Израильдың жаңа қаруы туралы не білеміз?

Израильдың жаңа қаруы туралы не білеміз?

Ресей мен Украина арасында қақтығыстар басталғалы әлем елдері мемлекет қорғанысы саласына қайта көңіл бөле бастады. Біреулер қорғаныс саласына бөлінетін қаржыны қайта қарастырса, енді біреулері шетелдің озық қаруларын сатып алу үшін сауда келісімдерін жасай бастады. Әзірше «орта жолды» ұстанып отырған Орта Азия елдерінің өзі ептеп әскери жаттығулар өткізіп, етек-жеңін қымтауға кіріскендігін байқатып жатыр. 

 

Израильдың «Темір күмбезі»

Күллі дүние көз тіккен Украина жерінде қанды қақтығыстардың қашан аяқталары белгісіз болып отыр. Ресейдің зымырандары талқандаған қалалар мен елді мекендер туралы ақпараттар таралған сайын, әуе қорғанысы саласының маңыздылығы барлығымызды ойландырып тастағандай. Осындайда есімізге бірден еврей елінің «Темір күмбез» қорғаныс жүйесі түсіп жатыр. Осыдан тура бір жыл бұрын Израиль мен Газа аймағындағы Хамас қарулы күштері арасында қақтығыс болып еді. Әлеуметтік желі беттерінде таралған видеоларда Газадан Израиль аумағына қарай атылған зымырандарды, көздеген нысанасына жеткізбей, кеңістікте жарып жіберіп жатқан көрністер көп болған. Тіпті түнгі аспандағы от шашулар секілді жарқылдап тұрған еді. Как и когда у Израиля появилось ядерное оружие? | Народ Востока | Яндекс  ДзенМұны көргендердің барлығы яһудилердің әуе қорғанысының өте жақсы дамығандығына таң қалған болатын. Ақпараттарға жүгінер болсақ осы жолғы атыс кезінде палестиналықтар Израиль аумағына қарай 4360 зымыран атқан екен. «Темір күмбез» қорғаныс жүйесі халық тығыз орналасқан аудандарға бағытталған зымырандардың 90%-ын аспанда қағып түсіріпті. Осылайша оның тиімділігі тағы да расталады. Алайда барлық шабулға тойтарыс беру мүмкін емес еді. Сонымен қатар, «Темір күмбезді» пайдалану құны да қымбатқа түседі екен. Кейбір сарапшылар «Темір күмбезден» атылатын әрбір зымыранның бағасы 40 000-50 000 АҚШ доллары аралығында екендігін де есептеп үлгеріпті. Ұрыс кезінде әдетте екі «Темір күмбез» бір зымыранды көздейді екен. Бұдан сырт оған қажетті зымырандарды өндіріп, әскерилердің қолына жеткізу барысына бірнеше ай уақыт кетеді делінген. Израильдің әскери барлау қызметінің мәліметі бойынша, Хамастың базасында 150 000 зымыран бар көрінеді. Осылайша зымыран шабуылдарымен күресу үшін «Темір күмбезді» пайдалану шығыны ел қазынасына аса ауыр салмақ болған.

 

Яһудилердің лазерлі қабырғасы

Израильдік «Jerusalem Post» басылымы ақпан айының басында елді елеңдеткен Израильдың жаңа қаруы туралы ақпарат таратты. Онда Премьер-министр Нафтали Бенет Ұлттық қауіпсіздік институты ұйымдастырған жиналыста Израильдің зымырандармен күресу үшін «лазерлік қабырға» салуды жоспарлап отырғанын мәлімдеген. Зымырандар, бомбалар мен ұшқышсыз ұшақтар сияқты қауіптердің көзін жоя алатын бұл жүйені қорғаныс саласында 2023 жылдан бастап іске қосуды жоспарлап отыр екен.

Израиль: ЦАХАЛ получит боевой лазер, чтобы сбивать ракеты врага при запуске  | ПикабуЖақында ғаламтор беттерінде «бұл лазерлік қаруды бір рет қолданудың өзіндік шығыны бар болғаны 3,5 АҚШ доллары екен» деген хабар таралды. Осылайша яһудилер жасап шыққан жаңа қару туралы білуге асықтық. Сөйтсек, Премьер-министр Нафтали меңзеген «лазерлі қабырға» әуе шабуылының нысанасына жиі ұшырайтын орындарға лазер сәулесін шығаратын қондырғыларды орналастыруды меңзепті. Яғни осндай қауіпті аймақтарға лазерлік қондырғыларды жиі орналастыру арқылы қорғаныс дуалын қалыптастыруды мақсат еткен. 

2021 жылдың қаңтарында Израиль Қорғаныс министрлігі Израильдің лазерлік әуе қорғанысы технологиясында үлкен серпіліс жасағанын хабарлады. Израильдың Мемлекет қорғаныс саласын зерттеу және дамыту агенттігі мен елдегі ең үлкен екі әскери компания жоғары қуатты лазерлік қарудың үш жобасының сынақтарын бастады. Оның бірі – жердегі контейнерлік лазерлік қару жобасы. Ол «Темір күмбез» қорғаныс жүйесінің тосқауыл қоюдағы кемшіліктерін толықтыруға қолданылады. Яғни зымыранға қарсы әуе қорғаныс жүйесіндегі ең ішкі қорғаныс жүйесі ретінде, қысқа қашықтықтағы миномет снарядтары мен жақын қашықтықтағы зымырандарды қағып түсіруге жауап береді. Екіншісі – көлікке орнатылған лазерлік қару жобасы. Бұл жоба бойынша көліктегі қорғаныс жүйесіне қосымша ретінде қарастырылған лазерлік жүйе болып, ол ұрыстағы әскерлерді зымырандардан, артиллериядан немесе танкке қарсы басқарылатын қарудан төнетін қауіптен қорғайды. Мұнда жарақтану деңгейі біршама төмен қосындардың  борттық белсенді қорғаныс жүйелерін толықтырады. Үшіншісі – әуедегі лазерлік қару жобасы. Жүйе жердегі лазерлік қару жүйелерінің кейбір шектеулерін еңсереді және бұлттардың үстіндегі зымырандарды қағып түсіруге және үлкен аумақтағы дрондар    секілді нысандарды жоюға бағытталады.

 

Бұл жетістікке олар қалай жетті?

Израиль мемлекетіндегі 1990-2000 жылдары арасында, жоғары энергиялы лазерлік жүйелерді зерттеп жасау ісі  олардың үлкен өлшемдері, улы химиялық отындарды пайдалану және олардан қорғанудағы қиындықтарға  байланысты уақытша тоқталған екен. 2006 жылы Израиль ғалымдары мен АҚШ-ның Northrop Grumman компаниясы бірлесе отырып «Sky Guardian» оттегі-йодты химиялық лазерлік қаруды сынау жүйесін жасап шығарады. Ал 2008 жылы Израиль қатты күйдегі лазерлерді қолданатын әлемдегі алғашқы артиллериялық оқ-дәрілерге қарсы лазерлік қару жүйесін сәтті түрде әзірлеп шығады. Дегенмен, бұл лазерлік қарулардың барлығының көлемдері үлкен және жылуды тарату жағында кемшіліктері әрі кепілдік беруге келмейтін тұстары болғандықтан әскери салаға қолдануға берілмеген. 2009 жылы Rafael Advanced Defence Systems компаниясы икемді қатты талшықты лазерлік технологияға негізделген артиллерияға қарсы оқ-дәрі жүйесін зерттеу мен әзірлеуді бастайды. Еврейлер «Темір сәуле» деп ат қойған жоғары энергиялы лазерлік қарудың прототипін 2014 жылы Сингапурда өткен көрмеде жұрт назарына ұсынады. Бұл жүйенің жұмыс істеу тәртібі- екі көлікке орнатылатын 2 киловатт класты талшықты лазерлерді пайдаланады. Онан соң сәулені нысананың көздеу нүктесіне қосады. «Темір сәуле» жүйесінің максималды тиімді қашықтығы 7 шақырым және 1,6 шақырым қашықтықтағы келген зымырандарды жоя алады. Бұл нақты жауынгерлік қолданбаларға бір қадам жақын еді. 2017 жылдың қазан айында Rafael компаниясы «Drone Dome» ұшқышсыз ұшуға қарсы жүйесін әзірлеуді бастады. Ал 2020 жылдың ақпан айында дронға қарсы сынақ жүргізеді. Және ол барлық сынақ сценарийлерінде 100% сәтті болып шығады. 2020 жылдың қаңтарында Израиль Қорғаныс министрлігі жоғары энергиялы лазерлік қару жобасының тағы бір негізгі технологиясындағы серпіліс туралы жариялады. Лазерлік қару атмосфералық кедергілерді жеңеді және лазер сәулелерін алыс қашықтықтағы нысандарға дәл бағыттайды. Сонымен қатар, Қорғаныс зерттеулері және әзірлемелер агенттігі Elbit Systems және Rafael серіктестіктерімен жоғары қуатты лазерлік демонстрациялық үш жобаны іске қосты. 

 

Оның кемшіліктері неде?

Елді елеңдеткен бұл қарудың артықшылығы мен кемшіліктері туралы да аз айтылмапты. Оны жаппай мақтап жатқандар пайдалану кезіндегі өзіндік құнының өте төмен екендігіне таң қалған. Алайда Израильдың өз ішінде «Лазерлік әуе қорғанысы» жоспарына қатысты әртүрлі көзқарастар айтылып жатқан көрінеді. Қолымыз жеткен «мың түрлі» мәліметтердің арасында мына пікір көңілге қонымды сезілді. 

Израильдің зымыраннан қорғаныс жүйесінің негізін қалаушы Узрубин Израильдің «Defence News» басылымына берген сұхбатында лазерлік қаруды қолдануда кейбір кемшіліктер бар екенін айтыпты. Маманның пікіріне қарағанда оның басты кемшілігі ауа райының шектемелеріне қатты ұшырайды екен. Яғни тұманды, бұлтты, жаңбырлы күндері лазерлік қаруды қолдану мүмкін емес.  «Лазерлік қару жүйелері атмосфераның энергияны жұтуы және атмосфералық өзгерістерден туындаған энергияның әлсіреуі, термиялық ореол эффектісі сияқты атмосфералық әсерлерге ұшырайды. Бұдан бөлек лазерлік қару аса көп мөлшердегі электр энергиясын қажет ететіндіктен, энергия сақтау құрылғылары миниатюризацияланбайынша, оларды кең көлемде қолдану қиын.

Екіншіден, әуе нысандарына соққы беру үшін лазерлерді пайдалану арзанырақ болғанымен, зерттеу мен әзірлеуге және техникалық қызмет көрсетуге кететін шығындары шаш-етектен. Жерден бағытталатын лазерлер ауа-райына көбірек бейім, сондықтан ең жақсы шешім – лазермен қаруланған дрондармен әуе қорғанысын жақсарту. Нәтижесінде ауада ұшуды жалғастыру үшін көптеген дрондар қажет, оның барлығын дайындап шығу үшін де қыруар қаржы керек.

Лазерлік қарудың ойрандау қуаты төмен. Жалпы, лазерлік технологияда ұшып келе жатқан зымыранды жоюға 2-3 секунд кетеді, бірақ жауларыңыз секундына 2-4 ракета атса, онымен күресу қиын.

Бұдан бөлек, лазерлік қарулардың қамту аймағы шектеулі болады. Қашықтық ұлғайған сайын лазерлік қарудың күші де сәйкесінше әлсірейді. Қазіргі техникалық жағдайларда лазер сәулесінің дисперсті қорғаныс диапазоны небәрі 8 километрден 10 километрге дейін. Бұл дегеніміз, лазерлік қару әлі де шағын аумақтық қорғаныс болып табылады. Сондықтан оның қамту аясын кеңейту үшін қондырғылардың санын көбейту керек», – деген.

PS: Көпвекторлы саясат ұстанып, айнала жұрттың барлығымен аралас-құралас болып отырған Алаш жұртының ойланатын кезі де келген сияқты. Соңғы жағдайлар ешқандай «мәңгілік достың» жоқ екендігін тағы бір мәрте дәлелдеп берді. Ендеше шекарамыздың тыныштығы мен елдің амандығы үшін, мемлекет қорғанысы саласында озық қарулардың қолданыста болуы, кезек күттірмейтін жағдайда тұрғандай. Кеңестер одағынан мұраға қалған ескі қарулардың күні біткен сыңайлы. Ал біздің қолда одан басқа не бар?

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
21.04.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 197
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 191
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 700
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 823
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 736

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8891
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8286
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11514
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9270
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10498