Жұрт құрбан айттың үшінші күнін атап өтіп жатқанда Ақорданың баспасөз қызметі екі бірдей министрдің қызметінен алынып, орындарына жаңа басшылардың тағайындалғандығын хабарлады. Мұның бірі аса маңызды сала – ҚР Қорғаныс министрлігін 3 жыл басқарған Руслан Фатихұлы Жақсылықов болса, екіншісі – ҚР Көлік министрі Марат Кәрімжанұлы Қарабаев.
Руслан Жақсылықов 2022 жылы 19 қаңтарда Президенттің пәрменімен Қорғаныс министрі болып тағайындалды. Руслан Фатихұлының маңызды орынға қызметке келуіне байланысты қауесеттер мен жорамалдар көп боған жоқ. Кейбір «жауырыншылар» сын сағатта болып жатқан алмастыруларды «Қаңтар оқиғасымен» байланыстырып жормал жасап көрген болатын. Жаңадан келген министрден жұрт көп жаңалық күткені жасырын емес. Себебі анау-мынаудың тісі бата бермейтін Қорғаныс министрлігіне қарата ел ішінде сыни пікірлер көп еді. Өкінішке қарай, Руслан Фатихұлы жаңашылдық пен Президент жүктеген тапсырмалардың үдесінен шығудың орнына өз ана тіліне шорқақтығымен әрі онысына ұялмайтын қылығымен танылды.
Ол қазақ тілінде сұхбат беруден бас тартқан еді. Бұл әрекетіне қарсы пікірлер көптеп айтылып жатты. Келесі бір кездесуде журналист одан жұрттың осы сынына көзқарасының қалай екенін сұрағанда Руслан Жақсылықов «Қазақта бір мақал бар, өкпелесең көшіп кет!» деп бұрылып кете берген еді.
Руслан Жақсылықов қызметке кірісе сала бір апта өтпей Ресей Украинаға басып кірді. «Кіндігіміз байланып отырған орыстардың» бұл әрекеті Қазақстанды бей-жай қалдырған жоқ. Қақтығысқа араласпаған күннің өзінде, екі тараптың бірін қолдап, бірін сынап ашық позиция білдіру мен үнсіз қалудың өзі сынаққа түсер шақ туды. Бұл мәселеде Қорғаныс министріне дипломатиялық майданнан гөрі, қазіргі заманның соғыс тактикасы мен қару-жарақ тепе-теңдігіндегі айырмашылықтар ой салуы керек еді. Өкінішке қарай, әскери өнеркәсіп саласында пәлендей жаңалықтар болған жоқ. Әлде барлығы да құпия түрде істеліп жатыр ма, кім білсін? Түркиямен бірлесе жүзеге асырылуы тиіс деп күткен ұшқышсыз ұшу аппараттарының өндірісі туралы да алуан түрлі ақпарат бар. Ал Қарағандыдағы «Орталық Азияда баламасы жоқ бірегей зауыт» деп әспеттеген патрон шығаратын зауыттың жұмысы да өрге баспай-ақ қойды. Егер шебер менеджер болса, мемлекет қолдап тұрған кәсіпорынды аяғынан тік тұрғызар еді-ау...
Біздің әскери сала ауыр сынақтарға дөп келіп тұрғаны рас. Бәрінен де қиыны идеология саласының ақсап тұрғандығы дер едік. Әскердегі тәртіпсіздіктердің салдарынан талай сарбаз өз-өзіне қол салып мерт болып жатыр. Мәселен 2020-2023 жылдар аралығында «елімізде 270 әскери қызметші қайтыс болған. 2020 жылы – 78, 2021 жылы – 96, 2022 жылы – 85 және 2023 жылдың басынан бастап – 11 әскери қызметші көз жұмған. Олардың 36 пайызы дерттен, 24 пайызы жол-көлік оқиғасынан қаза тапса, 20 пайызы өзін-өзі өлтіргендер» екен. Әрине, бұл қаралы көрсеткіштердің сұрауы айналып келіп Қорғаныс министрлігіне тірелетіні белгілі. Осындай келеңсіздіктердің салдарынан жұрт қазір балаларын әскерге жіберуден қорқатын болды. Ал соңғы жылдары әскери борышын өтеушілерді көшеден тарпа бас салып ұстап әкету дәстүрге айналды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қорғаныс министрін ауыстыруының нақты себебін дөп басып айту қиын. Дегенмен Руслан Жақсылықовтың үмітті ақтамағаны анық болды. Әйтпегенде осыдан төрт ай бұрын ғана арнайы қабылдап, «армияның жауынгерлік әлеуетін көтеруге, басқару үдерістерін одан әрі цифрландыруға, Арнайы операциялар күштерін дамытуға, әлеуметтік-идеологиялық жұмыстарды күшейтуге қатысты нақты тапсырмалар берген» еді. Өгіз аяңмен алға жылжып келе жатқан министрден түк шықпасына көзі жетті ме екен? Біреулер Жақсылықовтың жұмыстан кетуіне 6 маусымға қараған түні Астана аспанынан ұшып өткен белгісіз объектілер себеп болған болуы мүмкін десе, екіншілері Мәскеудегі шеруде ресейлік шенділерге жалпуыштағаны Президентке ұнамай қалыпты десіп жатыр. Сөйтіп Руслан Жақсылықовпен де қоштасуға тура келді. Өзінің сөзімен айтқанда «Өмір деген – жизнь, в жизни всякое бывает» дейміз...
Демалыс күніне қарамастан жаңаша тағайындау болғаны, саланың маңыздылығының күн сайын артып келе жатқандығына деген алаңдаушылықтан болса керек. Президент қазірге дейін Әуе қорғаныс күштерінің қолбасшысы болып қызмет етіп келген Дәурен Қосановты министр етіп тағайындады. Біраз адамдар Дәурен Жұматайұлының өмірбаянына үңіле отырып, әуе қорғаныс саласының маңыздылығы алға шыққан заманда, ендігі бағытымызды айқындауға таптырмас маман деп отыр.
Президент – Қазақстан Республикасы Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 8 маусым күні жаңадан тағайындалған Қорғаныс министрі Дәурен Қосановты қабылдады. «Кездесуде Мемлекет басшысы армияның жауынгерлік дайындығын нығайту, басқару жүйесіне цифрлық шешімдерді енгізу, Арнайы операциялар күштерінің мүмкіндігін кеңейту, әлеуметтік және идеологиялық жұмыстың тиімділігін арттыру, сондай-ақ әскери инфрақұрылымды жаңғырту бойынша нақты міндеттер жүктеді» деп хабарлады Ақ орданың баспасөз қызметі. Көріп отырғандарыңыздай, биыл 29 қаңтарда Руслан Жақсылықовты қабылдаған кезде берген тапсырмасын айнытпай қайталаған. Тек жаңа министрге «әскери инфрақұрылымды жаңғырту бойынша» жаңаша міндетті үстемелеп берген сыңайлы.
Ерқазы СЕЙТҚАЛИ