Астана мәслихатының тағы бір атқарып жатқан игі жұмысы Елордада «Қазанат» атшабарында Республика күні және ҚР мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Ұлттық ат спорты фестивалі аясында бәйге мен көкпардан жеңімпаздар анықтағаны. Мерейтойлық датаға арналған іс-шаралар, оның ішінде спорттық іс-шаралар, барлық шақырылымдағы депутаттардың қатысуымен ғылыми-практикалық конференция өткізу, аллея салу және т.б. жоспарланған. Мәселен, 7-8 қазанда «Sairan Arena» спорт кешенінде мемлекеттік қызметшілер арасында шағын футболдан турнир өтті. 11 және 12 қазанда «Қазанат» ипподромында ат спорты мерекесі (көкпар мен бәйгеден турнир) мәреге жетті. 13 қазанда «Qazaqstan» жастар сарайында ЖОО студенттері арасында спартакиада жалауын көтерді.
16 қазан күні сағат 9.00-ден 12.00-ге дейін ЕҰУ бас ғимаратында «Күшті мәслихаттар – жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқарудың негізгі институты» атты ғылыми-практикалық конференция өтпек. Сол күні Мәңгілік ел даңғылы, 36 мекенжайындағы саябақта ағаш отырғызу арқылы «Астана қаласы мәслихатының 30 жылдығы» аллеясы салтанатты түрде ашылады. 17 қазан күні сағат 12:00-де Қосшығұлұлы көшесінде жаңа кітапхана ашылып, «Үздік кітапханашы» байқауының қорытындысы шығарылады, ал 19-20 қазанда «Sana Sport» кешенінде волейболдан жарыс өтеді.
21 қазан күні сағат 16.00-де тұрғын үй және тұрғын үй инспекциясы басқармасының акт залында (Республика даңғылы, 32) «Үздік үй», «Үздік МИБ», «Үздік сантехник» конкурстарының қорытындысы жарияланады.
11 қазан күні «Қазанат» атшабарында Республика күні және Қазақстан Республикасы мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Ұлттық ат спорты фестивалі аясында бәйге жарыстары және көкпардан ересектер арасында солтүстік аймақтың шабандоздарына арналған республикалық турнирдің алғашқы жарыс күні басталды. Ұлттық спортты дамыту арқылы салауатты өмір салтын насихаттау және көкпардан үздік спортшыларды анықтау мақсатында өтетін турнирге 7 команда тіркелді. Жеребе қорытындысы бойынша А тобына Астана қаласы, Павлодар, Ақмола облыстары, Қарағанды қаласы түссе, Б тобында Қарағанды облысы, Қостанай облысы, СҚО өзара кездесті.
Көкпар ойынында жүлделі алты орын бар. Көкпар турнирінің жалпы жүлде қоры 12 миллион теңгені құрайды. Фестиваль аясында 12 қазан күні бәйге түрлерінен сайыстар өтті. Құнан бәйге, жорға жарыс, топ бәйге, аламан бәйге ұйымдастырылды.
«Ұлттық спорттан оңтүстік өңірдің көшбасшы екендігінен барлығы хабардар. Өткен айда елімізде алғаш рет өткен V Дүниежүзілік көшпенділер ойындары бұл сөзіме айқын дәлел. Осы орайда еліміздің солтүстік өңірінде ұлттық спортқа ден қойғандарды да жігерлендіріп, алға жылжытуымызға осындай жарыстар жақсы әсерін тигізбек», – деді Астана қаласы бойынша «Бәйге» федерациясының төрешісі Гүлнар Базарханова.
Оның айтуынша, бәйге бойынша онлайн түрде 56 ат тіркелген. Оның ішінде аламан бәйгеге – 14, құнан бәйгеге – 14, топ бәйгеге – 20, жорға жарысқа 8 ат тіркелді. Бәйге жарыстарының жалпы жүлде қоры – 20 миллион теңге. Соның ішінде аламан бәйге ғана 5 орынға дейін жеңімпаздарды анықтайды. Қалған бәйге түрлерінен 3 орын ғана үлестіріледі.
12 қазан күні Астанадағы «Қазанат» атшабарында Республика күні және ҚР мәслихаттарының құрылғанына 30 жыл толуына орай Ұлттық ат спорты фестивалі аясында бәйге мен көкпардан жеңімпаздар анықталды.
Еске сала кетейік, 11 қазан күні көкпармен басталған жарыста Солтүстік өңірден жиналған 7 команда топтық кезең арқылы жартылай финалдың жолдамасын сарапқа салды. Турнирдің қорытындысы бойынша, Қостанай облысы финалда Астана қаласын жеңіп, чемпион атанса, Қарағанды қаласының спортшылары Қарағанды облысынан басым түсіп, қола жүлдеге ие болған еді. Жеңімпаз – 5 млн, 2-орынға – 3 млн, 3-орынға – 2 млн, 4-орынға – 800 мың, 5 пен 6-орындарға 600 мың теңге сыйақы табысталды.
«5-ші Дүниежүзілік көшпенділер ойындары барша жерлестеріміздің назарын аударып, ата-бабамыздан келе жатқан ұлттық дәстүрімізді қайта жаңғыртуға, қызығушылықты арттыруға ықпал етті. Енді қалыптасқан жолды одан әрі жалғастыруға тиіспіз. Осы орайда заманауи «Қазанат» ипподромында 2 күн бойы көкпар мен бәйге түрлерінен жарыс ұйымдастырылды. Көкпардан жалпы жүлде қоры – 12 млн теңге, бәйге түрлеріндегі жалпы жүлде қоры – 20 млн теңгені құрады», – деді Астана қаласы мәслихатының төрағасы, Ұлттық және олимпиадалық ат спорты түрлері федерациясының президенті Ерлан Қаналимов.
Көкпар бәсекесінен кейін, ипподромға жиналған көрермен жорға жарыс, құнан бәйге, топ бәйге, аламан бәйгеден жеңімпаздарды анықтады.