Маңғыстаудың қайсар халқы індетті де, құрғақшылықты да еңсереді

Маңғыстаудың қайсар халқы індетті де, құрғақшылықты да еңсереді

«Qazaqstan dauiri» газетінің «Nur Otan» партиясымен ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен және «Ел Ана» сайтымен бірлескен «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы Маңғыстау облысында

Өткен аптада еліміздің түкпір-түкпіріндегі шалғай ауыл халқының тұрмыс сапасын көтеруді көздеген «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасының орындалысы мен нәтижесін бақылау  мақсатында «Nur Otan» партиясымен бірлесе «Qazaqstan dauiri» ЖШС бас директоры, ҚР еңбек сіңірген қайраткері Сәуле Мешітбайқызы  «Ауыл – Ел бесігі» экспедициясы аясында Маңғыстау өңіріне іссапармен келген еді. 

Іссапар аясында қоғамда орын алған өзекті мәселелерге өткір үн қосып, үздіксіз қалам тербеп жүрген қарымды  журналист, «ЕлАна» қоғамдық қорының төрайымы Сәуле Мешітбайқызы аудандарды аралап, жергілікті атқарушы билік өкілдерімен  жүздесіп, білім беру, мәдениет, Ауылшаруашылығы саласы қызметкерлерімен кездесулер ұйымдастырды. 

 

«Бұл жұт емес, құрғақшылық»

 

«Ауыл – Ел бесігі» экспедициясымен  Түпқараған ауданына келген сапарында Сәуле апа ел ертеңі, ұлттық тәрбие, қазақ тілінің көсегесін көгерту туралы кесек ойы мен келелі көзқарасын көпке жеткізді.

«Ел ертеңіне елеңдеулі ана ретінде Маңғыстау халқына басу айта келдім.  Қуаңшылық табиғи апат. Ал жұт деп байбалам салғандар екі жыл бойы  індет есеңгіреткен  ел еңсесін езгілей түсті.  Бұл жағдай – қуаңшылық. Бастысы – деніміздің саулығы, басымыздың амандығы. Келер жылы жауын жауып, төрт түлік  көкке тойынар», – деді ел анасы.

«Бос мақтан, парықсыздық деген рухани дерт дендеп барады. Жан дүниеміз жұтаң тартуда. Мұғалім газет, оқушы журнал оқымаса ел қалай оңалмақ?! Ер намысы, қыз ары, тілдің  шұбарлығы мені толғандырады. Бұрын ажырасқан жас отбасыны естімейтінбіз. Ал бүгін ше? Оларға тоқтам айтар үлкендер бар ма? Ортадан көреген қария, ақылман ақсақал кетіп, шал-шауқан қалды ма деген уайым басым. Жүйені жемқорлық жайлап барады дейді жұрт. Бюджет қазынасын талан-таражға салғандарға тоқтау бар ма?! Оның дауасы – елдің бірлігінде. Параны беретін де, оны алатын да өзіміз. Жаза басқан кішісін жөнге салатын ардагерлердің пайымды сөзі қайда? Мұндай жүгенсіздік қылаң берсе жиынға салу керек, болмаса газетке жазу керек», – деген ойын білдірді С.Мешітбайқызы. 

«Түпқараған ауданына келген  сайын, таза қазақи ортаға түскенімді сезінемін. Тілі де, ойлауы да, өмір сүру салты да қазақша. Осындай орта өкінішке қарай сиреп бара жатыр», – деп ағынан жарылды Сәуле апай

Түпқараған ауданында қазақ тілін оқытатын тегін үйірмелер жұмыс істейді. Ауданда ажырасу үрдісін бәсеңдету мақсатында «Отбасы-LIFE» сынды жоба бірнеше жыл қатарынан жүзеге асып келеді екен.

Жиын соңында Тәуірхан Қанжан ақсақал  көпке тілегін арнады.

 «Ертеде Адайдың Қожамсүгір деген қарты  үлкейген шағында балаларын жинап алып айтқан екен: 

Тыңдаңдар, шырақтарым!

Жомарт жоққа тоқтайды.

Тентек көпке тоқтайды.

Асыл қылға тоқтайды.

Ақылды сынға тоқтайды.

Батырмын деп мақтанба:

батырлық бір оқтық,

Баймын деп мақтанба:

байлық бір жұттық.

Менің айтарым сендерге халықтың қарғысын алмай, тек алғысын алыңдар. Мерейің өсіп, абыройың асқақтай беруіне тілектеспін, – деген екен. Сәуле Мешітбайқызы қарындасым, халықтың жағын жақтаушы, жоғын жоқтаушысыз. Мерейіңіз өсіп, еңбегіңіздің өсіп-өнуіне  тілектеспін», – деді ол. 

«Жаһандану!» деп жалаулатқан ұрандар үдей түскен заман. Жалаулатқан жаһанданудың ар жағында не бар? Гүлдерге қараңызшы: сан алуан қызыл, жасыл сары көк.  Кемпірқосаққа қараңызшы: бояулардың сан түрі бар. Жан-жануар, аң-құстар ше... Әрқайсысының өз үні, өз тілі бар. Адамдар да сондай. Әр ұлттың өз тілі бар. Жаратқан Құдірет табиғатты сан алуан етіп жаратты. Бәрін бір келкі, бір қалыптан шығарамын десе, Құдайдың құдіреті жетпей қалған жоқ. «Бір кем дүние-ай» деп толғанған Шерхан Мұртазаның бүгінде көзі жоқ болса да, тілім деп толғанған сөзі қалды. Жаратқан Құдіреттің қазақ етіп жаратқасын, оның ана тіліне құрметпен қарауды қалай дәріптеймін десе де әр қазаққа жарасатын әрекет емес пе? Әйтпесе  кейбіріміз қазақ болып өмірге келе тұра, басқа ұлттың тіліне еліктей беретініміз  жарасымсыз қылық», – деп өз сөзін толғана түйіндеді Сәуле Мешітбайқызы.

 Ел Анасымен болған жиын тіл мәселесіне құрметпен қарау әр қазақтың адами борышы екенін тағы ұқтырды.

 

Өзекті мәселелер оң шешімін табады

ҚР Еңбек сіңірген қайраткері, ұстаз әрі журналист Сәуле Мешітбайқызы Мұнайлы ауданына жұмыс сапарымен келіп, аудандағы мектеп директорларымен кездесті.

«Мұнайлы ауданын құрылған кезінен білемін. Оның даму жолы менің көз алдымда. Біздің елімізде 160 аудан бар екен. Мен солардың басым бөлігін аралап, тіршілігімен танысып келемін. Аудандардың, ауылдардың «әттеген-айын да», «шіркін-айын да» қатар көргенмін. Мұнайлы ауданының дамуында серпін бар. Батыр ауылындағы 10 мектеп еліміз бойынша үздік мектептердің алдыңғы қатарында», – деді Сәуле Мешітбайқызы. 

Жиында білім беру саласындағы мәселелер, жастардың қоғамдағы белсенділігі мен баспасөзге жазылу мәдениеті туралы тақырыптар қозғалды. 

Сондай-ақ Сәуле Мешітбайқызы Батыр ауылындағы экзотикалық құс бағына барды. Шаруашылық иесі сирек кездесетін түйеқұс, мысыр тауығы, тауыс, күркетауық, қырғауыл, бөдене секілді құстарды бағады. Боранбай Қаржаубаев шаруа қожалығын құру үшін туристік аймақты кеңейту мақсатында «Нұр капитал»  жобасы аясында 40 млн теңге қаржылай көмек алған. Қанаттылардың ерекшеліктеріне қарай жағдай жасалған. Үйрек-қаздарға хауыз салса, бөденелерді белгілі бір температура сақталған ғимаратта ұстайды. Одан тәулігіне 800-ге дейін жұмыртқа алып, саудаға шығарып отыр. Қожалықта құстан бөлек, түйе мен қоян бар. Сондай-ақ жылыжай шаруашылығын да қолға алған. Қияр мен құлпынай өсіреді. Оларға тамшылатып суару әдісін қолданады.  Сәуле Мешітбайқызы шаруа иесінің еңбегін жоғары бағалап, сәттілік тіледі. 

Қоғам қайраткері аудан басшылығымен кездесуде әлеуметтік мәселелерге де назар аударды. Жаңа жобаларды жүзеге асыру барысымен жан-жақты танысты. Мәселен Мұнайлы ауданы халқы үшін аса өзекті мәселе ауыз сумен қамту екендігі мәлім. Бұған дейін Баянды ауылының халқы тәулігіне үш мың текше метр суды тұщытатын мембранды құрылғы көмегіне иек артып келген еді. Алдағы уақытта тәулігіне төрт мың текше метр су көлемін тұщытатын құрылғы толық қуатта іске қосылысымен Баяндымен қоса іргелес ауылдарға тіршілік нәрін тарту мүмкін болмақ. 

 

«Үздік ауылы» бар аудан

4 қараша күні қоғам қайраткері Маңғыстау ауданнына сапарлап, алдымен аудан әкімі Тілек Көшмағанбетовпен кездесті. Кездесу барысында «Ауыл – Ел бесігі» бағдарламасы аясында аудан аумағында іске асырылып жатқан стратегиялық маңызы зор жобалар жай-күйі баяндалды. Ауылдық жерлерді жаңғырту, агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мен жаңа жұмыс орындарын құру, халықтың ауылдан үдере көшуін тоқтату секілді маңызды мәселелер төңірегінде ой өрістеді. Қырық мыңға жуық тұрғыны бар Маңғыстау ауданының әлеуметтік-экономикалық дамуы соны серпінге ие. Олай деудің басты себебі – жыл сайын іркіліссіз іске асып жатқан жасампаз жобалар мен сан алуан саладағы жаңғырулар. Мәселен биыл аталған ауданда құны 6,2 млрд теңгені құрайтын ауқымды инвестиция қаржысын тарту нәтижесінде 3 жоба жүзеге асады деп күтілуде: Жездібассай жерінен катодтық мыс өндіру зауыты құрылысының алғашқы кезеңі, Тепке кен орнынан мұнай өнімдерін өндіру, бұрғылау жұмыстарын жүргізу, Тұщыбек ауылынан ауыз су  цехын ашу. 

Маңғыстау өңіріндегі төрт түліктің тең жарымға жуығы осы ауданда тіркелген. Деректерге сәйкес, ауданда 508 шаруа қожалығы болса, оның 36-сы егін, 472-і мал шаруашылығымен айналысады екен. Мал басын көбейтіп, ата кәсіпті өрге сүйреп, ризығын көріп жүрген жандар жетіп артылады. Биылғы жаз маңғыстаулық шаруакерлер үшін оңайға соқпады. Қысқы қар мен көктемгі жауын-шашын жетімсіздігінен көк шығымы көңіл көншітпей, қуаңшылық қыспаққа алған еді. Жапан түзді ен жайлаған халықтың басты күнкөріс көзі төрт түлік десек, оның шығыны кімнің болмасын шымбайына батпай қоймасы анық. Даулы мәселе төңірегінде билікке кінә арту, оның сылбыр басып, дер кезінде дәйекті шешім шығаруда осалдық танытуы көп талқысына түскен еді. Сәуле Мешітбайқызы осы жайттың төңірегінде де өз көзқарасын білдірді.

«Маңғыстаудағы қуаңшылық жайын алыста жүрсек те, естіп біліп жүрміз. Менің осы өңірге бет алысымның басты мұраты ел ахуалын өз көзіммен көру еді. Мінеки, бес күн бойы өңір аумағын араладым. Шүкір, қай бағытқа жол жүрсем  де аштан теңкиген түлікті кезіктірмедім. Көліктен далаға көз тастасам, ен жазықта еркін жайылған мал басы қоңды. Жалпы «жұт» деген сөзден ойды аулақ ұстау керек. Қазақ «жақсы сөз жан азығы» демей ме?! Қазақ халқы жұтты, нәубетті бастан өткерді. Зауал төнген заман тұсында түлік біткеннен тігерге тұяқ қалмай, тұқымы тұздай құрудың шақ алдында еді, халық тегіс аштыққа ұрынды. Ал бүгінгідей бейбіт күнде «жұт» деп жаман ырымға жору қаншалықты жөн? Осы тұрғыдан ойлану керек. Сыңаржақ пікірге сүйеніп, байбаламға бой алдыру   бүгінгі қоғамның қасіреті. Маңғыстау облысының ауылшаруашылығы басқармасына Қазбек Тәшімов есімді жаңа басшы тағайындалған екен. Ол азаматпен де сұхбаттасып, ой алмастық. Жаңа басшысының алға қойған жоспары жетерлік. Ең алдымен Маңғыстау табиғатына ұқсас өзге өңірлерді аралап,  тәжірибе алмасуды жолға қою ниеті бар. Алда қылышын сүйретіп қыс келе жатыр. Ал Маңғыстаудың қысы қатал, жазы аптап. Қақаған аяз мал баққан шаруаны титықтатып кетері анық.  Әлі күнге дейін жем мен шөп төңірегіндегі әңгіме толастамай келеді. Тиісті басқарма басшысы қысқы азық қорымен қамту жоспарымен де бөлісті», – дейді Сәуле апа. 

Сәуле Мешітбайқызы Маңғыстау ауданына сапары барысында Серікбол Қондыбай атындағы мемориалдық мұражайда білім беру мен мәдениет саласы өкілдерімен кездесу өткізді. Басқосуда өскелең ұрпақ бойына білім нәрін сіңіру, көзқарас көкжиегі кең, ой санасы сергек жас буынды ұлттық өнеге мен тағылымнан сусындату  төңірегінде ұлағатты әңгіме өрбіді. Кездесу барысында Сәуле Мешітбайқызы мұражай қорындағы С.Қондыбайдың мол шығармашылық мұрасындағы идея өзегіне негізделген ерек экспонаттарды тамашалап, жан дүниесіне рухани серпіліс сыйлаған ғалым тұлғасы турасында ой толғады.

«Серікбол Қондыбай сынды өлкетанушы-ғалым, қарымды қаламгердің шығармашылық мұрасын халықаралық деңгейде таныту баршамыздың әрі келер ұрпақтың қасиетті парызы.  Бағзы дәуірлерге бойлаған түркі тектес халықтардың тамырлы тарихын, төл мәдениетін, тұрмыс салты мен әдет-ғұрыпын, жөн-жоралғысын теңдесіз туындыларына арқау еткен текті тұлғаның тағдыр талайы мені түпсіз тұңғиық ойға тартады. Алдағы уақытта  оқырман қауымды «Qazaqstan dauiri»  газеті бетінде Серікбол Қондыбайдың өмір және еңбек жолы жөнінде кеңінен танытуды көздеймін» деп өз ойымен бөлісті.

Статистика деректеріне сүйенсек, ел халқының 8 млн-ға жуығы ауылдық елді мекендерде ғұмыр кешеді. Елімізде 6,5 мыңға жуық ауыл бар. Мемлекет саясатының басым бағыттарының бірі сапалы жол салу, инженерлік инфрақұрылым желілерін жаңарту, әлеуметтік нысандардың құрылысын қолға алу нәтижесінде ауылдардың  тұрақты дамуы мен гүлденуін қамтамасыз ету. Осыған орай Үкімет жасақтаған «Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, кәсіпкерлік өрісін кеңейту арқылы жергілікті өнім өндірісінің үлесін көбейту,  халықтың табыс көзін молайту, жаңа жұмыс  орындарын құру еліміздің әр түкпіріндегі ауылдық елді мекендерде біртіндеп іске асып келеді. Қазіргі таңда ауылдардың даму әлеуеті мен экономикалық хал ахуалы сараланып, өңірлерде тірек ауылдар анықталуда. Мәселен жуырда ғана Маңғыстау облысы бойынша  Оңды және  Таушық ауылдары  ақын, журналист Мұратхан Шоқанның  «Үздік ауыл» анықтамалық альбомына енген еді. 

Маңғыстау облысының Маңғыстау ауданына қарасты Оңды ауылы аудан орталығынан отыз шақырым жерде, Қаратау жотасының оңтүстік етегінде теңіз деңгейінен 357 метр биіктікте орналасқан. Сәуле Мешітбайқызы Оңды ауылына арнайы ат басын бұрып, биыл алғаш рет көп қалауымен сайланған ең жас әкіммен жүздесіп, алдағы жоспарларына құлақ түрді.  

 

Әбіш ауылындағы жас әкімнің биік армандары

Қуаныш Жәнібекұлының жасы небәрі 26-да. Оңды ауылының тумасы. Мемлекеттік және жергілікті басқару мамандығы бойынша білім алған. Әр жылдары Маңғыстау аудандық, Шетпе ауылдық әкімдіктерінде қызмет атқарған. 

«Мен бұл сайлауға өз еркіммен қатыстым. Елге, жерге қызмет етсем деген арман бала жастан бастау алған еді. Үш азамат болып тартысқа түстік», – дейді ол. 

«Оңды ауылын ел халқы ең алдымен абыз ақсақал, замана заңғары Әбіш Кекілбайұлының туған ауылы ретінде таниды. Бұл біз үшін, әрине, зор мақтаныш.  Бүгінде ауылда мыңға жуық адам тұрады. Халықтың негізгі күнелтіс көзі  – төрт түлік ұстау. Өзгесі  мұнай өндірісінде вахталық әдіспен жұмыс істейді. Ауыл шағын болғанымен әлеуеті зор. Мәселен шөп шабу, жемшөп әзірлеп, мал азығын даярлаудан аудан облыс бойынша алдыңғы қатарда. Ауыл халқының сапалы әрі қолайлы тұрмыс кешуіне барлық жағдай жасалған. Көгілдір отын тартылған. Ауыз сумен қамтудың әлегі жоқ. Ет те, сүт те өзімізде өндіріледі. Биыл баршаға мәлім Маңғыстау малшыларын қуаңшылық титықтатып жіберді. Бұл кезде де ауыл азаматтары аянып қалған жоқ. Құрмет есімді азамат еліміздің әр түкпірінен жемшөп жөнелтіп, ел-жұртқа тегін таратты. Маңғыстауға  «Қызыл ай» қоғамдық қоры мал шығыны орын алған отбасыларға қаржылай көмегін көрсетті. Қаражат тұрмысы жүдеу отбасыларға ең алдымен үлестірілді. Бұл сомма қысқы азық қорын қамдауға үлкен көмек болмақ деген ойдамыз. Сондай ақ Үкімет тарапынан берілген субсидия да өз нәтижесін көрсетпекші», – деген пікірін білдірді жас әкім. 

Жуырда ғана билік тізгінін ұстаған жас әкімнің сөзіне құлақ түрсек, ауыл ажарын айшықтау алдағы уақыт еншісінде. Бүгінде елді мекендегі орта білім ордасы, облыстағы озық оқу ошақтарының бірегейі. Ә.Кекілбаев атындағы орта мектеп білім сапасы жағынан үздіктер қатарына енгелі қашан. Бұдан бөлек ауылдағы «Құлыншақ» балабақшасы, медициналық амбулатория, мәдениет үйі мен ашық спорт алаңы да ел игілігіне қызмет етіп келеді.

«Мен елге адал қызмет етемін деген жас буын өкілімін. Туған ауылымды көркейтуге бар күш-жігерімді сарп етуге даярмын. Алдағы уақытқа жоспар көп. «Жақсы әке – балаға жүз жыл азық» демей ме? Әбіш Кекілбайұлының 60 жылдық мерейтойы қарсаңында мәдениет үйі салынса, 70  жылдығында мектеп күрделі жөндеуден өтті. Ал  80 жылдық мерейтойы қарсаңында жаңа мешіт өз есігін айқара ашты. Бұл дүниелердің бәрі дерлік бюджет қазынасынан тыс, меценат азаматтардың қаржылай қолдауымен жүзеге асырылды. Биыл медициналық амбулатория заман талабына сай жабдықтармен жасақталған соңғы үлгідегі жаңа нысанға ауыстырылды. Жастарды салауатты өмір салтына баулу үшін бұқаралық спорт түрлерін дамыту аса маңызды рөлді ойнайды. Сол себепті қазіргі таңда ауылда спорт мектебінің құрылысы қолға алынбақшы. Бұдан бөлек Оңды ауылдық округіне қарасты Бекі, Басқұдық ауылдарына ауыз су тарту жоспарланған. Бекі ауылына жүз орындық мектеп салу даму бағдарламасына енгізілді. Әрине ауылда мәселе де жоқ емес. Мәселен  Оңды ауылы тау жотасында орналасқандықтан қысы қатал, ызғарлы болады. Боранды күндері электр бағандары құлап,  желілерге мұздақ қатып, сымдары үзіліп, жайсыздық туындатады. Сондықтан жоғары кернеулі қосалқы электр стансасы құрылысын жүргізу жөнінде ұсыныс тасталған еді. Бүгінде ауыл маңындағы қоқыс полигоны мәселесін шешу жобасы жүйелі жүзеге асуда. Арнайы техникамен қордаланған қоқыс үйінділері тазалануда. Бүгінде жастар қалаға қоныс аударуды қалап тұрады. Бірақ біздің ауылда халық өсімі тіркелген. Сондай-ақ қазіргі таңда Ирандағы қандастардың біздің ауылға қоныс аударуын ұйымдастырып, жұмысқа тарту төңірегінде ұсыныстар әзірленуде. Үкімет бюджетіне иек артпай-ақ ауыл инфрақұрылымын дамыту, тұрақты жұмыс орындарын құру әкім ретінде менің көздеген мақсаттарымның бірі. Оңды ауылының табиғи ерекшеліктерін ескере отырып, жылыжай кешенін салу, ата кәсіпті өркендету  нәтижесінде  ет-сүт бағытында өнім алу, мал терісін илеу, тері өңдеу секілді байырғы қолөнер дәстүрін жаңғырту секілді жобалар да жетерлік. Алдағы уақытта осы бағыттағы жоспарларды тиянақтап, кезең-кезеңімен іске асырға құлықтымын», – дейді Қуаныш Жәнібекұлы.

 

Ақтау ажары айшықтала түспек

Сәуле Мешітбайқызы Маңғыстауға іссапары барысында Ақтау қаласының әкімі Н.Қилыбаймен кездесті. Кездесу барысында күнбе-күн қанатын жайып келе жатқан Ақтау шаһарын көркейту жоспары сөз болды. Соның ішінде қаланың қақ төрінде құрылысы тұралап қалған Алты құлаш әулие кесенесін қайта көтеру, гүлденген рухани орталыққа айналдыру мәселесі сөз болды. Газеттің тұрақты оқырмандарына мәлім, осыдан 4 жыл бұрын Сәуле Мешітбайқызы «Қазақстан-Zaman» газетінде «Қараусыз қалған Алты құлаш әулие» тақырыбында өткір мақала жазған еді. Бұл мәселе күні бүгінге дейін өз өзектілігін жоғалтқан емес.

«Əулие сыйлау біздің ұлтымыздың салт-дəстүрі жəне халықтық қағидасы. Облыстық жəне Ақтау қалалық мəдениет, оқу-ағарту жəне дін қызметтерімен қоса, бүкіл тұрғындар бұл киелі істі тезірек қолға алып, жастарға үлгі ету керек. Өз ата-бабамызды, салт-дəстүрімізді сыйламасақ, ол қаланың қақ ортасында аяқасты болып жатса, біздің елдігіміздің құны көк тиын емес пе? Қалаға алыс-жақыннан ресми қонақтар келгенде алғашқылардың бірі болып Алты құлаш әулиенің басына апарса, қандай жақсы болар еді! Əулие қазаққа ортақ. Ақтаудағы Алты құлаш әулие – барлық Алаштың əулиесі. Сондықтан біздің бұл жанайқайымыз ақтаулық азаматтармен бірге айтылған өтінішіміз, талабымыз, рухани қажеттілігіміз деп білсеңіздер», – деген еді Сәуле апа. 

Бұл жолы Сәуле Мешітбайқызы Алты құлаш әулие жанынан бой көтеретін жаңа мешіттің эскизімен таныстырды.  «Ақтау қаласын дамыту жоспарында кіріктірілген Алты құлаш әулиеге арнап салынатынына уәде берді. Бұл ел ертеңіне алаңдайтын азаматтарға айтар алғысым зор», – деп атап өтті Сәуле Мешітбайқызы. 

Сәуле Мешітбайқызы Маңғыстау облысына сапарының соңғы күнінде Маңғыстау облысы әкімі Нұрлан Ноғаев пен облыс әкімінің орынбасары Гүлмира Қалмұратовамен кездесті.  Гүлмира Қалмұратовамен халықтың тұрмыс сапасын жақсарту, жұмыспен қамту, жас ұрпақты сапалы біліммен қамту, ұлттық руханиятты дамыту төңірегінде сүбелі ой алмасты. 

 

Қысқы азық қорын жасауда қызу қарбалас

Маңғыстау өңірінде бүгінде қысқы қар мен  көктемгі жауын-шашын мөлшерінің жетімсіздігі нәтижесінде орын алған қуаңшылық салдарымен күресу, ауылшаруашылығы нысандарын қысқы жем-шөп қорымен қамтамасыз ету бағытында қызу жұмыстар қолға алынған. Маңғыстау облысы ауылшаруашылығы басқармасы басшысы Қазбек Тащенов Сәуле Мешітбайқызымен кездесу барысында алда атқарылатын жұмыс жоспарымен бөліскен еді.  Осыған орай Маңғыстау облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары А.Нұғманов ұсынған мәліметтермен бөлісуді жөн санадық.  Жуырда ғана өткен «Nur Otan» партиясы Маңғыстау облыстық филиалы жанындағы Аграрлық сектордың дамуы жөніндегі қоғамдық кеңестің кезекті отырысында                     А.Нұғманов Маңғыстау өңіріндегі төрт түлікті жем-шөппен қамту, қысқы мал азығының қорын жасақтау даярлығы жайлы мағлұмат берді. 

«Жыл басынан бері облысты мал азығымен қамтамасыз ету мақсатында республиканың өзге өңірлерімен, атап айтсақ Атырау, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Қостанай, Солтүстік Қазақстан, Ақмола облыстарымен және ҚР Ауылшаруашылығы министрлігімен де кездесулер өткізіліп, меморандумдар жасақталды. Облысты мал азығымен қамтамасыз ету және нарықтағы мал азығы бағасын тұрақтандыру мақсатында ағымдағы жылы «Каспий» ӘКК-ы арқылы қайтарымды қаражат ретінде жергілікті бюджеттен 2,1 млрд теңге қаражат қаралған. Бұл ретте «Каспий» қоры арқылы операторларға 0,1 пайызбен 1,1 млрд теңге көлеміндегі қаржы 14 864 тонна шөп, 9 900 тонна жем сатып алуға берілді. Бұл жем-шөп нарықтан 10-15 пайыз төмен бағада халыққа ұсынылатын болады. Қазіргі таңда, 428 млн теңгеге 5 787 тонна шөп және 207 млн теңге қаржыға 2050 тонна жем сатып алынған. Аталған бағыт бойынша жұмыстар жалғасын табуда. Жалпы шөп мәселесіне келетін болсақ, жыл басынан бері қазіргі күнге дейін тасымалданып, дайындалған шөптің көлемі 69 259 тоннаны құрады. Ал жемнің көлемі 40 593 тоннаны құрады. Шөп қорын жинақтау жұмыстары жалғасуда», – деп атап өтті Маңғыстау облыстық ауылшаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары.

 Сонымен бірге «Красный полумесяц» қоғамдық қоры 118 млн теңге көлеміндегі қаржыны мал шығыны болған 725 шаруаларға жем-шөп сатып алуға арнайы үлестірді. Маңғыстау облысы әкімдігі жанынан арнайы ашылған Фонд «КазИмпэкс» қоры арқылы 27,1 млн теңге қаражатқа Қостанай облысы, «Романа-НАН» ЖШС-нен 300 тонна жем әкелініп, нарық бағасынан 20 пайызға төмен бағада шаруа қожалықтарына таратылды. Сондай-ақ «ОлжаАгро» ЖШС облыс әкімімен мемарандумға отырып, нәтижесінде екі жақ ұйымдастырумен 250 тонна шөп және 180 тонна жем зардап шеккен шаруаларға тегін таратылды.

 «Жалпы бүгінгі күнге дейін республикамыздың өзге облыстарының еріктілері, жекекәсіпкерлер, маслихат депутаттары, «Қазақстан темір-жол» АҚ және әкімдіктер көмегімен 165 вагон, яғни 3800 тоннаға жуық тегін шөп өңірімізге қуаңшылық салдарынан зардап шеккен шаруаларға (жеке қосалқы шаруашылықтарға, шаруа қожалықтарға) тегін жеткізілді. ҚТЖ шығыны 75 пайызға жеңілдетіліп, нәтижесінде Маңғыстау облысына келген 771 вагон шөп, 639 вагон жемнің жол шығыны 800 394 706 млн теңгеден 153 649 420 млн теңгеге төмендеп отыр. ҚР Ауылшаруашылығы министрлігінің қолдауымен Үкімет резервінен өңіріміздің ауылшаруашылығы жануарларының аналық басы үшін мал азығына жұмсалған шығындарды ішінара өтеуге 1,9 млрд теңге мөлшерінде бөлінген қаржының жем-шөп сатып алу мақсатында, 281 074 мал басына 1,248 млрд теңгеге қаржылай мемлекеттік қолдау көрсетілд», – деп мағлұмат берді дейді А.Нұғманов.

 

Баспасөз беделі – баршаға ортақ мүдде

Республикамыздың  түкпір-түкпіріне сапар шегіп жүрген экспедиция жетекшісі, «Qazaqstan dauiri» басылымының  басшысы Сәуле Мешітбайқызы Маңғыстау өңіріне сапары барысында қазақ баспасөзінің бүгінгі қоғамдағы беделі, мерзімді басылым беттерінің таралымы төңірегінде де келелі ой-пікірін ортаға салған еді. Шынтуайтында,  ғаламтор желісіне шырмалған қоғам газет-журналдардың халық сауатын арттыру мен қоғамдық пікірді қалыптастырудағы маңызды рөлін өз деңгейінде бағаламау үрдісі белең алуда. Әсіресе газет оқуға ықыласы жоқ, мүлдем қызығушылық танытпайтын жас буын легі қалыптасты.  Сандық технология ықпалы үстем дәуірде ғаламтор кеңістігінде санаулы секундта-ақ іздегенің алдыңнан жарқ ете қалмақ. Мазмұн мен көлемге де көп нәрсе кеп тіреледі. Ұзын-сонар дүниені тәптіштеп оқуға құлқы жоқ халық қысқа да нұсқа хабар-ошарды көзімен бір жүгіртіп өтуге ғана уақыт табады. Дегенмен газет өз өмірін тоқтатпақ емес. Тек оның контенті, мазмұндық қоры молая түсуі қажет. Оқырманға нағыз журналист ізденісінен туған, рухани азық боларлық дүниені ұсынған басылым ғұмыры өміршең болмақ. Бүгінде «газетті ешкім оқымайды» деп кесіп айту жөнсіз екеніне көз жеткіздік. Қоғам өмірінде орын алатын келеңсіз жайттарды көркем тілмен келістіре сипаттап, қажет болса сынға алатын мақалалар әркез оқырман қызығушылығын тудырады. Әрі сапа сұраныстан туатынын ескерсек. Жастар кітап оқудан қол үзіп кетті. Соңғы жылдары бұл мәселенің шешімі ретінде көптеген жобалар қолға алына бастады. Кітапқа бет бұрмаған жастың газетке қызығушылық таныта қоюы екіталай. Ащы болса да ақиқат осы. Газет – мол мағлұмат көзі. Астарлы ойға жетелейтін татымды дүниелер, әдеби туындылар да газет бетінде жарияланады. Әрине сауатты, көкірек көзі ояу жан үшін сапалы газет зор бағаға ие. Мерзімді басылымның қоғамдағы маңызды рөлі ескеріліп, оны насихаттау ісі жүйелі жүзеге асса тарылымы да сөзсіз көбейе түспек. https://www.elana.kz/baspasozge-zhazylugha-mazhbuyrlemengizder/  Газет жанашыр оқырман қолдауына зәру. Ал қолдауға ие басылым бедел биігінен көрінеді. Мірдің оғындай сөзі өткір, беделі жоғары басылыммен халық та, билік те санасады. 

Осындай ойлар жетегінде Сәуле Мешітбайқызы «Qazaqstan dauiri» газеті мен басылымның іргесінен құрылған «Мөлдір бұлақ» журналының саналы ұрпақ тәрбиелеудегі рөлі жөнінде де әңгімеледі. Газетке жазылуға ниетті оқырмандар басылым беделі жөнінде де сөз қозғады. 

«Мына індет, карантин біраз жүйеден алшақтатты Газетке журналға  министрдің» Мәжбүрлемеңіздер, Қыстамаңдар» сылтау болды мектепке жақындай берс» өре түрегелетін»болды.Біздің рухани байлығымыз оқу болса, бұл жөнсіздікті тоқтату керек. Біз әлі толыққанды интернетке қол жеткізген ел емеспіз. Сондықтан «Мәжбүрлемеу керек» деген сөзден бас тартыңыздар. «Аюға намаз үйреткен таяқ» демекші, оқушылар мен мұғалімдер қауымын керісінше газет-журнал және кітап оқуға мәжбүрлеу керек. Әркім өз қалауынша газет-журналға жазылып отырсын деген тапсырма берілетін кез келді. Бұл жалғыз біздің газетімізге емес, барша қазақ газетіне қолдау деп түсіну керек. Орыс газеттеріне еш қауіп жоқ.  Газат журнал оқымаған  ұстаз ата ана қалай Рухани жаңғырады айтыңыздаршы. Кешегі газетіміздің нөмірінде шыққан мақала сілтемесін назарларыңызға қоюды жөн көрдім. ......Ел президентіне,Үкімет басшысына,Министрге дат жазуымызға тура келді бұл біздің жан айқаймыз...!»

Голрох Жеменей
18.11.2021

Ұқсас жаңалықтар

Төбет – қазақтың ұлттық бренді
Жасұлан АБДИҒҰЛОВ, Қуат НҰРҒАЛИЕВ, әуесқой итбегілер - 09.12.2024 205
Жамбыл облысында 500-ге жуық мемлекеттік қызметшінің құқықтары қорғалды
Р.Ш.Шарипов ҚР Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің басшысы - 09.12.2024 47
ЖОЛДАР ТАЗАЛАНЫП, ИНЕРТТІ ЗАТТАР СЕБІЛІП ЖАТЫР
Сарысу ауданы әкімдігі - 08.12.2024 31
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 220
Шығыста шаруа қазаны қаз-қаз қайнап тұр
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 220
АБАЙ ЕЛІНДЕ АЛАШТЫҢ РУХЫ БАР
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 08.12.2024 238
Шымкент – ауылшаруашылығына қолайлы өңір
Ш.МЕКЕНБАЙҰЛЫ, Шымкент қаласы - 08.12.2024 220
Ақмола астық жинаудан рекордтық көрсеткішке жетті
Дайындаған – Ерқазы СЕЙТҚАЛИ - 07.12.2024 208
РЕСЕЙ ПРЕЗИДЕНТІНІҢ КӨКСЕГЕНІ НЕ?
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 07.12.2024 204
Ән өнерінің саңлағы
Саяжан ҚАЙДАР - 06.12.2024 227
ТҮРЛЕНГЕН ТҮРКІСТАН, ҒИБРАТЫ МОЛ КИЕЛІ МЕКЕН
Дәулетбек БАЙТҰРСЫНҰЛЫ, «Мөлдір бұлақ» журналының Бас редакторы - 06.12.2024 216
Тоқсанның төріндегі театр
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 06.12.2024 224

Топ жаңалықтар

1
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 10501
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 9482
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 12717
4
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 11687
5
Өркенді қала-қуатты өңірге жетелейді
Show more
Дахан Шөкшир - 2023-06-02 16700