Мерекелік шараның салтанатты ашылуына облыс әкімі Ералы Тоғжанов қатысып, жиналған жұртшылыққа жылы лебізін білдірді.
«Жәрмеңке — тек тауар айналымның ордасы ғана емес, елдің сағынысып көрісетін, ой бөлісетін жері. Өткенде ғана Ырғыздағы жаңғырған Жармола жәрмеңкесінде болдық. Салтын сақтаған, дәстүрін дәріптеген елдің әрқашан туы биік, тәуелсіздігі мығым болатыны белгілі. Қазақ қазақ болғалы өзіндік қиындықтарды басынан өткерді. Күні кешегі пандемия мен «Қаңтар оқиғасы да» бізді біраз әбіргерге салғанымен, бірлігімізден ажырата алған жоқ. Біз осы күнге ең алдымен ынтымақ пен бірліктің арқасында жеттік.
Дүние жүзінде 5 мыңнан астам ұлт болса, соның 195-інде ғана мемлекет бар. Ал қазаққа сондай мемлекет болу бақыты бұйырды. Ол үшін, әрине, алдымен бізге осыншама жерді аманаттап алып қалған ата-бабамызға алғыс айтамыз. Соның арқасында біз өткенімізді қайта жаңғыртып, болашағымызға жол салып отырмыз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Той құтты болсын, құрметті ойылдықтар!» - деді облыс әкімі.
Мерекелік шараны бір мезетте 50 домбырашы күймен ашты. Татар, өзбек, араб, орыс халықтарының саудагерлерін сомдаған өнерпаздар мерекенің сәнін арттыра түсті. Жәрмеңке аясында өткен аймақтық жыршылар фестиваліне тек Ақтөбеден ғана емес, көрші Атырау, Батыс Қазақстан облыстарының да жыршы-дәстүрлі әншілері келіпті. «Алтыбақан аясында» концерттік бағдарлама ұйымдастырылып, жиналған жұртшылықтың көңілін көтерді. Этноауылдағы көрініс көпшілікке сонау ХІХ ғасырға барып келгендей көңіл-күй сыйлады.
Әрине, «Көкжар» жәрмеңкесінің сауда алаңынсыз өтуі мүмкін емес. Бұл күні жәрмеңкеге келген аудандық тауар өндірушілер өз өнімдерін ыңғайлы бағада ойылдықтарға ұсынды.
Тарих бетінде Көкжар жәрмеңкесі туралы негізгі ережелерді 1866 жылы 7-қыркүйекте Ресей ішкі істер Министрі бекіткен. Көкжар жәрмеңкесі ресми түрде 1867 жылы көктемде Орал облысы, Темір уезіне қарасты Қазбек би болысында ашылған. Жәрмеңкенің алғашқы өткізілген орны сауда ісінің талаптарына сай емес болғандықтан 1869 жылы Ойыл бекінісінің жанына Барқын шатқалына көшірілген. Осы жылы тауар айналымы 46.061 рубльге жетіп «Көкжар жәрмеңкесі» деген атау берілген. Көкжар жәрмеңкесі жылына екі рет 15 мамыр -15 маусым және 15 қыркүйек -15 қазан аралығында өтіп отырған.