Елімізде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік туралы бастаманың қолға алынғанына да біраз жыл өтті. Негізі, өткен ғасырдан басталатын бұл тәжірибе қазіргі таңда әлемдік тәжірибеге айналған бірегей жоба ретінде қарастырылады. Қазіргі күнде елімізде жолға қойылған бұл игі шараның да басты мақсаты мемлекет пен жеке бизнестің тиімді өзара іс-қимылы үшін жағдай жасау және дамуы үшін жеке инвестицияларды тарту болғаны белгілі. МЖӘ жүзеге асырыла бастағалы бері 1080 жоба жүзеге асырылған екен.
Сәуірдің 28-і күні Астанадағы ОКҚ- алаңында «Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік: қазіргі жағдайы мен даму перспективалары» атты брифинг болып өтті. Бұл шараға «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Самат Сағындықов, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасының орынбасары Мұхамед Кабульдинов, «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарушы директоры Айдос Көбетов қатарлы тұлғалар қатынасып, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының іске асырылу барысы туралы баяндады әрі журналистердің сұрақтарына жауап берді.
Жиналыс барысында спикерлердің баяндамаларынан біраз деректерге қаныққандай болдық. 2023 жылғы 1 сәуірдегі жағдай бойынша МЖӘ шарттары мен концессияларының негізгі секторлары білім беру, денсаулық сақтау, әлеуметтік қызметтер, энергетика, ТКШ, көлік инфрақұрылымы және басқа да бағыттарды негізге алған 1080 жобасы іске асырылыпты. Мұның ішінде 15-і республикалық және 1068-і жергілікті ауқымда жүзеге асқан болып, жалпы құны 2,1 трлн теңгені құрапты. Ал аталмыш жобалар шеңберінде тартылған инвестициялар көлемі 1 трлн теңгеден асқан. Осылайша 15 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылған екен. Қазіргі күні конкурстық құжаттаманы жоспарлау және дайындау сатысында жалпы сомасы 340 млрд теңгеге 152 жоба тұр екен.
«Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарма төрағасы Самат Сағындықов мырза сөз арасында: «Өткен жылы біздің орталық Ұлттық экономика министрлігімен бірлесіп Президенттің МЖӘ туралы заңды жаңарту тапсырмасына сәйкес жекеше әріптесті анықтау кезінде конкурстық рәсімдерді міндетті қолдануды, олардың ашықтығын, бизнеске жағдай жасауды, жобалардың тиімділігін арттыруды қамтамасыз ететін түзетулер қабылдады», – деді.
Алғаш рет Еуропа елдеріне бастау алған бұл жобаны қазір әлемнің әр түкпірінде практика ретінде қолданып жатқан елдер көп. Қазақстан тұтас ТМД аумағында бұл заңды алдымен қабылдап, өз тиімділігіне көз жеткізген мемлекет есептеледі. Қазір аталмыш жобаны онан ары жетілдіру бағытында тиісті жұмыстар атқарылып жатыр. Бүгінгі брифинг барысында «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарушы директоры Айдос Көбетов МЖӘ-ні цифрландыру туралы тоқталып өтті. Себебі цифрландыру мәселесі елімізде өз тиімділігін және қолайлылығын дәлелдеп берген игі бастама ретінде қаралады.
– Мемлекет басшысы 19 сәуірде өткен кеңесте Ұлттық қор қаражатын үнемді пайдалану мәселесін алға тартты. Осындайда МЖӘ – бюджеттен тыс қаражат көзін тартудағы таптырмас құралы. Бірақ бұл тетікті сәтті іске асыру үшін үш маңызды сұрақ шешімін табуы қажет: ашық, жетік әрі түсінікті заңнаманың болуы, білікті, тәжірибелі мамандардың болуы және жобалардың ашық жоспарланып, бәсекелі конкурс арқылы іске асуы», – деді басқарушы директор. Қазақстандық МЖӘ орталығының бастамасымен соңғы бір жылда Еуропа және Азия даму банктерінің қолдауымен 37 маман халықаралық дәрежеде мойындалған Ұлыбритания бағдарламасын аяқтаған.
– Осы мақсатта өткен жылдың желтоқсан айында МЖӘ заңнамасына ақпараттың ашықтығы мен қолжетімділігі қағидасы енгізілді. Яғни жоспардағы жобаларға іске асыру процестері туралы ақпаратқа ашық қол жеткізу мүмкіндігі қарастырылған. Осы қағиданы іске асыру аясында соңғы он ай ішінде цифрландыруға қатысты үлкен жұмыс атқарылды, – деді А. Көбетов.
– Мұнда ең алдымен үкімет әзірлеп жатқан инвестициялық жобалардың ақпараттық жүйесі аясында жеке МЖӘ бойынша модуль құру. Оның негізіне бұған дейін қағаз түрінде жоспарланып келген барлық жобалар енді ақпараттық жүйені қолдану арқылы жоспарланып іске асырылатын болады. Бұл өз кезегінде бұған дейін болмаған біртұтас мемлекеттік инвестициялық жобалар базасын құрып, келешекте жобаларды іске асыру тетіктерін таңдаған кезде бюджеттік тиімділік тұрғысынан шешім қабылдауға мүмкіндік береді.
Екіншіден, «Азия даму банкінің» қолдауымен Қазақстанда халықаралық деңгейдегі МЖӘ Source ақпараттық жүйесін енгізу. Негізгі мақсат – жоспардағы жобаларды, олардың даму сатысын ашық түсінікті және бірыңғай түрде көрсету арқылы елімізге инвестициялар тарту.
Үшіншіден, конкурстық рәсімдерді өткізуге бағытталған жаңа портал құру. Мамыр айынан бастап 5 пилоттық өңір осы порталды қолданатын болады. Ал қыркүйек айынан бұл тәжірибе бүкіл республикада қолданылады. Бұл жоспарлау процесін қысқартуға, инвесторларды тарту мәселесінің ашық әрі объективті өтуіне, жемқорлықты болдырмауға мүмкіндік береді», – деді Айдос Көбетов.
Брифинг барысында естіген тағы бір жаңалығымыз МЖӘ туралы заңнамаға толықтырулар әзірлеу кезінде жоспарлау тәсілдері қайта қаралады екен. Енді орталық және жергілікті атқарушы органдар жыл сайын МЖӘ тетігі арқылы жобаларды іске асыру жөніндегі ұсыныстарды қалыптастыру үшін әлеуметтік-экономикалық міндеттердің тізбесін бекітуі тиіс. Бұл тізбе орталықтың порталында орналастырылатын болады. Жаңартылған заңнамада мемлекеттік сатып алуды МЖӘ арқылы сыбайлас жемқорлықпен айналып өту тәуекелдерін жоюға ерекше назар аударылды. Бұл МЖӘ-нің қосымша белгісін – жобада инвестициялық және пайдалану кезеңдерінің міндетті түрде болуын бекіту арқылы қамтамасыз етіледі. Халықаралық тәжірибені ескере отырып, заңнамада жеке бастаманы іске асырудың екі әдісі қарастырылған: конкурс арқылы және тікелей келіссөз арқылы. Жеке бастама жағдайында жеке инвестор жобаны дербес әзірлеп, оны мемлекетке ұсына алады. Келісу сараптамалары жүргізілгеннен кейін ашық конкурс өткізіледі. Тікелей келіссөздер Үкіметтің шешімі негізінде бірегей объектіні және технологиялар трансфертін құруды көздейтін жобалар бойынша ғана жүргізілетін болады.
Осындай игі істерді де кейде қара басының ғана пайдасына асырғысы келетін алаяқтардың кездесіп жататыны бар. Күнделікті өмірде МЖӘ негізінде жүзеге асырылып жатқан шаруалардың өн-бойынан кемшіліктер де байқалып қалады. Бұл негізінен жеке кәсіпкерлер тарапынан кетіп жататын кемшіліктер.
Біз өз тарапымыздан көкейде жүрген сұрауларымызға жауап алуға тырыстық. Кейбір өңірлерде жеке кәсіпкерлер бұл жобаны пайдалана отырып, ең алдымен өз мүдделеріне ғана тиімді жобаларды жүзеге асыруды бастаған. Яғни кейбір қалаларда жекеменшік емдеу мекемелері немесе білім беру орталықтары секілді бір типтегі нысандар көбейіп кеткен. «Осы жағдайлар төңірегінде қазірге дейін заң бұзушылықтар орын алды ма? Болса, қаншалық деңгейде? Мемлекет тарапынан қандай шаралар қолданылуы мүмкін?» деген сұрауларды спикерлерге қойдық.
Бұл сұрақтарымызға «Қазақстандық мемлекеттік-жекеменшік әріптестік орталығы» АҚ басқарушы директоры Айдос Көбетов мырза жауап берді.
– Жалпы айтатын болсақ, 2019 жылдан бастап прокуратура органдарымен, Есеп комитетімен бірлесе отырып бірқатар тексерулер жүргізіліп, нәтижесінде біраз олқылықтар анықталған болатын. Бірқатар жобалар ары қарай іске асырылуын тоқтатқан жағдайлар да болды. Мысалы былтыр 7 жоба тоқтатылды. Енді сіз айтып отырған емдеу мекемелеріне келетін болсақ, жеке тараптар, әрине, өздеріне тиімді жобаны мемлекетке ұсынуы мүмкін. Бірақ осы жобаны ары қарай іске асыру мемлекеттің құзырындағы шаруа. МЖӘ бірнеше жоспарлау сатысынан өтеді. Оның алғашқысы – инвестициялық ұсыныс. Екіншісі – конкурстық құжаттамаларды дайындау. Оның барлығы сараптамалардан өтеді. Сонан кейін барып конкурс жарияланып, келісімшартқа қол қойылады. Былтырғы желтоқсан айына дейін жекелер өздеріндегі жер телімі, дайын тұрған нысандары болған жағдайда жеке қаржылық ұсыныстары арқылы жобаларды жүзеге асыруға мүмкіндік алған еді. Яғни атап өткен сатыларды басып өтпестен бірден мемлекетке ұсыныс жасап, келісімшартқа ешқандай конкурссыз қол қою мүмкіндігі болған. Осы тәжірибені тоқтату мақсатында халықаралық қаржы ұйымдарының ұсынысымен, өзіміздің 2015 жылғы заңның қабылданғанынан бергі кездегі бақылау нәтижелерін қорыта келе бұл тәжірибені тоқтаттық. Қазіргі таңда ұсыныстар жеке тараптан түскен күннің өзінде ашық конкурстар жарияланады. Оған кез келген балама жеке тарап қатыса алады. Оған ешқандай жердің, нысанның немесе интеллектуалдық меншіктің болуы қажет емес. Бұрынғыдай келіп қатысып, бір ұйым ұтып алатын болса, ұтылған тарапқа қаражатын қайтарып береді. Сол себепті осындай заңнамалық өзгерістерден кейін, біздің баға беру ұсыныстарымыздан соң, қазірге дейін орын алып келген кемшіліктер азаяды деген үміттеміз, – деді Айдос Көбетов мырза.
Жалпы қолданысқа енгелі бері өз тиімділігін дәлелдеп келе жатқан бұл жоба алдағы жерде де жалғаса бермек. Жоғарыда айтылғандай заңнамалық тұрғыдан жасалып жатқан реттеулер мен жетілдірулер, цифрлық форматқа көшу және ашық конкурстар негізінде өз жұмысын жалғастыратын болады.