Биылғы күздің бір жаңалығы – «Түркия мен Әзербайжан арасына кірбең түскені» жайлы толассыз айтылып жатқан пікірлер легі болды. Былай қарасаң жаны бар секілді... Илхам Әлиев өзінің партияластарымен өткен кездесуде әлдекімдерді нысанаға алғандай өкпе, реніш араласқан сөз сөйлейді. Іле-шала Бакуде хиджаб дауы қылаң берді. Онысын іліп әкеткен біраз түркиялық азаматтар сын садағын Илхам Әлиевке кезей қойды. Дегенмен ресми мекемелер тарапынан ашық мәлімдеме жасаған ешкім болған жоқ. Ал, Түркі мемлекеттері ұйымының кезекті саммитіне Әзербайжан елінің атынан Сыртқы істер министрі барып қатысып қайтты. Тура осы жеріне келгенде жұрттың күдігі расқа айналғандай көрінді. Дегенмен Түркия басшысы Ердоғанның Әзербайжанға келуі, екі Президенттің қатар отырып, «екі елде өмір сүріп жатқан бір ұлттың» татулығы жайлы жалынды сөздері барлығына нүкте қойғандай болды. Біз төменде осы туралы азырақ ой бөлісуді жөн көрдік.
Биылғы күздің бір жаңалығы – «Түркия мен Әзербайжан арасына кірбең түскені» жайлы толассыз айтылып жатқан пікірлер легі болды. Былай қарасаң, жаны бар секілді... Илхам Әлиев өзінің партияластарымен өткен кездесуде әлдекімдерді нысанаға алғандай өкпе, реніш араласқан сөз сөйлейді. Іле-шала Бакуде хиджаб дауы қылаң берді. Онысын іліп әкеткен біраз түркиялық азаматтар сын садағын Илхам Әлиевке кезей қойды. Дегенмен ресми мекемелер тарапынан ашық мәлімдеме жасаған ешкім болған жоқ. Ал, Түркі мемлекеттері ұйымның кезекті саммитіне Әзербайжан елінің атынан Сыртқы істер министрі барып қатысып қайтты. Тура осы жеріне келгенде жұрттың күдігі расқа айналғандай көрінді. Дегенмен Түркия басшысы Ердоғанның Әзербайжанға келуі, екі Президенттің қатар отырып, «екі елде өмір сүріп жатқан бір ұлттың» татулығы жайлы жалынды сөздері барлығына нүкте қойғандай болды. Біз төменде осы туралы азырақ ой бөлісуді жөн көрдік.
«Реніштердің» реті
Егер қазан айында жұрт назарын аударған екі ел арасында дипломатиялық және саяси келіспеушіліктердің белгілерін аңғартқан істерді ренішке баласақ, оның реті былай өрбиді.
2026 жылы 22 қыркүйекте БҰҰ Бас Ассамблеясының 81-сессиясында сөз сөйлеген Түркия президенті, Батыс елдеріндегі исламға қарсы көзқарас пен мұсылман әйелдеріне қатысты кемсітушілік мәселесін көтерді. Ол өз сөзінде: «Кейбір елдердің мектептерде орамал тағуға тыйым салуын әйелдердің ең негізгі құқықтарына жасалған шабуыл деп санаймыз», – деді нықтап тұрып. Сондай-ақ исламға қарсы өшпенділіктің індет сияқты таралып бара жатқанын, әсіресе мұсылман қыздар мен әйелдердің кемсітушілікке жиі ұшырайтынын да жасырған жоқ.
Ердоған бұл сөзінде ешбір мемлекеттің атын атап, түсін түстемеді. Алайда осыдан бір күн бұрын ғана Әзербайжанда оқушылардың киім үлгісіне қатысты жаңа ережелер қабылданған еді. Бұл ережені былайғы жұрт мектептерде діни сипаттағы киімге, соның ішінде хиджабқа шектеу қою ретінде қабылдады да өре түрегелді. Ал Ердоғанның хиджабқа қатысты сөзі жұрт назарында тура Бакудің саясатын сынағандай әсер қалдырғаны анық болатын. Осыдан кейін бірден Түркия мен Әзербайжан арасында пікір қайшылығы күшейе түсіп, әлеуметтік желі бетінде дау-шар молайып кетті. Тіпті Баку тарапынан «біздің ішкі ісімізге ешкім араласпасын...» деген сөздер де айтылып қалды.
2026 жылғы 2 қазанда Әзербайжандағы негізгі күш саналатын «Жаңа Әзербайжан» партиясының съезінде сөз сөйлеген Илхам Әлиев екінші Қарабах соғысындағы жеңістің қалай жүзеге асқаны туралы пікір білдірді.
– Әлемде қазір әртүрлі соғыстар жүріп жатыр. Әрқайсысының артында, айтқандай, үлкен бір ағасы бар. Кейбірінің артында бірнешеуі тұр. Ал біз жалғыз болдық. Оның үстіне, сол үлкен ағалардың бәрі бізге қарсы болды. Минск тобының тең төрағалары да бізге қарсы болды. Бүгінде олардың барлығы әлемдегі жетекші мемлекеттер. Ойланып қараңыздаршы, біз кімге қарсы соғыс жүргіздік? Арменияның артында сол күштер тұрды, қазір де әрқайсысы өз жолымен қолдап отыр. Сондықтан біз жеңісімізді де, батылдығымызды да, ерік-жігерімізді де, халқымыз бен мемлекетімізді де мақтан тұтамыз. Бізге ешкімнің көмегі де, қамқорлығы да қажет емес. Бізге көмек керек болған кезде ешкім қол ұшын созған жоқ. Бір миллион босқынымыз болғанда да ешкім көмектеспеді. Не сатып алсақ та, ақшамызға сатып алдық. Соның ішінде барлық қару-жарақты да өз ақшамызға, әлемдік бағамен, соңғы оғына дейін сатып алдық. Ешкім бізге бір манат, бір доллар берген емес, – деді Илхам Әлиев.
Әзербайжан Президенті өзінің реніш араласқан сөзінде ешбір мемлекетті, ешбір саяси тұлғаны атаған жоқ. Алайда 44 күнге созылған Қарабахты қайтарып алу соғысында Түркияның әскери көмегінің рөлі орасан зор болғанын күллі әлем сөз еткен еді. Сондықтан да бұл сөздің кімдерге қаратылғанын жұрт бірден аңғарғандай болды.
Алайда салқынқанды сарапшылар олардың Қарабахты қайтарып алуға талай жылдар дайындалып келгенін еске ала отырып «Әзербайжан қару-жарақтың едәуір бөлігін шетелдерден сатып алды. Бұл – әскери шығындарға қатысты мәселе. Бұдан бөлек Түркияның Әзербайжанға көрсеткен әскери даярлық, қорғаныс саласындағы ынтымақтастық, саяси және дипломатиялық қолдауын тек қару сатып алу мәселесімен шектеуге болмайды. 2020 жылғы 44 күндік соғыс кезінде Түркия Әзербайжанның саяси қолдаушысы болды. Ал әскери ынтымақтастық, екі ел арасында соғысқа дейін де қалыптасқан еді», – деген пікірлерін айтыпты.
Барлық нәрседе саяси сараптамадан гөрі, эмоцияға жылдам берілетін адамдар Әлиевтің «бәрін өзіміз сатып алдық, ешкім көмектескен жоқ» деген мәлімдемесін Түркияның Қарабах жеңісіндегі үлесін жоққа шығару деп бағалады да, «жақсылықты білмейтін диктаторға» қарата ренішті сөздерін қарша боратып жатты.

Әлиев ТМҰ-ның
саммитіне
неге бармады?
2026 жылғы 30 қазанда Анкарада Түркі мемлекеттері ұйымының 13-саммиті өтті. Бұл жиынға Қазақстан, Қырғызстан, Өзбекстан, Түрікменстан және басқа да қатысушы мемлекеттердің басшылары келді. Алайда Әзербайжан президенті Илхам Әлиев саммитке қатысқан жоқ. Оның орнына Сыртқы істер министрі Жейхун Байрамов барды.
Бұл мәселеге қарата ресми пікір білдірген Баку тарапы «Әлиевтің алдын ала жоспарланған мемлекеттік іс-шаралары мен жұмыс кестесінің тығыздығына байланысты саммитке бара алмағанын» айтып ақталғандай болды. Сөйтсек, 30 қазанда Бакуде футболдан FIFA U-15 әлем чемпионатының марапаттау рәсімі өтуі жоспарланған екен. Әзербайжан үшін екі шараның қайсысы маңызды дегенге келгенде, әлемдік БАҚ-тар ТМҰ-ның саммитіне көбірек көңіл бөлгені анық болды. Демек, «Әлиевтің Анкараға аздап ренжігені анық» десіп жатты ақпарат көздері.
Саясаттан хабары бары да, жоғы да «Әзербайжантанушы» болып кеткен тұста, Әзербайжан мен Израиль арасындағы тығыз стратегиялық байланыстардың артуы да бауырлас елдер арасындағы кейбір саяси пікір қайшылықтарының аясында аталып жатты. Осы тұста «Түркияның негізгі дұшпандарының бірі саналатын елмен байланыстың артуын» көп адамдардың дұрыс бағалай алмағандығын айта кету керек. Анығында, екі елдің дипломатиялық қатынастары 1992 жылдан басталады. Содан бері өткен 34 жылда энергетика, әскери-техникалық салалардағы ынтымақтастық, стратегиялық әріптестік бағытында көптеген келісімдер жасалыпты. Солардың ішіндегі бірнеше түйінге тоқталып өтейік. Израильден сатып алған барлау және соққы беретін ұшқышсыз аппараттар, дрондар, зымыран жүйелері Бакудың әскери әлеуетінің артуына айтарлықтай әсер еткен дейді сарапшылар. Мұның ішінде Barak-8 әуе қорғанысы жүйесін еврейлерден сатып алған екен. Бұдан сырт әскери мамандарды даярлау, технологиялар жеткізу және қорғаныс саласындағы ынтымақтастық та жақсы жолға қойылған. Ақпарат көздері 2016-2020 жылдар аралығында Әзербайжанның шетелдерден импорттаған қару-жарағының 70 пайызы Израильдан келгенін айтады. Тіпті Қарабақ соғысында Израиль дрондары мен өзге де қарулары ерекше рол атқарды деген деректер де кездеседі. Бұған қарағанда екінші Қарабақ соғысының жеңісін Түркиямен ғана байланысты деп баға беру жеткіліксіз екендігіне көз жеткіземіз.
Бұдан бөлек энергетикалық байланыстарға да назар аударған жөн. Израиль мұнай импортының 40-60 пайызын әр жылдары Әзербайжаннан алып отырған. Ал Иран мәселесіне келгенде, екі елдің де бір-біріне бүйрегі бұратын тұстары бөлек қарастырылатын тақырып... Ашық айтылуы тиіс әрі байыппен қабылдайтын бір мәселе – Әзербайжан тәуелсіз мемлекет ретінде сыртқы саясатта өзінің мүдделеріне сай, дербес саясат жүргізуге құқылы екендігін түсінуіміз тиіс!
Ердоғанның «ерлігі»
30 қазандағы Анкарада өткен саммитке қатыспаған Әлиевке Ердоған мырза ешқандай «ренжімеген» екен. Оны мына істерден көргендей болдық. 2 қарашада Түркия президенті Оңтүстік Кореяға ресми сапармен барды. Оның ұшағы жолшыбай Әзербайжан аспанынан ұшып өтіп бара жатқанда, Режеп Тайып Ердоған ұшақ бортында отырып, Әзербайжан халқы мен президентіне сәлем жолдап, алда келе жатқан жеңіс күнімен құттықтады. Ердоған бұл әрекетін Қазақстан кеңістігінен өтіп бара жатқанда да қайталап, қазақ еліне сәлем жолдады. Жоғарыдан жолдаған бұл сәлемнің әсері ерекше болғаны анық еді. Арада бір апта өткенде Илхам Әлиевтің ресми шақыртуымен Ердоған Әзербайжанға келді. Сапардың басты мақсаты – Әзербайжанның Қарабақтағы Жеңіс күнінің алтыншы жылдығына қатысу еді.
Президенттер Шушада екіжақты келіссөздер жүргізіп, мәлімдемелер жасады. Бұл кездесуде екі басшы да соңғы апталардағы түсініспеушіліктерге қарамастан, екі елдің одақтастығының сақталатынын ерекше атап өтті. Ердоған өз сөзінде Түркия мен Әзербайжан – тарихи тамыры, тағдыры мен болашағы ортақ бауырлас мемлекеттер екендігін тағы да қайталай отырып, «Бір ұлт – екі мемлекет» қағидаты екі елдің қарым-қатынасының негізі болып қала беретіндігін жеткізді. Сондай-ақ Түркия мемлекеті Қарабақты азат ету жолында Әзербайжанға қалай қолдау көрсетсе, енді оны қалпына келтіру мен дамытуға да солай көмектесетіндігін мәлімдеді. Қарабақтағы құрылыс және инфрақұрылым жобаларына Түркияның қолдау көрсетіп жатқанын айта келіп, «екі елдің арасына іріткі салуға тырысқандардың әрекеті нәтижесіз болады», – деді батыл сеніммен. Әлиев те одан қалысқан жоқ. Бұдан бұрын артық-ауыс ештеңе айтпаған адамдай-ақ көсілді. 44 күндік соғыс кезінде Ердоған мен түрік халқының Әзербайжанның жанынан табылғанын ешқашан ұмытпайтынын айтты:
– Түркиямен бірлігіміз бен бауырластығымыз мәңгілік әрі мызғымас. Екі елдің бірлігі аймақтық тұрақтылықтың, қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың маңызды факторы болып табылады.
Біздің арамызға жік салғысы келетіндер ешқашан мақсатына жете алмайды, – деді ол. Осылайша Анкара мен Баку арасы суып барады деген сөздерге біржолата нүкте қойылғандай болды.
PS:
Жалпы жағдайға талдау жасағанда, екі елдің арасына аздап болса да наразылық белгісі білінгені анық еді. Түркиядағы кейбір саясаткерлер Әзербайжандағы мектеп киіміне қойылған шектеуді сынады. Ал Баку мұны өзінің ішкі ісіне араласу деп қабылдады. Екіншіден, Түркиядағы билікке жақын кейбір тұлғалардың Әзербайжанға қатысты өткір пікірлері екі ел арасындағы қоғамдық наразылықты күшейте түсті. Мүмкін осының салдарын ескерген болар, Ердоған өзінің кеңесшісі Октай Саралды қызметінен босатты. Бұл қадам да екіжақты қатынастағы шиеленісті бәсеңдетуге бағытталған әрекет ретінде бағаланды.
Ал, Әлиевтің ала доптың аламанын сылтауратып, Анкараға бармай қалуы саяси белгі ретінде елдің есінде қалғаны анық. Дегенмен Ердоған «ерлікке» барғандай болды. Бұл ең алдымен түркі дүниесінің тұтастығы мен татулығына сын еді. Бұдан бөлек екі елдің де мүдделеріне қатысты экономикалық, стратегиялық салаларды қамтитын жоғары дәрежелі байланыстарды үзуге мүлдем болмайтын. Осы жерде ықшамдап қана айтатын бірнеше мәселе бар. Олардың қатарында, Каспий мұнайы мен газының Түркия арқылы Еуропаға тасымалдануы, Баку – Тбилиси – Карс теміржолы және Орта дәліз стратегиясы, қорғаныс өнеркәсібі мен әскери саладағы ынтымақтастық, Оңтүстік Кавказдағы ықпал және түркі мемлекеттері арасындағы байланыс сынды аймақтық геосаясатқа әсер ететін маңызды факторлар жатқаны анық еді.
Ерқазы Сейтқали
















