Масылдық психология – мінезден

Масылдық  психология – мінезден

Соңғы жылдары қоғамда белең алған мәселенің бірі – жастардың масылдық психологиясы, турасын айтсақ, жалқаулық. Мұны «Қазіргі жастар жаны қиналмай, алақаны ойылмай ақша тапқысы келеді. Еңбек етпей бірден байып кетуге әуес» деген психолог мамандар да жоққа шығармайды. Осы пікірге қосылатын кәсіпкер – Ахметбек Нұрсила есімді азамат: «Еңбекқор иә жалқау болу, ең алдымен, мінезден. Жалқаулық – адамның бойына сүтпен сіңетін мінез. Бірақ мінез адаммен бірге тумайды, қалыптасады. Оны қалыптастыратын – ортасы. Өскен ортасы, қоршаған ортасы – адам мінезінің айнасы. Мысалы, солтүстіктің адамдарының мінезі қатқылдау, сөзі аздау болса, оңтүстіктің адамдары жұмсақ, өмір сүруге бейім. Саудаға, бизнеске, еңбекке жақын. Адамды қалыптастыратын екінші нәрсе – ұстаным. Адам нені ұстанса, мінезі солай қалыптасады. Қазіргі қазақ жастарын жаппай жалқаулыққа ұрындырып отырған – жеріміздің асты-үстіндегі табиғи байлықтың «буы». Біз жер асты байлығымызды ашып, оны шетелге саттық. Мұнайымыз теңіз боп ақса, газымыз су боп құйылды. Біздің ортамызда тіршілікке бейім немістер, жапондар немесе қытайлардың өздері біз сияқты жалқаулыққа ұрынар еді. Өйткені бізді орта қалыптастырып жатыр. Ақша қаншалық жеңіл жолмен келген сайын, адам да жеңіл өмірге бейімделе бастайды. Ойын-сауыққа, жеңіл-желпі көңіл көтеруге әуес келеді. Қазір біздің елде әншілердің, асабалардың дәурені жүріп тұрғаны да сондықтан. Халық та бәсекеге түсіп той жасауға құмар, одан ақшасын аямайды. Тегін ақша қалтаға түсіп жатса, кім маңдай терін ағызып еңбек етсін? Осыдан келіп: «Тұяқ қимылдатпай-ақ ғажап өмір сүруге болады екен ғой», – деген жаңсақ ой қалыптасады. Соның кесірінен жанымызды қинамай пара бере салуға, анау-мынау шаруаны ақшамен шешуге дағдыландық. Еңбек етпей, жанымызды қинамай өмір сүруге бейімделдік. Ал табиғи ресурсы жоқ елдердің халқы қаласа да, қаламаса да, еңбекқор болады. Ал қазіргідей нарық қысқан кезде, енді біз де қаласақ та, қаламасақ та еңбекқор болуға тиіспіз. Өмір бізді соған алып келді.

Біздің кезімізде замандастар үшін үлкенді сыйлау бірінші орында тұратын. Оған отбасындағы тәлім-тәрбие үйрететін-ді. Ал қазір жастардың көбі бойына үйдегі тәрбиеден гөрі, көшеден, теледидардан, интернеттен көрген тәрбиесін сіңіруге бейім тұрады. Соның салдарынан үлкенге құрмет, кішіге ізет көрсету сынды адами қасиеттерден айырылып қалдық. Бұл – бір. Екіншіден, еліміз өз тәуелсіздігін алғанға дейінгі кезеңде біздің жастар еңбекпен өсті. Оларды ата-аналары еңбекпен тәрбиеледі. Осылайша көздерін еңбекпен ашқан жастар бір үзім нанды маңдай термен табуды үйренді. Қазіргі жастар мүлде бөлек тәрбиемен өсуде. Бүгінгінің жастары жеңіл ақшаға жақын. Жан қинамай ақша тауып, бір-ақ сәтке байып кеткен әке-шешесін көргендер солардан үлгі алады. Жасыратыны жоқ, қазіргі жастардың көбі ұлтқа қызмет етуден гөрі, қалай ақша тапсам, қалай бірден байып кетсем деумен өмір сүреді. Осылайша моралдық азғындау: «жеңіл ақша табу намыс емес» деген ұғым қоғамға, жастардың санасына сіңіп болды. Батпандап сіңген дерттің мысқалдап шығуы қиын болып тұрғаны да сондықтан. Өйткені жұрттың бәрі әкім, не саудагер болмайды ғой. Десе де, адамның табиғаты да, мінезі де қызық: жақсы жағдайға тез бой үйретеміз. Жеңіл жұмыс, жан қиналмайтын кәсіп болса, соған бүйрегіміз бұрып тұрады. Ауылда қой баққанша, пәтер жалдап, аш жүрсе де, қаланы құп көретіндердің көп болуы сондықтан. Ал дамыған елдерде ауылшаруашылығының барлық дерлік салалары озық технологиямен жабдықталған, басқаша айтсақ, оларда ауыл мен қала адамының өмір сүру салтында пәлендей айырмашылық жоқ. Бізде бұл жағы ақсап тұр. Сондықтан жастарымыз ауылшаруашылығы саласына барғысы келмейді. Себеп – онда жағдай жасалмаған. Сондықтан ауылдан қаланы тәуір көреді. Бірақ оны онда қайбір ақшалы қызмет күтіп тұр дейсің?

Амал жоқ, базарларда арба айдап, күнделікті нәпақасын тауып жүрген жастар жетерлік. Ауылда жақсы жағдай жасалса, олар қаланы жағалар ма еді? Әй, қайдам? Сосын соңғы жетпіс жыл тоталитарлық режимде күн кешкен қоғам тәуелсіздікке жеткенде, бірден тік тұрып жүріп кетуі қиындау ғой. Билік о баста халыққа бағыт-бағдар беруі керек еді. Біреуіне мақта өндіртіп, біреуіне тері, біреуіне жүн өңдетіп, қоғамды өндіріске, тіршілікке бейімдеуі керек еді. Бірақ олай болмады. Соның салдарынан әлі еңсемізді тіктей алмай отырмыз. Меніңше, елдің даму стратегиясын қайтадан қарау керек тәрізді. Сонда, бәлкім, жастарымыз бос сандалып жүрмес еді. Бұл жағынан біз анау Оңтүстік Корея, Жапония, Сингапур сынды елдерден көп нәрсе үйренуіміз керек-ақ. Ол елдерде халықтың кәсіп ашуына мемлекеттің ықпалы зор. Бағыт-бағдар да беріп отырады. Бірақ біздің ұлттың менталитет оларға қарағанда сәл өзгешелеу. Қазақта қалыптасқан дәстүр бойынша, ата-ана балаға өле-өлгенше көмектеседі. Ал батыста керісінше. Бала 18 жасқа толған соң ата-анасына масыл болмайды. Өз нанын өзі тауып жейді, яғни өз қотырын өзі қасиды. Ал бізде қырыққа келіп, кәрі әке-шешесінің зейнетақысына күнелтіп отырғандар баршылық. Тіпті онысын намыс санамайды. Жылқы екеш жылқы да құлынын бір жылдан кейін үйірден қуып шығады ғой. Бүркіт балапанын ұядан ұшырған соң қайтып қарамайды. Ата-анасының мойнына мініп отыру – ер жігіт үшін де, қыз үшін де намыс. Осы масылдық психологиядан арылатын кез келді. Олай болмаса, жігіттеріміз боркемік, қыздарымыз күйреуік бола береді. Қазақтың тәрбиесіне өзгеріс енгізіп, яғни бала 18 жастан бастап ата-анаға масыл болмау керек деген психологияны халықтың бойына сіңіргенде ғана жалқаулықтан арылатын боламыз. Сонда кез келген бала 14 жасынан бастап тіршілік етуді, ақша табуды, масыл болмауды өздігінен үйрене бастайды. Мен бұған сенімдімін. Отыз жасқа дейін басында баспанасы жоқ жанды өз басым адам деп есептемеймін. Суырдың да іні бар емес пе. Ал біздің жігіттер отыз жасқа дейін үйсіз-күйсіз жүре береді, мұнысына арланбайды да. Біздің қоғамда: «Үкімет үй беруі керек, пәтер беруі керек, мемлекет бағуы керек», – деп қалыптасқан жаман ұғым әлі бар. Соған етіміз әбден үйреніп, мемлекеттің мойнына масыл болып мініп алғанбыз. Одан арылмасақ, қоғам мен мемлекетке масыл болғанымыз болған. Бұл – емі жоқ дерт сияқты өте қауіпті симптом», – дейді. Кәсіпкер сөзінің жаны бар екенін мойындасақ, биліктегілердің де осындай мамандар сөзіне құлақ асқандары жөн болар еді дегіміз келеді.  

Ермек Сахариев
01.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 42
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 129
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 36
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 42
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 51
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 42
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 125
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 129
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 320
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 313
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 936

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9009
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8404
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11630
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9388
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10614