Қазақтың сонау ежелгі сақ, ғұн дәуірінен бастап, кешегі Кеңестер кезінде жазылған қилы тарихында отаршылдардың қалауына сай бұрмаланған деректер көп екені қазір көп айтылып жүр. Тіпті кейін тәуелсіздік лебімен ерінбеген екінің бірі тарих жазып, өзінің атағын, ру мен жүздің, ата-бабасының «тарихын» жазып бәсеке қуып кетті. Қаймана қазақтың ұлттық тарихын жұлмалап, рулық шеңберге сыйғызуға болмайтынын шырылдап айтып, шынайы тарихты ғылыми тұрғыда жазуға тырысқан ғалымдарымыздың үні ақшалы, айқайшы «тарихшылардың» көлеңкесінде қалып, айқайшылар халықты тарихтан жеріндіріп жіберуге шақ қалған кездер де болды. Дегенмен қазір тарихшы ғалымдарымыз қазақтың ғылыми негіздегі тарихын жазуды қолға алды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа ғылыми тәсілдерді ескере отырып, отандық тарихты жазу керек. Бұл іргелі жұмыс барлық оқулықтардың негізін құрауы керек. Бұл – стратегиялық маңызды мәселе. Сондықтан Қазақстан тарихы бойынша жаңа академиялық басылымды дайындауға дереу кірісу қажет. Біздің тарихи санамыздың жандануы осыған байланысты. Бұл жұмысқа беделді тарихшыларды тарту керек», – деп, қазақ тарихының ғылыми жаңа көзқарастағы тарихының жазылуына мүмкіндік берді. Қазір ғалымдарымыз Қазақстанның «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты 7 томдық академиялық басылымын жазып, дайындап жатыр. Біз тарихи кезеңдегі қазақ тарихының қалай жазылып жатқанын білу үшін Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты директорының ғылыми жұмыстар жөніндегі орынбасары, тарих ғылымдарының кандидаты Шамек Тілеубаевпен сұхбаттасқан едік.
– 2023 жылы жарық көруі тиіс «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты 7 томдық академиялық басылымы қандай бағытта жазылып жатыр? Бұған дейін 1996-2010 жылдары 5 томдық академиялық басылым жарық көрді. Қазір дайындалып жатқан 7 томдықтың алдыңғы 5 томдықтан айырмашылығы қандай?
– Иә, «Ежелгі дәуірден бүгінгі күнге дейінгі Қазақстан тарихы» атты 7 томдық академиялық басылымды 2023 жылы шығару жоспарлануда. Бұл 7 томдықтың бұған дейін жарық көрген 1996-2010 жылдардағы 5 томдық академиялық басылымнан көптеген айырмашылықтары болады деп үміттенеміз. Жаңа басылымға отандық тарих ғылымына соңғы кездері қосылған ғылыми жаңалықтары, жаңа методологиялық ұстанымдар мен ғылыми айналымға енгізілген тың деректер бойынша даярланған материалдар енеді. Елімізде 2004 жылдан бастап «Мәдени мұра», «Халық – тарих толқынында», «Ұлы даланың тарихы мен мәдениеті» сияқты бірнеше мемлекеттік бағдарламалар іске асырылды. Қазіргі кезде «Архив – 2025» бағдарламасы жүріп жатыр. Саяси қуғын-сүргін құрбандарын толық ақтау бойынша Мемлекеттік комиссия және оның зерттеу топтары жұмыс істеуде. Олардың да тың материалдары қамтылады деген ойдамыз.
– Бұрынғы 5 томдық 15 жылда жарық көрді. Ал қазіргі 7 томдық 3 жылға жоспарланған, әрі бұл академиялық еңбек 3 тілде жарық көруі керек. Жұмыс тобы қысқа мерзімде талапқа сай сапалы дүние жасап шыға ала ма?
– Бұрынғы 5 томдықтың 15 жылда жарық көруінің өзіндік себептері бар деп ойлаймыз. Ол кезеңде еліміз егемендік алғаннан кейін Тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасу кезеңінде еді. Сонымен қатар, әлеуметтік-экономикалық қиындықтар да көп болды. Академиялық басылым даярлау, оны баспадан шығару біршама қаржы талап ететіні белгілі. Бұл кезеңде ғылыми-зерттеу институттары да қаржылық қиындықтарды басынан өткерді-ау. Ғылыми-зерттеу институттары қарайтын, жүйелі жұмыс жүргізіп отырған ҚР Ұлттық ғылым академиясы, қателеспесем, 2001 жылдан бастап қоғамдық ұйым болып мәртебесі өзгерді. Мемлекет тарапынан қаржыландыру тоқтатылды. Ол да әсерін тигізбей қоймады. Ғылыми-зерттеу мекемелеріне қаржы дұрыс бөлінбеді. Ғалымдардың көпшілігі күнкөріс қамымен алаңдап кетті. Сондықтан алдыңғы 5 томдық қаржы көздерінің болу-болмауына да байланысты, басқа да мәселелер болғандықтан, арада үзіліс салып барып жарыққа шыққан болса керек.
Ал қазіргі кезде, Құдайға шүкір, мемлекет тарапынан ғылымға жақсы көңіл бөлінуде, ғылымды қаржыландыру дұрыс іске асып келеді. Ел Президенті Қ. Тоқаев Ұлттық ғылым академиясының мемлекеттік мәртебесін қалпына келтіруге тапсырма берді, ол мәселе бойынша ұйымдастыру жұмыстары жүргізілуде. Ал 7 томдық 3 жылда шығу керек екендігі жоспарланғандықтан, ғалымдар бар күшін салып жатыр, шығаруға тырысамыз. Бұл 7 томдықты тек Ш. Ш. Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты даярлап жатқан жоқ. Оның томдары 6 ғылыми-зерттеу мекемесіне бөлінген. Мысалы, 1-томды Ә.Х. Марғұлан атындағы Археология институты, 2-томды Халықаралық түркі академиясы, 3-томды Жошы Ұлысын зерделеу ғылыми институты, 4-томды Р. Б. Сүлейменов атындағы Шығыстану институты, 5-6-томдарды Ш.Уәлиханов атындағы Тарих және этнология институты, 7-томды Мемлекет тарихы институты даярлап жатыр. Әр томдарға аталған институттың ғалымдарымен қатар, өзге ғылыми мекемелер мен жоғары оқу орындарының ғалымдары да тартылған. Сондықтан жоспарланған уақытта даярлауға мүмкіндігінше күш салынуда. Аударма жұмыстарымен Ұлттық аударма бюросы айналысады, қазіргі кезде ол бойынша министрлікпен бірлесіп ұйымдастыру жұмыстары жүріп жатыр.
Жұмыс тобы қысқа мерзімде талапқа сай сапалы дүние жасап шыға ала ма деген сұраққа байланысты мынаны айтар едім. Әрине, уақыт тығыздау, бірақ ғалымдар мүмкіндігінше сапалы жұмыстар атқаруға тырысуда. Мемлекет басшысы Қ. Тоқаев 2022 жылдың 16 маусымында Ұлытауда өткен Ұлттық құрылтайдың I отырысында сөйлеген сөзінде «Қазір Қазақстан тарихының көп томдығы әзірленіп жатыр. Белгілі ғалымдарымыз жұмылып, осы маңызды іске атсалысуда. Мен өзім де бұл жұмысқа үлесімді қосамын. Оны келесі жылдың ортасында түбегейлі аяқтау керек. Дегенмен, мәселе уақытта емес, сапада. Тарихымыз жүйелі, шынайы, ең бастысы, тәуелсіз елдің көзқарасымен жазылуы керек», – деді. Байқасаңыз, мұнда «Дегенмен, мәселе уақытта емес, сапада» деген де ой айтылып отыр. Сондықтан сапасы да назардан тыс қалмай және тәуелсіз елдің тарихи танымына лайық жазылу керек. Басылымға атсалысып жатқан ғалымдар ол жағына да мүмкіндігінше көңіл бөлуде деп ойлаймын. Әрине, уақыт тығыздау. Бірақ мәселе уақытта емес, сапада.
–Үндістанның алғашқы премьер-министрі Д. Неру айтқандай, «отар елдің тарихы жаулап алушылардың қолымен жазылады». Қазақтың тарихы отаршылдық кезеңде Ресей мүддесі тұрғысынан жазылды. Қазір тәуелсіз көзқарас, тәуелсіз ғылыми-зерттеу тұрғысында жазылып жатыр деп үміттеніп отырған 7 томдыққа отандық ғалымдардан басқа елдердің тәуелсіз тарихшылары үлес қоса ала ма?
– Біз көп жағдайда шетелдіктердің айтқан ойын қайталағанды жақсы көреміз... Бұған байланысты мынаны айтқан болар едім, Д.Неруден кем түспейтін тарихи тұлғамыз, Алаш қозғалысының көшбасшысы Әлихан Бөкейханов «Жетім елдің жетекшіл тарихы» деген ой айтқан. Өте жақсы айтылған. Алаш зиялылары да өз заманында тарихымызды зерттеуге атсалысқан. Бірақ олардың жазған еңбектерін кеңестік кезеңде оқуға тыйым салынды. Сондай-ақ кеңестік кезеңде өткен тарихымыз белгілі дәрежеде біржақты, тар таптық ұстанымдар тұрғысынан зерттелді, жазылды. Көптеген мәселелер бұрмаланды немесе өз дәрежесінде толық айтылмады, айтатындай мүмкіндіктер әркез беріле қоймады. Соған қарамастан, осы кезеңде академиялық ғылым, оның ішінде тарих ғылымы да қалыптасты. Сонымен қатар аға буын тарихшылар мүмкіндігінше еліміздің тарихын жазуға қалай болғанда да атсалысты. Олардың еңбегін жоққа шығаруға болмайды. Еліміз тәуелсіздігін алғаннан кейін бұрындары бұрмаланып келген, ашық айтылмаған тақырыптар зерттелді, қаншама жаңа көзқарастағы тың ғылыми еңбектер жарыққа шықты. Алдыңғы 5 томдық даярланды. Әлі де көп мәселелер жан-жақты зерттелуде. Архивтердегі жабық болып келген көптеген тарихи деректер ашылып, ғылыми айналымға қосылуда. Тарихшы ғалымдар көп жұмыстар атқарып жатыр, оның бәрін ескеру қажет. Біздің қоғамда бір қызық түсінік қалыптасқан, кейде «тарихшылар түк істеп жатқан жоқ» деген әңгімелерді де естиміз. Ал оны айтатындардың басым бөлігі тарихшылардың еңбектерімен дұрыстап таныспай жатып солай дейді, әрине, бұл дұрыс емес. Бір нәрсе айтпас бұрын алдымен белгілі бір тарихи проблемалар бойынша жарық көрген кәсіби тарихшылардың еңбектерін оқып, танысу керек қой.
Отандық ғалымдардан басқа елдердің тәуелсіз тарихшылары үлес қоса ала ма дегенге мынаны айтар едім. Бұл басылымға отандық ғалымдармен қатар шетелдік кейбір ғалымдар да қатысуда. Ал тәуелсіз тарихшылар деген ойға мен онша келіспеймін. Тарихшыларды кәсіби маман тарихшылар немесе әуесқой тарихшылар деп айтуға болатын шығар. Әрине, қазіргі кезде тарих жазушылар көбейіп кеткен, біздің қоғамда құрылысшы да тарихшы болып кеткен, мал дәрігері де, техниктер де тарихшы т.б. жетіп жатыр. Бірақ бір нәрсені түсіну керек, тарих жазу, бұл – ғылым. Ғылыми тарих деген бар, академиялық басылым – ғылымның жемісі. Ал ғылымның өзіндік зерттеу әдіс-тәсілдері, деректанулық, тарихнамалық талдаулары, т.б. зерттеу құралдары бар.
Жалпы бүгінгі таңда, мысалы, тәуелсіз журналист дегенді жиі естиміз, бірақ осы «тәуелсіз» дегеннің өзі философиялық сұрақ қой. Ешқандай журналист тәуелсіз емес-ау, өздерін тәуелсізбін деп есептейтіндер мүмкін мемлекеттік тапсырыстар бойынша жазбайтын шығар, хабар жүргізбейтін шығар, бірақ біреулердің қаржыландыруы арқылы жұмыс істейді ғой, солардың тапсырыстарын орындауы мүмкін. Егер мен дұрыс айтпасам, журналист ағайындардан алдын ала кешірім өтінемін. Сондықтан тәуелсіз тарихшы деген түсінікке, ұғымға мен басқаша қараймын. Ғылыми тарихты жазуда ғылымилыққа басымдық берілу керек.
– Қазір тарих пәні бойынша сапалы оқулық шығару мәселесі де өте өзекті болып отыр. Бұл 7 томдықты мектептерде оқулық ретінде пайдаланудың ғылыми негізі қарастырылған ба?
– Тарих пәні бойынша мектеп оқулықтарын сапалы даярлау өзекті мәселе. Оқулықтар жазылу үшін оған негіз болатын академиялық басылым болу қажет. Оқулықтар соның негізінде жазылады ғой. Еліміз тәуелсіздік алған соң да бірнеше рет мектеп оқулықтары жазылды. Алдағы уақыттарда 7 томдық даяр болған соң, соны басшылыққа ала отырып, жаңа оқулықтар да жазылады деп үміттенеміз.
– Біз қазір тарихты жаңаша, ұлттық тәуелсіз сана тұрғысында оқыту керек деп жүрміз. Бірақ соңғы жылдары жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқыту бағдарламасын қысқарту, тіпті алып тастау туралы пікірлер де көтеріліп жүр. Бұған не деуге болады?
– Әрине, тарихты жаңаша оқыту өте маңызды. Ол үшін тек академиялық басылымның болуы жеткіліксіз. Тарихты оқытатын оқытушылардың, мектеп мұғалімдерінің сапасына да дұрыс көңіл бөлу керек. Өйткені тарих – тәрбие құралы, оның атқаратын өзіндік әлеуметтік функциялары бар. Ал Қазақстан тарихын оқыту бағдарламасын қысқарту керек дегені дұрыс емес. Өкінішке орай, кейінгі 30 жыл шамасында білім мен ғылым саласында жүргізілген жүйесіз реформалар бұл саланың да берекесін кетірді ғой, оның ішінде Қазақстан тарихын оқыту мәселелері де бар.
Бүгінгі таңда бұл бағытта бірқатар шаралар іске асырылып жатыр. Министрлік тарапынан тарихшылардың атсалысуымен мәселе қарастырылған. Биылғы оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарында Қазақстан тарихын оқыту үшін бөлінетін кредиттер саны көбейтілген екен, бұрындары 3 кредиттік оқу бағдарламасы 5-ке дейін жеткізілген. Бірақ мұның өзі мәселені толық шеше қоймайды деп ойлаймын. Тарих бұл ұлттық мәселе ғой. Ұлттық дегенді анықтайтын үш сала бар, ол: қазақ тарихы, қазақ тілі және әдебиеті. Олар біздің елімізде ғана ұлттық тарих, ұлттық тіл, ұлттық әдебиет бола алады. Басқа жақта оны ешкім керек қыла қоймайды. Сондықтан оған қатысты мемлекеттік саясат та дұрыс болу керек. Осы жерде тарихтың пайдасына байланысты Алаш зиялысы, Қапалдағы Мамания мектебінде тарихтан сабақ берген ұстаз Мәнен Тұрғынбаевтың мынадай ойын айтқым келеді: «Тарих кісінің көңілін оятады, жүректі тербейді, бұрынғы жанның үстіне жаңа жан кіргізіп жасартады. Тарих кісі пікірін ашады, зор қиял кіргізеді, алдыңғы жақтан үмітті арттырады, көңілді кеңейтіп, ұзақшыл қылады, бір күндік қана жаман ойдан құтқарады. Тарих кісінің мінезін түзейді, ерлендіреді, шыдамды қылады, өткір сөзді, жүректі қылады, намысты, арлы қылады. Тарих кісінің ұлтын сүйдіреді, ұлтшыл қылады. Ұлт ісіне аянбай кірісетін бір сабаз кісі қылады. Тарих кісінің дінін жақсы кіргізеді, діндар қылады, діндегі артықшылықты үйретеді. Өтірік уәде беруден құтқарады. Мен тарихтың пайдасын санап бітіре алмаймын. Тарих – жүректің айнасы. Кісілікті көрейін деген адам тарихты оқиды». Қандай керемет айтылған ойлар! Сондықтан тарихқа, оны оқуға осы тұрғыдан қарауымыз керек деп айтар едім.
– Меніңше, әлемдік өркениет пен тарихтан ойып орын алуға тиіс тарихымыздың бір бөлшегі – дүниенің төрт бұрышына тарыдай шашылған қандастар тарихы екені талас тудырмайды. Ресми дерек бойынша әлемнің 40-тан астам елінде бытырап жүрген қазақтардың ғасырлар бойғы өсіп-өркендеу, даму, қалыптасу тарихын қамту жоспарда бар ма?
– Әрине, бұл да маңызды мәселе. Бұл бағытта осыған дейін тарихшылардың бірқатар құнды еңбектері жарық көрді. Оған тарихшы қандас бауырларымыз да бір кісідей атсалысуда. Академиялық басылымның томдарында бұған қатысты мәселелер де қамтылады деп ойлаймын. Мысалы, 6-томда ел басына күн туған күрделі кезеңдерде жан сақтау үшін амалсыз бас сауғалап алыс-жақын шетелдерге кетуге мәжбүр болған қазақ босқындарының тарихы қамтылуда. Осы сияқты тағы басқа да мәселелер томдарда баяндалатын болар.
– Қат-қабат, қарбалас жұмыстан бір сәтке болса да сұхбаттасуға уақыт тапқаныңызға көп рақмет!