Елордаға келген сырбойылық батыр балалар ерекше құрметке ие болды. Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев ержүрек балаларды Алғыс хаттармен марапаттады. Министр қазақстандық оқушыларға көрсеткен батылдығы мен қайсарлықтары үшін алғысын білдірді.
«Адам өмірін құтқару – үлкен ерлік. Біздің мекте оқушыларының арасында өзгелерге үлгі боларлық өжет, ержүрек, батыл балалардың бар екендігі мақтаныш. Осындай азаматтар тәрбиелегені үшін ата-аналарыңыз бен мұғалімдеріңізге алғыс айтамын!» – деді Ғани Бейсембаев.
Кездесуге ҚР еңбек сіңірген қайраткері Светлана Айтбаева, ҚР еңбек сіңірген спорт шебері, Олимпиада чемпионы Серік Сәпиев, қазақстандық дзюдошы және самбист Руслан Сейлханов қатысты. Батыр балалар мен олардың ата-аналарына министр Алғыс хат, энциклопедия, спорттық жабдықтар және лагерьге жолдамалар табыстады.
Еске сала кетейік, ерліктерімен танылған қызылордалық 5 жас батыр елордаға арнайы министрмен кездесуге барған болатын. Олар төтенше жағдай кезінде батыл әрекет жасап, адам өмірін сақтап қалды. Батыр балалардың ең кішкентайы – тоғыз жасар Жансерік Әлім. Ол өрт кезінде қарындастары мен інісіне көмек көрсетті. Ал Әмірхан Абай мен Нұрболат Ермағамбет және Сұлтан Малқаджар суға батып бара жатқан досын құтқарып қалған.
Оқушылар Астананың мәдени-демалыс орталықтарын аралап, өздері үлгі тұтатын тұлғалармен кездесті. Олардың қатарында бокстан әлем чемпионы және Қазақстан ұлттық құрамасының футболшылары бар.