Орал қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөліміне қарасты «Мәдени-ағарту бірлестігінің» құрылғанына биыл – 30 жыл.
Осы атаулы мерейтойға орай жуырда қалалық мәдени-ағарту бірлестігіне қарасты комьюнити орталықтардың, аула және мәдени клубтардың тәрбиеленушілерінің қатысуымен салтанатты іс-шара өтті. Бұл туралы Орал қалалық әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Салтанатты кешке Орал қаласы әкімінің орынбасары Мирболат Нұржанов қатысып, құндылыққа толы өнер ордасының ұжымын мерейтойларымен құттықтады.
– Балаларымыздың жан-жақты, білімді, мәдениетті, ең бастысы көреген әрі тәрбиелі боп қалыптасуына, жастардың қоғамға сай өмір сүруіне, қарияларымыздың зейнеткерлік уақытын тиімді пайдалануына мәдени-ағарту бірлестігінің қызметкерлері оң ықпалын тигізіп келеді. Баланың қызығушылығына септігін тигізіп, икеміне қарай жаңа қырынан танылуында, өмірлік жолын анықтауда аула клубтары мен комьюнити орталықтарының маңызы зор. Сол сияқты әлеуметтік орталық жасөспірімдердің әлеуметтік ортаға бейімделуіне ықпал етіп, тәрбиенің жан-жақты үлгісін көрсетіп келеді. Ал ұлттық асыл қазынамыз – салт-дәстүрлеріміз бен халық музыкасын насихаттау мақсатында жұмыс жасайтын ардагерлер клубының жұмысы бүгінде ерекше маңызға ие. Баршаңызды аталмыш бірлестіктің мерейтойымен құттықтай отырып, шаһарымыздың мәдени өмірі үшін жасап жатқан игі істеріңіз үшін алғыс білдіремін, – деген Мирболат Сағынғалиұлы сала мамандарына мерекелік Алғыс хаттар табыстады.
Салтанатты іс-шара бірлестік мамандары мен комьюнити орталықтардың, аула және мәдени клубтардың тәрбиеленушілері дайындаған концерттік бағдарламамен жалғасты. Кеш барысында мәдени-ағарту бірлестігінде, оған қарасты ұжымдарда қызмет атқарған сала ардагерлеріне құрмет көрсетіліп, естелік сыйлықтар табыс етілді.
Жалпы бүгінгі таңда Орал қалалық мәдени-ағарту бірлестігінде 24 бөлімше, оның ішінде облыс орталығының әр ауданында орналасқан 11 балалар аула клубы, сегіз комьюнити орталық, «Жас ұрпақ» жасөспірімдердің әлеуметтік даму орталығы, Ю.Гагарин атындағы балалар кинотеатры, «Ардагер» клубы, сонымен бірге көру, есту және сөйлеу қабілеттері нашар топтарға арналған «Ақниет», «Бойтұмар» мәдени клубтары жұмыс жасайды.