Жуырда «AMANAT» партиясының Абай облыстық филиалы «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында рухы мықты жандар үшін қала нысандарының қолжетімділігін тексеру мақсатында рейд жүргізді. Абай облыстық мәслихат депутаты Эльзира Жүнісова, қалалық мәслихат депутаты Шолпан Молдағалиева, «AMANAT» партиясының облыстық филиалының саяси бөлім меңгерушісі Жанна Үйсімбаева, қоғам белсендісі Руслан Ерембаев, кәсіпкерлер, үкіметтік емес ұйымдардың өкілдерімен бірлесе отырып облыс орталығында мүмкіндігі шектеулі жандар үшін жасалған жағдайлармен танысты.
– «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында біз облыстық және қалалық мәслихат депутаттары үкіметтік емес ұйымдармен бірлесе отырып мүмкіндігі шектеулі жандар үшін қала нысандарының қолжетімділігін тексеру мақсатында мониторинг жүргізуге шықтық. Бұл шараның басты мақсаты – ерекше адамдарға қолайлы ортаның қалыптасу деңгейін анықтау. Мониторинг барысында мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған автотұрақ, пандус, қызметкерлерді шақыру қоңырауы, бағыттаушы тактильді сары жолақтар, брайль әріптерімен жазылған тактильді ақпараттық тақташа, бағыттаушы белгілер, арнайы әжетхана болуы жайында түсіндірме жұмыстары жүргізілді, – деді облыстық мәслихат депутаты Эльзира Әуесханқызы.
Сонымен қатар мекемеде мүмкіндігі шектеулі жандарға қызмет көрсететін касса, құжат тапсыру бұрышы секілді орындардың барлығы бекітілген талаптарға сәйкес болуы түсіндірілді.
– Бүгінгі жүргізілген зерделеу жұмыстарының қорытындысына сәйкес мекеме басшыларына ескертулер жасалып, олқылықтарды тез арада ретке келтіру жұмыстары мониторингтік топ тарапынан бақылауға алынды. 2022 жылы Семей қаласының 53 нысанына, атап айтқанда, 9 медициналық мекеме, 29 білім беру мекемелері, 15 басқа да әлеуметтік нысандар, оның ішінде 32 сайлау учаскесіне мониторинг жүргізілді. Партиялық жоба аясында Семей қаласының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар орталығымен ынтымақтастық орнатылды, адамдарды жұмысқа орналастыру, оның ішінде «Алғашқы жұмыс орны» бағдарламасы бойынша бірлескен жұмыс жүргізілуде, – деп атап өтті облыстық филиалдың саяси бөлімінің кеңесшісі Саят Қайрқанов.
Айта кетейік, Абай облысы бойынша «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған бағдарламаcында ерекше қажеттіліктері бар адамдарды қамқорлыққа алу қамтылып, олардың өмір сүру жағдайларын жақсартуға ерекше көңіл бөлінген.
«Семей қаласында 150 орындық ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін оңалту орталығын салуға бюджетте қаражат қарастырамыз, Семей және Аягөз қалаларында ерекше қажеттіліктері бар балаларға арналған 2 оңалту орталығын ашу жөнінде шаралар қабылдаймыз, әлеуметтік инфрақұрылым объектілерін бейімдеуді 100%-ға жеткіземіз, мүгедектігі бар адамдарды жыл сайын техникалық көмекші құралдармен және оңалту қызметтерімен қамтамасыз етуді кемінде 90%-ға жеткіземіз, психологиялық-педагогикалық түзетудің 2 кабинетін ашуды қамтамасыз етеміз, ерекше қажеттіліктері бар кемінде 1871 баланы мемлекеттік тапсырыс шеңберінде арнайы психологиялық-педагогикалық қолдаумен қамту үшін жағдай жасаймыз. Нәтижесінде аймақта ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін жайлы және достық орта, оңалту және психологиялық-педагогикалық қолдау үшін мүмкіндіктер жасалатын болады», – делінген аймақтық сайлауалды бағдарламада.
Барлық шаралар ерекше қажеттіліктері бар адамдар қоғамдық ортада қолайсыздықты сезінбеуі үшін жасалынбақ.