Луговой – өндірістік әлеуеттің күретамыры

Луговой – өндірістік әлеуеттің күретамыры

Қазақ даласына алғаш рельс төсеп, теміржол салынып басталған  Тұрар Рысқұлов ауданына қарасты Луговой ауылы бүгінде елге тоғыз жолдың торабы ретінде белгілі. КСРО-ның бірінші бесжылдығындағы басты құрылыс жобаларының бірі ретінде тарихта қалған Түркістан-Сібір магистралінің алғашқы рельсі 1927 жылдың 19 қарашасында Луговой ауылында төселді. Бүгінде бұл ауылда рельс дәнекерлеу зауыты және бірнеше теміржол мекемелерімен қоса жеке кәсіпкерлік те дамып келеді. Сонысымен де бұл ауыл – өндірісті аймақ.

 

Луговой – аудан орталығы Құланнан кейінгі ең үлкен аймақ, 10 мыңнан аса халқы және үлкен теміржол станциясы бар ауыл. Осындай іргелі ауылдың бүгінгі экономикалық-әлеуметтік жағдайы турасында біраз ақпарға қанықтық. Луговой Тұрар Рысқұлов ауданының өндірісті әрі өзіндік ерекшелігі бар елді мекендерінің бірі. Бүгінде мұнда жалпы 10 462 адам тұрады. Ауыл күнделікті тұрмысқа қажетті таза ауызсу, көгілдір отын, жарықпен толығымен қамтамасыз етілген. Мұнда 27 мекеме бар, тоғыз жолдың торабында орналасқандықтан, оның 12-сі теміржол мекемелері болып табылады.

Луговой заман ағымынан қалмай көркейіп, дамып келе жатыр деп айтсақ, артық болмас. Мұнда экономикалық көрсеткіштердің барлық бағыттары бойынша оң динамика қалыптасқан. Биылғы жылы сауда үйі мен құм блоктармен өрнек тас өңдейтін инвестициялық жобалар жүзеге асырылды. Нәтижесінде ауыл тұрғындары, жастары жұмыспен қамтылуда. Жалпы, жыл басынан бері 72 адам тұрақты жұмыспен қамтылса, 22 адам ақылы қоғамдық жұмысқа орналастырылды. Сондай-ақ, ауыл жастары да назардан тыс қалып жатқан жоқ. Биыл 13 жас маман «Жастар тәжірибесі» бойынша және алғашқы жұмыс орнымен 8 адам қамтылды. Сондай-ақ, табысы кедейшілік шегіне жетпейтін 40 отбасының 224 мүшесіне 12,4 миллион теңге мемлекеттік атаулы көмек тағайындалып, төленді. Айта кету керек, жуырда ауыл халқы өз әкімдерін сайлау арқылы тағайындаған болатын. Көптің қалауы осы ауылдың тумасы Жасұлан Өмірқұловқа түскен еді. 

– Кез келген елін жақсы көретін азамат өзінің туған жеріне, халқына қызмет етіп, ел дамуына өз үлесін қосуды армандайды, басты мақсатына балайды. Мен бүгінде кіндік қаным тамған өлкенің әкімі болып, туған ауылымның әлеуметтік, экономикалық жағдайын жақсарту жолында қызмет етіп жүргенімді перзенттік парызымды орындауға берілген мүмкіндік деп білемін. Осы парызымды өтеу баспалдағында ілгері бір қадам жасадым деп сенемін. Биылғы шілде айында өткен сайлау нәтижесі бойынша өзім туып-өскен жеріме әкім боп сайландым. Өзім өскен өлкенің өткені мен бүгінін бір кісідей білетіндіктен, ауылымызға ненің қажет екенін де, халықтың жағдайын да жетік түсінемін және осы бағытта барынша аянбай еңбек етуге тырысып келемін.

Сол шілде айынан бері бірқатар мәселелер мен сұрақтар шешімін табуда деп айтуға болады. Атап айтсақ, ауылымызда жалпы ұзындығы 5700 метрді құрайтын 5 көше жолдары жөндеуден өтті. Нақтырақ айтқанда, республикалық бюджеттен жалпы құны 134,3 миллион теңге бөлініп, Желтоқсан, А.Пушкин, Е.Шаймерден, Игілік және Ынтымақ көшелерінің жолы жөнделді, – деді ауыл әкімі. 

Жасұлан Бейшенқұлұлының айтуынша, округ аумағында 46 көше бар, соның 35 көшесі жарықтандырылған. Жалпы құны 14 миллион 34 мың теңгеге Тәуелсіздік, С.Есімов көшесінің аяғы Түркісіб көшесіне дейін, Желтоқсан, О.Исаев, Жәнтелі батыр, Қазбек Әбіт көшелеріне 116 дана жарық шамдары орнатылды. Сонымен қатар, бүгінгі таңда Самарқан көшесіне көше жарықтарын жүргізу үшін қосымша 2 миллион теңге бөлінді. Осы аталған жұмыс жыл соңына дейін аяқталатын болады. Ауыл тұрғындарының мәдениеті мен спортқа деген қызығушылықтары да назардан қалып жатқан жоқ. Ауыл жастарын бұқаралық спорт түрлеріне баулу мақсатында М.Горький атындағы орта мектебінің алдында орналасқан скверде стрит-воркаут биылғы жылы ашылған болатын. Ауыл халқы өз жерлестерін әкім лауазымына  сайлайтын кезде «жас әкім» деп үлкен үміт артқаны белгілі. Бұл ретте Жасұлан Өмірқұловтан тұрғындармен қанша уақытта жүздесіп, пікірлесіп отыратынын, сондай кездесулерде тұрғындар қандай мәселелерді көтереді және олардың шешілу жолдары қалай жүзеге асып жатқанын да сұраған едік. 

– Ел Президентінің 2022 жылғы 3 наурыздағы №826 Жарлығына сәйкес барлық деңгейдегі әкімдердің халықпен кездесулер өткізуі және азаматтарды жеке қабылдауы кестесіне сәйкес, ауыл тұрғындарымен тоқсан сайын кездесулер өтіп тұрады. Одан бөлек көше жиналыстарын да ұйымдастырып тұрамыз. Әлеуметтік желіде өзімнің жеке парақшаларыма да, ауылымыздың ресми парақшасына да тұрғындар көңілінде жүрген сұрақтарын, қоғамда болып жатқан өзгерістерге өз ұсыныстарын жазады. Жолданған сұрақтар мен ұсыныстар назардан тыс қалған емес. Маған кез келген өзекті мәселе ешбір сүзгіден өтпей, қаз- қалпында ұсынылады. Әлеуметтік желімен басқа да ақпарат құралдарындағы жазбалардың әрқайсысымен жеке танысып отырамын. Жиналыстарда сол мәселелер бойынша тұрғындармен бірлесе отырып, оң шешімін шығаруға тырысамын, – деді ол. Айтуынша, жеке қабылдаулар да тұрақты өткізіліп тұрады. Қандай мәселе болса да шұғыл шешімін табуға бар мүмкіндікті қарастырады.

Тұрғындардың көп жылдан бері айтып, бірақ әлі күнге дейін нәтижесін көре алмай келе жатқан өзекті мәселесі – теміржол өткеліне автожол үшін көпір салу. Бұл көпірдің маңызды болу себебі – теміржолдың арғы бетінде үлкен мектеп бар, оған жолдың бергі бетінен көптеген оқушылар мен педагогтер қатынайды және арғы жақтағы Қорағаты, Бәйтелі, Қызылшаруа, Ақбұлақ ауылдарына да көп кісілер бергі жақтан күнделікті барып келеді.

Бұл сауал – қазіргі таңда ауыл тұрғындарының жиі көтеретін мәселесі. Әрі республика көлемінде қозғалып жүр. Ауыл ортасынан Астана, Алматы, Қарағанды, Тараз, Шымкент бағытында және көрші мемлекет Қырғызстан, Өзбекстан мемлекетіне баратын Қазақстан теміржолы кесіп өтеді. Теміржол мекемесінің мәліметі бойынша жоғарыда көрсетілген барлық бағытта тәулігіне 35-40 жолаушы және жүк пойызы өтеді екен. Теміржол өткелі арқылы Шу, Қарағанды, Астана қаласына және аудан орталығы Құлан ауылына баратын ауданаралық, облыстық маңызы бар тас жолы кесіп өтеді. Теміржол өткелінен тәулігіне екі бағытта 1200-1300 автокөлік өтеді. Аудан орталығы теміржолдың солтүстік жағында орналасқан. Өзіңіз айтқандай, теміржолдың оңтүстік жағында аудан орталығына қатынайтын 2 ауылдық округтегі 5 елді мекен орналасқан. Луговой ауылының өзінде 10,5 мың халықтың 3600-і солтүстігінде, 6900 тұрғыны оңтүстігінде тұрады, ауылда 3 мектеп, 2 балабақша, 22 мекеме бар. Оқушылардың мектепке, ауыл тұрғындарының жұмыстарына қатынауы, ауданаралық көлік осы ауылдағы теміржол өткелі арқылы қатынайды. Теміржол өткелі пойыздар көп жүретін болғандықтан, жиі жабық болады және көліктер кептелісі туындайды. Осы орайда аспалы көпір құрылысын салуға жобалық-сметалық құжат әзірлеуге жергілікті бюджеттен қаражат қоюға мүмкіндік қарастырылмаған. Осы себептен аталған мәселе бойынша облыс әкімінің орынбасары атынан 2023 жылы «Қазақстан темір жолы» акционерлік қоғамының басшысына хат жолданған. Бірақ, өкінішке қарай, бүгінгі күнге дейін ешқандай жауап келмеген. Жақында ғана осы мәселені Парламент отырысында Сенат депутаты Сәкен Арубаев көтерген болатын. Ауыл әкімі жақын болашақта осы мәселе оң шешімін табады деген үмітте.

– Қазіргі таңда халықтың ортақ қазынасына қаншалықты түсім түсірілуде? Ауыл игілігіне бөлінген қаржыны игеру қандай деңгейде екенін білудің де маңызы зор.  «Луговой рельс дәнекерлеу» зауыты республикалық кәсіпорын болғандықтан, салығы аудан бюджетіне түседі. Ауылдағы салықтық түсімдердің жоспары 63 миллион 576 мың теңгені құрайды. Оның ішінде жеке табыс салығы 33 миллион 500 мың теңге, жеке тұлғалардың мүлкіне салынатын салық – 895 мың, жеке тұлғалардың жерлерінен түсетін салық – 385 мың, заңды тұлғалардың көлік құралдарына салынатын салық – 257 мың, жеке тұлғалардан көлік құралдарына салынатын салық 28 миллион 539 мың теңге.

Ауылда спорт кешені және Street Workout бары белгілі. Бұқаралық спортты дамыту оңтайлы жүріп жатыр. Жалпы Т.Рысқұлов ауданынан белгілі жеңімпаздар, спорт шеберлері мен саңлақтары республика көлемінде ғана емес, халықаралық дәрежеде жетістікке жетіп жүргені баршаға аян. Оның ішінде  Луговой ауылында да спорт саласын дамыту ешқашан назардан тыс қалған емес әрі үлкен жетістіктерге жету жолында спортшыларға бар жағдай жасалып келеді. Спорт мектептерінде күрес, дзюдо, бокс, кикбоксинг, футбол мен волейбол сынды 6 спорт түрінен үйірмелер бар. Онда 6 жаттықтырушы 429 жасөспірімді салауатты өмір салтына баулып, болашақ чемпиондарды дайындауда. Осы жылы Луговой ауылында 13 спорттық іс-шара өткізілген болатын. Мұндай шаралар алдағы уақытта да жалғасын таба бермек. Ауыл мақтанышы Айару Кайпова шахмат ойынынан Батыс Азия чемпионатына Қырғыз еліне барып, жүлделі бірінші орынды олжалап келді. Осы алдағы 1 желтоқсанда Тайланд еліне барып, Қазақстан құрамасының атынан жарысқа қатысатын болады. Сонымен қатар, 2024 жылдың 25-29 қыркүйек күндері өткен бокстан Жамбыл облысының чемпионатында Диас Сұлтанғали ІІІ орын иеленсе, Қонаев қаласында Халықаралық балаларды қopғау күніне орай өткізілген бокс турнирінде Дарын Қуатбек І орынды жеңіп алған болатын. Ал Дамир Тұрархан ІІ орын, Қайсар Қуат ІІІ орын, Аңсар Қанат ІІ орын, Ерсайын Мұхаммед-Садық ІІІ орын, Дархан Сейткерім ІІІ орыннан көрініп, өз салмақ дәрежелерінде жеңімпаз атанып, жүлделі орындарды иеленіп келді. 

Кез келген ауылдың өркендеуіне сол ауылдағы кәсіпкерлік саласының алға жылжуы, өніп-өсуі әсер етеді. Бүгінгі таңда ауылда 144 шағын орта бизнес, 1 ірі кәсіпорын бар. Оның 99-ы жеке кәсіпкер. Жоғарыда айтылған «Луговой рельс дәнекерлеу» зауыты мен жаңадан іске қосылған құм блоктармен өрнек тас өңдейтін инвестициялық жобадан басқа биылғы жылы ауылда ерекше «Mooztau» атты тоңазытқыш құрастырушы кәсіпорын сәтті жұмыс істеуде. Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024-2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында мемлекеттік қайтарымсыз грантты 2023 жылы асыраушысынан айырылған, көпбалалы, мүгедек бала қараушы 5 отбасы алса, биыл бүгінге дейін 9 отбасы алған болатын. Олар тігін, нан өнімдері, тауық еті, портрет салу бойынша кәсіптерімен сәтті айналысып жатыр. Ауыл әкімі сондай-ақ тағайындалған күннен бастап алға қойған жоспарларымен де бөлісті. 

– Өзімнің сайлауалды бағдарламамда көрсеткендей, алдағы уақытта атқарылар жұмыстар жетерлік. «Түрксіб» теміржол бекетінің ғимараты күрделі жөндеуді қажет етеді. Бұл туралы мәселе тұрғындармен өткен кездесулерде де көтеріліп жүр. Алдағы уақытта осы мәселені қолға алып, жөндеу жұмыстарымен қатар бекет аумағын абаттандыру жұмыстарын жүргізсек деп жоспарлап отырмыз. «Луговой – Әскери қалашығы» аудандық маңызы бар автомобиль жолы және С.Есімов атындағы көше жолына ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Сонымен қатар, ауыл аумағында орналасқан білім ошақтарын күрделі жөндеуден өткізу де жоспарымызда бар, – деп қорытындылады Жасұлан Өмірқұлұлы. 

Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ, Жамбыл облысы Т.Рысқұлов ауданы
08.11.2024

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 43
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 574
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 688
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 602
Аспан таулар етегіндегі  еңбекқор жандар
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ, Асым СУЛАЙМАНОВ, Алматы облысы - 13.11.2024 612

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8749
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8148
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11377
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9131
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10362