АРМАН, ЖЕҢГЕ ҚАРАШЫ!

АРМАН, ЖЕҢГЕ ҚАРАШЫ!

 

Қадірлі бауырым, Арман Төлегенұлы! Жеңгені емес, жеңді айтайын деп отырмын.

Қазақ күресі, сөз жоқ, ұлттық рухтың қайнары, батырлықтың бастауы. Денеде қуат болмай, жүректен рух атқақтамайтыны анық. Өйткені, күрес жігерді жаниды, қанды қайнатады, рухты тасытады, аруақты тірілтеді, қуат береді, мерейді үстем етеді. Қазақ күресінде соның бәрі бар. Бірақ, нарық заманы, шоу-индустрияның талабы, жекпе-жектің дәстүрі қазақ күресін дамытудың тың жолын, соны сүрлеуін, заманауи кілтін таба алмай тұрған-ды. Сол айтылған дүниенің бәрі  бір сіздің бойыңыздан табылды. Сізде палуанға тән күрескерлік бітім болмаса, қазақ күресі әлі де үлкен спорт сарайларының есігінен сығалай алмай жүрер ме еді? Сіз және сіздің достарыңыз, қазақ күресіне тың тыныс бітірдіңіздер. Сіздер оның ережесін де, киімін де, ұпайын да, төрешісін де, терминдерін де, жалпы, жекпе-жек пен шоуға қажет ұсақ-түйектің бәрін қалыптап, стандарттап, құжаттап бекіттіңіздер. Мұндай заманауи қалыпсыз, талапсыз, спортты биік деңгейге көтеру, халықаралық аренаға шығару мүмкін емес. Қазақ күресін үйреніп, сол рухты меңгеремін деген барлық жанкүйер мен азаматқа ортақ заңдылықтар болуға тиіс. Осындай орасан жұмыс бітіргендеріңізге алғыстан басқа айтарымыз жоқ.

Сонымен қатар, бір ұсынысымды да жеткізсем бе деймін. Ол палуандар киетін шапанның жеңіне байланысты. Қазіргі палуан шапанының жеңі тым қысқа тәрізді. Шын палуан қарсыласының жеңінен ұстаған соң-ақ, шыр айналдырмаушы ма еді? Жеңін бергені белдігіне қол салдырғаны емес пе еді? Шолақ жеңнен ұстай алмаған соң, палуандар, белдікке қолы жеткенше, қолдарын үзіп, білектерін айналдырып жүріп алады қазір. Жалпы, қазақ күресі сүреңсіз емес, сұлу күрес. Шапанының жеңі мен жағасына қол тигеннен кейін, әдіс пен күш дегеніне жетеді. Ал, бірақ, жең қысқарғалы бері, палуандардың аңдысуы, қолайлы сәтін бағуы көбейіп бара жатқандай. Жең қысқарған соң, бірқатар айла-тәсілдер қолданыстан шығып қалады ғой. Бұрын жеңнен тартып қалып, желкеден асыра лақтыратын, жеңнен тартып тұрып тобықтан қағып домалата салатын, жеңнен тартып ту сыртына өтіп кететін тәсілдер бар еді. Соларды қолданбайды қазір. Тіпті, іштен шалудың өзінен мән кетіп қалды. Бұрын, палуандар қарсыласқа ішін бермейтін. Өйткені, оған қарсы тәсіл табу қиын. Жең қысқарған соң іштен шалу да «өлім құрсауы» болмай қалды. Жалпы, бейқам тұрған палуанды жеңінен тартып қалып қақпанға түсіру өте әбжіл, жылдам қимыл. Қазақ күресіне күш пен әдіс қана емес, жылдамдық та керек емес пе? Шын палуан соның бәріне дайын болса керек-ті. Осыны күрестің ережесі мен қалыптарын жасайтын мамандар ойдан шығармаса деген тілек қана біздікі.

Қадірлі досым Арман! Қазақ күресін мектеп бағдарламасына енгізіп, жастарды ұлттық рухқа тәрбиелеуге қолдансақ деген арманым бар деп едіңіз. Арманның арманы асқақ. Турасын айтқанда, қазақ күресін ұлттық рух қайнарына, ұлттық рух құралына, иә, құралына айналдырсақ дейді. Арманның арманы біздің де арманымыз. Сол қазақ күресі, өзге елдердің күресінен әдіс пен күш тұрғысынан ғана емес, сұлулық пен шапшаңдық тұрғысынан да кем болмаса деген ізгі тілек қой біздікі. Сондықтан да қазақ күресінің мамандары осы ұсынысқа бейжай қарамас деген ойымыз бар.

 

Серік Жанболат

 

 

 

14.06.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 14158
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 14100
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 29246
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 27888
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 31409