ӨҢІРДЕ ОТБАСЫ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

ӨҢІРДЕ ОТБАСЫ АПТАЛЫҒЫ БАСТАЛДЫ

Елімізде 7-қыркүйекте Отбасы күніне арналған апталық басталды. 13 қыркүйекке дейін өткізілетін апталық аясында отбасы құндылықтарын дәріптеуге, отбасындағы қарым-қатынас мәдениетін дамытуға және саналы ата-ана болудың маңызын түсіндіруге бағытталған ақпараттық, танымдық және қоғамдық іс-шаралар өтеді.

 

Ақтөбеде де Отбасы күніне орай апталық болып жатыр. Апталықтың әр күні жеке тақырыпқа арналады. Бағдарлама ұрпақтар сабақтастығы, саналы түрде отбасын құру, бала денсаулығы мен қауіпсіздігі, отбасы берекесі және ата-ана мен баланың бірге уақыт өткізуі секілді маңызды тақырыптарды қамтиды.

Апталықтың алғашқы күнінен-ақ отбасы мүшелерін ортақ іске ұйыстыратын мәдени, спорттық және танымдық шаралар қолға алынды. Мерекелік бағдарлама «Триатлон» саябағында өткен «Astana audany Otbasy FEST» спорттық-отбасылық мерекесімен басталды. Отбасылық жүгіру жарыстары, интеллектуалдық ойындар мен «Отбасылық QUIZ: Білім. Бірлік. Көңіл-күй!» секілді сайыстар да бірге уақыт өткізудің мазмұнын арттыра түсті. Қатысушылар асық ату, арқан тарту, қол күрес, гір көтеру, веложарыс және басқа да сайыстарға белсенді қатысты. Мереке аясында 18 ана «Күміс алқа» төсбелгісімен, 9 отбасылық ансамбль, сондай-ақ «Алтын той», «Күміс той», «Қола той» аталымдары бойынша 3 отбасы марапатталды. «Мерейлі отбасы» байқауына қатысқан және жеңімпаз атанған жанұялармен кездесулер өткізіліп, олардың өмірлік тәжірибесі мен отбасылық дәстүрлері насихатталды.

Осындай өнегелі әулеттердің бірі – «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсының облыстық кезеңінде бас жүлде иеленген Байғанин ауданындағы Есқазиевтер отбасы. Есқазы Нұрбаулы мен Моншақ Есенбайқызының шаңырақ көтергеніне биыл 67 жыл толған. Ұлағатты жұп 12 бала тәрбиелеп, 43 немере мен 44 шөбере сүйіп отырған үлкен әулеттің берекесін ұстап отыр.

Есқазы Нұрбаулы  – ұзақ жыл ұстаздық еткен, білім саласында басшылық қызметтер атқарған ардагер. Оның өнегелі еңбек жолын ұрпақтары да жалғастырып келеді. Бүгінде әулеттен ұстаздар, кәсіпкерлер, мемлекеттік қызметкерлер, мұнай саласының мамандары шыққан. Ұрпақтары атасының ұстаздық еңбегін бағалап, туған жердегі білім ордасына демеушілік көрсетіп, оның атына заманауи математика кабинетін ашқан. Жұбайы Моншақ Есенбайқызы – көпбалалы ана, «Алтын алқа» иегері. Ал әулеттің кейінгі буыны да ел ісіне араласып, кәсіпкерлікпен, білім саласымен және қоғамдық жұмыстармен айналысып жүр. Мұндай отбасылардың өмір жолы – шаңырақтың беріктігі тек жыл санымен емес, ұрпаққа қалдырған өнегесімен өлшенетінін көрсетеді.

Отбасы тарихын сақтау мен отбасылық мұраны ұрпаққа жеткізуге арналған жобалар да апталықтың мазмұнын айшықтап отыр. «Отбасылық мұрағат», «Отбасылық шежіре», «Отбасылық жәдігерлер – ұрпаққа аманат», «Жәдігерден сыр шерткен отбасы» секілді бастамалар арқылы тұрғындар ескі фотосуреттерін, құжаттарын және отбасылық жәдігерлерін көпшілікке таныстыруда. Кітапханалар мен мәдениет ошақтарында отбасы тарихына арналған көрмелер мен танымдық кездесулер өткізіліп жатыр. Мектептерде де тағылымға толы іс-шаралар ұйымдастырылуда. Мәселен, Ақтөбе қаласындағы М.Мақатаев атындағы №73 мектепте, №69 жалпы білім беретін орта мектебінде өткен іс-шаралар аясында әке мен ұл, ана мен қыз, ата мен немере арасындағы сабақтастық кеңінен насихатталды. Кездесуде келген ата-әжелер, аналар мен әкелер қыз балаларға ұлттық қолөнер, ұл балаларға садақ ату, оқушыларға бата беру дәстүрі таныстырылып, ата, әке, ана өнегесі арқылы ұлттық құндылықтарды дәріптеуге бағытталған мазмұнды әңгіме айтты.  

Ақтөбе облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама  басқармасы берген дерекке сүйенсек, апталық аясыда психологтар, педагогтер, заңгерлер мен әлеуметтік қызметкерлердің қатысуымен ата-аналарға арналған кездесулер мен тренингтер өткізілмек. Бала қауіпсіздігі де назардан тыс қалмайды. «Үй қауіпсіз орын болуы керек», «Бала зорлық-зомбылықтың куәгері болмауы тиіс», «Бақытты отбасы – қауіпсіз қоғам» тақырыптарындағы түсіндіру шараларында отбасындағы қауіпсіз орта қалыптастыру, бала құқықтарын қорғау, зорлық-зомбылықтың алдын алу мәселелері талқыланады. Сонымен қатар балалардың цифрлық қауіпсіздігіне арналған «Телефондағы отбасы» жобасы арқылы интернеттегі қауіпсіздік, кибербуллинг пен цифрлық тәуелділіктің алдын алу жолдары түсіндіріледі.

Балалардың денсаулығын қорғауға байланысты іс-шаралар, отбасының әлеуметтік әл-ауқатына байланысты қайырымдылық акцияларын өткізу секілді іс-шаралар да ұйымдастырылуда.  

«Отбасымыздың бір күні» ұранымен өтетін жалпыұлттық #Otbasym2026 челленджі барысында жанұялар өздерінің дәстүрлері, бірге өткізетін уақыты, ортақ қызығушылықтары мен күнделікті тіршілігін көрсететін бейнероликтер жариялап жатыр. Мұндай жобалар отбасы бақытының күнделікті қарапайым сәттерден құралатынын көрсетеді.

Апталықтың мәдени бағдарламасы қала мен аудандарды ғана емес, ауылдық елді мекендерді де қамтиды. Мәдениет үйлері мен кітапханаларда отбасы тақырыбындағы кездесулер, концерттер, көрмелер мен танымдық кештер өткізіліп жатыр. Отбасы мүшелерін туған жердің тазалығына жұмылдыратын «Таза Қазақстан» акциялары да апталық аясында жалғасады. 

Апталықтың түйіні – отбасы құндылығы бір күнде қалыптаспайды. Ол күнделікті қарым-қатынастан, өзара сыйластықтан, ортақ еңбектен, балаға бөлінген уақыттан және үлкеннің өнегесінен құралады. Есқазиевтер әулеті секілді көпке үлгі отбасылардың өмір жолы да осыны аңғартады. Шаңырақтағы татулық пен тәрбие орныққан жерде ұрпақ та өз болашағына сеніммен қарайды. Сондықтан отбасыға қамқорлық жасау – бір әулеттің ғана емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті.

 

09.09.2026

Ұқсас жаңалықтар

Топ жаңалықтар

1
Алматыда көшкін қаупі сейілген жоқ
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-20 27530
2
Алматы төтенше жағдайларға дайын ба?
Show more
Камила Мүлік - 2025-02-13 27038
3
Ойынқұмарлық дендеп барады
Show more
- 2024-11-30 44378
4
Пәтер сатып алғанда абай болыңыз!
Show more
Аққу СӘЛІМБЕК - 2024-06-14 40125
5
Алты алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі
Show more
АҚҚУ СӘЛІМБЕК - 2024-06-12 44720