Өткен аптада Сербия астанасы Белград қаласында 18-20 жас аралығындағы жастар мен 21 жастан асқан ересектер арасында ММА бойынша әлем чемпионаты өз мәресіне жетті.Оған 60 елден келген 628 спортшы қатысты. Қазақстан атынан ММА ұлттық құрамасының 33 мүшесі өнер көрсетті. 18-20 жастағы жастар арасындағы финалдық жекпе-жектерде Қазақстан құрамасының қоржынына 3 алтын, 2 күміс және 5 қола медаль түсті. Ерсұлтан Шәкенбай (56,7 келіге дейін, Астана) жастар арасында ММА-ден екі дүркін әлем чемпионы атанды. Матильда Бачурина да (52,2 келіге дейін, Ақмола облысы) алтыннан алқа тақты. Құрама қоржынына үшінші алтынды Идрис Идрисов (65,8 келіге дейін) салды. Күміс жүлдені Гүлназ Әбдірахманова (47,6 келіге дейін) мен Карина Сисенова (56,7 келіге дейін, екеуі де БҚО тумалары) жеңіп алды. Қола медальды Аяулым Ұлан (52,2 келіге дейін, Алматы облысы); Динара Аяпова (56,7 келіге дейін, Ақтөбе облысы); Жанерке Жамалбеков (70,3 келіге дейін, Жамбыл облысы); Самат Төлегенов (52,2 келіге дейін, Астана); Шыңғыс Ыдырысов (61,2 келіге дейін, Алматы облысы) еншіледі. Жалпыкомандалық есепте Қазақстан құрамасы алғаш рет ММА бойынша жастар арасындағы әлем чемпионатында бірінші орын алды.
Ал, 21 жастан асқандар арасында спортшыларымыз 1 алтын, 2 күміс және 4 қола медаль жеңіп алды. Аса ауыр салмақтағы Расул Хатаев (БҚО) ММА бойынша әлем чемпионы болса, Руслан Әбдірахманов (52,2 келіге дейін, БҚО) пен Жақсыбек Аймаханов (83,9 келіге дейін, Жетісу облысы) күміс жүлдегер атанды. Ерұлан Қабдулов (52,2 келіге дейін, Атырау облысы); Досжан Кенжебаев (77,1 келіге дейін, Алматы облысы); Алик Домнич (93 келіге дейін, Астана); Талғат Жиентаев (120,2 келіден аса, Қостанай облысы) қолаға қол жеткізді. Ересектер арасындағы командалық есепте Қазақстан құрамасы екінші орын алды.