Киіз үй құрып барады

Киіз үй құрып барады

Ағаштан үйін, темірден түйін түйген халқымыз өмір-салтын табиғатпен үндес ұстады. Жаһанданбады, жойылмады. Өзіндік ерекше мәдениетімен бүгінгі күнге де келіп жетті.
Ұшса құстың қанаты талатын, шапқан аттың тұяғы тозатындай жеріміз кең байтақ. Көшпелі өмір салтын ұстанған бабаларымыз осы атырапта қазақтың киіз үйін бас­пана етті. Ол көшпелі ел үшін өте ыңғайлы ғана емес, тұнған тарихы мен тағылымы мол дүние. Табалдырықтан бастап төріне, керегесінен шаңырағына дейін мән-мағынаға толы. Ата-бабамыз осы киіз үй құрылымында физикалық, астрономиялық тіпті химиялық жағдайларды ескергенін де бүгінгі ғылым таңдана мойындап отыр. Тіптен қазақтың киіз үйі шет елде де үлкен сұранысқа ие болыпты. Бір ғана мысал, Еуропаның ортасында орналасқан Андорра княздігі қазақтың киіз үйін орталық демалыс орнына тіккізіп, келім-кетім туристерді таң-тамаша қалдырып отырған жайы бар екен. Ендеше, осынау қайталанбас қолөнер туындысының бүгінгі таңдағы ахуалы қалай?
Алдыңғы буын киіз үйдің құрылымын, оның мәдени-әлеуметтік-танымдық қасиеттерін жақсы біледі. Қалай құрып, қалай жығуына дейін әрине. Тіпті киіз үйге қатысты ырым жоралғылар, салт-дәстүрлер де олардың жадында. Ал, қазіргі жастар ше? Тас қорапты көп қабатты үйге таңылып, ата-баба ғұмыры байланған киіз үйден алыстап бара жатқан жоқ па? Қазақы қаймағы бұзылмаған біздің өңірімізде киіз үй қаншалықты қолданыста?
Бүгінде жасыратыны жоқ аудан, қала тұрмақ ауылдардың өзінде киіз үй құрып отыратындар азайып кетті. Тіптен жоқтың қасы. Бар болғанның өзінде көбінің үйі тозып, ескірген не болмаса, сән-салтанатынан айырылған. Осы ретте мынадай ой туындайды. Бұрынғы үйшілер қайда, үй жөндеушілер неге жоқ? Әлде бұл қызметке ұсыныс аз ба? Қазақ неге өз үйінен өзі безген қалыпта? Неге мұны кәсіп етпеске?
Біздегі киіз үйлерді Қытай, Өзбек жерінен, Қарақалпақтан өте қымбат бағаға әкеліп жатыр. Ол үйлер үлкен шараларда ғана орталық алаңға тігіліп жатады. Демек киіз үйге сұраныс аз да болса бар. Алайда бізде үйші жоқ. Бұл сұранып тұрған мамандық емес пе? Неге осы саланы дамытпасқа, жастарды оқытпасқа. Киіз үйдің бау-шуы – оның сәні ғана емес, қандай да бір мәдениетімізді, тарихымызды, әдет-ғұрпымызды танытады. Бір ғана бауларындағы оюды талдасақ тереңге кетеміз.
Алайда, бүгінде шикізаттарымыз қолданысқа көптеп енбей жатқан секілді. Соның бірі – ши тоқу өнері. Кенжелеп қалған, тіпті бүгінде қолданыстан мүлде қалған осы шиді неге заманауи етіп қолданысқа енгізбейміз. Айталық, терезе жалюзіне өзіміздің табиғи шиімізді неге бейімдемейміз? Сонымен қатар, біз шиеліліктер диқаншылықты кәсіп еткен халықпыз. Күн жылып, көктем шығысымен ауылдардағы азаматтарымыз құрал-сайманын әзірлеп, дала төсіне шығып, қос тігіп, гектарлап қауын-қарбыз тағыда басқа дақылдарды жерге тастап, ала-жаздай егістік басында қос тігіп жатады. Осы кезде бірең-саран диқандарымыздың киіз үй тігіп отырғанын көзіміз шалады. Ал, қалғандары яғни, көпшілігі қамыс кепеде егін біткенше амалдап отырғаны. Әлгі бірен-саран тігіліп тұрған киіз үйдің өзі қырық жамау, көзге қораш, иқы-жиқысы шыққан. Осы орайда, ой туындайды. Неге сол сәні мен салтанатынан айырылған киіз үйлерді қайтадан жаңғыртып, жаңаламасқа?
Киіз үй жасауды неге кәсіпкерлеріміз қолға алмай жатыр. Мүмкін жоба, жоспар беруіміз әлсіздеу болар. Ұлттық бағыттағы құндылықты дәріптеу қолдан келмей жатыр ма? Мәселен, кәсіпкерлер палатасы арқалы қорғалып, тиісті иесіне қаржысы табысталған 10 жоба болса, соның біреуін осындай жоғалып бара жатқан ұлттық бағыттағы кәсіп түрлеріне негіздесе және өтем пайызын мүмкіндігінше барынша төмендетіп, қайтару мерзімін ұзартса. Бұл халқымыздың төл туындысы, қазақтың мәдениетіне жасалған шексіз қамқорлық болар еді. Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі сезілер еді. Осы жөнінде облыстық тіптен республикалық кәсіпкерлер палатасына ұсыныс жасаса. Бұған аудандық кәсіпкерлер палатасы мұрындық болса дейміз.
Әйтпесе арысы Арал берісі Жаңақорған ауданында нақ осы киіз үй жасауды кәсіпке айналдырып отырған адам жоқ бүгінде. Яғни, киіз үй жасау өнері құрдымға кетіп барады.
Көшпелі елдің барлық бітім-болмысы, тұрмыс-салты табиғатпен үндескен. Киіз үй қазақтың тұрағы, құтты-мекені, киелі қара шаңырағы. Ол тек баспана ғана емес, ол сәулет, құрылыс, сурет, қолөнер сияқты бірнеше өнердің басын құрайтын ғажайып туынды. Бір кездері халқымыздың байлығы мен сән- салтанатының куәсі болған осынау туынды яғни, мәдениетіміздің баға жетпес мұрасы жойылудың нақ алдында тұрғаны алаңдатады.

Нұрболат Сәдуақасұлы.
17.03.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 43
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 574
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 688
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 603
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 612

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8749
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8149
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11378
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9132
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10363