Жақсы әйел ерін өр етеді, жаман әйел ерін жер етеді

Жақсы әйел ерін өр етеді,  жаман әйел ерін жер етеді

Отбасының құндылығын насихаттау өсіп келе жатқан ұрпаққа деген қамқорлықтың бір саласы екені бұл күнде көп айтылып, жазылып келе жатқан маңызды мәселенің бірі. Себебі еліміз Тәуелсіздік алған алғашқы күннен бастап ұлтымыздың жарқын болашағын айқын ететін игілікті шаралар жүзеге асырыла бастады. Қазақтың санын көбейту ғана емес, ұлттың сапасын арттыру туралы көптеген пікірлерді зиялы қауым өкілдері аз айтып жүрген жоқ. «Тәрбие басы – тал бесік» деген мақалдың астарында да отбасында өмірге келген бала тәрбиесінің өте ерте жастан басталуы керек деген мағына жатыр.

Біздің ұлтымыз не айтса да, өзекті өмірдің өзінен алынған нақыл сөзді әр адамның өресіне жететіндей етіп қалдыра білген. Соның бірі – «Әкені көріп ұл өсер, шешені көріп қыз өсер» деген мақал ешқашанда мәні мен мағынасын жоғалтпайды. Өнегелі отбасының төрінде жазулы тұратын мұратты сөз.

 

Ер-азамат пен әйелдер рөлдері неге өзгерді?

Сонау жылдары отбасының шаңырағы шайқалса болды, ер азаматтардың атына толып жатқан айыптаулар тағылып, әйелдерді судан таза, сүттен ақ етіп алуды дағдыға айналдырдық. Қалыптасқан кеңестік жүйе күйреп, барлық мекеме, зауыттар жабылып, шаруашылықтар тарап, талай білікті мамандардың көшеде қалғанын көзіміз көрді. Сол өтпелі кезеңде екі білегін сыбанып, сөмке арқалап, сауда-саттыққа шыққан көптеген әйелдер отбасыларын тығырықтан алып шықты. Одан бері талай жылдар жүзі өзгергенімен, әйелдердің отбасындағы «абыройлы» беделі әлі күнге шейін төмендеп көрген жоқ. Барлық көптеген мәселенің шешіміне пысық әйелдер араласып, отағасының алдын орап отыратыны жаңалық емес. Дұрыс шығар. Ол тізгінді де ер азаматтардың өздері беріп, әйелдердің тым еркінсуіне де қарсылық білдірмеді. Осылайша, отбасындағы ер азамат пен әйелдердің рөлдері өзгерді. Бұл жайында өткен көне заманда Мөңке би:

«Еркегің қазаншы болады, 

Әйелің базаршы болады, 

Әйел ерге теңеледі, 

Көл теңізге теңеледі», – деп те айтып кеткен еді.

Сонымен кейінгі «жаңа» қоғамның белсенді, «ақша тапқыш» әйелдері бұл тепе-теңдікті «өзім білемдік» деп түсініп, шаңырақтың шайқалуы жиі-жиі кездесіп жататынына соншалықты таң қалмайтын болдық. Үш баланы өмірге әкелген әйел ойламаған жерден күйеуімен ажырасып, бар дүние-мүлкін бөліске түсіріп, шат-шәлегін шығарыпты. Күйеуі арақ ішпейтін, темекі тартпайтын, бала-шағасының қамын ойлап, қызмет жасап жүрген момақан жігіт екен. Екі жақтың да ата-анасы еш нәрсені түсінбей, аң-таң болыпты. Оған сыныққа сылтау іздеген «белсенді» әйелдің айтатын уәжі мынау екен:

– Ғұмыр бойы тиын санап жүргім келмейді. Оның қолыма әкелетіні мардымсыз бір жалақысы ғана. Өзге еркектер сияқты байлық жасауға тіпті құлқы жоқ. Менің нәпақамның арқасында отбасым күнін көріп отыр. Шыдамның да шегі бар. Енді бұдан былай тек өзім үшін өмір сүремін, – деп жасырақ кезінде көңіл жарастырып, сүйіп қосылған жарын үйінен қуып шығып, бала-шағасын қарсы қойып, «леди» атанып, Астананың көшесінде ақ машина мініп, шалқақтап жүр дейді ұзынқұлақ. Онымен қоймай, өрімдей болып өсіп келе жатқан екі қызына кедей-кепшік жігіттерді маңдарыңнан жүргізбеңдер, тек қана ата-анасы бай отбасының мұрагерлеріне көз салыңдар деп ашықтан-ашық өзінше «тәлім-тәрбие» беретін көрінеді. Иә, мұндай байлыққұмар әйелдердің оғаш қылықтары қоғамда айыпталып, талқыланбайтын болды. Жекелеген үлкен қалалардың «сұлусымақ» әйелдері жастары қыр асып бара жатса да, асқан бай жігіттердің алдын орап, нақсүйері болып, ал ретін тапса, оны бала-шағасынан ажыратып алып, ақ жібек жамылғы жамылып, аспа-төкпе той жасап, айды аспанға шығарып жүргенін ғаламтордан аракідік көріп қаламыз. Онымен қоймай, сол бикештердің бет-ауыздары қызармай, өзге бойжеткендерге «ақыл-кеңес» беретінін қайтесің?! Ұят-ау деген сөзді олардың білетініне күмәнім бар. Үлкен-кішінің, зиялы қоғамның теріс пікірін қаперіне де ілмей, тайраңдап төбеге шығуға дайын. Махаббат деген ұғым жаңа заманның ондай бикештеріне «байлық пен барлықтың» өлшемі болғалы қашан!

Біздің қоғам осындай шектен шыққан әйелдердің тәртесін тартып, төзімсіздік білдірмейтініне таң қаламын. Судай «жаңа күйеулерінің» асып-төгілген байлықтарын ғаламторда көрсетіп мақтанатын «қуыршақ» әйелдерге қайта дем беріп, «Ой, бақытты бол!» дейтіндер де арамыздан табылып жатыр. О заман мен бұл заманда отбасын бұзып, біреудің бала-шағасын жылатқан жеңіл жүрісті әйелдерді үйдің іші тұрмақ, сыртынан да жүргізбейтін ұлт емес пе едік?!

 

Бақай есеппен күйеуін тонаған

Ауылдың бір отбасының жалғыз ұлы атағы жер жаратын тексеруші мекемеде ұзақ жылдар қызмет атқарып жүріп, оңтүстіктің бір қара қызына үйленді. Жалғыз ұлдың жолына қарап отырған жасы келген ата-анасының қуанышында шек болмады. Барлық әдет-ғұрыпқа сай рәсімдерін жасап, туған-туысқандары бақыт тілеп, дүрілдетіп тойын өткізді.

Арада көп ұзамай ұлының отбасында кішкене сәби дүниеге келді. Бұл да бір көптен күткен қуаныш болды. Күндердің күнінде «Жалғыз ұлы жасы келген ата-анасын Алматыдан үш қабатты үй салып, қолдарына көшіріп алыпты» деген хабар құлағымызға тиді. «Е, жарайды, дұрыс қой. Қартайғанда ата-ананы бақты деген осы-ау» деп талай ауылдастары риза болып, бастарын шұлғыды.

Алайда жылдар өтпей жатып, ұлдың әкесі, талай жыл қызмет атқарған сыйлы ақсақал өмірден көшіп, ауылына әкеп жерленді. Одан жыл өтпей жатып, ұлдың анасы қайтыс болды деген хабар алдық. Тағы да ауылдағы туысқандары, замандастары, көрші-қолаңы апаны арулап жерлеп, көңіл айтты. Сол уақытта шындықтың беті ашылып, қазаға жиналғандар жағасын ұстады.

Ата-енесінің ауылдағы кең сарайдай үйін, көлігін, табыс әкеліп тұрған сауда орнын сатқызып, қаражатын «сыпырып» алған пысық келіні көп уақыт өтпей-ақ теріс мінезін танытып, қолдарына көшіп келген қарттарға күн көрсетпей, дереу күйеуімен жанжалдасып, ажырасып тыныпты. Қанша айтқанымен, көздері ашық, көргені мен білгені бар ақсақал мен апа біраз жағдайларды түсінген екен.

Күні кеше күйеуінің және ата-енесінің қаражатына салынған үш қабатты үйді келіндері о бастан-ақ сіңлісінің атына рәсімдепті. Келіннің зұлымдық жоспарын кеш ұққан ұлы мен оның ата-анасы осылайша баспанасыз көшеде қалады. 

Жасы келген қарттар киім-кешектерін жинап үлгермей, Шымкент жақтағы келіннің әлгі сіңлісі отбасымен «бұл менің үйім» деп сыйлы ақсақалдың табан ақы, маңдай терімен жиналған қаржысына салынған үйге көшіп келіп, кіріп алыпты. О бастан-ақ жігіттің байлығы мен ата-анасының мол қаражатын «көздеген» келіні бар дүние-мүлікті өзіне аударып алып, масайрап өмір сүріп жатқан көрінеді.

Ақ босағаларын аттаған «келін» бақай есеппен тұрмысқа шыққаны белгілі болып, көшеде үй-күйсіз қалған ақсақалдың жүрегі сыр беріп, тоқтап қалады. Сол ұлының басына түскен күйзеліс анасының да бұл өмірден көшуін тездеткен екен. Міне, осылайша өмірде ешкімге зияндары тимеген сыйлы қарттардың жарық дүниедегі соңғы күндері үзіліпті. Бала, бала деп өмір сүрген ата-ананың ақ үміттері сағымдай жоғалып кеткені өте өкінішті болды.

Мұны да сонау көне ғасырда алдын болжай білген Мөңке бидің:

– Алдыңнан кес-кестеп өтетін, Кекірей деген келінің болады, – деп айтқаны дәл келді ғой.

Әйелдердің арасынан «Екі жеп биге шыққысы келетіні» тіпті көбейіп кеткенін біраз өзара айтылып жатқан әңгімелерден естіп жатырмыз. Байлық пен мансап қуып, «Өзім үшін өмір сүремін» деп жыл сайын Дубай мен Антальяда демалуды армандайтын әйелдерге тіпті отбасындағы үш-төрт бала да кедергі келтіре алмайтын болды. Әкесіз, тірі жетім қалған ұл-қыздың психологиялық жағдайы қалай болады деген уайым-ой желіккен әйелдердің санасында бар дегенге кім сенеді? Әзірше байлықтары кеуделеріне нан пісіріп жүргені анық.

 

Жан жарын, балаларын тастаған безбүйректер

Қырықтың қырқасына шыққан күйеуін өсіп қалған үш ұл-қызына қарамай, әйелі ажырасамын деп сотқа сүйреп, ақыры дүние-мүлкі мен баспанасын тартып алады. Онсыз да балаларына жаны ашыған жігіт өзінің үлесінен бас тартып, әйелінің қалаған дүниесін түгендеп беріпті. Артынан естідік, бүлініп кеткен дәнеңе жоқ. Жасы келген ата-анасына қомақты қаражатпен күйеуінің астыртын көмектесіп жүргенін білген бейшара әйелі дереу дау-дамай тудырып, жай ғана отбасындағы кикілжіңнің соңы ажырасуға алып келіпті. Мұндай жанжал барысында ашумен талай көңілге сыймайтын ащы сөздердің айтылатыны белгілі ғой. Ол жігітті білуші едім. Өзі жауапты органда қызмет атқарған. Туған-туысына, жолдас-жорасына сыйлы, қадірлі, ақ көңіл азамат.

Ел аман, жұрт тынышта пәленбай жыл бір шаңырақтың астында өмір сүріп, бір жапырақ нанды бөліп жеген жарын, балаларының әкесін қалайша көзі қиып тастап, беталды кететін әйелдерді түсіне алмаймын. Әрине, кінә екі жақтан да болуы мүмкін. Бұл жерде ер-азаматты жақтап, әйелді даттау мақсатымыз емес. Бірақ өзара келісімге, татулыққа келіп, өсіп қалған балаларының көңіліне қаяу түсірмеу жағын ең алдымен ойлайтын ата-ана емес пе?

Қазақта «Алтын басты әйелден бақыр басты еркек артық» деген мақал бар. Бұдан отыз жылдан астам бұрын өмірден мезгілсіз көшіп кеткен күйеуін жиі-жиі есіне алып, жылайтын бір талантты ақын құрбым бар. «Маған атақ-даңқ та, байлық та, барлық та керегі жоқ. Одан да өзім сүйген жанмен лашықта, кедейшілікте қой бағып, қол ұстасып өмір сүріп өтсем, еш арманым болмас еді», – дейді. 

Әлі күнге шейін сол өмірде жоқ асыл азаматтың үйінің шамын жағып, бала-шағасына ие болып отыр. Бұл ақылды әйел жасайтын ерліктің бір түрі.

Иә, біздің жас кезімізде көңіліміз қалаған жігіттің әлеуметтік жағдайын ойымызға да алмайтынбыз. Оның қолында дипломы бар ма, жоқ па, қызметі қандай, отбасы бай ма, жоқ әлде кедей ме деген сұрақтар ешқашанда туындамайтын. Бақайесеп деген мүлде санамызда жоқ еді.

Біздің заманның қыздары «Махаббат» деген сезімді ғана мойындап, көңілі қалаған жігітпен қол ұстасып, шаңырақ көтеріп, бақ-береке, қуанышпен өмір сүретін. Қандай тұрмыстың қиыншылығын көрсе де, мойымайтын сол қыздардың тіл табыса алмай, күйеуімен ажырасыпты деген мәліметтері мүлдем жоқтың қасы еді. Ата-анамыз да «Барған жеріңе балдай батып, судай сің» деп құлағымызға құя беретін. Біздің ауылдағы ең жағымсыз хабар «Пәленбайдың қызы күйеуімен ажырасып, қайтып келіпті» деген сөз болатын.

Бір таныс әйелмен тойда кездесіп қалдым. Көңілі пәс екен, хал-жағдай сұрасқан соң:

– Не істерімді білмеймін. Ұлымның әйелі үш қабатты сатып алған үйлерін туған анасының атына жаздырыпты. Оны мен білмеймін. Құдам қайтыс болғанда ұлымның үйінен шығарды. Неге олай десем, «Көп сыйлы адамдар келеді ғой. Және бұл үй де солардікі, анамның атына жазылған», – деп келінім қарап отыр. Шалқамнан түсе жаздадым. Баламның отбасының істеріне араласпайын деп, жасап жатқан шаруасын сұрамайтынмын. Енді опық жеп отырмын. Ертең бір кикілжің туындаса, менің ұлымның баспанасы мен дүние-мүлкі солардікі болып шыға келмесіне кім кепіл?! – деп қатты ренжіді.

– Қой, жаман ойлама. Балалары бар емес пе? Олай бола қоймас, – деп көңілін жұбаттым. Сонда да ар жағымда бір күдік ұялап, қобалжып қалдым. Осы «пысық» әйелдерге деген сенімім жоғала бастағалы қашан?! Ойпырм-ай, байлық пен барлыққа келгенде кейбір әйелдер адами келбетін жоғалтып, барлық қасиеттен именбей аттап өте беретінін, таза пейіл, әппақ ардан гөрі ақшаны артық көретінін біліп жүрміз.

Енді мұндай оғаш «ұтысты тірліктің» қайда барып тірелетініне көзіміз жетпейді. Байлық пен барлықтың дауынан шаңырақтары шайқалып, бала-шағалары тірі жетім атанып жүрген отбасыларының саны күннен-күнге көбейіп келе жатқаны жасырын емес. Мәңгілік өмір де, мәңгілік байлық та, барлық та жоқ. Сол сияқты мәңгілік жастық пен қызық думан да адам басында тұрақтап қалмайды. Бір күні көрген түстей көшіп кетеді. Бәрі өтпелі кезең.

Бір нәрсені ғана жақсы білемін. Жақсы әйел ерін өр етеді, жаман әйел ерін жер етеді. Жасаған жақсылық та, жаманшылық та алдыңнан шығады деген ұғым бар. Сондықтан ана деген жақсы атыңа кір келтірмей, абыройыңды сары алтындай сақтап, адал жарыңның жанында бала-шағаңның қызығына тоймай өмір сүргенге не жетсін!

Нұрила БЕКТЕМІРОВА,

жазушы,  

Жетісу облысы

 Талдықорған қаласы 

 

16.11.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 29511
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 29075
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 46319
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 41918
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 46656