Каспий жайы толғантады

Каспий жайы толғантады

Каспий Еуропа мен Азия дүние бөліктерінің түйіскен тұсында, еліміздің батыс бөлігінде орналасқан, төрт тарабы құрлықпен шектескен жер шарындағы  алып тұйық  көл екендігі, көлемінің аса үлкендігінен теңіз аталып кеткендігі мәлім. Каспий теңізінің Кәрі құрлық пен Азия алабын тоғыстырар транзиттік мүмкіндігі мен геосаяси маңызы орасан, сондай-ақ қойнауында көлкіген қара алтын қоры шоғырланғандықтан халықаралық экономикалық қатынастардағы стретегиялық рөлі де аса зор. 2018 жылы Каспий маңы елдері келген ортақ  мәміле аясында біздің елімізге тиесілі  теңіз қойнауының мол байлығын игеру үлесі мен  иелік ету алабы айқындалған еді. Бұл біраз жылдарға созылатын үдеріс әрі шиеленіскен саяси-экономикалық түйіткілдері бар. Ұлттық қауіпсіздікті сақтау, транзиттік-логистикалық инфрақұрылымды дамытуда тараптар келісіміне қол жеткізу, теңіздің түп табанынан мұнай қорын барлау, игеру сынды мәселелер жетіп артылады. Еліміздің кемел келешегі үшін бұндай іркілістерді болдырмау күн тәртібіндегі маңызды мәселе, десек те бүгінде теңіз жағалауын мекен еткен 100 млн-нан астам халықты толғандырған өзге де өзекті жайт бар екендігі анық.  Ол – кәрі Каспийдің қазіргі экологиялық ахуалы. Зерттеулерге көз жүгіртсек, өткен ғасырдың 30-жылдарынан бастап Каспий деңгейінің төмендеуі байқалады. Мамандар теңіз  суының тартылуына түрлі табиғи факторлар әсер ететіндігін айтады. Мәселен, 2005 жылдан бастап Каспий суының  циклдік төмендеу кезеңі қайтадан бастау алған. Сарапшылардың дерегіне сүйенсек 2006-2020 жылдар аралығында Каспий теңізінің акваториясына жауын-шашынның аз мөлшері түскен, ал булану үдерісі керісінше қарқынды болды. Еділ өзені теңізге құятын барлық судың 80 пайызын құрайды. Сондықтан теңіз суының толысуы Еділ өзенімен тығыз байланыста.  Еділ өзенінің бассейнінде су аз болғандықтан теңізге құятын су мөлшері де сәйкесінше көп болмады. Теңіз суының тартылуының басты себебінің бірі осы деседі мамандар.

Теңіз деңгейінің төмендеуі жағалау сызығының, әсіресе Каспийдің қазақстандық секторындағы жағдайдың өзгеруіне ықпал етті. Бұл дегеніміз теңіз деңгейінің сәл ауытқуы жағалаудың айтарлықтай су басуына немесе құрғауына әкеледі.  Экология министрлігінің мәліметіне сүйенсек, бүгінде теңіз айдынының ауданы 22 мың шаршы шақырымнан астам көлемде қысқарған және оның жартысы Солтүстік Каспийдің қазақстандық бөлігіне тиесілі екен. Каспий теңізінің деңгейі жоғарыда атап өткендей  климаттың әсерінен ауытқитын су балансына байланысты өзгереді. 2006 жылдан 2020 жылға дейін Каспий теңізіне жауын-шашын аз түсіп, булану процестері күштірек болды. Бұл да Еділ өзенінен келетін судың азаюына байланысты. Су деңгейінің мұндай төмен болуының тағы бір себебі – бүкіл Жердің солтүстік жарты шарын шарпыған климаттың жылынуы. 

Қазіргі таңда Ресей мен Қазақстан елдері арасында келісімге қол қойылып, трансшекаралық Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау жөніндегі комиссия құрылған. Сондай-ақ биылдан бастап қазақстандық және ресейлік сарапшылар Жайық өзені алабындағы су нысандарының гидрологиялық сипаттамаларын талдауға және деректер жинауға кіріскен. 

Теңіз деңгейінің  құбылмалылығы Каспий аймағының табиғи ресурстарына кері әсерін тигізуде. Балықтардың, әсіресе дүние жүзінде баламасы сирек бекіренің уылдырық шашу аясын тарылтып, алуан түрлі құстардың ұя салу тығыздығын кемітіп, био көптүрліліктің сиреуіне әкеп соғуда. Теңіз табанын бұрғылау барысында орын алатын техногендік апаттар нәтижесінде теңіз суына төгілетін мұнай өнімдері қалдықтары, ауыр металдар, фенолдар мен өзге де зиян қоспалар су астын мекендейтін тіршілік атаулының көзін жоюға септесіп келеді. Соңғы кездері бағалы балықтардың, итбалықтар мен құстардың жаппай беймәлім ауруларға ұшырап, қырылып қалу фактілері осы сөзімізді айғақтайды.  Жуырда Парламент отырысында Сенат депутаты Нұржан Нұрсипатов Каспий су айдынының экожүйесінде сүтқоректілердің жалғыз өкілі – итбалықтар популяциясының төмендеуіне байланысты теңіз жануарын қорғау әрі сақтау бағытында  мәселе көтерген еді. Осылайша біздің елімізде былтыр ғана «Қызыл кітапқа» енген, бүгінде техногендік әсер салдарынан тұқымы құрып кету қауіпінің аз-ақ алдында тұрған Каспий итбалығының тағдырына алаңдаушылық білдірген еді. Ол табиғи және антропогендік әсер салдарынан саны күрт төмендеген Каспий итбалығының мекендеу орындарын сақтау және санын қалпына келтіру үшін ерекше қорғалатын табиғи аумақтар құру мәселесін шешу бойынша Үкіметпен бірлескен іс-шаралар жоспары жасақтау қажеттігі жөнінде айтып дабыл қаққан еді. 

Сондай-ақ сенатор Сүйіндік Алдашев  Каспий теңізінің ластануының негізгі қатері өндіру және тасымалдау кезінде мұнай және мұнай өнімдерінің төгілуі екендігін ашып айтып, теңіз бетінің ластану аймағының ұлғаюына жол бермеу үшін мұнай дақтарын оқшаулау және жою  қажет екенін білдірді. Ол үшін арнайы теңіз жедел-құтқару қызметтерін құру маңызын да айтты. 

Қазіргі таңда мұнай игеру өндірісіне мол қаражат құюға мүдделі инвесторлар қатары сирер емес. Бұл орайда алдымен жер қойнауын пайдаланушылар тарапынан экологиялақ заңнама талаптарын қатаң қадағалау жағын да жолға қойған жөн. Теңіз қойнауынан «қара алтын» өндіру барысында туындайтын тағы бір мәселе – мұнай құрамындағы ілеспелі газдардың жануы нәтижесінде ауаға тарайтын көмірқышқыл газының  әлегі. Зиянды газдың ауадағы  үлесінің қалыпты деңгейден артуы атмосфера қабатын ластауда. Сондай-ақ ілеспелі газдың үздіксіз ауада  жануы  теңіз жағалауының тозуына, ал ол өз кезегінде теңіз суы тартылған жағалау аумағының шөлге айналуына сеп болуда. 

Каспий теңізінің экологиялық ахуалына қатысты күрмеулі мәселе тез арада шешімін табуы тиіс. Теңіз деңгейінің дүркін-дүркін төмендеуіне алаңдаулы маңғыстаулықтар  табиғи үдеріс үздіксіз жалғасса  қарт теңіздің Арал тағдырын бастан өткеруі әбден мүмкін деген  болжамды алға тартады. Экологтар  теңіз суын зиян қалдықтардан тазарту әрі залалсыздандыру, судағы тіршілік иелерінің еркін көбеюіне жағдай жасау маңызын жан-жақты түсіндіруде. Ең бастысы  Каспий экожүйелерін қалпына келтіру мүмкіндігі көбінесе Каспий маңы мемлекеттерінің келісілген әрекеттеріне байланысты екендігі естен шығармаған жөн. Сондықтан су қорын қайта қалпына келтіру бойынша халықаралық келіссөздерді жүзеге асыру кезек күттірмейтін мәселе екендігін назарға бергім келеді.

 

Голрох Жеменей, маңғыстау облысы, Ақтау қаласы
02.12.2021

Ұқсас жаңалықтар

МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТТЕРДІ АЛУШЫЛАРДЫҢ ҚҰҚЫҚТАРЫ БҰЗЫЛМАУЫ ТИІС
Р.Шарипов, ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 26.11.2024 85
Таласқа ешкімнің таласы жоқ
Serik Salemov, Жамбыл облысы әкімінің орынбасары - 26.11.2024 89
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 190
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 190
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 328
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 331
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 553
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 500

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9204
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8601
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11828
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9598
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10811