Өткен ғасырдағы тарихымызда Қазақстан жеріндегі қолдан жасалған алапат ашаршылық пен Кеңестік қитұрқы саясаттың жоспарымен жүргізілген саяси қуғын-сүргіннің зардабы ерекше болды. 1920 жылдары болған ашаршылық пен 1931-1933 жылдар аралығындағы ашаршылық кезінде миллиондаған қазақ өз топырағында аштан қырылды. Ал 1937 жылдардағы сталиндік режим кезінде 100 мыңнан астам жерлесіміз қуғынға ұшырап, қазақтың сорпа бетіне шығар 25000 зиялысы жазықсыз өлім жазасына кесілді. Қазақстан тәуелсіздік алғаннан кейін осы қасіретті тарихымызды есте сақтау үшін 31 мамырды арнайы күн ретінде бекітті. Осылайша жыл сайын «Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу» күні аталып өтіліп келеді.
Мамырдың 26-жұлдызында елордада ерекше бір жиналыс өтті. Тарқатып айтар болсақ, Нұр-Сұлтан қаласының әкімдігі, «Нұр-Сұлтан қаласының Тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы», «Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік архиві» ММ ұйымдастыруымен «Тарихтан тағылым, өткенге тағзым» атты дөңгелек үстел болып өтті. Еліміздің іші-сыртына келген ғалымдар, мұрағатшылар, билік органдарының өкілдері және арнайы құрылған комиссияның мүшелері мен БАҚ өкілдері қатысқан дөңгелек үстел өткен ғасырдағы алапат ашаршылық пен саяси қуғын-сүргін құрбандарын ақтау жөніндегі жасалып жатқан ғылыми жұмыстарға арналды.
Жиналыстың кіріспе сөзін бастаған Нұр-Сұлтан қаласы Мемлекеттік архивінің директоры Мейрам Бектембаев тарих және болашақ, көз алдымыздағы саяси жағдайлар туралы қысқаша тоқталып өтті. «Тарихқа жаңа көзқараспен қарау — болашаққа тың қадам басу. Бұл өз кезегінде халықтың рухани білімін, саяси өресін өсіреді. Келешек үшін сенімді шешімдер қабылдауға себепші болады. Сондай келелі істердің бірі — алдымыздағы болатын жалпыхалықтық референдум. Жалпы, өткен тарихымызға зер салсақ, әрбір хан билік жүргізген тұста азулы билеушілерден жеткен дәстүрді сақтай отырып, сол дәуірге сай заңдар жасады», – деді Мейрам Еркенұлы.
Бұдан ары жиналыс тізгінін п. ғ. д, профессор, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, Нұр-Сұлтан қаласының Мемлекеттік архиві директорының орынбасары Тілеуғали Қышқашбаев қолына алды. «Қасіретке толы өткен ғасыр қазақ еліне орны толмас шығындар әкелді. Солардың арасындағы ең үлкені Алаш зиялыларының қуғындалуы еді. Және де 1930 жылдардағы ашаршылық. Ел басындағы зиялыларды қудалап, халықты дінінен, тілінен, дәстүрінен айыру арқылы халықты темір құрсауда ұстау Кеңес үкіметінің ең зұлым саясаттарының бірі болды. Елдік тарихымызды жоққа шығарды. Шындықты бұрмалады. Ұлттық сананы мәңгүрттендірді. Тек еліміз егемендік алғаннан кейін тарихи ақтаңдақтықтар қайта қаралып, өткенімізді жаңа көзқараспен зерттеп, зерделеу басталды. Кеңес үкіметі кезінде құпия болып келген архивтердің негізінде ақ-қарасы ашылып, Алаш арыстары ақтала бастады. Мемлекет тарапынан қаулылар жарияланып, заңдар жасалып, зерттеу комиссиялары құрылып, аталмыш кезеңді ғылыми тұрғыдан зерттеу басталды. Міне, бүгінгі дөңгелек үстелімізде зерттеуші ғалымдар жиналып отыр. Мен бүгінгі ғылыми практикалық дөңгелек үстелімізге қатынасушыларды сол өткен күндерде қуғын-сүргінге ұшыраған ардақты азаматтарымыздың рухына бас ие отырып, бір минут үнсіздік жариялауға шақырамын», — деді.
Келесі сөздің кезегі қоғам қайраткері, саясаткер Әлихан Байменовке берілді. «Бүгінгі конференцияның тақырыбы біздің ұлтымыз үшін айрықша маңызды деп ойлаймын. Бұл тақырып — біздің ұлтымыздың жадынан өшпейтін тақырып. Себебі бүгінгі күннің өзін алсақ, біз кімбіз деген сұраққа жауап іздегенде, біздің бүгінгі болмысымызды қалыптастыруда қандай тарихи кезеңдер қалай әсер етті дегенде, ХХ ғасырдың бірінші жартысының орны ерекше болмақ. Бас-аяғы 20-30 жылдың ішінде ұлттың келбеті, болмысы түбегейлі өзгерді. Ұлт өзінің табиғи даму үрдісінен ауытқып, үлкен империя аумағында өткен әлеуметтік қанды да қатыгез эксперименттердің құрбаны болды. Менің ойымша, бүгінгідей үлкен басқосуларда тек қана нақты дәлелді келтірумен шектелмей, сонымен бірге олармен тұтасқан біздің ұлтымыздың болмысына, дамуымыздың траекториясына, құндылықтарымызға, қалай қалыптасуына әсер еткені туралы тереңірек айтылса деймін. Яғни ғылыми бағыттағы зерттеулер тек сандық көрсеткіштермен өлшенетін көрсеткіштер ғана емес, бір қарағанда көзге көрінбейтін сапалық өзгерістерді де зерттесе деймін. Сонда «біз кімбіз» деген сұраққа толық жауап беруге үлкен үлесін қосар еді. Менің ойымша, «не болды?» деген сұраққа жауаптар көбірек айтылуда. «Неге солай болды?» деген сұраққа біздің қоғамдық санада өз бастарын алып қашу байқалады. «Қалай болды? Оның салдары қалай болды? Ұлтымыз қалай өсіп-өнді?» деген сұрақтарға сіздер маман ретінде тереңірек үңілсеңіздер, біздің қоғамдық сананың дамуына үлкен үлес болар еді», – деді Әлихан Мұхамедұлы.
Дөңгелек үстелде баяндама жасаған ғалымдар өздерінің зерттеу нәтижелерімен бөлісті. Сондай-ақ, алда істелуге тиісті мәселелер жөнінде де тұшымды ойларын ортаға салды. Жиналысқа қатысқан ғалымдардың барлығы бірауыздан өткен ғасырдағы қазақ даласында орын алған нәубеттерді ғылыми тұрғыдан талдау жасау және келешек ұрпақтың жадында сақтау үшін жан-жақты зерделеніп, әділ бағасы берілуі керектігін айтып тарқасты.