Шешендік – туа біткен қасиет, биік өнер десек, сол арқылы билік құру қазақ ортасында ежелден дәстүрге айналған. Осылай жүйелі сөзбен қара тасты еріткен қасиетімен бүтін бір рулы елді басқарған би-шешендер қасиетті Қордай топырағында да болған. Мысалы, қазақ-қырғызға тең танылған Малдыбай би, от ауызды орақ тілді Тілеміс шешен, көреген де көсем Ноғайбай би және осы Ноғайбайға рухани ұстаздық еткен Кебекбай шешеннің тағылымды сөздері тарихта қаттаулы. Кебекбай өзінің терең ақылы, ой-парасаты, әділдігі мен адалдығы арқылы жұртына жастай сыйлы болған асқан ділмәр еді. Оның бұл қасиетін жәй халық қана емес, өз заманындағы Жетісу өңірін жайлаған небір сұңғұла би-шешендер де жоғары бағалаған. Өткен ғасырдың соңына қарай (1993) «Жалын» баспасынан би-шешендер энциклопедиясы іспеттес XII-XIX ғасырларда, яғни Шыңғыс ханның бас уәзірі болған Майқы биден бері қарай ғұмыр кешкен қазақтың мыңнан тұлпар, жүзден жүйрік елуден аса би-шешендері туралы кітап шыққан болатын. Солардың ішінде Қордай жерінде өмір сүрген Кебекбай мен Ноғайбай шешендердің болуы бекерден емес.
Кедей-кепшікке болысқан
Кебекбай Байторыұлы 1800 жылы Мәтібұлақ деген жерде туып, 1887 жылы дүниеден озған. 1968 жылы Кенен Әзірбаев атамыздың бастауымен бейітінің басына құлпытас қойылып, оған былай деп жазылыпты:
«Атасы Сати менен Боти еді,
Бұлбұлдай сайрап сөзге жетік еді.
Өзі әділ, өзі шешен, өзі батыр,
Халыққа еңбек етіп өтіп еді».
Заманында елінің көсемі, сөз сөйлер шешені, әулие кісі ретінде даңқы Қасқарау елінен асып, Жетісу, Шу өңірін қатар жайлаған қазақ-қырғызға кең тараған Кебекбай шешенді Кененнің: «Менің ақын болып өсуіме әсер, ықпалы көп тиді. Ол Қасқарау еліне би болып сайланғанда менің әкем оның қызметшісі болды. Шешем өлгенде Кебекбай бір топ ауыл адамдарын бастап келіп, әкеме көңіл айтқаны есте. Сонда ол көсіліп біраз сөйлеген, ол кезде мен жеті жасар қамкөңіл баламын, не дегенін ұқпаппын. Кейіннен соңына еріп көп жүрдім. Ол әрбір іске әділ билік айтқан кісі. Қайдағы кедей, нашарларға болысқан. Өзі батыл, өзі алғыр, өзі тапқыр, жомарт кісі еді...» – деп бағалауы көп жайтты аңғартады.
Кебекбай шешен туралы осы К. Әзірбаевтың «Аңыздар сыры» деген кітабында ауыздан-ауызға жеткен көптеген естеліктер айтылады. 1954 жылы жазылған «Кебекбайдың келбеті» деген ұзақ өлеңінде:
«Он жаста Кебекеңді көрдім анық,
Жас шақта көрген нәрсе ойға қанық.
Сарылау, кең жауырын, сүйір сақал,
Ақылға қайратпенен құйған сауыт.
Жанары екі көздің жанған оттай,
Сөзінің өткірлігі атқан оқтай.
Не айтса да дүйім жұрт мақұл дейді,
Сол тұста Кебекбайдай әділ жоқты-ай...» – деп, шешеннің кісілік болмысын аша түскен.
Сондай-ақ жергілікті жазушылар Марал Ысқақбай мен Несіпбек Дәутайұлының зерттеулері де бар. Олардың пікірінше, Қордай өңірінде бұрынды-соңды әулие атанған екі адам болған. Бірі – Өтеген батыр, екіншісі – осы Кебекбай дана. Бұл екеуінің бейіттері о бастан-ақ халық мінажат ететін қасиетті орынға айналған. Кебекеңнен батырлығы асқан, байлығы асқандар көп болған, бірақ олар әулие атанбаған. Мұрағат құжаттарын ақтарғанда Кебекеңнің Шу өңірінің картасын сызуға қатысып, Пішпек, Тоқпақ шаһарларында болғандығы, орыс патшасы генерал-губернаторының шекпенімен марапатталғаны туралы мәліметтер кездескен екен.
Кебекбай ел арасындағы небір күрделі, даулы мәселелерді бір ауыз сөзбен түйіндеп шешетін болған. Тіпті, ақиқат жолында Тезек төре, Балпық, Тәнеке, Ескелді, Бәйтеке, Анатай сынды төрелер мен батыр, билерге де дес бермейтін деседі. Кебекбайдың шешендігі, әділ биліктері ел аузында аңыз болып таралған. Қазақтың шешендік өнері туралы кітаптарға еніп, баспасөзде жарияланғандары қаншама. Ал белгілі журналист, жазушы Бақтияр Әбілдаевтың «Бөлтірік би» повесінде Кебекбайдың Бөлтірік шешенмен бірге үш жүздің арасындағы үлкен дауды шешуге қатысқаны баяндалады.
Тезек төренің әділетсіздігіне қарсы шыққан
Бірде (1830 жылдары) Ұлы жүз Жалайыр мен Орта жүз Найманның Матай рулары арасындағы жер дауы өршиді. Екі жақтың Алтынемел үшін таласының арты насырға шауып, төртеуі Жалайырдан, үшеуі Найманнан – барлығы жеті адам опат болады. Ушыққан дауды шешуге Орта жүзден Құнанбай, Құсбек төре және Тәнеке билер, Ұлы жүзден атақты Бөлтірік, Кебекбай, Байғазы шешендер қатысады. Бұл Бөлтіріктің алпысты алқымдаған, ал Кебекбайдың орда бұзар отыз жастағы кезі екен. Алдымен Бөлтірік шешен Алтынемел баурайындағы Қасқарау Алағай әулиенің тас моласы арқылы бұл жерді соңында Жаныс Қасқараулар жайлағанын дәлелдеп шығады. Ал, Жалайырдан бір адам артық өлген даудың шемін айтуды ол Кебекбайға жүктейді.
Артық өлтірген бір адамның құнын Найман жағы төлеуі тиіс. Мұндайда ата-бабадан қалған жол-жоба бар. Олар: «Жардың түбін шым бекітеді, сөздің түбін шын бекітеді, даудың түбін қыз бекітеді» деген. Екі ел құдандалы сыйлас болса, бір-бірін жамандыққа қимас болар. Өлгендерге – салауат, тірі қалғандарға – осы сөзім аманат, – деп, даудың шешімін айтады. Сөйтіп, Матайлар жағы Жалайырға қалыңсыз қыз беріп татуласқан екен. Осы оқиғадан кейін Кебекбай шешен Қасқарау елінің бас биі болып сайланады.
Бірде барымтаға байланысты ел арасында дау шығыпты. Жылқы дауға себепкер айбынымен аймақты ықтырған, қарсыластарын қабағымен қаймықтырған Тезек төренің өзі екен. Ол байлаулы екі адамды көрсетіп:
– Осы екеуі ұрлықпен қолға түсті, бұларға өлім жазасы лайықты, – дейді. Дау қызып, билер тосылып, Тезек төре билеп-төстеп бара жатқан тұста Кебекбай шешен сөз алып:
– Ау, Тезек төре, су басынан тұна ма, аяғынан тұна ма? – деп сұрақ тастапты. Айтыста делебесі қозып, арындап алған Тезек төре:
– Әрине, су басынан тұнады, – дейді. Осы ұрымтал сәтті күткен Кебекбай шешен де көмекейі бүлкілдеп, жүйелі сөзді түйдек-түйдегімен төгіп, ұрлықтың төркіні Тезек төренің өзінен шығып отырғанын әшкере етіпті. Сөйтсе, осы барымталар әуел баста төренің жұмсауымен басталған екен. Осыдан да Тезек төре билердің алдында сөзден тосылып, дау әділ шешіліп, өлімге кесілмекші жігіттер бостандық алған екен.
Шешеннің заманы Қоқан хандығының қазақ даласының түстігіне біраз ықпалын жүргізіп тұрған кезі екен. Бірде шешен аңдыған жаудың қолына түсіп қалады. Қырғыздың Ысқақ деген манабы хандыққа жағыну мақсатында Кебекбайдың қол-аяғын кісендеп, Қоқан хандығының Пішпектегі бегіне ұстап береді. Сонда Кебекең Ысқаққа:
– Арамыз ашылмаған қырғыз-қазақ деген ел едік. Артымда қалың ел бар, жалғыз атты, сабау қамшылы емеспін. Ақылға кел, бауырлас екі елдің қос бұрымдай қатар өрген ынтымағына іріткі салма, мені босат, – деген екен. Бірақ, Ысқақ манап көнбепті.
Сонымен, ойда жоқта хабарсыз кеткен шешенді Байғазы, Торғауыт сынды батырлар іздеп шығады. Қоқан хандығының салықтан бой тасалап елді үгіттеп жүретін ықпалды кісілерді ұрлап алып, тұтқындайтын, артында іздеушісі болмаса, дарға асатын әдеті бар екен. Кебекбайды ханның зынданынан тапқан батырлар мәмілеге келіп, босатып алады. Соның бодауына Дулат елінен үйір-үйір жылқы айдап бара жатқан қоқандықтар Қордай асуында боранға ұшырап қырылады. Содан қоқан қариялары: «Кебекбай киелі екен, осынша пәлеге ұшырадық» деп өкінген деседі. Кебекбай шешенді ұстап берген Ысқақ манап та еліне келсе жалғыз ұлы қаза болып, қасірет шегіпті. Кейіннен шешенді іздеп келіп, жылап кешірім сұрап, ат-шапан айыбын тартып, ризалығын алған соң барып қайта перзент көрген екен. Осы оқиғадан кейін Кебекбайдың Жетісу өңірін қоқандықтардың қанды шеңгелінен босатуда елді ерлікке жұмылдыра білгені туралы көп айтылады.
Кебекбай шешенді қатар жатқан қырғыздар да жиі шақырып, дау-шар шештіріп отырған. Оның қара қылды қақ жарған әділдігін бағалаған ағайындар биге бірде: «Қырсықтың белгісі қандай, несібенің белгісі қандай, татулықтың белгісі қандай?» деп сұрақ қояды. Сонда шешен: «Қырсықтың белгісі – талтүске дейін төсегінде жатқандай, несібенің белгісі – жаңа ұйытқан айрандай, татулықтың белгісі – жауды жеңіп қайтқандай» деген екен.
Өзі де кедей Кебекең жоқ-жітіктерге қамқор, қолынан келген жақсылығын аямайтын болған. Бірде ол нөкерлерімен ел аралап келе жатады. Бір үйге келсе, жас келіншек қана бар екен. Үй жұпыны, меймандарға төсейтін төсеніш те жоқ. Келіншек ұшып тұрып, басындағы орамалын төсейді.
– Шырағым, ниетіңе рақмет, мына орамалыңды басыңа қайта сала ғой, – деп шешен өз шекпенін төсеніп отырады. Күйеуі келгенде келіншек:
– Кебекеңнен бата сұрап мал сой, – дейді.
– Оу, көпсінгенің жалғыз ешкі ме? Бала-шағаны сүтімен асырап отырған осы ешкі емес пе, оны қалай соямын? – деп азарда-безер болған күйеуіне бой бермей, ешкіні сойдыртады. Ет пісе бергенде Кебекең:
– Ал, шырағым, енді халықты шақырыңдар, – дейді. Кедей үйге Кебекең келіпті дегенді естіген жұрт бірі дәм-тұзын, бірі ыдыс-аяқ, төсенішін, бірі сойыс малдарын алып жиналыпты.
– Ал, халқым, мені сыйласаңдар, осы сый-сияпаттарың мына келіншекке берген батам болсын, – деп түгел қалдырып кеткен екен дейді.

Бабамыздың әулиелігі
Кебекбайдың әулиелігі жөнінде де көп айтылады. Біреудің малы жоғалса, басына басқа да іс түскен жай болса, келіп одан ақыл сұрайды екен. Ал Кебекеңнің айтқаны айдай келетін болған. «Батыр бір оқтық, байлық бір жұттық» деген емес пе. Кезінде біздің өңірде мың сан жылқысынан жер қайысқан Жыланкөздей бай өткен. Соның байлығы опа бермей бір қыста түгел қырылатынын Кебекбай шешен болжаған деседі.
Кебекең қырғыз жақтан бір үлкен дауды шешіп келе жатып, Кеміннің үстінде жайылып жүрген қалың жылқыны көреді. Сұрастырса, Жыланкөз байдікі екен. Шешен қасындағы екі жолдасын ертіп, атының басын солай бұрады. Барса, байдың Әден деген баласының отауы екен. Бұларды қол қусырып қарсы алып, төрге оздырып, қымыз құяды. Жанандары бір-бір айналмай жатып қымыз құйып отырған әйел:
– Қымыз түгесілді, – дейді. Шөлі қанбаған қонақтар аңтарылып, бір-біріне қарапты.
– Кебеке, айып етпеңіз, мына жерде Тоқпақ деген қала түсіп жатыр. Қымызды саба-саба етіп сонда апарып сатуда едік, – дейді үй иесі. Сонда Кебекбай жұлып алғандай:
– Ойпырай, не дейт! О заманда, бұ заман қазақ пен қырғыз ақ сатыпты деген не сұмдық?! Жаман ырымды бастап, – деп кейіпті.
Артынша тез сыртқа шығып:
– Әй, Әден, мына көп жылқы не деп тұр, соны білесің бе? – депті байдың баласына. Анау қайдан білейін дегендей иығын көтереді.
– Білмесең мен айтайын, бұлар «биылғы қыстан біз кетеміз, байдың пейілі тарылды» деп тұр, – депті де атына мініп, жүріп кетіпті.
Айтқанындай, сол қыста жұт болып, Жыланкөз байдың қалың жылқысы баудай түсіп қырылады. Біразы Керу маңында қалыпты да, қалған үлкен бөлігі Шудың жағасындағы Құрғақ деген жерде сүйегі шашылып қалыпты. Малдың киесі атты ма, әлде жазмыштың заңы ма, әйтеуір, аузымен құс тістеген байдың дәулеті бір жұттан қалмайтынын Кебекең осылай болжап білген деген сөз қалған.
Кебекбай көпшілікке:
– Шаруаның жақсысы – мал баққаны,
Балаң тілді алмаса, қалмақ тағы.
Туысқаның кім болса, дұшпаның сол,
Ағайын аман болсын жан-жақтағы.
Еріншектің белгісі – ұйқы мырза,
Ерте жатып, кеш тұрса болды ырза.
Кедейшілік кісіге қастық қылса,
Кесір-қырсық жолай ма, ден сау тұрса.
Асыл менен жасықтың аспан мен жердей арасы,
Әр алуан адамның әртүрлі екен баласы.
Көргеніңнен көп екен көрмегенің,
Талай қызық көресің өлмегенің, – дегендей ұлағатты сөздерін айтып, еңбекке шақырып отырған.
Қасқарауда Кебекбай елінің ұраны «Кебекбай!». «Кебекбайлап!» жауға аттанған, бәйгеге шапқан, аруағына сыйынған. «Кебекбайдың жолы», «Кебекбайдың бас құдығы» әлі күнге дейін бар. Кебекеңнің бас құдығынан сораппен тартылып шығарылған су бертінге дейін Отар жұртшылығының қажетіне жарап келді.
Кебекбай мен Ноғайбай
Енді осындай халық қадірлеген тұлғаның Ноғайбайға ұстаздық рөліне келсек. Бір күні Кебекең Малдыбай елін аралап жүріп, Дәулетбақ байдың үйіне атқосшыларымен келіп түседі. Мал сойылады, қонақ күтіледі. Әңгіме үстінде Дәкеңнің баласы қонақтардың жанынан кетпей, әңгімелерін тыңдап, қолдарына су құйып, алдарына ас қойып жүріп, осы мінезімен шешенге қатты ұнайды. Кебекең оның болар бала екенін танып, Дәулетбаққа: «Осы балаңды менің жаныма қосып бер» деп өз адамдарымен бірге ертіп алады. Сөйтіп, Ноқаңды жасынан тәрбиелеп, шешендік өнерге баулиды. Осылайша Ноғайбайдың ел ісіне ерте араласуына Кебекбай шешеннің ықпалы зор болған.
Осы Ноқаң мен Кебекеңнің арасындағы тағы бір әңгіме былай өріледі. Екеуінің қатар ел басқарып жүрген шағында көп адамдарымен Верныйдан бір жиыннан қайтады. Ұлы бесін кезі екен, жеделдетіп жүріп кетпесе, елге жетеміз дегенше жол ұзақ, қараңғы түсіп қалмақшы. Жол-жөнекей бұлар кідіріп, аяқ суытарлық лайықты ауыл да жоқ.
– Кебеке, ертерек жөнелейік, ел шетіндегі бір байдың үйіне жете қонайық, – дейді Ноғайбай.
– Асықпа, қонатын жерді мен табамын, – дейді шешен. Бірақ, өзі жайбарақат. Ноқаң болса сабырсызданып, тағы да жүр-жүрдің астына алады.
– Қоналқы жер табамын дедім ғой, асықпа, – дейді де қояды шешен әуелгідей. Кешеуілдеп келе жатып, бір елсіз жерде Кебекең атының басын жолдан бұрады. Айнала төңіректе ел қарасы көрінбейді.
«Ой, мына кісі қартайған екен, кеш болса таяу, елсізге апарып далаға түнетпек пе?» – деп жанындағылар абыржиды. Біраз ұзағанда бұлар әулиелер қорымының үстінен шығады. Қасында бір киіз үй тігулі тұр екен. Кебекең соған келіп, атының тұмсығын тіреп:
– Оу, кім бар? – десе, бір жас жігіт шығыпты.
– Қонақпыз, – дейді бұлар.
– Қонақ болсаңыз, күтіп аларлық жай бар, – дейді жігіт.
– Күтіп алсаң, онда біз түсейік, – деп қасындағы он бес шақты адамымен түсе-түсе қалысады. Жігіт:
– Рұқсат болса, ақсақалдар, мал сойысқанға бір-екі адам берсеңіздер, мен жалғызілікті адам едім, – дейді.
– Ой, мына екеумізден басқа осы тұрғанның бәрін ал, – дейді Кебекең. Сөйтіп, жігіт әуелі бағылан қозы сояды, сосын қысыр емген тай сояды. Дастарқаны, төсеп тастаған кілемдері, көрпе-жастықтары бәріне кең молынан жетеді. Жалғыз үй болса да, аяқ астынан сау ете түскен бір қауым елді күтіп, риза етеді. Сонда Ноғайбай Кебекеңнің елсіз жерде осындай жайлы қонақжай тапқанына қайран қалып отырады.
Екеуі түннің бір уағына дейін әңгімелесе келіп:
– Біздің әңгімеміз, сірә, таусылмас, енді сөзді мына үй иесіне берейік, – дейді.
– Менен не әңгіме сұрайсыздар, көргенімді айтайын ба, естігенімді айтайын ба? – дейді жігіт.
– Сенің осы әулиелер арасында тұрғаныңа қанша болды?
– Отыз жыл.
– Онда осы мерзімде не жақсылық көрдің, не жаманшылық көрдің, соны айт, – дейді Кебекең.
– Мен осында өлген адамдарды жуып, кебіндеп, көрін қазып, соған қоятын адаммын, – дейді жігіт. – Бірде кедейдің баласы өлді, соған көр қазғанымда басында бір тамыр пайда болды. Сол тамыр төмендеп кете берді. Қашан баланы апарып қойып, бетін құбылаға қаратқанымда әлгі тамырдан аузына сүт тамып тұрды. Соның жақсылығын көрдім. Енді жамандықтың нышанын айтайын. Бір байдың баласы өлді. Әкесі бай болған соң бет қағусыз, бейауыз болып өскен, көрінгенді боқтап жүретін еді. Соған көр қазғанда басында бір ін пайда болды. Сол ін аяғына дейін жетіп, баланы әкеліп қойып, бетін құбылаға бұрғанымда әлгі іннен шұбар жылан шығып, мәйіттің тілін тістеп тұрды, – депті жігіт.
Ертесіне ұзап былай шыққанда Кебекең:
– Әй, Ноғайбай, мына әңгіме ұнады ма? – дегенде:
– Кебеке, қойдым-қойдым, – деп Ноқаң тілін ұстаған екен. Сөйтсе, Ноқаң да бейпіл сөздерге әуес екен. Кебекбай ескерткен сайын «қойдым» деп, артынша ұмытып кетеді екен. Сосын Кебекең оны әулиенің басына әдейі ертіп апарып, әлгіндей әңгімені естіртіп барып қойғызыпты. Осындай тәлім-тәрбиесін көп көрген ұстазы Кебекбай шешен қартайғанда билікті түгел Ноғайбай қолына алады.
Әулиені жоқтау
Кебекең 87 жасында дүниеден озды. Әулиелігі сол, өзінің ақырғы сағатын күнілгері біліп, үрім-бұтағын тегіс жинап, тамақ астырып, бала-шағаларына өз қолымен асатып, ақылын айтып отырып, ауырып-сыздамай ақ өліммен жүріп кеткен екен. Қожамқұл деген баласы аузына тілін салып, сүйіп-сүйіп алыпты. Кейін ол да әкесіндей ділмар шешен болған деседі.
Кебекбайдың Жетісуға аса қадірлі тұлға болғаны қазасына қазақ-қырғыздың атақты ақын-жыршылары даналығын, ғибратты істерін дәріптеп, жоқтау айта келгенінен де көрінеді. Саналы ғұмыры шешеннің қасында өткен атақты Сарыбас ақын:
– Ардақты ағам Кебекем,
Алыс-жақын демеген,
Төрт Дулатқа тірегім,
Түстің жерге жүрегім,
Қалмаушы едім қасыңнан,
Жалғыз қайтіп жүремін... – деп күңіренсе, Сүйінбай жырау:
– Жер сұлтаны Сұлутөр,
Туа бермес сендей ер,
Кебекемді жалмады,
Қойны толмас қара жер,
Әділетті әулие,
Қайран құрбым кемеңгер!.. – деп аһ ұрады. Қырғыз Тоқтағұл:
– Кебекбай екі елге тең едің,
Ақылың асқан кеп едің,
Қазақ-қырғыз бас қосса,
Айтқан кебің ем едің,
Қайран әділ Кебеке,
Ақыретке жөнедің... – деп жоқтау айта келеді.
«Кебекбай Ноғайбайға аға болғанда, маған да аға еді. Арысым құлады, тынысым тарылды...» – деп қырғыздың шоң манабы Шәбден батыр жетеді, екі бүйірін таянып.
Кебекбай шешеннің бейітінің басы қасиетті жерге айналды. Кімде-кім бейітке тақау келгенде аттан түсіп, бата қайырып, сыйынып өтетін болған. 1998 жылы шешеннің аталас ұрпақтарынан кәсіпкер Жұмахан Кәкетаевтың қолдауымен бейіті басынан сәулетті кесене бой көтерді. Шешеннің ізгілікті де ғибратты өмірін ұрпақтар жадында қалдыру, кемеңгерлік нақыл сөздерін, есімін дәріптеу мақсатында 2007 жылы қолда бар деректер, естеліктер мен аңыздар топтастырылған кітапша шығарылып, Отар ауылында үлкен ескерткіші орнатылды. Аудан орталығында көшеге есімі берілген.
Құрманбек Әлімжан,
Қазақстанның Құрметті журналисі,
Қордай ауданының
Құрметті азаматы,
Жамбыл облысы















