Өмірге өнеріңмен салсаң өрнек (Эссе)

Өмірге өнеріңмен салсаң өрнек  (Эссе)

Ақынның қызымен танысу

Қазақтың классик қаламгері Рақымжан аға Отарбаевтың «Адамның жастық шағы өткен жерде жарты жүрегі қалады» деген сөзі санамда жиі жаңғырады. Мынау тірлік бізді кімдермен табыстырып, кімдерден алыстатпады? Осынау өмір сапарымызда аз ба, көп пе, біраз дос таптық. Кейде алыстап кетсе де, сол достардың санаулысы ғана тілектес, тілеулес, ниеттес болып қалды да. Иә, кейбірімен жиі араластық болмаса да, өзіңе деген көңілі кешегідей таза, шын ықыласы көктемнің жылы лебіндей жаныңа жылылық сыйлайды. Әсіресе, жүрегіңді сағыныш пен мұң тербеп, жалғыздықтан жабырқағанда сол байырғы, ескі достарды жастықтың жазиралы жайлауында қалған шуақты, нұрлы күндерді сағынасың. Осыдан жиырма жылдай бұрын мен қазақтың екі әдемі, инабатты қыздарымен ойда жоқта бір шағын отырыста таныстым. Екеуі де іскер екен. Бірінің аты – Алтынай, Тарбағатай жақтан Сауанның қызы. Тағы бірінің аты – Шұға. Ертістің жағасында туып, өсіпті. Ұмытпасам, 7 әлде 8 наурыз күні болуы керек, ертесі таңда Алтынай Үрімжіден Бейжіңге ұшатын болды да, оны әуежайға шығарып салғаным есімде. Ол кездерде мен Үрімжіде қызмет істейтінмін. Қытайдың мемлекеттік ұлт істері жөніндегі агенттігінің (комитетінің) жанындағы Бейжің ұлттар баспасында әдеби редактор, сонымен бірге баспаның Шыңжаңдағы үйлестіруші менеджерімін. Екеуімен де дос ретінде екі-үш жылдай жақсы араласып жүрдік. Шұғамен әр кездескен сайын атақты Би-ағаның, қазақтың классик жазушысы Бейімбет Майлиннің «Шұға» әңгімесіндегі бас кейіпкер Шұғаны сипаттайтын «Шіркін, Шұға десе, Шұға еді-ау!» деген монологы бірден тілімнің ұшына оралатын-ды.

Иә, біздің Шұға да «Шұға десе, Шұға дейтіндей» қазақтың ерке, ақылды, көрікті ару қыздарының бірі. Сіздің де оған еш күмәніңіз болмасын. «Шұғажан, сен кімге арман болмадың?! Атақты Бейімбеттің Шұғасындай саған арнап мен де әңгіме жазсам ба екен!» Жан түкпірімде осындай бір арман бар. Бірақ менің көңілім оның құрбысында болғанын несін жасырайын?! Кейін мен Қазақстанға қоныс аударып кеттім де, арамыз біраз жылдарға алыстап қалған-ды. Араға он неше жыл салып барып, жақында Алматыда бір әдеби кеште кездестік. Ескі достар қайта табыстық. Мен шын қуандым. Неге қуанбасқа!

Атам қазақ «Достың жаңасынан ескісі жақсы» деп тегін айтпаса керек. Шұғаны қайта кездестіргенде жастық алаулы шақ, іңкәр сезім, өткен күннің елесі жан дүниемді шарпып өтті. Шұға сол баяғы ашық-жарқын қалпы. Өткен кездегіден біразға толысқан. «Шіркін, Шұға десе, Шұға ғой!» дейді тағы да жан түкпірімдегі ішкі сезім. Тұрмысқа шығыпты. Екі ұлдың анасы. Жолдасы Жәнібек деген азамат екен. Арғы беттен, Еренқабырғаның тумасы деді. Қазақстан-Қытай-Ресей бағытындағы логистика және транспорт саласында жұмыс істейді екен, механик-жүргізуші. 

Шұғаның бұрын әдебиетке қызығатынын шет жағалап білсем де, неге екенін қайдам, онша назар аудармаған екенмін. Өзінің өлең жазатынын, Шыңжаңдағы қазаққа белгілі ақынның қызы екенін тіпті де білмейді екенмін. Өзі де айтпаған. Шұға бұл жолы маған әкесі өмірден өткен соң (ағамыздың иманы саламат болсын!) архивте қалған қолжазбаларын реттеп, құрастырып, баспадан шығарғанын айтты. Әкесінің осы соңғы жинағын маған сыйлады. Сан қырлы талант иесі, тағдырлы тұлға туралы Шұғаның әсерлі әңгімесін мен үнсіз тыңдап отырдым. Арагідік сұрақ қойып отырғаным болмаса, оның сағыныш пен мұңға толы әңгімесін үзіп жібермеуге тырыстым. Ол толқып отырды, әрине, мен де. Мұңлы жанарынан сағыныштың тамшылары ұзын кірпіктерін жуды... Шұғаның әкесіне деген шексіз перзенттік махаббаты, сезімі, сағынышы, әкенің артында қалған рухани мұрасына деген жанашырлығы, өнерге, өлеңге деген шексіз сүйіспеншілігі мені бейжай қалдырмады. Өзі ақын, өзі әнші, өзі сері, өзі балуан, өз ортасының аңызына бергісіз тағдырлы тұлға туралы қолымызға қалам алғызған да осы эссе-реквиемді жазуға әсер еткен де осы Шұға достың әсерлі әңгімесі болғанын айтқымыз келеді. 

 

Тағдырлы өнер иесі 

немесе 

отқа жағылған өлеңдер

 

«Ел іші – өнер кеніші» демей ме тағы да сол дана қазақ. Дәл тауып айтылған сөз екеніне осы жазбамызды жазу барысында тағы да бір анық көзіміз жетті. Өмірі ауылда, ел ішінде жұрт қатарлы қарапайым ғана қоңыр тіршілік кешіп жүріп те ұлт руханиятына, өнеріне, өзі туып-өскен өлкенің рухани өмірін ілгерілетуге үн-түнсіз, айғай-шусыз жүріп те әлдекімдерден артық болмаса, еш кем емес үлес қосқан тұлғалар болады. Олар атақ пен даңққа бой ұрмай-ақ, ұлтқа қызмет етудің қандай болатынын көрсетіп кеткенін біреу білсе, біреу білмейді. Қазақ өнерінің сондай майталман тұлғаларының бірі, Шыңжаң қазақ поэзиясында өз орны бар, қазақтың белгілі ақыны, фольклоршы, өз ортасының аңызына айналған, сері, балуан, ғажайып дауыс иесі, әнші Шадат аға Мәлгаждарұлы еді. 

Шадат Мәлгаждарұлы 1938 жылы кешегі Үш аймақ үкіметінің астанасы болған Сарысүмбе қаласын кесіп өтіп ағатын асау Ертістің жағасында, қазіргі адреспен әдіптесек, Қытай Халық Республикасы, ШҰАР-дың Іле қазақ автономиялы облысына қарасты Алтай аймағының әкімшілік орталығы Алтай қаласының іргесіндегі Алағақ деген ауылда жыршы, қиссагер Мәлгаждар отбасында дүниеге келіпті. Атасы Оспан болыс Алтай бетіне билігі жүрген, сөзі кесімді, ескіше діни сауаты бар кісі болыпты. Ал, әкесі Мәлгаждар болса, «Әке көрген оқ жонар» демекші, ескіше сауаты бар, жастайынан атқа қонған, сөз ләмін өлеңмен ұйқастырып, термелетіп, әлдебір ескі мақамдарға салып, қазақтың ескі эпостық дастандары мен ғашықтық жырларын жатқызып өргізетін, көмейі бүлкілдеген ақын, Алтайдың арғы-бергі бетіндегі елге белгілі, ел ішінде беделді кісі болған екен. Осындай ата мен әкенің өнегесін көріп өскен, онің өлең сөзге, ән мен жырға үйір болмауы мүмкін емес еді. Содан да болар, оның аңсары бала кезден өлеңге, ән мен жырға ауды. Қазақтың небір ғажайып лиро-эпостық дастандарын, қазақтың қара өлеңдерін бала жастан жадына тоқып өскен болашақ ақын есейе келе өзі де жанынан өлең шығаратынды, әлдебір әуендерге салып ыңылдайтынды шығарды. Осы құштарлық оны қызығы мен шыжығы мол, серті мен дерті ауыр өнер дейтін ғажайып әлемге жетеледі. 

Алғаш әкесінен ескіше сауат ашады да, кейін Сарысүмбедегі (қазіргі Алтай) жаңаша мектепке түсіп оқиды. Онда орта білім алып шыққан соң өзі тұрған коммунаға қызметке тұрады. Сонда қызмет істеп жүргенде бірнеше жыл негізгі сат ұйымының қызметтік тәжірибесінен өткен жас жігітті жергілікті басшылық 1951 жылы Үрімжідегі Шыңжаң өлкелік бюро-кадрлары жоғары институтына бір жылдық оқуға жібереді. Аталған бұл оқу оны өлкелік бюро-кадрлар институты сол тұста Шыңжаңдағы жас кадрларды тәрбиелетін жалғыз база болатын. Онда гуманитарлық пәндермен бірге саяси-экономиканы да оқыды. Содан 1952 жылы оқуын ойдағыдай бітіріп келген соң да, өзі қызмет істеген коммунаға қайта оралып, 1952-1957 жылдары әртүрлі қызметте болды. Жасөспірім кезінен өлең жазып, ән салатын ол осы жылдары ақын ретінде де, әнші ретінде де кеңінен таныла бастайды. Өлең жазумен бірге елдің рухани, әлеуметтік өмірін бейнелейтін көркем очерктер де жазды. Очерктері «Жаңа Алтай», «Шыңжаң газеті» секілді мерзімді басылымдарда үзбей жарияланып тұрды. Ол кісінің замандастары мен көзін көрген кісілер Шадат ағаның ғажайып дауыстың иесі, дарынды әнші, серілігі де бар, аса қайратты, өз ортасының аңызы болғанын айтады. Талай-талай үлкенді-кішілі жиын-топтарда суырылып алға шығып, халық әндері мен халық композиторлары Мұхит пен Жаяу Мұсаның, Біржан мен Әсеттің, Ақан сері мен Мәдидің әндерін айтқанда, ел таңырқап, сілтідей тынады екен. Сол кезде үлкен сахналарда өнерпаз ретінде танылған Мұқатай, Серікбай, Сары Қайса секілді белгілі өнерпаздардың өзі дауысына тәнті болып, Шәкеңе қайта-қайта ән салғызады екен. Сондай күндердің бірінде Жәрдем Тілеков деген қазақтың үлкен өнерпаз әншісі Қазақстаннан Алтайға сапарлай барады. Бұл 1950 жылдардың ортасында болса керек. 

«Қыранды қыран алыстан таниды» демекші, ол осы сапарында Шадат ағамызбен танысып, әнін тыңдап, жас өнерпаздың өнеріне қатты тәнті болыпты. «Қайталанбайтын өнерпаз, ғажайып дауыс иесі екенсің!» деп жоғары бағалап, батасын беріпті. Бұл сөз жас талантты қанаттандырып, үлкен шабыт береді. 

Халық әндері мен халық композиторларынан көп үйренген ол шынымен дарынды, әнші, ғажайып дауыстың иесі болған. Бір өкінерлігі, осындай ғажайып дауыс иесінің орындауындағы бірде-бір әннің үнтаспаға жазылып қалмағаны өзекті өртейді. Әрине, жауабы жоқ жұмбақ сұрақ. 

«Дүние – үлкен көл, заман – соққан жел» (Абай) емес пе?! Ақынның жастық шағы бүкіл Қытайды дүрліктірген 1950 жылдардағы стиль дұрыстау, рушыл, ұлтшылдарды қудалау мен аты шулы он жылға созылған мәдениет революциясына (1966-1976 жылдары) дөп келді. 1957 жылы басталған стиль дұрыстауда «оңшыл, ұлтшыл» атанып қудалана бастайды. Советтік Қазақстан өнерпазы атақты Жәрдем Тілековпен кездесуі, Оспан атасы мен әкесі Мәлгаждардың ескіше сауаттылығы, діндарлығы, қиссагерлігі – бәрі-бәрі оған жала болып жабылып, «Совет тыңшысымен астасқан, шетке байланған, ескіні аңсаушы, сасық ойлы зиялы» делініп, халық жауы болып шыға келеді. Бұның арты жаңа айтқан мәдениет революциясына ұласып кетеді де, қайран есіл ердің жиырма жылға жақын өмірі еңбекпен өзгерту лагерінде ауыр еңбекпен айдауда өтеді. Айдаудағы ауыр тағдыр сағын сындырып, мың өлтіріп, мың тірілтсе де, сан қырлы тағдырлы талант иесінің рухын жасыта алмапты. Алтайдай асқақ, толқыны жағаны ұрған Ертістей асау мінезді азаматты замана дауылы жуасытқандай болғанымен, оның асқақ та өжет, қайсарлығын, бегзат болмысын жоғалта алмады. Алғашқы жазған өлеңдері отқа жағылғанымен де, ол қасиетті өлеңнен қол үзген жоқ.

«Ақынсың деп айтпаса да мені ешкім, 

Оқ жүріп, ақындармен теңестім» деп, ұлы Мұқағали ақын айтқандай, әу бастан-ақ қасиетті қара өлеңнен, лиро-эпостық жырлардан қуат алған ол іштей іздене жүріп, парасатты поэзияға құлаш ұрды. Ойшылдық пен сыршылдық – оның поэзиясының басты поредексі. Тек 1970 жылдардың соңында Қытай билігіне ұлы реформатор Дэн Сяопин келгеннен кейін заман оңала бастағанда кешегі еңбекпен түзету лагерінде айдауда жүрген интеллигенция өкілі, зиялылар жаппай ақтала бастады да, рухани әлеуметтік жағдай жақсара түсті. Шадат аға осы 1970 жылдардың соңында саяси ақталып, өзінің қызметіне қайта оралды. Неге екенін, бұл кісі толық ақталмағанға ұқсайды. Мүмкін оның әртүрлі себептері де болған шығар. Қалай дегенмен де:

«Гүліңмен бірге жылап, күліп тұрып,

Бойыма кетті асыл үміт тұнып.

Көтеріп қиялымнан барам өтіп, 

Басымнан өзге жайды ұмыттырып», – деп өзі жырлағандай, жиырма жыл айдауда жүрген ақынға азат өмір оған еркіндік пен жаңа шығармашылық сыйлады. Осыдан кейін шығармашылықтың жаңа белесіне көтерілді. 

Шадат аға өзінің шығармашылығын екі бірдей салаға – поэзия мен фольклорға арнады. Ұлттың асыл рухани мұрасы есептелетін күні кеше төрт көнеге жатқызылған қазақтың фольклорлық мұраларын, қазақтың лиро-эпостық жырларын, қиссаларын ұқыптап жинап, реттеп құрастырып, баспаға ұсынды. Баспаға ұсынуы неге тұрады? Оның артында қаншама жылғы қажыр-қайрат, еңбектің жатқанын сіз бен біз қаншалық бағалай алдық? Әрине, бұл еңбектер кейін том-том болып шыққан қазақ фольклорының үлкен томдарына енді де, 1980 жылдардың ішінде ақынның «Ақ жауын», «Қыран меруерттері» жыр жинақтары жарық көрген болатын. Өлкедегі мерзімді әдеби басылымдарда өлеңдері жиі болмаса да жарияланып тұрды. Өзі өмірден өткен соң, ақынның қызы Шұға Шадатқызының құрастыруымен тағы бір жыр кітабы жарық көрді. Шыңжаң жазушылар одағы мен Шыңжаң фольклоршылар қоғамының мүшесі Шадат аға әйгілі Асекеңмен де Шыңжаң қазақ әдебиетінің негізін қалаушылардың бірі, ақын, жазушы, драматург, үлкен шежіреші, Шыңжаңдағы қазақ баспасөзінің алғашқы шығарушыларының бірі, қазақ руханиятының абызы Асқар Татанайұлымен етене-жақын болыпты. Асқар ағасымен қаламдас іні-бауыр ретінде абыз ақсақалдың көп әңгімесін тыңдады, үлкен өнегелі мектебін көрді. Ақынның қызы Шұғаның айтуына қарағанда, Шадат аға атақты Мәдидің «Қарқаралысын» айрықша бір бөлек тебіреніспен, іңкәр сезіммен үнемі айтады екен. 

«Атыңнан айналайын, Қарқаралы,

Сенен бұлт, менен қайғы тарқамады.

Саяңнан сайғақ құрлы сая таппай, 

Мен бір жан арып жүрген Арқадағы». Бұл ақынның, өлеңнің, өнердің трагедиясы еді. Бұл тағдыр мен трагедия біздің кейіпкерімізді де айналып өткен жоқ. Қайран жиырма бесте «халық жауы» атанып, жалындаған жастық шағы еңбекпен түзету лагерінде өтті. Кісі төзгісіз ауыр жұмысқа жегілді. Жас кезінде жазған өлеңдері түгелдей отқа жағылды. Ең өкініштісі, өзегіңді өртейтіні – аса дарынды әншінің тембірі бөлек ғажайып дауысының үнтаспаға жазылмай қалғаны. Кім біледі, заман оңалған шақта біреу болмаса, біреу жазып та алды ма екен деген алдамшы үміт те жоқ емес. 

Ақын үшін, өнер адамы үшін бұдан артық трагедия мен азап болмаса керек. Бірақ жазмыш сол. Шер-ағам, қазақтың Шерхан Мұртазасы айтпақшы, бір кем дүние. Әрине, Алтайдай асқақ, Ертістей асау, турашыл, өткір мінезімен көп ешкімге ұнамағаны анық. Шадат аға өзінің ата қонысы Алтайдың етегіндегі Торғайты сахарасында Ертістің жағасындағы кішкене ауылда қарапайым ел қатарлы ғұмыр кешті. Елге сыйлы азамат болды. Талантын ешкімге бұлдап, атақ-даңқ, дәреже сұрағысы келмеді. Өзінің бегзат болмысынан, рухани биігінен, таза, адал, турашыл, баладай аңғал мінезінен айнымай, өмірден өтті. Көзі тірісінде өзінің бағасын ала алмай кеткен ақынның бірі осы Шадат ақын. Эссе-реквиемді ақынның қызы Шұғаның ақын құлыптасына қашап жазған жоқтау жырының мына жолдарымен аяқтап, арғы беттегі, Алтайдағы ағайынға көңілімізді білдірсек:

«Дүние жалған бекер ме,

Сағынышым, әке, жетер ме?!

Қайран да қайран, әкешім,

Бақиға сен де көштің бе?

Әкем бір биік тау екен, 

Сағынып Алай келгенде, 

Көрінер ме екен көлеңкең».

«Толқыннан толқын туады, 

Толқынды толқын қуады» (Мағжан).

Біздің бұл жазбамыз өзіңізден кейінгі толқынның өзіңіздің рухыңызға бағыштаған дұғасы мен қабіріңізге салған бір уыс топырағы болсын! Бейіште нұрың шалқысын, көке!

Сержан СӘРСЕНБАЙҰЛЫ, 

Алматы – Алтай – Алматы

 

24.04.2025

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 19856
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 19673
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 34821
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 33377
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 37202