Көші-қонға да жаңа көзқарас, тың реформа қажет!

Көші-қонға да жаңа көзқарас, тың реформа қажет!

«Qazaqstan dauiri» газетінің 2022 жылы 3 ақпандағы №04 (13887) санында «Көші-қонға да жаңа көзқарас, тың реформа қажет!»- атты материалды жарияланған болатынбыз. Онда, соңғы кезде түрлі себептермен саябырлап қалған қазақ көшінің алдағы беталысы туралы, осы саладан хабары бар көзіқарақты азаматтардың пікірлерін оқырмандарға ұсынған едік. Біз шекаралар ашылып, жұқпалы індеттің үрейі басылатын болса, қазақ көші қайтадан жандана ма деген сұраққа жауап іздеп көрдік.

Жер бетіндегі барлық қазақ смарт әлем арқылы бірігіп жатыр

Бейсен АХМЕТҰЛЫ, журналист, көш зерттеуші.

Шетелде қоныстанған қазақтардың Қазақстанға көшіп келу мәселесін талқылаған кезде мынадай бірнеше нәрсені де ескеру керек:

Біріншіден, әр адам смарт әлемнің бөлшегіне айналған мына заманда дүние жүзіндегі барлық қазақтар бір-бірлері туралы және олар өсіп-өніп жатқан орта туралы толық мағлұматқа ие. Яғни, бұрынғыдай ат арытып, тон тоздырып іздемей-ақ, бірі-бірімен тығыз байланысқа шыға бастады. Ортақ қазақ әлемі қалыптасты деуге болады. Сондықтан олар үшін өзара байлныс бұрынғыдай күрделі емес немесе ата тегінен ажырап қалу, туыстардан бөлініп қалу мәселесі маңыздылығын жойып барады.

Екіншіден, тұрмысты сана билеген заманда, қай жерде қарны тоқ болып, бақытты өмір сүре алса сол жер отаны. Тіптен сол жеде тұрып та, қазақтың бір бөлшегі секілді өмір сүре алады. Қажет болса шетелде тұрып, балаларын қазақстаннан оқыта береді.

Үшіншіден, әр екі адамның бірі ақпарат көзінің ролін атқаратын мына заманда ештеңе жасырын емес. Кез келген қазақ, Қазақстанның жағдайын бес саусағындай біледі. Ендеше, қазақ қазақстанға не үшін келеді?

Бұрынғы көзқараспен айтсақ, ұрпағын еліне қосып, ата жұртына оралу маңызды еді. Сол үшін ең алғаш Моңғолиядан басталған ұлы көш, онсызда саны аз Қазақстан қазақтарына алып донр болып қосылды. Біреу ұрпақ үшін көшті, біреу туыстарынан бөлініп қалмау үшін көшті, біреу дүрмекке ілесіп көшті. Ал біреулер жақсы өмр сүру үшін көшті.

Ол кезде Қазақстанның жағдайы, орта азия елдерінің ішінде көш ілгері еді. Жері кең, байлығы мол, өркениетті саналатын. Сол тартымдылығымен шетелдегі қазақтарды өзіне бурай түсті. Көшіп келген қазақтың барлығында болашаққа деген сенім болды.

Ал қазір, жағдай мүлдем басқаша. Қазақстан жемқорлықтың батпағына батты. Байлық талан-таржыға түсіп, конституция қарала қағазға айналды. Елде толқулар тулып, халық қырғынға ұшырағанын кұллі әлем көрді. Соңғы кездегі биліктің түрлі әрекеттері халықтың болашаққа деген сенімін селдіретіп кетті. Оның үстіне, жалған мәліметтер мен құрғақ уәдеден шаршаған халық енді жаңа көзқараспен қарай бастады. Өзбекстан орта азияның өнеркәсіп бұқасына айналса, Қырғызстан жеңіл өнеркәсіп саласын мықтап қолға ала бастады. Тәжікстан халықарлық сауданың көрігін қызыдырып жатыр.

Былайша айтқанда, жалаң патриоттықпен көшіп келгенде, мұнда дайын тұрған түк те жоқ. Тіптен, жиған-тергеніңді шашып, нансыз қалуың да мүмкін. Сондықтан көшіп келушілер ең алдымен алда жолығуы мүмкін қиындықтар туралы жиы ойланатын болды. Ендеше, Қазақстанға көшіп келудің қазіргі мақсаты, бұрынғыдан мүлдем өзгеше деген сөз. Бұны ары қарай тарқату үшін қазақтар жиі қоныстанған елдерге жеке-жеке тоқталған жоқ.

Қазақстанға үдіре көшкісі келетін қазақтың ең үлкен тобы Қытайда. Себебі, Шыңжаңда соңғы жылдары  күрделі саяси жағдайлар болып жатыр. Билік тарапынан аз санды халықтарға қарата жүргізіліп отырған  ауыр қысым, қудалау мен қырғындау әлемнің назарын аударды. БҰҰ, ЕО елдері қытай билігінің ондағы ұйғұр, қазақ секілді халықтарға жасап отырған әрекетін «Адамзатқа қарсы жасалған қылмыс» ретінде бағалап, түрлі қараралар қабылдады. Қытай коммунистік жүйесінің бұл ауыр қылмысын ашуға Қазақстандағы қазақтардың ұлесі көп болғаны белгілі. Алайда, Қазақстан билігі, әлем мойындаған сол шындықты мойындамай отырғаны да көңілге кір келтіруде.  Деседе, сол ауыр қысым мен азап астында бақылауда тұрып жатқан қазақтардың ендігі барар жалғыз қауіпсіз мекені Қазақстан екені белгілі. Өйткені, олардың Қазақстандағы туыстары елге тезірек оралғанын көксеп отыр.

Алайда, Қытай билігі Шыңжаңдағы қазақтарды жуық арада еркіне қоя беруі екіталай. Себебеі, Қытай түрлі сылтаулармен шекараны ашпай отыр. Егер шекара ашылса, Қытай билігінің аз ұлттарға жасаған қылмыс іздері көп мөлшерде ашыла түсері даусыз. Сондықтан олар, түрлі жолдармен қазақтардың Қазақстанға көшіп кетуін кешеуілдетеді. Бұған шын мәнінде Қазақстан билігі де мүдделі болуы мүмкін. Өйткені, Қазақстандағы қазақтардың үлес салмағының артуы мен ұлттық буржуазияның күшеюі билікке қысым түсірері даусыз. Сол үшін түрлі жолдармен, олардың келуіне кедергі жасап келеді. Мысалы, ешқандай заңдық негізі жоқ анықтамаларды талап ету арқылы азаматтық алуды шектеп келгені белгілі.

Қысқартып айтқанда, Қытай алдағы он жылда қазақты қазақстанға еркін жібере қоймайтыны айдан анық. Ал Қазақстан билігі үшін бұл іздегенге сұраған. Немесе басы артық ауруды тілеп алғысы жоқ.

Моңғолиядағы қазақтардың Қазақстанға көшуі саябырлады. Осында туыстарына қара тартып келгендер мен оқуға және жұмысқа келген қандастарды атауға болады. Бірлі-жарым көшіп келетіндер де жоқ емес. Өйткені, оларда Қазақстандағы жағдайды көзбен көргендей көріп, біліп отыр. Оның үстіне, олардың әлеуметтік, экономикалық және саяси жағдайы Қазақстаннан әлде қайда жақсы. Жоғарғы Хуралда депутаттары, Үкіметтегі белді орындарда өкілдері бар. Балалары әлемнің түпкір-түпкірінде еркін оқып, ғаламдық ортадан өз орындарын тауып отыр. Тіптен, жиі қоныстанғандықтан, ұлттық бояулары Қазақстанға қарағанда қою әрі сана-сезімдері де жоғары екені өтірік емес. Әрине, кей азғандай кемшіліктерді атамағанда.

Өзбекстаннан келетін қазақтар да бұрынғыдан азая бастаған. Мұнда жұмыс табу мен түрлі бюрократтық кедергілер оларды да шаршатқан. Оның үстіне, өзбек еліндегі соңғы кездегі экономикалық және өндірістік дүмпу олардың үмітін оятқан. Қазақстанға бұрынғыша көзқараспен қарай алмайды. Мұндағы қымбатшылық, жемқорлық мәселелерін де көріп-біліп отырғаны белгілі. Кей жағдайда, Қазақстанмен салыстырғанда Өзбекстанда өмір сүру белгілі дәрежеде жеңілірек болуы да мүмкін. Дегенмен, қазақстанға келетін көштің ендігі үрдісі аз болсада осы елден болады.

Ресейден көшіп келетіндерден, сонда көшіп кететіндер көбейіп жатыр. Себебі, онда қазақстанмен салыстырғанда белгілі дәрежеде қоғамдық әділдік бар. Әлеуметтік жәрдем ақылар көбейген. Мысалы, ана капиталы секілді әлеуметтік және қаржылық қолдау өз жемісін бере бастады. Жұмыс көзі көп, айлық жалақылары да бізден жоғары. Оның үстіне, тілі мен менталитеті бірдей көрші елге көшіп кетуге қажеттілік туып тұрған жоқ. Есесіне,  тұрмысын жақсарту үшін Ресейге көшіп кетіп жатқан қазақтар да көбейген.

Ең өкініштісі, мыңдаған Қазақстан жастары Ресейге барып оқып, сонда жұмысқа қалып жатыр. Міне бұл, ауыр жоғалту. Біз осылайша адам капиталынан айырылып жатырмыз. Өкініштісі биліктің қазірше оған көңіл аударуға құлқы жоқ.

Ауғанстан мен Ираннан көшіп келгісі келетіндер бар. Бірақ, олардың саны аз. Дегенмен, осында көшіп келіп азаматтық ала алмай жүргендері де жоқ емес. Сонымен бірге, қазақстандағы қазіргі жағдай да оларды алаңдатып отыр. Оның үстіне, елге келіп, сіңісіп кету де қиынық тудырады.

Ал, Түркиядан ешкім көшіп келмейді. Есесіне, бұрынғы көшіп келгендер қайта көшіп кетіп жатыр. Оған Түркиядағы жайлы климат пен жаңа мүмкіндік үшін үдіре көшкен жаңа толқын көшті де атай кеткен жөн. Тілі мен ділі бір халық үшін, бұл да бір медеу.

Еуропадан ешбір қазақ көшіп келмейді. Есесіне, Қазақстанның адам капиталы еуропа және АҚШ секілді батыс елдеріне кетуді мұрат тұтады. Бұлардың ішінде жастар мен Қазақстан билігінен көңілі қалған адамдардың саны күннен күнге артып отырғанын ресми статистикадан көріп отырмыз.

Қысқартып айтқанда, сананы тұрмыс билеген мына заманда Қазақстанға келетін ауқымды көшті қазір көріп тұрғамыз жоқ. Қытайдағы қазақтың тұсауы шешілсе, дүркіреп көшер еді. Қазірше, мүмкін емес ау...  Егер, Үкімет мықтап қолға алса, әрине, жақсы нәтиже болары хақ. Себебі, шетелден келетін әр қазақ Қазақстан үшін қымбат адам капиталы екенін ұғынатын кез келді. Алайда, өз таланттарына мүмкіндік жарата алмай отырған қорқау биліктің құлқы басқа.

Десе де, елдің аты ел. Бір қуанарлығы, жер бетіндегі барлық қазақ смарт әлем арқылы бірігіп жатыр. Алдымызда жаңа бір талантты адам капиталы толқын болып келіп, ескі бөгетті бұзып өтетін күн де туар. Ең маңыздысы, әр бұрыштан нәпақасын тауып, қоңыр қозыдай мөлтеңдеген әр қазақтың жалғыз арқа тірегі Қазақстан аман болсын.

 

Көш тоқтамайды

Тұрсынәлі АХМЕТОВ, Өзбекстан журналистика және бұқаралық коммуникациялар университетінің докторанты. Ташкент қаласы, Өзбекстан.

Е.СЕЙТҚАЛИ: Пандемия ақырласып, жағдай қалыпқа түсер болса,  Өзбекстанда тұрып жатқан қазақтардың атажұртқа қоныс аудару жағы қалай болады деп ойлайсыз?

Тұрсынәлі АХМЕТОВ: «Газета.уз» интернет басылымында Өзбекстанда соңғы жылдардағы көші-қонға байланысты жарияланған цифрларға көз жүгітсек, Өзбекстаннан Қазақстанға 2018 жылы 8848 адам, 2019 жылы 7645 адам, ал 2020 жылы 5843 адам көшкендігі айтылған. Яғни, 2018-2020 жылдарда Өзбекстаннан Қазақстанға жалпы 22336 адам көшкен. Бір қарағанда, өзбек елінен қоныс аударатын қазақтардың саны азая бастағандай көрінеді. Дегенмен 2021 жыл бойынша айтылған деректер бұны жоққа шығарып отыр. Тағы да сол «Газета.уз» интернат басылымындағы деректерге жүгінетін болсақ, өткен жылы Өзбекстаннан шет мемлекеттерге көшіп кеткен 20140 адамның жартысынан астамы, дәлірек айтқанда 56,6 пайызы Қазақстанға көшкен. Бұл 11 мыңнан астам адам. Олардың қай ұлт өкілдері екені туралы нақты ақпарат болмаса да, басым бөлігі қазақтар екеніне күмән жоқ. Өзбекстаннан Қазақстанға көшу үдерісінің күрт артуына белгілі мөлшерде Covid-2019 пандемиясының да әсері болған шығар. Ал осы пандемия ақырлап, жағдай қалыпқа түсетін болса, Өзбекстанда тұрып жатқан қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуы да соңғы жылдардағы көрінісіне қайтса керек. Яғни Өзбекстандағы қазақтардың көші тоқтамайды.

Е. СЕЙТҚАЛИ: Соңғы санақ бойынша Өзбекстанда қанша қазақ бар?

Тұрсынәлі АХМЕТОВ: Өзбекстандық БАҚ-та жарияланған Мемлекеттік статистика комитетінің мәліметтеріне орай, 2021 жылдың 1 қаңтарындағы жағдай бойынша Өзбекстан Республикасы тұрғындарының 2,2 пайызы қазақ ұлтының өкілдерінен құралып, жалпы саны 821200 адам.

Е. СЕЙТҚАЛИ: Қазақ мектептері мен БАҚ-тарының жағдайы қандай?

Тұрсынәлі АХМЕТОВ: Ашық дереккөздерде жарияланған цифрларға сүйенетін болсақ, Өзбекстан Республикасындағы 10 мыңнан астам мектептің 218-інде қазақ тілінде білім беріледі. Олардағы оқушылар қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз етілген. Республикалық «Нұрлы жол» газеті өз оқырмандарына толығымен қазақ тілінде ақпарат жеткізіп тұр. Бұдан тыс Ташкент және Науаи облыстарындағы бірнеше аудандық газеттер қазақ тілінде басылады. Республикалық және облыстық телерадиоарналарда қазақ тіліндегі телебағдарламалар мен радиохабарлардың жұмысы жолға қойылған. «УзА» ақпарат агенттігі, «Янги Узбекистон» газеті сияқты өзбек елінің орталық БАҚ-тары өздерінің интернет сайттарында қазақ тілінде де ақпарат таратады.

Ескерту: материалдың жалғасын келер нөмірлерден оқисыздар.

 

P.S: Жаңа Қазақстанның бір тамыры шетелдерде жатыр. Сондағы бауырларымыздың саны да қомақты. Әлі де олардың дені Атажұртқа оралуды аңсайды. Шынын айту керек, соңғы жылдары оларға қырын қарадық. Енді ол көзқарасымызды түбегейлі өзгертіп, көші-қонды жақсартатын реформа керек. Осы көкейтесті мәселеге бәріміз де атсалысайық, ағайын!

Ерқазы СЕЙТҚАЛИ
17.02.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 40
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 116
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 33
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 41
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 49
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 41
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 111
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 116
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 308
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 302
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 925

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8998
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8393
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11618
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9376
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10602