Кәсіптің көзін тапқан қыз-келіншектердің қатары күн санап көбейіп келеді. Тіпті, олар бір істі дөңгелетіп қана қоймай, қоғамдық жұмыстардың бел ортасынан табылып жүр. Соның бірі – Жамбыл облыстық Іскер әйелдер кеңесінің төрағасы Айгүл Сағымбекқызы Ақшалова: «Бүгінде әйелдер кеңесінің жұмысы толыққанды оң жолға қойылған. Осы қызметті қолға алғалы бері түрлі іс-шара жүзеге асты. Біз жас кәсіпкерлерге менторлық көмек көрсетіп, бағыт-бағдар бердік. Сондай-ақ, тегін семинар-тренингтер ұйымдастырып, нәтижесінде бизнес бастау әліппесінен хабары жоқ қыз-келіншектерге қаржылық, заңдық және психологиялық тұрғыдан кеңес бердік. Осылайша біз облыстағы кәсіпкерлерді біріге отырып жұмыс істеуге шақырдық.
Мәселен, өзімнің әнші, биші қыздардан құралған тобым болса, кәсіпкер Айжанның тігін цехы бар. Мен өнерпаздарыма киімді басқаға емес, сол Айжанға тіктіруге тапсырыс беремін. Біз осылайша бір-біріміздің бизнесіміздің дамуына қолдау көрсетеміз. Ал бұрын басқаша болған. Кәсіпкерлік әлемінде тек мықтылар ғана кәсібін жемісті жүргізіп, басқасын баса-көктеп отырған. Біз өз тарапымыздан осындай әрекетті тыюға күш салдық. Негізгі мамандығым – бастауыш сынып мұғалімі. Тараздағы №11, №24 орта мектепте ұстаздық қызмет атқардым. 2004 жылы облысқа белгілі теміржолшы ретінде танылған әкемнің 60 жас мерейтойын атап өтетін болдық. Ол мерейтойын теміржолшылардың Мәдениет үйінде өткендігін қалады. Ал 1990 жылдары ол ғимарат, яғни қазіргі «Түрксіб» мейрамханасы өте нашар халде, тоз-тозы шыққан еді. Үйдің үлкені ретінде той қамы менің иығыма артылды. Екі қолды сыбанып, алдымен банкет залының жөндеу жұмыстарына кірісіп кеттім. Одан соң пердесін таңдадым, ас мәзірін жасадым. Сол кезде бұл іс менің қолымнан келетініне көзім жетті. Әрі өзімнің еңбегімді, жұмсалған қаржыны ойлап, ғимаратты қайта қараусыз қалдыруға қимадым. Әкем мен жолдасым да түсініп, қолдау білдірді және маған керемет тосын сый жасады. Олар маған ғимаратты сатып алып берді. Осылайша, сүйікті жұмысымды бастап кеттім. Қазір Тараздағы архитектуралық құрылысы ерекше «Марракеш» мейрамханасы, көлік жуу, бильярд, караокесі мен кеме пішініндегі жазғы алаңшасы бар «Monteray» кешені, тарихи «Түрксіб» дәмханасы өңір жұртына қызмет етіп келеді. Бұл оңай іс емес, әрине. Үнемі ізденісті, арнайы білімді, соңғы жаңашылдықтарды мүлт жібермеуді талап етеді. Сол себепті де мен әлі де оқып, білім алу үстіндемін.
Қазақ – ежелден қонақжай халық. Бірақ жастар заман ағымына сәйкес қонақ күтудің қарапайым амал-тәсілдерін біле бермейді. Шын мәнінде, даяшы да үлкен мәдениеттілікті танытатын мамандық. Қаламыздың кез келген мейрамхана, дәмханасы мен асханасына барсаңыз, даяшылардың көп нәрсеге мән бере бермейтіндігін байқайсыз. Осы ретте маған даяшыларды неге оқытпасқа деген ой келді. Сөйтіп, жұмыспен қамту орталығы арқылы халыққа қажет мамандықтарды оқытуды бастап кеттік. Соның ішінде өзім дайындаған біраз қыз-жігіттер өздерінің жеке кәсібін ашып, өңір бизнесін дамытуға айтарлықтай үлес қосуда. Жыл сайын «Баланы мектепке даярлайық!» акциясына қатысып, көпбалалы отбасыларға демеушілік жасауды дәстүрге айналдырып келеміз. Тамыз айының ортасында Жамбыл облыстық Іскер әйелдер кеңесі «Зерделі» оқу орталықтары қауымдастығымен бірлесіп, 20 балаға мектепке қажетті құрал-жабдықтарын табыстадық. Бұл акцияға бастамашы ретінде облыстық Білім басқармасы тарапынан мұқтаж отбасының тізімі ұсынылды. Жақсылық жасау, шынайы ризашылық пен ықылас әрқашан шабыттандырады. Біз «Бақуатты отбасы» атты акциясын ұйымдастырып, кәсіпкерлермен бірге жұмыссыздарды жұмысқа орналастыруды да қолға алдық. Қазір айта беруге болатын шығар, Арыс оқиғасында зардап шеккендерге миллион теңге жинап, алғашқылардың бірі болып көмек қолын созған жайымыз бар. Кәсіпкер әйелдердің қатысуымен қабылданған «Бақытты отбасы» жобасы да аз қамтылған және мүмкіндігі шектеулі, көпбалалы отбасы мүшелерін кәсіби курстарда оқытып, жұмыспен қамтуды көздейді. Осылайша, іскер әйелдер кеңесі әлеуметтік әлсіз топтар өкілдерінің әл-ауқатын көтеруге, гендерлік тепе-теңдікті шешуге батыл кірісіп кетті.
Қыз-келіншектердің кәсіп көзін табуға жергілікті іскер әйелдер де атсалысып жатыр. Мәселен, өңірдегі шыны шығаратын бірден-бір өндіріс орнының басшысы Натэлла Дзоценидзе, облыстық туризм қауымдастығының төрайымы болған, марқұм Альбина Веймер әйелдерді өз кәсіпорындарына жұмысқа шақырды. Ал «Әйнек – Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі, мейрамханалар мен қонақүй рестораторлары, тігіншілер қауымдастықтары, «Дана-Дель» тігін шеберханасы, «Мамедалиева» жеке кәсіпкерлігі де бұл шарадан тыс қалмады. «Good look» ЖШС, «Новаком технолоджи» ақпараттық технологиялық орталығы, «Тони Моли» косметикалық сауда үйі, «Алтеза» брендтік жастар киімі, «Zerek» балалар орталығы, «Enigma models» сән мектебі, «Fissmarttaraz» сауда үйі, «NIKA» коммуникациялық дамыту орталығы, «Вкусная корзинка» және «Азамат-Тараз-Секюрити» ЖШС бірден он әйелге дейін жұмысқа қабылдайтынын айтты. Сондай-ақ үкіметтік емес ұйым өкілдері, өңірлік кәсіпкерлер өз тараптарынан жұмыспен қамтуға тырысып қана қоймай, оқу грантын да ұсынған еді. Кездесу барысында жұмыс істеуге, кәсіп ашуға ынталы әйелдер көп екеніне қуанамыз. Міне, аудандардан да кәсіпкерлікке икемі бар әйелдерді көптеп тартып, оқытып, несие алып жұмыс істеуіне жағдай жасаймыз. Соның ішінде Шу, Жуалы және Т.Рысқұлов аудандарының әйелдері ерекше белсенді. Демек, біз ауылдағы әйелдерге көмек беріп жатырмыз. «Бір ауыл – бір өнім» жапондық жобасын қолға алдық. Бұл арқылы шалғайдағы елдімекендердегі әйелдерді кәсіпке тартып, оқытып, үйретеміз. Ең бастысы, олардың шығарған, өндірген өнімін шетелге шығаруға да септігімізді тигіземіз. Осы пилоттық жоба тек төрт облысты ғана қамтиды. Соның ішінде Жамбыл облысы да кірді. Яғни біз қала ғана емес, ауыл әйелдерінің де қоғамдағы белсенділігін көтеріп, ақша табуына мүмкіндік туғызамыз», – дейді.