Қазақстан Республикасының Вице-Президенті Karin Erlan мырзаның Мемлекеттік сыйлық туралы көтерген мәселесі – еліміздің руханияты мен мәдениетіне бейжай қарамайтын әрбір азамат үшін маңызды тақырып.
Меніңше, Мемлекеттік сыйлықтың беделін арттыру үшін оның тек үміткерлерін емес, ең алдымен, іріктеу талаптарын, бағалау өлшемдерін және тағайындау тәртібін жаңаша қарастыру қажет.
Мемлекеттік сыйлық – еліміздегі шығармашылық саласының ең үлкен марапаты. Ол ұлттың рухани дамуына, әдебиеті мен өнеріне, ғылымы мен мәдениетіне айрықша үлес қосқан, уақыт сынынан өткен еңбектерге берілетін мемлекеттің ең жоғары бағасы болуы тиіс.
Осы орайда бірнеше нақты ұсынысымды ортаға салғым келеді:
Біріншіден, шығарманың қоғамдық және ұлттық маңызын бағалау басты өлшемге айналуы керек.
Шығарма авторының жасына, руына, атақ-дәрежесіне, қызметіне немесе қоғамдық ықпалына емес, еңбегінің көркемдік қуаты мен жаңашылдығы, ұлттық құндылықтарға қосқан үлесі және қоғамға тигізген әсеріне басымдық берілуі қажет.
Екіншіден, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылатын шығармалар уақыт сынынан өтуі тиіс. Жаңа жарық көрген туындыны бірден жоғары марапатқа ұсынудан гөрі, оның оқырман мен көрерменнің бағасын алып, әдеби ортада талқыланып, қоғамдық маңызы айқындалуына мүмкіндік берген дұрыс. Осы мақсатта шығарманың жарияланған немесе көпшілікке ұсынылған мерзіміне қатысты талапты қайта қарастыру қажет.
Үшіншіден, бағалау жүйесі ашық әрі әділ болуы керек. Сарапшылардың кәсіби біліктілігі, тәуелсіздігі және мүдделер қақтығысының болмауы қатаң ескерілуі тиіс. Үміткер шығармаларға берілген кәсіби бағалардың негіздемесі қоғамға түсінікті болғаны жөн.
Төртіншіден, Мемлекеттік сыйлықты міндетті түрде беру қағидасынан бас тарту мүмкіндігін қарастырған дұрыс. Егер белгілі бір кезеңде жоғары талапқа толық жауап беретін шығарма болмаса, сыйлықтың берілмей қалуы оның беделін төмендетпейді. Керісінше, мәртебесін арттырады. Өйткені Мемлекеттік сыйлықтың құндылығы лауреаттардың санымен емес, олардың еңбегінің салмағымен өлшенуі тиіс.
Бесіншіден, жаңа есімдер мен тың шығармашылық бағыттарға әділ мүмкіндік берілуі қажет. Мемлекеттік сыйлық белгілі бір ортаға ғана тиесілі марапат ретінде қабылданбауы тиіс. Аймақтарда еңбек етіп жүрген талантты қаламгерлер мен өнер қайраткерлерінің, ұлттық мәдениетке жаңашылдық әкелген шығармашылық тұлғалардың еңбектері де тең дәрежеде бағалануы керек.
Алтыншыдан, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынылған шығармалардың ашық қоғамдық талқылауын жүйелеу маңызды.
Бұл марапаттың тағдыры тек комиссия мүшелерінің шешімімен шектелмей, әдеби-мәдени қауымдастықтың сараптамалық пікірімен де толықтырылуы қажет. Әрине, қоғамдық танымалдық көркемдік сапаның жалғыз өлшеміне айналмауы тиіс.
Ең бастысы – Мемлекеттік сыйлыққа лайық болу үшін емес, ұлтқа қызмет ететін шығарма жасау үшін еңбек ететін шығармашылық ортаны қалыптастыруымыз керек.
Мемлекеттік сыйлықтың мәртебесі жоғарылаған сайын оған деген қоғамдық сенім де артады. Ал сенім бар жерде әділ бағалау, шынайы бәсеке және шығармашылық даму болады.
Сондықтан Мемлекеттік сыйлықтың қолданыстағы ережелерін еліміздегі әртүрлі шығармашылық қауымдастықпен бірлесе отырып, жан-жақты талқылап, заманауи талаптарға сай жетілдіруді ұсынамын. Әдебиет саласы бойынша поэзия, проза, драма және балалар әдебиеті жанрларына қарай арнайы берілсе, нұр үстіне нұр болар еді.
Мемлекеттік сыйлық – жазушының абыройы ғана емес, ұлт руханиятының өлшемі. Оның қадірін арттыру – бәрімізге ортақ міндет.
















