МҮДЕ ХАН

МҮДЕ ХАН
​ (Тарихқа белгілі әйгілі Сиуңну(ғұн)империясының негізін қалаған, шамамен христианша жыл санауға дейінгі 227 жылы туып, 174 жылы қайтыс болған тарихи тұлға). («Иә, бір кезде Чин патшасы Чин Шы Хуан-дидің қолбасшысы Мың Тиәннен жеңіліп, қашып барып Қаңқай тауын паналаған ғұн елін бас-аяғы отыз отыз бес жылдың ішінде теңдесі жоқ Ұлы Ұлысқа айналдырып, оның шекарасын терістікте Байкалдан түстікте Парсы жеріне дейін, шығыста Хамиден батыста Каспийге дейін кеңейтіп, атақты Хән патшалығын алым-салық төлеуге мәжбүр еткен Шығыстың ұлы жаугер ханы – Тұман ұлы Мүде хан қатардағы қауқарсыз пендедей жер томпайтып қана жатыр. Бар айырмашылығы – төмпешігі өзгелерден гөрі көлемді де биіктеу. Жалған дүние!.. »- Қ.Салғараұлының «МҮДЕ ХАН» кинороманының соңғы көрініс-нүктесі осылай қойылған. Астана-2011жыл. «Сарыарқа» баспасы.)​ Автордан: -Қойшығара Салғараұлы ағамыздың «МҮДЕ ХАН»​ атты кинороманын оқығаннан кейін тұтас жан-тәніммен сол дәуірге көшіп кеткендей күй кештім.Тарихи тұлғалардың тіліне салған жазушының ой-пікірлері санаңды сілкіндіріп, жігеріңді ұштайды. Ойшылдарымыздың айтқанындай​ көшпенділердің арбасына мініп,- ӨРКЕНИЕТ ғарыштап дамып барады.Ал, біз болсақ, өзімізді-өзіміз менсінбей, өзгелерге ұқсағымыз келіп өзеуреп жүрміз. Ұлт үшін ұрпаққа ұлағат болатындай не жасадық?!.​
Болмысын-ай бұжы қарын таулардың,
Парақтадым әрбір тасын аудардым.
Бурыл шашын тарап алып ақша бұлт,
Тілеп жатыр қартқа қуат, жасқа құт.
Ақбас жусан, ақ баттауық, ақ шілік,
Қолын созды өз тағдырын тапсырып.
Қызылшыдай* аңшы көрсе ілескен,
Қызғалдақ тұр жауқазынмен бір өскен.
Қара тасты жыланқабық мүк басып,
Ғасырларды келеді аттап тік басып.
Көл көзіне итқоғалар тамырлап,
Қазан құйрық қошқар төбе мамырлап...
Кісінейді айғыр шоқы қан жілік,
Оның сырын жатқан жоқ қой жан біліп.
Шыңнан асқан жол бедері армандай,
Қазанатқа айыл тартпа салғандай.
Аспан анау қара төбел, ақ маңдай,
Мүде Ханды бәрі іздеп жатқандай.
Қарнау саусақ сексеуілдер күрсінді,
Қаракөз түн ыңырсиды бір түрлі.
Бір сағыныш қан жүрегін күйдірген,
Хақтан тілеп, халал елді сүйдім мен.
Қаталаған таңдайлары мың жарық,
Хан Мүдеден халық жатыр сыр бағып.
Құлашаның жез құйрығы желден бе,
Құлағына ат дүбірі келген бе?..
Құба таңнан кісінейді шығысқа,
Ұран керек біздің , сірә, ұлысқа!
Шұбар көктің шашасынан тер тамып,
Келе жатыр жұлдыз қарап, жер танып.
Шырқау шабыт, асау ағын қиялым,
Жалым алтын, күміс менің тұяғым.
Тектіліктен не теперіш көрмедім,
Тебінгіден найза тықты өлмедім.
Мына қылыш қандай қылыш, қай қылыш,-
Қыны құндыз, жүзі жұлдыз ай қылыш.
Мына қылыш не тілейді қылпылдап,
Дау күңкілін, жау құлқынын тұр тыңдап.
Мына найза кімнен қалған көк найза,
Ұлтым дейтін ұл болмаса жоқ пайда!
Мына найза қанды шашақ, көк жасын,
Тіл біткенде неден бастар сөз басын?..
Сұрқай жебе, қара сауыт ақ садақ,
Ант пен арға қарызы жоқ нақпа нақ.
Анау қалқан әлі күнге қорғаным,
Қолда барды көзім көрмей сорладым.
Дуылғасы дөңгеленген көк зеңгір,
Соның бәрін өлшеп көрмек безбен-жыр.
Қорамсаққа қолын салып батыр тұр,
Бізден көрі өз халқына жақын тұр.
Біздің мойын-көп тұрмыстың шырғалы,
Ер мойыны-есіл елдің құрбаны.
Кең дүние кемел сөйлеп​ жандасқан,
Бәрі сендік бұл қара жер, мәңгі аспан.
Тобылғы сай, тоқ жараған тарлан боз,
Хан тәңірі Мүде Ханнан қалған көз
Сүлік қара түн жанары неткен көз,
Түнге сіңіп Мүде Хандар кеткен кез.
Шақпақ бұлттар шалт жүрістен ұшқындап,
Құс қанатты сары жебе ысқырмақ.
Ұшқын түсті жау жасағын күл қылды,
Көкбөрілер салдырған жоқ шынжырды.
Арландардың азуындай асқар шың,
Оны қалай жау қолына тастарсың.
Тақ-тікенек!..Хандығыңнан сый кетсе!
Тек халқыңа жауың жоқ деп үйретпе.
Жер - қарашық, жау жағалай жалпақ-ты.
Қарашыққа жау шүйілсе ант атты.
Жалтақ патша тірі күнде өлтірмек,
Ел қарғайды​ жер табалап, жел тілдеп.
Ел мұңайса сен намыстан жылап тұр.
Ар мен​ басқар ақылыңды шырақ қыл.
Ақыл өлсе арың​ дау мен адасар,
Арың өлсе ақыл жау мен жанасар
Қарау болса ханнан қандай пайда бар!?..
Мүде Хандай-мірдің оғы қайда бар!?..
Басқыншыдан тартып алды бақ құсын,
Ар мен ақыл талқан қылды жат күшін.
Айдай әлем басқа сауға сұрады,
Айбалдырған гүлін төгіп жылады.
Бесіктастар белін ұстап бұғынды,
Бәйбіше бұлт көзін ұстап шығынды.
Керней керік аламойын сұңқылдақ,
Көлдегі құс ер екпінін тұр тыңдап.
Көсем айғыр, көс-көс түйе төрт түлік,
Заман келді жер жұмақ та, көк тұнық.
Орама ши, өре​ киіз, нар кілем,
Сұлу қандай, сұңқар мойын, қанды рең.
Абыз шалдар ақ сақалы күмістен,
Тәңіріне тәубе айтады мың іштен.
Бала-ойын, азан-қазан ақ шаңдақ,
Айдын-шалқар қарабауыр қасқалдақ.
Көл тілегі, ел тілегі тыныштық,
Атажұрттың ақ құшағы тым ыстық.
Жас көңілі- көк найзағай, ақ жаңбыр!
Салып жатыр бозбалалар таңнан жыр.
Үрит соқ-соқ, тоқты қошқар көкжұлын,
Шабандоз ұл, шандоз жылқы, кер құлын.
Кетті астасып аспан мен жер думанға,
Атажұрттан ата жауды қуғанда.
Ер Түріктер керді көкке құлашын,
Ал, содан соң: «БОСТАНДЫҚ!..»-деп жыласын.
Бір күн құлдық-мың күн өлім санаға,
Хан тілегі халал болсын қараға!..
Құз құнжаңдап, шың шырғалдап иілді,
Мүде Ханға​ мінсіз аспан сүйінді.
Ер тудыда ел үмітін ақтады,
Дұшпан таптап, дос күлуге батпады.
Бес қаруын белден шешкен оңбады,
Бес қаруың-бес бақытың қолдағы.
Әлсіз болсаң жүрек тұсың жаудікі,
Сөзің құнсыз, құлақ тұсың даудікі.
Жүре тыңдап, күле тыңдап қорламақ,
Күн кешерсің күнбағыстай жол қарап.
Не жетеді жарау ерге жалғанда,
Достың қолын тең отырып алғанға!..
Ей, Мүде Хан!..Мың жылдардың​ баяны,
Әлсіз болсаң сені кімдер аяды.
​ Есіміңді естен танып ұлықтап,
Ұрпақ​ балдан, дұшпан қаннан​ жүр ұрттап.
Құлақ тосшы ұлы бабам өр үнге,
Сен барсың ғой жүрегімнің төрінде.
Ер ұланын, нар баласын қарпыды,
Түспесін деп түндіктіден ар туы.
Езілген ел етік сынды қонышты,
Ақыр түбі зая болар жол үсті.
Теуіп тастар іздегілер жағаға,
Намыс қоздап, ерлік сіңсін санаға.
Ақ орданың туырлығын кескілеп,
Дабыл қақты жау жағалап жетті деп.
Құлап барып қанша қайта тіктелдім,
Қорлық көрдім, тыр –жалаңаш үптелдім.
Ақ бесікті қан жуғанда пәктіктен,
Көлбеу тартқан ақыр заман ақтық дем.
Ай мезірет қара түнді қамсау ғып,
Жүректен кек, жақтан зарлы ән саудық.
Ән аралап ғасырларды оятты,
Тау жаңғырса менің үнім сияқты.
Көк Тәңірі көп тербеттің аялап,
Бесік болды жасыл Тұран саябақ.
Ғасырлардың көз жасынан қан жалап,
Көп тіледім түнге ләззат, таңға бақ.
Өсе бердім қой терісін жамылып,
Қанат бітті болдым бір сәт самұрық.
Қанатымнан дауыл тұрды екпіндеп,
Ұран салдым алынбаған кекпін деп.
Батыс-шығыс бәрі ілдірді кірпігін,
Тек, мен ғана алмай қойдым бір тыным.
Көкбөріні асырады аяғы,
Жер жастанды жаудың сүргін саяғы.
Үріп көрді, күліп көрді алдады.
Орай қапты Мүде Ханның қармағы.
Атақоныс тиді қолға, намыс ақ,
Сол көштемін таныс арба, таныс ат.
Ат кісінер бел кеткесін жемірліп,
Бақ кісінер ел кеткесін кемірліп.
Бабалардың бір күніне жарамай,
Мен отырмын құлаққа ұрған танадай.
Мың жығылып түлкі құрсақ бір күннен,
Өз тілімде сөйлей алмай жүрмін мен.
Мүде қайда?!..Хан тәртібі құрыштан,
Көктен құзғын, жерден жылан жылысқан.
Жалпақ шеше- көзалдардың мекені,
Жарға жықпақ ешкі мақтап текені.
Мақтан үшін шыққан мүйіз, тұлымда,-
Болмақ емес еш абырой ғұмырда.
Сан данышпан заманында толғапты,
Енді, әрине, естір құлақ болмапты.
Мүде ханның бар мүддесі ұлтында,
Өтті-кетті өрттей лаулап бір тұлға!..
Көже қарын аш болғаны түк емес,
РУХ өлсе, онда жоқпыз, жүр елес!..
Оят менің рухымды жан аға,
Ерлік керек хан мен бірге қараға.
Атажұрт па!?..Темірқазық, жер көген,
Жер көгенде құрбандық қой ер деген.
Білім керек,енді,әрине, ақылда!
Бақ қонбайды ақыл-ессіз тақырға.
Ұлт намысын қорғамайтын ғылымнан,
Есек артық ту түбінде жығылған.
ХАНДАР!..ХАНДАР!..Көлеңкесі Тәңірдің,
Хан-Шатырда жасай алмас әмір кім!
Ұлтын сүйген Хандардың да –Ханы бар!.
Әр ісінде мың батырдың ары бар.
Хандар жоқ па бармақ басты, көз қысты,
Алтын жинап, жібек ұрлап бөз құшты.
Хандар!..Хандар!..Хан бақыты- халықпен!
Ел сүймесе Ер теңесер табытпен.
Көрге кетті көзін жеді қанды құрт,
Құртты көзден құрып кеткен барлық ұлт.
Ұлттар кеткен кемесімен келместің,
Оңайлықпен өз асуын бермес шың.
Құрығаның құл- құтанға тап қылса,
Ұлттың ТАҒЫН – ұл-қызына БАҚ қылса.
Сен өзгесің ей, Мүде Хан,-көкбөрі!
Көп сөйлетпе, жарар, енді, тек мені.
Көшпендімін!..Көрік қандай, күн-құрсақ,
Сондағы бақ сорлы жанды жүр құрсап.
Сен куәсің!..Періште едім ақ қанат!
Жеті қат көк, жеті қат жер қат-қабат.
Сені ойласам көкірегім шалқақ тым,
Мендік мәнмен адамзатқа ортақпын.
Біз көшпедік жел боп естік ақ самал,
Бітті сосын тауға кекіл, тасқа жал.
Кеңістіктен қуат алдық санаға,
Мәдениетке тозаң салды бал ара.
Көшпенділер бал арасы гүл-бақтың,
Тарих тінін тауысады жырлап кім!..
Шындығым көп!..Ал, іздеуге енжармын.
Барлық гүлдің тамырында мен бармын.
Менен аулақ кетпек емес ешкімде,
Біздің арба көп шарлаған көш мүлде.
Бар мәдениет тозаңданды, жұптанды,
Мендік ізден мерей қалды, құт қалды.
«... Мүде Ханның арбасына мінгесіп,
Күллі әлем дөңгеленді күн кешіп»
Мен арқалап даңғылдарға бастаған,
Сен ұмытпа ӨРКЕНИЕТ​ жас табан?!..
Түгел Түркі-Сенің тегің күннен-ді!..
Күнмен күпте, ай мен апта іргеңді!
Түркілер мен батыс балқып, таң атқан!..
Құдай өзі сүйіп оны жаратқан.
Сүйген құлын тастамайды бір АЛЛА!
Ағайын мен жаным бірге шығарда!
Жан сырымды ен Түркіге хат қылдым!
Көңіл босап, көкіректі шат қылдым.
Бұрынғыдай батар күн мен таң шығып,
Көкбөрілер,шүкір, міне, баршылық!.
Арлан-Шалдар аңдап басып сақтанған,
Адам құрған, заман құрған қақпаннан.
Қақпанымды сүйретумен келдім мен,
Көктен Тәңір, берді, әрине, жер бір дем.
Досқа ыстық, ал, дұшпанға ызғармыз!
Көк пен жердің арасында біз бармыз!
Көкбөрілер!..Көк Тәңірі қолдасын!
Халық сүйеу!..ХАҚТЫҢ нұры жолдасың!...
Көшпендімін!..Періштемін ақ қанат!
Көшкен құйын, жүрген жолға жат қарап.
Ай дегенің-Мүде ханның қылышы!
Шыңдағы құс-Шыңғыс ханның ұлысы!
Жасыл құрлық төрін берген Еділмін!
Мен-Қылышпын!..Қылша мойын не білдің?!..
Көшпендімін!..Көктен түскен батырмын!
Көкке қара, ағып бара жатырмын.
От менікі –күйген кірпіш, қыштанмын.
Атын ата мен бармаған ..СТАННЫҢ?!..
Менің ізім бар құрлықты шарлаған,
Бар болыңдар!..Кіл баһадүр- НАР БАБАМ!
Мен бармаған мекенің жоқ, жерің жоқ!
Мен сүймеген​ гүл қауызды ерін жоқ.
Күн менікі, ай менікі,жер -тұғыр!
Мен даламын!..Құшақтайын келші бір!..
Күллі ғарыш біз бен тектес көшіп жүр.
Сенде арала кеңістікті есіл жыр.
Мендік жырда көкбөрінің қаны бар.
Азуына ар-қылышын жанып ал!
Барлық ақын қайрап алсын қаламын!
Тыңда әлем!..Саған айтар бар әнім!
Мүде ханмын!..Қайта оянып келем мен.
Ақбөкенмін ақ қолтығын жел емген.
Тегім Түркі! Сол баяғы көкбөрі!
Ит тепкіге ала берме тек мені!?..
​ Мендік тағдыр-Сен ұстаған қасықта!..
Қанымды іш!​ Бірақ мені жасытпа?!..
​ Беттен қақпа, жігерімді құм қылып!
Өсірсейші тегіне сай ұл қылып!
АҒА!..АҒА!..МЕНДІК АЗУ сендік қой!
Көкбөрімін, алда, әлі, МЕНДІК той!
Бөрілерміз!..Атамекен қорғаның!
Бөріден Ит жасап алсаң сорладың.
Көкбөрілер шың басынан үңілсін!
Дос қуанып, дұшпан жаннан түңілсін.
Арлан тектес-Алты Алаштың ұл-қызы,
Оған куә Мүде Ханның шың-құзы!
(Ар-тектінің жарқырайдыі жұлдызы)
«..Бөрі бол!»-деп бөлтіріке талап қой.
ИТТЕР жоқ па айналаңда қарап қой!?..
Иттің құны-қос қабыртқа, бір жілік.
Сүйек үшін үріп жатыр шыңғырып.
Арлан байғұс ар жолында өлмек-тін.
Көкке ұлы​ Патшалығы жер-көктің!
 
Ескерту:​ Қызылшы*-Аңшылардың қанжыға қосшысы.Шыңғыс*-Шыңғыс хан.​ ​ Еділ*-Еділ Патша (Аттила).
 
САБЫР АДАЙ
22.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЫСТАН АБАЙ БОЛЫҢЫЗ!
Аяулым САНСЫЗБАЕВА, Жетісу облысы - 23.11.2024 21
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 35
Жарқын болашаққа бес қадам
Ертай АЙҒАЛИҰЛЫ - 23.11.2024 12
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 17
«Жайлы мектепте» оқып жатыр
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 21
АБАЙ ДЕП СОҚҚАН   ЖҮРЕГІ
Сәтжан ҚАСЫМЖАНҰЛЫ, Абай облысы - 23.11.2024 18
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 38
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 35
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 253
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 249
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 872

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8946
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8339
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11566
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9324
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10550