Көші-қон мәселесі – ең өзекті мәселелердің бірі. Астана қаласында көші-қон мәселесі жолға қойылған. Астана қалалық мәслихатында Азамат Айтхожиннің төрағалығымен заңдылық, құқық тәртібі және жұртшылықпен жұмыс мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияның отырысы өтті. Отырыстың күн тәртібінде «Астана қаласындағы көші-қон процестерінің қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» мәселесі қаралды.
Аталған мәселе бойынша бірінші болып Полиция департаментінің Көші-қон қызметі басқармасының бастығы Ербол Махметов сөз сөйледі. Сөз басында ол ұйым қызметінің негізгі бағыттары туралы айтып өтті, сондай-ақ көші-қон қызметінің өткен жылғы жұмыс нәтижелері туралы есеп берді. Махметовтың айтуынша, мемлекеттік қызметтерді көрсетуде оларды автоматтандыру және электрондық форматқа көшіру процесіне басты назар аударылады. Бүгінде қызметтердің бір бөлігі көші-қон қызметіне жүгінген кезде, екіншілері мемлекеттік корпорация және «электрондық үкімет» веб-порталы арқылы көрсетіледі. Басқарма бастығы көші-қон заңнамасын бұзушы шетелдіктерді әкімшілік жауапкершілікке тарту, елорда тұрғындарын құжаттандыру бойынша статистика деректерін келтірді.
Халықты жұмыспен қамту және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Илья Скуб басқарма көші-қон саясатын іске асырудың бес бағыты бойынша, оның ішінде қандас, босқын мәртебелерін беру, «Ата жол» картасын ұсыну, шетелдік жұмыс күші мен еңбек мигранттарын тарту бойынша бағыттарда жұмыс істейтінін атап өтті.
Мүмкіндікті пайдалана отырып, депутат Владислав Сергеев бір мекенжайға мыңға жуық адамның тіркелуі жағдайлары кездесетін жалған тіркеу мәселесін көтерді. Депутаттың пікірінше, бұл мәселені Астананың мәртебесі туралы заңнама аясында шешуге болады. Депутат Кендебай Адамбек Елордада қаланы дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жоспары әзірленгенін, онда құқық қорғау органдарына арналған индикаторлар барын айтты. Естеріңізге салайық, ҚР көші-қон саясатының 2023-2027 жылдарға арналған тұжырымдамасы бекітілді, сондай-ақ, 2019 жылы мәслихатпен көші-қон саясатының қағидалары келісілді.
Көші-қон саясатының 2027 жылға дейінгі тұжырымдамасын іске асыру шеңберінде басқа елдерде жұмыс істеуге ниет білдірген қазақстандықтар үшін жүйелі түрде оқу орталықтары ашылып келеді. Министрлік шетелдегі азаматтарымыздың еңбек құқықтарын қорғау мақсатында бірқатар мемлекеттермен екіжақты келісімдерді пысықтады. 2024 жылдың 1 шілдесіне дейін 8,8 мыңға жуық этникалық қазақ тарихи Отанына оралып, қандас мәртебесін алыпты. Қытай мен Моңғолиядан Қазақстанға көшіп келу көрсеткіші өскен. Ұлттық статистика бюросы мәліметінше, 2024 жылдың алғашқы тоғыз айында Қазақстанға Қытайдан 1 451 адам және Моңғолиядан 1088 адам тұрақты тұруға келген. Бұл былтырғы сәйкес кезеңімен салыстырғанда 177 және 172 пайызға өсті және соңғы жылдардағы ең жоғары көрсеткіштер: Қытайдан – 2017 жылдан бастап, Моңғолиядан – 2011 жылдан бастап. Осы уақыт ішінде қазіргі көрсеткіштерге ұқсас ештеңе байқалмады. Бұл ретте Қазақстаннан Моңғолия мен Қытайға көп адам көшпейді.
Мигранттардың басым көпшілігі (98 пайызы Қытайдан, 99 пайызы Моңғолиядан) этникалық қазақтар. Қытайдан келген иммигранттардың жартысы тұру үшін Алматы немесе Астананы таңдаса, тағы 20 пайызы Алматы облысына қоныстанған. Ақмола облысы Моңғолиядан келген иммигранттар арасында танымал орынға айналған.