Оралда 7 мамыр Отан қорғаушылар күніне арнап «Жас сарбаздардың патриоттық акциясы» ұйымдастырылды. Бұл туралы қалалық білім бөлімінің баспасөз қызметі хабарлады.
Қаладағы Жеңіс алаңында сап түзеген оқушыларды мерекемен құттықтаған Орал қаласының әкімі Миржан Сатқанов:
– Бұл күні біз Қарулы күштер қатарында қызмет еткендер мен сапта жүргендерге құрмет көрсетеміз. Мемлекеттің, қоғамның және әрбір қазақстандықтың қауіпсіздігін қорғаушылар да сондай ілтипатқа ие. Бүгінгі ұрпақ олардың қайсарлығынан үлгі алып, бой түзейді. Осы шараға қатысушы жас буынның Отанға деген патриоттық сезімдері одан әрі артып, еліміздің тірегі болар азамат болып өсулерін тілеймін, – деді. Шаһар басшысы өскелең ұрпақты мектеп жасынан Отанды қорғауға үйретудің, жастарды Қарулы күштер қатарында борыштарын өтеуге және отансүйгіштікке тәрбиелеудің маңызын атап өтті.
Салтанатты шарада Батыс Қазақстан облыстық полиция департаментінің жедел қимылдайтын арнайы жасағы, мектептерде құрылған әскери патриоттық клубтар мен жас жол сақшыларының саптық көрсетілімі ұсынылды. Бұдан әрі патриоттық шара қала мектептері оқушыларының саптық шеруімен жалғасты. Шеруге 700 оқушы қатысты.
– Шаһарымыздағы 50 мектепте патриоттық клубтар жұмыс жасайды. Үш мектепте «Жас сарбаз» сыныбы ашылды. Бұл сыныптарда оқушылар білім алумен қатар, әскери өнердің алғашқы әліппесін меңгеруде. Алдағы уақытта осындай тағы бес «Жас сарбаз» сыныбын ашу көзделген. Сондай-ақ дәл осы күндері оқушылардың әскери-далалық жиыны өткізіліп, оған 1200 ұл бала қатысты, – деді қалалық білім беру бөлімінің баспасөз қызметкері Эльмира Нұғманова.