Оралда 1 маусым – халықаралық балаларды қорғау күні кең көлемде аталып өтілді. Балғын бөбектерге арналған іс-шаралар ұйымдастырылып, бұл күн мереке иелерінің қуанышымен өрнектелді.
Осындай ізгі іс-шаралардың бірі – жаңадан пайдалануға берілген балалар және спорт алаңы. Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, жаңа нысанда футбол және жаттығу алаңдары, сонымен қатар балаларға арналған ойын алаңы жасақталған. Ойын алаңдары жасанды көгалмен көмкерілсе, балалар ойын алаңы мен жаттығу аймағы резеңке жабынмен қапталған.
Алаңның ашылу салтанатына Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов, Орал қалалық мәслихатының хатшысы Есентай Қалиев, спорттық алаңды салған мердігер мекеменің өкілдері және қала тұрғындары қатысты. Шаһар басшысы Миржан Сатқанов оралдықтарды мерекемен құттықтап, облыс орталығында бұқаралық спортты дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
– Қаламызда «Аулаларды кешенді абаттандыру» бағдарламалары аясында 29 аулада жаңа балалар және спорт алаңдары салынуда. Бұл жұмыстардың барлығы біздің кішкентай тұрғындарымыз үшін жасалуда. Дәл осындай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын табады. Оқушыларымыз жазғы демалыстарын сәтті өткізсін, болашақтары жарқын болсын! – деді қала әкімі Миржан Мұнайдарұлы.
Жаңа алаңның лентасын қию рәсімі оның құрылысын жүргізген мердігер «Болашақ» компаниясының өкілі Людмила Викторовна мен аула тұрғыны Ақкенже Өтепқызына берілді. Балаларға арналған заманауи ойын алаңы мен спорт алаңы аула тұрғындарына, әсіресе кішкентай бүлдіршіндерге үлкен қуаныш сыйлады. Тұрғындар да игі істің басы-қасында жүрген азаматтарға алғыстарын жаудырды.
Сонымен бірге «Халықаралық балаларды қорғау күні» мерекесіне орай Орал қаласында өзге де спорттық және мерекелік іс-шаралар өткізіліп, концерттік бағдарламалар ұйымдастырылды.