы – таза ниет пен адал еңбек. Шын ынтасы барға ешбір сабақтың қажеті жоқ. Қазір интернетте іздегеніңнің бәрі бар. Ерінбесең болғаны. Менде бос уақыт жоқ. Әрбір адам уақытты тиімді пайдаланып, бейім іспен айналысса жамандыққа орын болмас еді, – дейді Фариза Абдуохапқызы.
Әрбір адамның алдына қойған мақсаты болады. Мақсатқа жету əркімде əрқалай. Алдыңа қойған мақсаттарыңа жету үшін тынбай еңбек ету керек. Көптеген кедергілерден өтесің, еңбектің арқасында арманыңа қол жеткізіп, өзіңнің кім екеніңді көрсетесің. Өмірде алынбайтын асу, бағынбайтын белес, шешілмейтін түйін жоқ. Осыны ерте ұғынған кейіпкеріміз «Менің алдымда көптеген мақсаттар бар. Аллаға шүкір, барлығы өз орнымен орындалып келеді», – дейді.
Фаризаға тапсырыс тек аудан аумағында ғана емес, сонымен қатар Тараз, Шымкент қалаларынан да түсіп жатады екен.
Кәсіпкердің торттары қымбат та, арзан да емес. Орташа бағаны ұстауға тырысады. Бір байқағаным, тұрақты тұтынушылары үнемі үлкен сенім артып, тапсырыс береді. Әдетте кондитерлер бағаны салмағына қарай қояды. Фаризаның дайындаған тәтті торттары 5000 теңгеден басталады.
Кәсіпкердің ендігі мақсаты – шағын кондитерлік цех ашу.