Макар Чудра

Макар Чудра

Ораз Қауғабай халқы үшін жанын аямай еңбек етіп жүрген қаламгерлердің бірі де бірегейі екенін мойындауымыз қажет. Семей полигонының қасіреті жөнінде БҰҰ-ға петиция тапсырған 7 еріктінің бірі болып, Нью-Йоркқа жасаған жанкешті сапарын бүкіл Алаш біледі деп ойлаймыз. Қаламы жүйрік Орекең Әлмерек бабасы жайлы толғау-толғау мақалалар жазған. Атақты қонаевтанушы екені бесенеден белгілі. Орекең туралы, оның жемісті шығармашылығы туралы бәрі-бәрін тауысып жазу мүмкін еместігін білеміз. Тағы бір білетініміз  – үндемей жүріп, таудай істер атқарған Ораз Қауғабай бауырымыз құдай қаласа жақында 70-тің шыңына шықпақшы. Мерейтой құтты болсын дей тұрып, «Макар Чудра» атты эссе-толғауын беріп отырмыз. Ореке, құдай сізге ұзақ ғұмыр, зор шығармашылық табыс берсін! Аспан таудай шоқтығы биік кітаптарыңыздың шыға беруіне тілектеспіз!

О бастан-ақ қонаевтанушы  болып тудың ба,

Димекең жайында жазғаның  түгел сұңғыла.

Анда-санда жатқа соғып тұрмасаң,

Өкпелейді атаң Макар Чудра. 

Бекен Шоланов, 

ақын-қаламгер

 

Бір жылдары мен мектепте оқып жүргенде А.Горькийдің бір мерейтойы КСРО-да дүркіреп өтіп жатты. Газет, журналдардағы ұлы жазушы жайында жазылған мақала, ғылыми еңбектерде есеп жоқ еді. 10-сыныпта оқып жүргенде оның «Сұңқар» туралы жырының кейбір тұстарын жаттап, әдебиет пәнінің мұғалімінен жақсы сөз естідім. Ауылдың жанындағы өзен жағасында серуендеп жүріп кітап оқу әдетім еді. Жазушының «Макар Чудра» әңгімесін далада су жағасында отырып оқығаным бар. Кітап оқиғасы теңіз жағасында отырып әңгіме бастайтын Макар атты қарияның көзбен көргендерінен жалғасады. Кейін білдім Макар дінге байланысты қойылған ат екен. КазМу-ге оқуға түскен соң кітапханада неге екені белгісіз, Лениннің рухани досы Горькийдің осы әңгімесін қайталап оқи бергім келетін. Тіпті, әңгіменің кейбір тұстары өзінен-өзі жаттала бастады. Ойланып жүріп, әңгіме желісі мен оқиғаны сақтап, сөзбе-сөз жаттамай, өз сөзіммен, өз ой сарыны арқылы енді оны топ алдында айтқанды жөн көрдім. Сөйтіп, алғаш рет КазПи-дің жатақханасында Батықтың барып жүретін қызы, қазір жары Оразханның туған күнінде махаббат жыры «Макар Чудраны» басынан аяғына дейін өз мақам сөзіммен айтып шықтым. Туған күнге келгендер ду қол шапалақтап, қарасөзбен қыз-жігіттерді ұйытып тастаған маған жақсы тілек тіледі. Әсіресе, Мұқағалидың жырларын, Оспанханның әзілдерін жатқа айтатын Батық бұған қатты риза болды. Таңданысында жасыра алмады.

 

Роза-Тоқтар тойы 

Алғашқы курстардың бірінде Роза мен Тоқтардың үйлену тойы болды. Осы тойда қалың көпшіліктің алдында сұлулар, махаббат туралы әңгіме-толғауын тұңғыш рет сол өз сөз саптауым бойынша көсілте айтып, ерекше ықыласқа бөлендім. Момын менен бұндай өнерді күтпеген курстастардың маған деген көзқарастары өзгере бастады. Кілең студент ақын, жазушы, сазгер, домбырашы, әнші, күйшілердің арасында жалғыз қаражаяу мен болатынмын. Өйткені мен басында университеттің философия факультетіне құжат тапсырып, түсе алмайтынымды біліп, тарих факультетіне тапсырып, құлап ауылға қайтқанмын. Мектепте жүргенде аудандық газетке мақала жазатынмын. Соңында журфакқа жетелеп, осы факультеттен бір-ақ шығарған еді. Мектепте жүргенде менің лақап атым «философ» болатын. «Макар Чудра» әңгімесінде бақыт жайында «ой толғау» айтылатын философиялық меңзеулер бар.

 

Қасқыр ұлыған түн және Қуаш

 «Макар Чудраға» риза болып, ол туралы әңгіме жазған Қуаш қашанда мені достарына таныстырып, кеш, туған күндерде бірге болып, жұбымыз жазылмады. Жаңылмасам соңғы курстардың бірінде ол қазіргі «Абылайхан атындағы қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері» университетінде оқитын Рысалдымен танысып, қыдырып, киноға барып жүрді. Бірде 8 наурыз әйелдер күнінде оны қасындағы бір-екі құрбысымен қыдыртып, соңында өзі заңгер досының үйіне әкеліп қонақ қылды. Әрине, мені де бірге алып келді. Мақсаты маған өзі ұнататын махаббат жыры «Макар Чудраны» айтқызу еді. Отырыс жақсы басталып, кеш түн жарымға дейін жалғасты. Бір кезде Қуаш маған қарап, «Макар Чудраны» баста деді. Жайлап орнымнан тұрып, жырды енді бастайын дегенде қасқыр ұлыды. Біз келген үй зоопарктің жанындағы аң-құстардың даусы жиі естіліп тұратын басқалқа еді.Бір кезде қасқырдың ұлығаны басылды. Осыны күтіп тұрған мен  даусымды шығарып, жырды айтуға оңтайланғанымда құдай салмасын неше түрлі аңдар мен құстардың қиқулаған, ақырып, шақырған үндері  азан-қазан қылып, құлақ тұндырды. Бір кезде әйтеуір тоқтады. Не керек «Макар Чудраны» қысқартып айтып, таң алдында құстар сайрай бастағанда тоқтаттым. Арада көп жылдар өткенде мұны еске алып, Қуаш екеуміздің күлгеніміз бар. Оқу бітіргеннен кейін Қуандық екеуімізге жолдаманы жаңадан құрылған Торғай облысына жіберді. Бір себептермен онда баруды жөн көрмедік. Қуаш жолын тауып Алматыда қалды. Мен осы облыстың  Күрті ауданына келіп, жұмысқа орналастым. Арада 2 жыл өткенде  екеуіміз Құдайдың құдіреті болар Торғай облысының орталығы Арқалық қаласына келдік. Алла Тағаланың қалауы солай  болар Торғайлық қызға үйленетін болдым. Қызбен  таныстырып, жарастырған, соңында шаңырақ көтеруге себеп болған сол тағы «Макар Чудра». Курстас Сейдолланың жаңақоныс тойында ғашықтар жайындағы жыр ерекше бір шабытпен жалғасты. Секең әйелінің құрбысы Ләззатқа жыр қатты ұнаған. Тіпті осы кеште махаббат  сезім түйсігін сезген ақын, журналистер сәтінде бізді жарастырып жібергеніне қазір қайран қаламын. Ол кезде мен сұр бойдақ едім. Қуандық екеуіміздің құдаласуға барған Торғай-Арқалық сапары кейін аңыз болып кетті.

 

Күнге бет алған тобыр

1975 жылы қуаныш тойларда, жатақханадағы туған күн кештерінде  «Макар Чудраны» кемеліне келтіріп айтудың жұлдызы оңынан туды. Менің  «Макар Чудраны»  жатқа айтып жан-тәніммен махаббат жырын уағыздап жүргенім Құдайдың құлағына шалынған болар  шығарма желісі бойынша «Мосфильм» киностудиясы түсірген   кино Алматыда көрсетіле бастады. «Табор уходит в небо»  атты  сыған сұлуы мен оның ғашығы жөніндегі киноны көруге көрермен кезекке тұрды. Мен айтатын «Макар Чудраны» халық экраннан көріп,  тамашалады. Киноны көрген студент достарым, құрылыста істейтін  жолдастарым «Ораз айтатын махаббат жыры қалай  экранға шыққан?» деп таңданған ғой. Мен айтатын «Макар Чудра» әңгімесінің желісі бойынша түсірген фильм ұнады. Сығандардың шектен шыққан билері мен сарыны маған ұнамады. Мен өзім фильм атын «Күнге бет алған тобыр» деп аударып, кино рецензия жазғым келді. Бірақ реті келмеді. 64 миллион көрермен көрген кино көптеген шетелдерде көрсетіліп, бірнеше рет халықаралық сыйлыққа ие болғанын кейін білдім. Қазіргідей интернет жоқ заманда халық жаппай кино көретін еді ол кезде.

 

Макар Чудра Түркістанда

Қазіргі белгілі қаламгер, ғалым, діндар, курста адалдығымен аңыз болған Орынбек Жолдыбаев бізбен бірге оқыды. Оқуды бітірген соң бірер жыл қазақ теледидарында  істеді. 1980 жылы үйленетін болып, қалыңдығын Түркістандағы туыстарына апарып,таныстырып, олардың батасын алғысы келді. Жанына серік, болашақ күйеу жолдас мен болдым. Орекеңнің болашақ жары Бейсенкүл және оның екі құрбысымен жолға шықтық. Түркістанда бізді күтіп алған Орекең туыстарының үйіндегі отырыс өте жақсы болды. Қызық әңгіме, ән, күй жалғасты. Қызып алған  жұрт маған енді сіз өнеріңізді көрсетіңіз деді. Баяғы «Макар Чудраны»  бұл жерде өзгеше бір қырынан айттым. Басында бір-біріне өлердей ғашық болып, соңында  бірін-бірі өлтірген, Рада сұлу мен Лайко Забодың трагедиялық махаббаты  тыңдаушыларды қатты ойландырып, тіпті мұңға батырып жіберді. Енді оларды көңілдендіруді ойлап, әкем тартатын терме күйдің қайталана беретін сарынын домбырада орындадым. Бұл күйдің аты «Жетісу» деп айтқанымда «Макар Чудра» мұңға батырған  жұрт көңілденіп, дүбірлі отырыс ары қарай жалғасты. Қуандық менің әкемнің күйшілігі жөнінде кезінде жазған. Бірақ бұл өнер маған дарымады. «Домбыра тарта алмайтын Ораз Түркістанда Орынбектің  қалыңдық қуанышында  Жетісудың жігіті «Жетісу»  атты күй орындаған деп мұны Қуаш  әзілге айналдырып, курстастарды күлдіріп жүрді.

 

Студент кейіпкер

Әлемге әйгілі А.Горькийдің «Макар Чудра» әңгімесін мен жолма-жол жаттап, ешқашан айтқан емеспін.Оқиға желісін сақтап, өз сөз саптауымен, ой түйіп, толғанудың тылсым күші арқылы әңгіме  өзінен жыр болып төгілетін. Мұны сезімтал  ақын, ақынжанды журфактың  студенттері жақсы білетін. Олар «Ораз ойынан шығарып, табан астында тапқыр теңеу тауып, бейне өзінің төл туындысындай жатқа айтып тұрған жоқ па? Ешкімге ұқсамайтын өзіне тән қабілеті арқылы махаббат жырын осылай айтып, айызымызды қандырып жүр ол» дейтін. Маған осылай баға берген Қуандыққа, Мылтықбайға, әулие Серікке риза болатынмын.

Оқуды бітіріп, «Арман қанаты» жинағына шығып, жас жазушы атанған соң «Макар Чудраны» айтуды қойып кеттім. «Өнерді үйрен де, жирен» деген қағиданы ұстандым. Адам рухани әлемі үнемі өзгеріп, жаңарып отырмаса ол тоқырайды екен. Соны ойладым.

Студент кезімде КазГуградта атымды шығарған «Макар Чудраның» ол кезде тарихқа айналатынын білген жоқпын. Мен туралы әңгіме болғанда  «Ораз-Макар Чудра еді ғой» деп еске алады жастық шақтағы достарым. Қазір белгілі жазушы Қуандық кітабына өмірде бар, «студент кейіпкер»  болғаным маған деген  достарымның  сол дәуірге тән  ізгі ниет, сүйіспеншілігінен ғой деймін.

 

Ораз ҚАУҒАБАЙ, жазушы
03.03.2022

Ұқсас жаңалықтар

АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 141
САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 58
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 177
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 54
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 175
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 47
АЛҚАБЫ АСТЫҚҚА ТОЛҒАН АҚМОЛА
Дахан ШӨКШИР, Ақмола облысы - 25.11.2024 141
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 285
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 287
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 503
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 461

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9159
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8557
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11784
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9552
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10765