Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқын ұйыстыратын тағы бір символ – мемлекеттік тіл. Қазақ тілі мәңгілік мемлекеттік тіл тұғырында болады. Қазақ тілінің қолданыс аясын арттыра беру – мемлекеттің міндеті. Бұл жұмыс тоқтамайды, жалғаса береді», – деген болатын.
Сонымен қатар, тілдің ұлтаралық қатынас ретіндегі ішкі тұрақтылыққа ықпал ететін өзара тығыз әрі маңызды фактор екендігін, мұндай маңызды мәселелерден саяси құрал жасауға болмайтындығын атап айтқан еді. Бұл бағытта жүйелі жұмыстар жүргізіліп, жоспарлар жүзеге асырылуда.
Еліміздің әр азаматы мемлекеттік тілді өзі үйренуге, таза сөйлеп, жазуға, өмірде қолдануға құлықты болуы үшін алдымен қажеттілік керек. Сонда ғана қазақ тілін шын мәніндегі мемлекеттік тілге, еліміздегі ұлтаралық қатынас тіліне айналдыруға мүмкіндік болары сөзсіз.
Осы қажеттілікті заңмен міндеттеп, бақылауды күшейтуден бөлек, әр азаматтың тілді үйренуге деген құлшынысын ояту, жағдай туғызу, орта қалыптастыру, патриоттық рухын, сүйіспеншілігін арттыру жағы да бар.
Бұл бағытта, яғни тілді үйренуге деген құлшынысты ояту, қажеттілік туғызу күн сайын және тоқтаусыз жүргізілетін жұмыс.
Өңірде мемлекеттік тілдің қоғамдық қатынастардың барлық саласында қолданылу аясын кеңейту, қазақ тілінде қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында түсіндіру жұмыстарын жүргізетін арнайы жұмысшы тобы құрылған. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасымен бірлесіп қазақ тіліне қатысты заңнама талаптарының бұзылуына жол бермеу, орын алған жағдайда жедел әрекет ететін түрлі саланың мамандары белсенді жұмыс жүргізуде. Мемлекеттік тілдің тазалығын, ұлтаралық қатынас тіліне айналуын талап етушілердің қатарында қазақша жақсы сөйлейтін өзге этнос өкілдерінің болуы – қазақ тілінің ұлтты ұйыстырушы рөлін еселей түсері анық.
Биылғы жылы ірі сауда орындары мен шағын және орта бизнес саласында, яғни азаматтар жаппай баратын нысандарда тілдік наразылыққа жол бермеу және халыққа мемлекеттік тілде қажетті әрі сапалы қызметтер көрсетілуін қамтамасыз ету мақсатында аудандар мен Тараз қаласында 3 семинар, «Қазақша сөйлесейік», «Менімен қазақша сөйлес!» акцияларын ұйымдастырдық. Осы тұста айта кету керек бүгінгі таңда ең өзекті мәселелердің бірі – бұл бақылау касса машиналары арқылы берілетін түбіртектердің мемлекеттік тілде басып шығарылуы. Бұл мәселе, түбегейлі шешімін тапты деп айта алмаймыз. Себебі, өңірлердегі сауда нүктелерінде, банктер, әуежайлар мен қоғамдық орындарында (асхана, дәмхана, мейрамхана, дәріхана, театр, кинотеатрлар және т.б.) БКМ арқылы берілетін түбіртек әлі де орыс тілінде басып шығарылады.
Негізінен БКМ модельдерін мемлекеттік тізілімге енгізу Қағидасының БКМ техникалық талаптарына сәйкес БКМ басуға және индикациялауға шығарылатын ақпарат, клавиатурадағы белгілеулер және ақпаратты тіркеу мемлекеттік немесе орыс тілдерінде болуы тиіс. Мемлекеттік тізілімге енгізілген барлық БКМ модельдері техникалық талаптарға сәйкес және мемлекеттік тілге ауыстыру функциясы жұмыс жасайды. Облыс бойынша 48 594 бақылау касса машиналары тіркелген.
Осыған байланысты, облыстық Кірістер және Тұтынушылардың құқығын қорғау департаменттерінің, Кәсіпкерлер палатасының жауапты мамандарымен бірлесе отырып, Заң талаптарына сәйкес кез келген азамат мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді талап ету құқығына ие екенін кәсіпкерлер мен сауда орындарында мемлекеттік тілде қызмет көрсетуді, әсіресе түбіртектерді қазақша басып шығару қажеттілігі түсіндірілді. Нәтижесі де бар. Атап айтқанда, Тараз қаласының орталығында орналасқан «Бауырдақ» мейрамханасында тағам атауы мен қызмет түрлері ас мәзірінде де, ұсынылатын түбіртекте те қазақ тілінде. Яғни мүмкіндік бар. Ендеше оны жүзеге асыру қажет.
Бүгінгі таңда «Себет», «Магнум» дүкендері мен «Март» сауда үйлерінде бұл бағыттағы жұмыстар реттелуде. Басқа да кәсіпкерлер түбіртектерді қазақша шығару жағын қолға алып жатыр. Әрине, ол бір күнде шешімін табатын мәселе емес, бұл жерде сауда-саттыққа қатысты есеп-қисаптың үлкен жүйесін ретке келтіру мәселесі де бар. Сондықтан нәтижеге қол жеткізгенге дейін жұмыстар жүргізіледі. Осы орайда БКМ-мен жұмыс жасайтын кәсіпкерлер мен тұтынушылар үшін жергілікті «JAMBYL», «Taraz24» телеарналарында «Қазақша түбіртек қай уақыттан бастап берілмек?» «Тіл таңдаудағы құқығыңыз қаншалықты сақталуда?» тақырыбында арнайы ақпараттық хабарлар эфирге шықты. Яғни халықты тұтынушы, кәсіпкерлерді қызмет көрсетуші ретінде ақпараттандыру.
Бақылау-касса машиналарының қызметін қамтамасыз ететін «Оргтех» орталығының қызметкерлерін тарта отырып БКМ модельдерінде техникалық талаптарға сәйкес мемлекеттік тілге ауыстыру функциясы түсіндірілген видеоролик әзірленіп, кәсіпкерлерге ұсынылды.
Тағы бір мәселе, жеке нотариустар мен нотариаттық iс-әрекеттердi жасау кезінде құжаттарды мемлекеттік тілде ұсыну қызметі. Бұл бағыттағы жұмыс біздің өңірде жолға қойылған деп айтуға болады.
Жамбыл облысының нотариаттық палатасымен бірлесіп, нотариаттық іс-әрекеттерді жасау кезінде «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы», «Нотариат туралы» және «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау туралы» Қазақстан Республикасының заңдарының талаптарын сақтау, басымдылықты барынша мемлекеттік тілге беру, жеке тұлғалардың тіл таңдау құқықтарын шектеуге жол бермеу мақсатында 10 аудан мен Тараз қаласында «Менімен қазақша сөйлес!» акциясы өтті.
Азаматтарға мемлекеттік тілде қызмет көрсету сапасын арттыру бағытында облыс бойынша тіркеуден өткен 190 нотариусқа түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Аудандар мен Тараз қаласының, облыс әкімдігінің кәсіпкерлік және индустриалды-инновациялық дамыту басқармасының, облыстық әділет және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаменттерінің, кәсіпкерлер палатасының, «ҚР Ұлттық банкі» облыстық филиалының жауапты мамандарының қатысуымен «Нотариаттық іс-әрекет жасаудағы мемлекеттік тілдің рөлі», «Мемлекеттік тіл – қызмет көрсету тілі», «Мемлекеттік тіл – қызмет тілі» тақырыптарында семинар-тренинг өткізілді.
Тұтынушылардың нотариатты іс-әрекеттерді қазақ тілінде рәсімдеп, мемлекеттік тілде қызмет талап етуін қамтамасыз ету мақсатында «Тұтынушылардың назарына» тақырыбында әзірленген бейнеролик пен таратпа материалдары әлеуметтік желілерде, қоғамдық орындарда, БАҚ-да таратылып, қоғамдық көліктер мен аялдамаларда ілінді.
Нәтижесінде, Жамбыл облысының нотариаттық палатасының жанынан мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыратын арнайы жұмысшы топ құрылды. Топқа облыстық нотариаттар палатасы басқармасының мүшесі жетекшілік жасайды. Облыстағы нотариаттық іс-әрекеттердің мемлекеттік тілдегі үлесін, қазақ тілін оқу курстарына қатысатын нотариустардың санын, нотариаттық іс-әрекеттерді мемлекеттік тілде жүргізуге бағытталған іс-шаралар сапасын арттыру туралы жоспар жасалды.
Нотариаттық іс-әрекеттердің қазақ тіліндегі қалыптастырылған үлгілері барлық нотариустарға қолжетімді болу үшін облыстық нотариаттар палатасының бірыңғай базасына орналастырылды.
Жалпы тұтынушы қажеттілігіне қарай нотариаттық іс-әрекетін мемлекеттік тілде жүргізуін талап еткен жағдайда, еш кедергісіз жүзеге асыру мүмкіндігі бар.
Тәуелсіз еліміздің мемлекеттік тілін меңгерумен қатар, іс қағаздарын мемлекеттік тілге көшіру – бүгінгі күннің өткір мәселесі, заман талабы. Әлемнің дамыған елдерінің қатарына кіруі де ел экономикасымен қатар, әлеуметтік мәселелерге, оның ішінде мемлекеттік тіл мәселесіне айрықша көңіл бөлуіміз керек. Облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы тарапынан облыс бойынша мемлекеттік мекемелердегі құжат айналымының қазақ тіліндегі үлесіне тоқсан сайын мониторинг жүргізіп отырады. Бүгінгі күні облыс бойынша шығыс құжаттарының мемлекеттік тілдегі үлесі 99,6% құрап отыр. Алайда, өңірдегі жеке сектор, банк жүйесі мен құқық қорғау органдарында іс құжаттарының басым бөлігі орыс тілінде жүргізілетіндігі жасырын емес.
Облыстағы барлық екінші деңгейлі банктерде құжаттардың мемлекеттік тілде жүргізілуін, мемлекеттік мекемелердің талап-арыздар мен басқа да тиісті құжаттарды сотқа мемлекеттік тілде берілуін қамтамасыз ету мақсатында «ҚР Ұлттық банкінің» Жамбыл облыстық филиалында «Банк жүйесіндегі мемлекеттік тілдің ахуалы» тақырыбында семинар, Жамбыл облысының мамандандырылған ауданаралық әкімшілік сотында «Сот жүйесінде мемлекеттік тілдің үлесін арттыру» атты кездесу өтті.
Сонымен қатар, Президенттің сайлауалды бағдарламасында айтылған тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында мемлекеттік тілдің одан әрі дамуы мен практикалық қолданылуын ынталандыру бағытында жергілікті бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен «БАҚ және тіл сауаттылығы» тақырыбында семинар өткізілді.
Облыстағы этнос өкілдері тығыз қоныстанған елді мекендердегі тілдік ахуалға зерделеу жүргізіп, тілдік кемсітушілікке жол бермеу мақсатында ағымдағы жылдың қаңтар-наурыз аралығында аудандар мен Тараз қаласында тіл керуені ұйымдастырылды. Оның аясында «Бір Отан, бір тіл – Тәуелсіз ел» атты кездесулер өтті. 21 ақпан – Халықаралық ана тілі күніне орай этнос жастарының қатысуымен «Ана тілім – айбыным», этномәдени бірлестік өкілдерінің қатысуымен «Тіл – татулық тірегі» тіл фестивальдері болды.
«JAMBYL» телеарнасында мемлекеттік тілді жетік меңгерген өзге этнос өкілдерін танымал етуге бағытталған «Тіл – достықтың тірегі» тақырыбында арнайы айдармен хабарлар эфирге шықты.