Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас Ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында экономиканың тұрақты өсуі салық саясатының түсінікті және болжауға болатындай етіп жүргізілуіне тікелей байланысты екеніне екпін берген еді. Сонымен қатар мұндағы тағы бір басымдық – салықтық ынталандыру шараларының тиімділігін арттыруда болып тұр. Өткен жылдың қорытындысына қарайтын болсақ, барлық көрсеткіштер бойынша облыстық кірісшілердің жұмысының нәтижелі атқарылғанын көреміз. Яғни, республикалық бюджет жоспарының орындалуы облысымызда 105,5 пайызды құраған. Алдыңғы жылмен салыстырғанда, өсу қарқыны 131,2 пайыз болып отыр. Ал жергілікті бюджет жоспарының орындалуы 106,9 пайызды құрап, алдыңғы жылмен салыстырғанда, өсу қарқыны 123,8 пайызды құраған. Жергілікті бюджет бойынша өткен жылдың жоспарын барлық аумақтық мемлекеттік кірістер басқармалары орындап отыр. – Облыста өткен жылы сыртқы сауда айналымы 1 818,5 миллион долларды құрады. 2021 жылмен салыстырғанда ол 341 миллион долларға өсті. Бұған шағын және орта кәсіпкерлік субъектілерінің де қосып отырған үлесі аз емес. Бүгінгі таңда біздің департаменттің есебінде 103 689 шағын және орта бизнес субъектісі бар. Оның 91887-сі жеке кәсіпкер, ал өткен жылы 29657 тұлға жеке кәсіпкер болып жаңадан тіркелді, – дейді облыс бойынша Мемлекеттік кірістер департаменті басшысының орынбасары Уалихан Әлібеков. Есепті мерзімде кәсіпкерлік субъектілерінің салық міндеттемелерінің орындалуына ыңғайлы болу үшін «Е-Salyq Business» мобильді қосымшасы бар. Бүгінгі таңда «Е-Salyq Business» мобильді қосымшасын 28 034 салық төлеуші пайдаланып үлгерген. Салық төлеушілердің өз табысын азайтып көрсету жолдарын болдырмау және көлеңкелі сауда айналымына тосқауыл қою мақсатында сауда үйлері мен бөлшек сауда орындарында департамент өкілдері сауда-саттық операцияларында онлайн кассалық машиналарды қолдану бойынша кәсіпкерлерге түсіндіру жұмыстарын жүргізіп келеді. Атап айтсақ, өткен жылы 16783 онлайн бақылау-кассалық машиналары тіркеліп, ол алдыңғы жылмен салыстырғанда 18,1 пайызға жоғарылаған. – Департамент тарапынан өткен жылы кәсіпкерлерге 657222 мемлекеттік қызмет көрсетілді. Оның 655 461-і электронды, 1761-і қағаз түрінде көрсетілген қызметтер, – дейді Уалихан Әлібеков.