Мүгедек балаларды асыраған ана неге жылады?

Мүгедек балаларды асыраған ана неге жылады?

Nege порталы: « Т а р а з д ы қ Зульфия Төленованы білетіндердің бәрі «алтын жүректі ана» деп атайды. Бұл кісі ата-анасы тастап кеткен мүгедек балаларды бауырына басып, адам қатарына қосады. Қазір Зульфия үлкен қиыншылықты бастан өткеруде», – деп жазады. Енді біз соларға тоқталсақ.

Тағдырлы бала жайы

11 жастағы Бейбарыс анасының әлдиінсіз көз ілмейді. Өздігінен тамақ та ішпейді, сөйлей де алмайды. Туабітті сал ауруына шалдыққан баланы Зульфия Төленова осыдан 7 жыл бұрын асырап алған екен. Баланың түнімен бебеу қағып жылағаны – қиындықтың бер жағы ғана. Бейбарыс тәулігіне бірнеше рет ес-түсінен айрылып, талып қалады. Мұндайда Зульфия Төленова жедел-жәрдем шақыруға мәжбүр. Осылайша ана мен баланың өмірі үй мен аурухананың арасында шапқылаумен өтіп жатыр. Алайда басты қиындық бұл емес. Бейкүнә баланың биологиялық әке-шешесі өз перзенттерін не қамқорлықтарына алмайды, не баладан басыбүтін бас тартпайды. Осының кесірінен асырап алған ана мүгедек балаға берілетін мемлекеттің заңды зейнетақысынан да қағылып отыр. Басқаша айтқанда, баланың денсаулығындағы кінәратпен жеті жылдан бері жалғыз күресіп келеді. Жалғыз дейтініміз, 16 жыл бұрын жүректі елжіретер тірліктерін күйеуі екеуі бастапты. Өзге түгілі өз ата-анасына керек болмай қалған мүгедек балаларды бауырына басып, мейірімге бөлеген. Бүгінге дейін 31 балаға қамқорлық жасаған. Олардың алды үйлі-күйлі болып, өз алдына отау тіккен. Өкінішке қарай, осыдан бірнеше жыл бұрын Зульфияның жолдасы дүние салады. Бірақ алтын жүректі ана қайғы-мұңға қайыспапты, бүгіліп-мүжілмепті. Себебі үйінде тек өзіне ғана аузын ашып оншақты бала отыр. Олардың алдындағы аналық парызы, мойнына алған жауапкершілігі бар. Сонда осыншалықты мейірбан әрі қиындыққа қыңқ демейтін батыр ананың жанын жүдетіп, көңілін түсірген не нәрсе? Бейбарыстың денсаулығы нашарлап, талмасы жиілеген сәтте Зульфия баласын құшақтап, Шолпан Кертаева дейтін келіншекті іздейді. Бұл – Бейбарыстың туған анасы. Қазір бөлек отбасымен тұрады. Екеуінің арасындағы әңгімені есіне түсірсе, Зульфияның жанарынан моншақ-моншақ жас төгіледі.

– Менің қандай кінәм бар? Құрсағынан шыққан баласын асырағаннан басқа жазығым не? Жоқ, аузына келгенін айтады. Тілдеп, балағаттайды. Керек десеңіз, құшағымдағы балаға бұрылып та қараған емес. Мен оған нан сұрап барған жоқпын ғой! Өмірде өзімді алғаш рет қорғансыз сезініп, қатты қорландым, – дейді Зульфия Төленова. 

Кеш оянған «мейірім»

Баққан ананың тапқан ананы іздеуінің себебі біреу-ақ. Ол: «Баладан бас тарт, мен заңды зейнетақысын алайын, үкіметтің жылына бір мәрте жолдама беретін тегін шипажайларына жатқызайын. Баланы емдетейін, бұл да адам болсын! Басқа ешт е ң е ң н і ң керегі жоқ», – дейді. Кертаева оған көнбейді. Көнбеуінің себебін тап басып айтпағанмен, шамалап білуге болады. Егер туған ата-анасы баласынан бас тартқан жағдайда, сот оларға алимент төлеуді міндеттейді. Егер баққан ана талап етсе, жеті жыл бойғы алиментті өндіріп алуға құқы бар. Бейбарыстың туған ата-анасын «бездіріп» жүрген де осы мәселе болуы әбден ықтимал. Осы жерде олардың кімдер екенін де айта кетейік. Шолпан Кертаева мен Ғани Шырғанақбаев – Жамбыл облысының Т.Рысқұлов ауданында туған бір өңірдің жастары. Бейбарыстан кейін тағы бір ортақ қыздары бар. Кейін екеуі ажырасқанда, қыз анасында, ұл әкесінде қалған. Жергілікті сот сондай шешім шығарған. Бірақ Ғани аурушаң баланы баға алмай, Зульфияның қамқорлығына береді. Оған Шолпан Кертаева да келіскен. Осылайша, ауру баладан құтылған әке мен шеше өз алдарына бір-бір үй болып кетеді. Екеуінің де үш-төрттен баласы бар. Шындығын айтсақ, оларға Бейбарыстың керегі де жоқ еді... Бірақ қазір керек болып жатыр. Керек болды деуіміздің мәнісі мынада: қайта-қайта алдарына барып шаршаған Зульфияның зары журналистердің құлағына жетеді. Мәселенің ушығып бара жатқанын сезген әке мен шешенің аяқасты «мейірімдері» оянып, «баланы мен аламынға» шығады. Тіпті Шолпан Кертаева кезінде нотариуст арқылы берген келісім-хаты бола тұра, «Ғани баланы біреуге беріп жібергенін білмедім. Менің баламды біреу заңсыз ұстап отыр», – деп полицияға шағым түсіреді. Сөйтіп, Зульфияның үйіне қайта-қайта учаскелік полиция келгіштейді. Кіл мүгедек балаларды асырап отырған жалғызбасты анаға Бейбарыстың да өз қамқорлығында екенін, оны кезінде әке-шешесі өз еріктерімен бергенін дәлелдеуге тура келеді. Мұның бәрі айтуға оңай болғанымен, жүйкені тоздыратын тозақ жұмыс. Осының бәрін басынан өткерген ана енді баланы ешкімге бермеуге нық бекініп: «Олардың балаға жаны ашып отырған жоқ. Жаны ашыса, бір қалада тұрамыз, анасы бір іздеп келер еді ғой, осы уақытқа дейін. Келмек түгілі, бала қалай деп бір рет те сұраған жоқ. Шолпанның қазіргі күйеуі «Мұндай ауру баланы алмаймыз, менің балаларыма зиян жасауы мүмкін. Шолпан алам десе де, алдырмаймын», – деп ашық айтқан. Бұл баланың Ғаниға да керегі шамалы. Оның да әйелі қарсы. Сонда олардың мақсаты не? Алименттен қашу үшін баланы менен алып, біраз уақыттан кейін Балалар үйіне өткізіп жіберу. Одан басқа себеп жоқ. Ендеше мен мұны біле тұра неге Бейбарысты оларға ұстата салуым керек? Бұл бейшараның менен басқа кімі бар?» – дейді ашынып.

Бала кімге беріледі?

Иә, алтын жүректі ананың уәжі орынды. Жеті жыл бойы бауырына басқан баласын өзгеге бере салу – кімкімге де ауыр. Ал бұл кісіге тіпті де. Олай дейтініміз, осыған дейін қамқорлығына алған баланың бірде-біреуін Зульфия Төле - н о в а далаға тастаған емес. Денсаулығы былай тұрсын, ұлтына да қарамайды. Құшағынан жылу тапқан перзенттерінің ішінде қазақ, қырғыз, орыс, татар, дүнген балалары да бар. Мысалы Рита деген қызы – орыс ұлтынан. Туғаннан тілі жоқ. Оны бағып-қағып өсіріп, қазақтың шаңырағына келін ғып ұзатқан. Қазір тілі жоқ әке-шешеден туған жиенінің тілеуін тілеп отыр. Шаңырағындағы балалардың арасында тұл жетімдері де, ата-анасы бола тұра тастап кеткен Бейбарыс секілді жеткіншектер де бар. Туабітті екі қолы жоқ Нұрболдан да кезінде ата-анасы бас тартқан. Қазір жете алмай жүр. Себебі Нұрбол өте ақылды. Өз қатарластарынан білім жағынан да, ақыл жағынан да алда. Бірақ баққан анасы жіберсе де, тапқан анасын көргісі жоқ. Өйткені адамгершілік дейтін ұғымның қарапайым қағидаларын қатал тағдырдың соққысы қаршадай балалардың жүрегіне сіңіріп жіберген. Туған аналары керек қылмағанда, құшағына басқан аналарын енді бұл балалар ешқашан тастамайды. Ал Бейбарыстың алдағы тағдыры не болады? Біз бұл сұрақтың жауабын білу үшін Тараз қалалық білім бөліміне қарасты Қорғаншылық және қамқоршылық органына хабарласқан едік. Ондағылардың жауабы қысқа болды: «Зульфия Төленованың үйі марқұм күйеуінің атында екен. Қазір өзіне аударып жатыр. Өйткені қамқоршының тұрақты мекен-жайы, өз атында үйі болуы керек. Барлық құжаттар жиналып боп қалды. Енді Бейбарыстың әке-шешесін ата-аналық құқынан айыру бойынша сотқа талап-арыз түсіреміз».  

P.S. Естуімізше, баланың туған ата-анасы да Зульфия Төленованың үстінен бұрқыратып сотқа арыз жазып жатқан көрінеді. Қай сот қандай шешім шығарады? Біздің портал бұл тақырыпты өз бақылауында ұстайтын болады.

Ермек Сахариев
01.09.2022

Ұқсас жаңалықтар

САУРАНДА 1,5 МЛРД. ТЕҢГЕНІҢ ЖОБАСЫНА МЕМОРАНДУМ ЖАСАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 29
 САЙРАМ АУДАНЫНДА АГРОСАЛАДА АУҚЫМДЫ ЖОБАЛАР ЖҮЗЕГЕ АСУДА
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 42
САРЫАҒАШТА «АЛТЫН КҮЗ-2024»  МЕРЕКЕСІ АТАЛЫП ӨТТІ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 24
 САУРАНДА ЖЫЛЫНА 2 МЫҢҒА ЖУЫҚ ЖҰМСАҚ ЖИҺАЗ ШЫҒАРАТЫН ЦЕХ АШЫЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 42
МАҚТААРАЛДА ҚАЗАҚ КҮРЕСІНЕН РЕСПУБЛИКАЛЫҚ «АУЫЛ БАРЫСЫ» ТУРНИРІ БАСТАЛДЫ
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі - 24.11.2024 17
Қар тазалауға 189 техника сақадай сай
Шадияр МОЛДАБЕК, Шымкент қаласы - 23.11.2024 53
Жаңа мектеп есігін айқара ашты
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 155
АҚТӨБЕ   ДЗЮДОШЫЛАРЫ АЛДА!
М.Табын, Ақтөбе облысы - 23.11.2024 159
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 366
ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 342
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 959

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 9036
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8432
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11660
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9415
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10641