Өмірзақ Озғанбаев: ҚАЗАҚ ТІЛІ БИЛІКТІҢ ТІЛІ БОЛМАСА, ОЛ ЖОҒАРЫДАҒЫ АЗАМАТТАРДЫҢ КЕМШІЛІГІ

Өмірзақ Озғанбаев: ҚАЗАҚ ТІЛІ БИЛІКТІҢ ТІЛІ БОЛМАСА, ОЛ ЖОҒАРЫДАҒЫ АЗАМАТТАРДЫҢ КЕМШІЛІГІ

Өмірзақ Озғанбайұлы – ғалым, қайраткер, тұлға. «Құрмет», «Парасат» және «Барыс» ордендері мен Ы.Алтынсарин атындағы төсбелгі иегері. «Алтын Барыс» құрмет белгісімен марапатталған. КСРО, Қазақстан және Түрікменстандағы білім беру саласының үздігі, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері.

ТЕХАСТЫҢ «ҚҰРМЕТТІ АЗАМАТЫ» АТАНҒАН ҚАЙРАТКЕР

– Ақтау қаласы мен Маңғыстау облысының және Қарақия, Түпқараған аудандарының құрметті азаматы екеніңізді білеміз, аға. Елімізде қала мен аудан азаматы атанған қайраткерлер аз емес. Алайда қалай сонау мұхиттың арғы жағындағы Техас штатының құрметті азаматы атанып жүрсіз? Әңгімені осыдан бастайықшы, аға.

– Еліміздің Парламентінде жұмыс істеген жылдары көптеген делегацияны бастап бірнеше шетел мемлекеттеріне бардық. Ол кезде біз жас, балаң демократияға кіріп жатқан елміз. Бұл 1996 жылғы жағдай. Барған елдерімізде қажетімізге жарайтын, пайдамызға асатын қандай тәжірибе бар, ол Парламент ісінде ме, ел басқаруда ма, жастар тәрбиесінде ме, мектепішілік тәрбие саласында ма, бізге бәрі таңсық, бәріне ерекше назар аударып жүрдік. Содан бір сапарда мен Қазақстан Парламентінің комитет төрағаларын бастап Америка Құрама Штатына ұштым. Он күндей Капитолийді, Ақ үйді, тағы басқа да көрнекті орындарды аралап, жұмыс істедік. Техас штатына жол түсті. Сол кездегі АҚШ-тың президенті кіші Буш болатын. Біз мұнайлы өлкеден шыққандықтан, АҚШ-тың жалпы мұнайға байланысты шаруаларының бәрі Техас штатының төңірегінде шешілетінін білдік. Жергілікті жұрт Техасты Американың мұнайлы өлкесі деп есептейді. Сол сапарымызда біз көптеген іс-шараларға қатыстық. Тәуелсіз елімізді жүрген жерімізде насихаттап отырдық. Сонымен қатар екі елдің арасындағы Парламенттік байланыстарды нығайтуға бар күшімізді салдық. Бұған дейін де Алматы қаласында АҚШ-тың елшілігімен жақсы қарым-қатынас орнаған еді. Екі жақты ұйымдастырылған іс-шараларда бірге жүрдік. Осы атқарылған ортақ жұмыстарымыздың бәрін есепке алған болуы керек, АҚШ-тың сол кездегі президенті кіші Буш қол қойған Техас штатының «Құрметті азаматы» деген атақ маған берілді.

– Сөзіңізді бөлейін, аға, бұл атақтың шетелдіктерге берілуі таңданарлық іс екен. Біздің елдің өзінде «Құрметті азамат» атанудың түрлі критерийлері бар дегендей...

– Менің білетінім – АҚШ-қа еңбегі сіңген, анықтап айтсам, өзге елде жүріп Американы насихаттаған, сол елмен достық қарым-қатынасты нығайтқан, құрған, түрлі Парламенттік байланыстарды жолға қойған мемлекеттердің қайраткерлеріне беретіні.

– Техас штатының «Құрметті азаматы» атанған екенсіз, құтты болсын! Енді оның сізге тигізген пайдасы, дүниеуи тұрғыдан көмегі болды ма? Одан беріде қаншама жылдар өтіп кетті, қазір сізді Америка құрлығы Техастың «Құрметті азаматы» деп тани ма? 

– Соңғы сұрағыңыздан бастайын, «Құрметті азамат» деген атақ бір жылға ғана беріліп тоқтап қалатын нәрсе емес қой. Сондықтан олар мені таниды. Барсам, құшақ жая қарсы алары сөзсіз. Бұл атақтың пайдасы да, көмегі де тиеді. Алайда мен оның пайдасы мен көмегінен бас тарттым. Оның себебі мынада. Мысалы АҚШтың «Құрметті азаматтарына» көптеген елдерде жеңілдіктер бар екен. Делегацияны қабылдау кезінде маған «Егер Америкаға келіп тұратын болсаңыз, сізге бар жағдай жасалады. Мына құжат бойынша Америка азаматтарының қолы неге жететінін көрсеңіздер болады» деп папка ұсынды. Оны оқып отырып «Құрметті азаматтың» мүмкіндігі мен құқығына көз жеткіздік. Және маған олар: «Келіп, осы жақта тұрамын десеңіз, үйіңіз дайын, жұмысқа шығып жатсаңыз, аулаңызда машинаңыз тұрады. Сіз Америка азаматтары пайдаланатын құқықтардың бәріне иесіз», – деп турасына көшті. Мұны естіген менің қасымдағы кісілер: «Сізге беретін үйін көре кетсек қайтеді» дегесін, «Көрсек көрейік» деп іздеп бардық. Таң қалдық. Зәулім үй. Ауласы тап-таза. Маңайы жайқалған бақ. Үйге кіре берісте аяқ киімді кремдейтін, майлайтын, сүртетін шөткілері мен кремдері самсап тұр. Үйдің іші адам кірсе шыққысыз. Адамға керекті дүниенің бәрі бар. Асханасында гарнитур, жап-жаңа ыдыс-аяқтар көз жауын алады. Жатын бөлмесіне кірсеңіз, қыздың жиған жүгіндей төсек-орын, көрпе-жастық...

Кел де тұра бер. Барлық жағдай жасалған. Дүние деп бас қатырмайсың. Тек қана жұмысыңды біл. Ісіңе адал бол. Бітті. Қасымдағы жігіттер әзілдеп жатыр «Үйді көрдіңіз, бар жағдайыңыз жасалған, шақырсаңыз машинаңыз келіп тұрады. Жұмыс істесеңіз болды» деп. Олардың сөзіне бір күліп алдым да, америкалық әріптестеріме қарап: «Біз қазақ деген халықтың ұлдарымыз. Қазақ деген халық мың өліп, мың тірілген. Тәуелсіздікке жаңа ғана қолдары жетіп жатыр. Біздің бойымызда қаншама күш-қуат, ерік-жігер бар. Соның барлығын туған елімізге, туған жерімізге жұмсауға дайынбыз. Айтқан жақсы әңгімелеріңізге, берген жақсы атақтарыңызға біз дән ризамыз. Рақмет айтамыз. Еліміз енді еңсесін түзеп жатқанда жайлы жер іздеп жүрер жайымыз жоқ» деп қош айтысқан едік.

 

ДАҢҒАЗА ДАҚПЫРТҚА МАСАЙРАМАСАҢ, СОЛ ЖЕҢІС

– Жақсы естелік екен, аға. 1996 жыл қиын кез еді ғой. Американы басып озамыз деген Кеңес үкіметінің әбден күйреп, құлаған шағы. Әйтседе Америка құрлығының бізді шаң қаптырып кеткеніне көзімізді жеткіздіңіз. Әлі күнге сол Америка көзімізді арбап қояды... Өткен өміріңізге көз жүгіртіп, жүріп өткен жолыңызға қарап отырсам, педагогика саласында атқарған жарты ғасырдан астам уақытта педагогикалық «баспалдақтың» барлық сатыларынан – пионер көшбасшысынан Ы.Алтынсарин атындағы Қазақ білім беру академиясының президентіне дейін көтеріліпсіз. Одан Қазақстан Республикасы Жоғарғы Кеңесінің XIII шақырылымында депутат, кейін Қазақстан Республикасының тұңғыш қос палаталы парламентінде, яғни егеменді республиканың алғашқы сенаторларының қатарында болып, сенаттың комитетін де басқарыпсыз. Жақсыны да, жаманды да көргеніңіз анық. Мемлекеттік қызметтің де әр саласында басшылықта болдыңыз. Бұл өмірден көңілге не түйдіңіз? Билік басындағы жастарға, інілеріңізге қандай кеңес бересіз? Ұлтты сүю, ұлтқа қызмет ету дегенді қалай сезінесіз, аға?

– Бұл сауалыңызға бір ауыз сөзбен жауап беру қиын. Ұрпақ ауысып отырады. Аға буын қоғамға өзінің үлесін қосып, қызметін жасап, еліне бойында барын беріп кетуге тырысады. Олардың орнына жастар келеді. Біздің еліміздің күші, жалпы өмірдің заңы сол ұрпақтардың ауысуымен кезектесіп отырады. Күні ертең біздің орнымызды да жастар басады. Біз аға буын, жаңа буын жастар отаншыл, ұлтшыл болса, рухани жағынан мықты, психологиялық тұрғыдан күшті болса деп тілейміз. Бүгінгі заманның жастары техниканың, жаңа технологияның тілін біледі. Қазіргі уақыттың бір ерекшелігі дүниенің аласапыран болып араласып жатқандығында. Бұрын Америкаға барып келген біреуді көрсек, мұхит кешіп барғандай таңданып жататынбыз. Қазір оған ешкім таңданбайды. Жастар Америка мен Еуропаны тіпті жеті құрлықты жалпағынан кешіп жүр. Ұғым өзгеруде. Таным күшеюде. Сондықтан қазақ елінің көптеген балалары шетелде, шетелдің озық, озат университеттерінде оқып, сол елдердің тілін біліп, мәдениетін көріп, жақсысы мен жаманын таразылап, терең білімді игеріп жатыр. Сол шетелден білім алған мамандармен қатар өз елімізде білім алған жастар да бірге қызмет істеуде. Осындай кезде қазақтың жастары шетелден келген жастардан еш кем түсіп жатқан жоқ. Қазақтың дарынды халық екенін осыдан-ақ көре бер. Біздің жоғары білім игерген барлық жастарымыз әркез арлы, намысты болса, ұлтын сүйсе, тілін құрметтесе, елдің көркеюі үшін от пен суға түссе, сол абырой! Даңғаза дақпыртқа масайрамаса, сол жеңіс! Ондай жастар көп. Мағжан ақын айтпақшы, «Мен жастарға сенемін!»

– Ардагерлер ұйымы осыдан 35 жыл бұрын құрылған екен. Әр өңірде филиалдарыңыз бар. Қандай игі істерге мұрындық болып жатырсыздар? Ардагерлер ұйымының қоғам алдындағы міндеті мен мақсаты жайлы айта отырсаңыз. Ұйым сапында қанша адам бар бүгінде?

– Менің ардагерлер ұйымындағы жұмысым Маңғыстау өңірінде басталды. Облыстық «Ардагерлер кеңесінің» төрағасы және облыс әкімінің кеңесшісі болдым. 2013 жылдың басында мені Республикалық басшылық «Республикалық ардагерлер ұйымын» басқаруға шақырды. Сөйтіп, мен еліміздің «Ардагерлер ұйымының» Орталық кеңесі төрағасы болып жұмысымды жалғадым. Үш-төрт жыл жұмыс істегесін зейнет жасына келдім. Содан кейін өзімнен анағұрлым жас жігіттерге төрағалық орнымды босатып беріп, өзім сол ұйымның төрағасының бірінші орынбасары болып қызметімді жалғастыра бердім. Ондағы азаматтар менің өмірлік тәжірибеме, халық арасындағы беделіме, ағалық ақыл-кеңесіме қызыққан болар, әзірге мені жіберер түрлері байқалмайды. 

Республиканың ардагерлер ұйымы қазір өзінің 35 жылдығын атап өтіп жатыр. Бұл үлкен ұйым. Республика көлемінде 2 миллионға жуық ардагер бар. Әрине, Отан соғысына қатысқан ардагерлер саны жылдан-жылға азайып барады. Еліміз бойынша екі жүзге тарта майдангер қалды. Тыл ардагерлерінің де жыл өткен сайын қатары сиреуде. Қазіргі ардагерлердің негізгі құрамы қазақ елінің экономикасының іргетасын қалаған, ұжым басқарған, ел басқарған азаматтардың тобын біріктіретін үлкен ұйымға айналып отыр.

 

10 МЫҢНАН АСА АРДАГЕРЛЕР ҰЙЫМЫ БАР

– Аға, сөзіңізді бөлейін, ауған соғысының ардагерлері сіздердің ұйымға кіре ме?

– Кірмейді. Олар өздері бөлек ардагерлер ұйымы. Айтайын деп жатқаным, біздің ардагерлер ұйымының өзіндік құрылымдық принциптері бар. Республикалық орталық кеңес 17 облыстағы, үш республикалық бағыныстағы қалалардағы ардагерлер ұйымдарын біріктіреді. Және облыстық ұйымдармен республикалық-қалалық және аудандық-қалалық ардагерлер ұйымын бір жерге топтастырады. Олар барып бастауыш ардагерлер ұйымын жинақтайды. Бүгіндері 10 мыңнан астам ардагерлер ұйымдары құрылған. Өткен жылы ардагерлер ұйымының 8-съезін өткіздік. Одан кейін кезектен тыс 9-шы, 10-шы съездері өтті.

– Ардагерлер ұйымы немен шұғылдануда деген сауалды қоймасқа шарам болмай тұр, аға. Осынша үлкен ұйымның қол қусырып жатпасы белгілі ғой?

– Бұл сауалыңызға бірінші айтарым, ардагерлер үлкен өмірлік тәжірибесі бар, тірліктің небір қиын-қыстау кезеңдерінен өткен, ысылған кісілер. Сондықтан бұл азаматтардың бай тәжірибесін пайдалану – өскелең ұрпақтың міндеті. Керек десеңіз, қажеті. Ардагерлер Отан соғысына қатысқан, еңбек майданында сыналған, билікте қызметте болған қайраткерлерден кенде емес. Олар жастармен кездесуге, өзге де жұмыстарды іске асыруға дендеп араласуда. 

Сіздің сауалыңызға айтарым, біздің негізгі мақсатымыз – ардагерлерге, олардың тіршілігіне, өміріне қолайлы жағдай жасау. Олардың мемлекет алдында, кәсіпкерліктің алдында шешілмеген мәселелерін шешуге араласу. Осы бағытта Қазақстанда ардагерлер туралы заң бар. Бұл заң ардагерлердің құқықтары мен қажеттіліктерін қамтамасыз етуге арналған. Сонымен қатар ардагерлер халықаралық және шетелдік ұйымдармен, кеңестік ТМД елдерімен байланыс жасауға талпынып жатыр. Ардагерлердің үлкен бір тобы жастарға қамқорлық жасау мәселесімен шұғылдануда. Ардагерлердің демалыс уақытын бос өткізбеуге де үлкен қамқорлық жасалуда. Үлкен қалаларымызда ардагерлердің хорлары жұмыс істеп тұр. Олардың өз ансамбльдері бар. Түрлі шараларға қатысып, концерттерін қояды. Елімізде ардагерлерге қамқорлық жасау жөніндегі айлық өтіп жатыр. Сонымен бірге БҰҰның шешімі бойынша 1 қазан Қарттар күні деп белгіленген. Қарттар күні негізі бір күн. Ал Қазақстанда бір күн емес, бір ай бойы ардагерлерге қамқорлық көрсету үшін, кеңірек қамту үшін айлық өткіземіз. Бұл үрдіс бір-екі жылдан бері дәстүрлі шараға айналып отыр. Үкімет басында отырған азаматтарға, депутаттарымызға, іскер адамдарға, кәсіпкерлерге үндеу жарияладық. Бұл үндеудің негізгі мәні – жанын, қанын, еңбегін Отаны үшін аямаған ардагерлерге бізде бүгін перзенттік парызымызды көрсетіп, қамқорлық жасайық деген бағытты ұстанады. Осы үндеу бойынша елімізде көптеген жұмыстар істелуде. Барлық жерлерде ардагерлерді қабылдап, құрмет көрсетіп, төрге отырғызып, сый-сияпаттарын жасап, қаржылай көмектесуге ардагерлер ұйымы мұрындық болуда

 

ҰЛТТЫ СҮЮ ҮШІН КӨП НӘРСЕ ҚАЖЕТ ЕМЕС

– Алаш туралы, алаш қайраткерлері аңсаған азаттық жайлы үнемі айтып жүресіз. Расында да алаш арыстары аңсаған күнге жеттік. Өз қолымыз өз аузымызға жетті. Тәуба! Тәуелсіздік алғанымызға 30 жылдан асып барады. «Әттең, тонның келтесі-ай!» дегізетіні – тіл мәселесі өзектілігін жоймай тұр. Билік басындағы кей шенеуніктер әлі де тілге немқұрайлы қарауын қоймай отыр. Ақсақал ретінде осы мәселеге не айтасыз?

– Бұл біздің үлкен кемшілігіміз. Бұл билік басындағы кей азаматтардың нашарлығы. Ел, ел болып, тәуелсіздігін жариялағаннан кейін декларацияда, конституцияда көрсетілген мемлекеттік тіл – қазақ тілі болып танылды. Егер біз қазақ тіліне мән бермей жатсақ, ол қазақ азаматтарының намысы әлі оянбағанын, азаттықтың дәмін сезінбегенін, анасының ақ сүтін әлі ақтамағанының бір белгісі деп санаймын. Намыссыз, жігерсіз адамнан ештеңе күтуге болмайды, негізі. Сондықтан, менің пайымымша, бұл мәселеге ұлт болып ерекше назар аударуымыз керек-ақ. Бәлкім осы саладағы баптарды, ережелерді қатайтуымыз керек шығар. Тәуелсіздікке отыз жылдан асып бара жатқанда ана тіліміз өгей баланың күнін кешіп жүретін болса, ұлттығымызға сын, мемлекетімізге ұят! Қазақ тілі Үкіметтің тілі болмаса, ғылым мен білімнің тілі болмаса, ол биліктегі қазақ азаматтарының кемшілігі ғана... Жақында мен ресейлік арнадан Санкт-Петербургта өткен бір бағдарламаны тамашаладым. Отырғандардың бәрі білгіштер. Бір сауалға жауап іздеп жатыр. Ол сауал «Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы (ТМД) ішінде өз тілінде сөйлемейтін мемлекет бар ма?» деп тұр. Бір кезде бір білгіш қолын көтеріп: «Ол – Қазақстан», – деді. Қасымда тірі жан болмаса да қатты ұялдым. Жердің тесігі болса, кіріп кетуге аз-ақ қалдым. Жеткен жеріміз осы болды-ау, қарағым. Өзінің ана тілін білмей қазақ елін басқарамын деу – ақылға сыймайтын мәселе.

– Соңғы уақыттарда әлеуметтік желі қолданушылары арасында, қазақтілді ортада «Билікке қазақ тілін білетіндерді ғана сайлау керек» деген пікір көп айтылып жүр. Осыған сіздің көзқарасыңызды білуге бола ма?

– Бұған менің көзқарасым дұрыс, оларды қолдаймын. Себебі қазір Президенттікке кандидат болып түсіп жатқан азаматтарды арнайы тіл комиссиясы тексереді. Біліктілігін, тілді меңгеруін қадағалайды. Соған байланысты көп кандидаттар іріктеуден өте алмай жатады. Бұл талап енді тек Президентке ғана емес, Парламент депутаттарына, Үкіметтің беделді қызметтеріне қабылданатын шенеуніктерге, министрлер мен әкімдерге де қолданылса деген ойдамын. Бұған ерекше назар аударатын уақыт келді. Өзінің ана тілін білмей қазақ елін басқарамын деу – ақылға сыймайтын мәселе. Бұл тез арада шешімін табады деген сенімім зор. Ардагерлер ұйымы да бұл проблеманы жиі көтеріп жүр. Президент Тоқаев мырзаның да құлағына шалынып қалар деген үміт басым. 

– Баяғыда бабаларымыз жақсы қартайған ақсақалдан ұлағатты ұрпаққа бата-тілек сұрайды екен. Болашаққа аманат үшін. Ізгілердің жолын ұстана отырып, Сізге соңғы сауалымды қойғым келіп отыр: ұлтты сүю, ұлтқа қызмет ету дегенді қалай сезінуге болады? Ол үшін не істемек керек? Осыған нақты анықтама бере кетсеңіз.

– Менің әкем – қазақ, шешем – қазақ. Қазақ жерінде дүниеге келдім. Осы ел, осы жер – менің мақтанышым. Өмір бойғы мақсатым осы елге, жерге қызмет жасау болды. Жаратушы Ие бізге қанша уақыт, қанша мүмкіндік береді, соның барлығын қалтқысыз өз еліме арнауды мен алдыма мақсат етіп қойдым. Бұл менің ұлтымды сүюім. Ұлтқа қызмет етуге әркім өз хал-қадерінше атқарып жатқан жұмысын адал атқарса, елі үшін барлық жұмыстарға араласса, елінің өркендеуін армандап, сол үшін от пен суға түссе, онда ол өз ұлтының өкілі екенін сезінуі. Дүниеде көптеген ұлттар бар, сол ұлттардың ішінде өз елі, өз жері, мемлекеті жоқ ұлттар да бар. Олардың арманы «Ой, біздің мемлекетіміз болса, еліміз бен жеріміз болса, соған қызмет етсек» деп армандайды. Бізге жаратушы байтақ жер берді, бізге қасиетті ел берді. Оның қойнауын толтырып кен берді. Әрбір қазақ азаматының осы қасиетті жеріне қызмет жасауы – перзенттік парызы, міндеті! Ұлтты сүю үшін көп нәрсе қажет емес. Тілін, ділін, дінін, салт-дәстүрін құрметтесе, киелі өлкесін шексіз махаббатпен, өлшеусіз құштарлықпен сүйсе, адал жүріп, адал тұрса, бабалар аманатына адал болса жетіп жатыр... 

Алаш көсемі Әлихан Бөкейханов: «Ұлтқа қызмет ету – білімнен емес, мінезден» деген. Сол сөз – сөз-ақ!

– Әңгімеңізге рақмет, аға! 

Сұхбаттасқан – Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК
26.01.2023

Ұқсас жаңалықтар

ЕҢБЕККЕРЛЕРГЕ ҚҰРМЕТ КӨРСЕТІЛГЕН КҮН
Нағашыбай ҚАБЫЛБЕК - 21.11.2024 243
КВАДРОБЕР – ҰЛТ  БОЛАШАҒЫНА  ҚАУІПТІ ДЕРТ
Сәуле Мешітбайқызы - 21.11.2024 239
Бәйтерек ауданы:  Берері мол бағдарламаның жемісін көруде
Ләззат ҚАЖЫМОВА, Батыс Қазақстан облысы - 15.11.2024 741
Бірлік қайда болса, еркіндік сонда, Еркіндік қайда болса, елдік сонда
Бейбітбек БҮРКІТБАЙҰЛЫ, Қызылорда облысы - 15.11.2024 864
ТУҒАН КЕНТІНЕН ЗАУЫТ АШҚАН ЖАҚСЫЛЫҚ
Тұрақ АДИСҰЛЫ, Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Қызылорда облысы, Жалағаш ауданы - 15.11.2024 777

Топ жаңалықтар

1
«Балалық шаққа инвестиция» форумы не шешеді?
Show more
Жарқынай БАККУМЕК - 2024-06-14 8934
2
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 8328
3
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 11556
4
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-10 9313
5
Жасанды интеллект Президенттің ақыл-ой деңгейін тексерді
Show more
smi24.kz - 2024-03-18 10540